Мүмкіндігі шектеулі балғындарға мүмкіндік беретін орталық

16

Қазіргі біздің қоғамда бойында кемтарлығы бар балаларды мүмкіндігі шектеулі деп атайды. Әрине, бұл – мүгедек дегеннен әлдеқайда жақсы. Десе де жаратылысы ерекше осындай жеткіншектердің қоғам өміріне араласуда расымен де мүмкіндіктері шектеліп отыр. Лайықты білім алу, көшеде жүріп-тұру, өз бетінше қалаған жеріне қатынау деген дүниелер мұндай балалар үшін қиынның қиыны. Көшеге шыға қалса, көпшіліктің назары өзіне телінетін кемтар баланың қоғамға бейімделіп кетуі, арнайы балалар арбасымен білім алып, өздері сынды жеткіншектермен қатар мектепке барып, қоғамда ешқандай алалау көрмеу олардың кейбіреуі үшін тіпті мүмкін емес нәрсе. Жоқ, елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай мүлде жасалмаған деуден аулақпыз. Алайда мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы оңалту және бейімдеу орталықтары жұмыс істейтінін шалғай аудандар мен ауылдардағы тұрғындар біле бермеуі мүмкін.

 Сондай орталықтың бірі – Шу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы. Бұл орталық өңіріміздегі аудандардың ішінде ең алғашқысы болып 2014 жылдың қазан айында ашылған. 25 балаға арналған орталыққа 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар жеке оңалту бағдарламасы арқылы келеді. 2014 жылдан бері бұл жерде 150 жеткіншекке әлеуметтік көмек көрсетіліп, орталық қызметкерлері олардың қоғам өміріне бой үйретулеріне өз үлестерін қосуда. Бұл мекеме халықты әлеуметтік қорғау мекемесі болғандықтан, аудандағы кемтарлығы бар балаларды физикалық қалыпқа келтіру, қоғамға бейімдеу, өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын үйрету, түзете отырып оқыту және жан-жақты тәрбиелеу, сонымен бірге қарапайым еңбек дағдыларына баулу сынды қызметтер көрсетіп, сол арқылы балалардың болашаққа деген ынтасын үдете түседі. Бір айта кетерлігі, мұнда қабылдану үшін балалардың қолында мүгедектің жеке оңалту бағдарламасы болуы шарт. Бұл дегеніміз – мүмкіндігі шектеулі әр баланың кәсіптік оңалту бағдарламаларының орындалуын іске асыратын мүгедектігі туралы құжаты болуы керек дегенді білдіреді. Жалпы, қазіргі таңда Шу ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 2902 адам болса, оның 456-сы жас жеткіншектер екен. Соның ішінде, бүгінгі күнге дейін 900 балаға жеке оңалту бағдарламасы берілген.

Орталықтың барлық ұстаздары балалармен жұмыс нәтижелі жүру үшін алғаш келген баланың ең бірінші құжаттарымен танысады. Әр жеткіншекке жеке тұлға ретінде қарап, жеті бағыт бойынша жұмыстарын жүргізеді. Атап айтқанда, педагогикалық, психологиялық, медициналық, мәдени, құқықтық, экономикалық және әлеуметтік тұрмыстық бағыттар. Бала орталыққа бір апта бейімделеді немесе одан да көп бейімделуі мүмкін. Сол аралықта әр бала жеке-жеке ұстаздардың бақылауында болады. Екінші аптада әр маман түрлі әдістемелер арқылы толық тексеру жүргізеді. Тәрбиешілер баланың өз-өзіне қызмет көрсетуін, тазалық дағдыларын және әлеуметтік бағдарлауын анықтаса, дефектолог маман олардың психикалық даму деңгейін жан-жақты мүмкіншіліктерін анықтаумен айналысады. Сондай-ақ, музыкалық және еңбек ұстаздарымен бірге логопед, психолог мамандары да әр баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Жүйелі жұмыстар жүргізіліп болған соң, барлық мамандар бірлесе келе топтық бағалау жүргізіп, баланың даму деңгейіне байланысты оларды 4 топқа бөледі. Сол арқылы барлық мәліметтерді тіркей отырып мониторинг жүргізеді де, баланың орталықта қанша уақыт болу керектігін анықтайды. Орталық директоры Ақмарал Салмарбекованың айтуынша, орталықтағы оңалту бағдарламаларынан кейін оңалып, мектепке қабылданып жататын балаларда кездесетін көрінеді.

— Орталықтағы ерекше жаратылысты бұндай балалар қоғамнан алшақтап кеткендіктен, оларды ортаға бейімдеу біздің басты міндетімізге кіреді. Олардың өз бетінше қол жуып, киім киюлері де ортаға бейімделуге жатады. Орталық екі топқа бөлінеді. 3 жастан 7 жасқа дейін кіші топ болса, 7-ден 18 жасқа дейінгілер үлкен топқа жатады. Қазіргі кезде барлығы 22 балаға әлеуметтік көмек көрсетудеміз. Жалпы, заңға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі балаларды орталыққа ата-аналары өздері әкеліп, өздерінің қарауымен қайтуы міндетті. Дегенмен, ата-аналардың барлығы олай істей бермейді. Көбісі орталықтың мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы көлігіне сенім артады. Орталықтың көлік жүргізушісі күніне екі мезгіл шалғай ауылдардан балаларды орталыққа тасымалдайды. Ал, біз оларды 6 айға дейін тиісті бағдарламалар арқылы оқытамыз. Кейде бізде оқыған балалар 1 жылдан кейін қайтадан келіп жатады. Керісінше, мұнда болған балалардың қабілеті артып, мектепке баруға жарап жататындары да бар. Әрине, бұл біз үшін үлкен жетістік, — дейді орталық директоры Ақмарал Қазбекқызы.

Бүгінде орталықтан білім алған Аслан Забидов, Парасат Жарылқасын, Ахлима Аманқұл, Дарын Ермекұлы, Аязбай Мансұр сынды бүлдіршіндер мектеп табалдырығын аттап, озат оқушылардың қатарына іліккен. Тіпті, осында тәрбиеленген 12 жасар Әлмұханбет Ізмағанбетов бұрнағы жылдары «Жұлдыз-ай» ән байқауының аудандық, облыстық іріктеулерінен сүрінбей өтіп, республикалық жарыстан бірінші орын иеленіпті. Бұл да орталықтың көрсеткіші екені анық. Осы жерде Дарын есімді бала оқыпты. «Алғашында түс ажырата алмайтын. Басқа да кемшіліктері аз емес. Орталықта білім алып, бірқатар білікті мамандардан тәлім алғаннан соң, Дарынды арнайы тексерістің нәтижесінде мектепке баруға қабілетті деп таптық» — дейді орталық мамандары. Ол мектепке барғанның ертесіне анасы орталыққа жылап келіпті. Бірінші сыныпқа барған балардың арасында Дарынның мүмкіндігі шектеулі болса да, барлық сыныптастарынан озық тұрған. Кез келген сұраққа мүдірмей жауап қайырған. Осыны көзімен көрген анасы: «Менің Қазақстаным» әнін орындап, оған мұғалімнен  оқушыларға дейін қол соққанда еріксіз көзіме жас алдым» — деп мақтанышпен айтып келіп, орталыққа ризашылығын білдіріпті. Айналдырған 6-7 жылдың ішінде бұдан өзге де көптеген балалар үлкен жетістіктерге жетіп, орталықтың арқасында қалыпты өмірге бейімделе түскен. Мәселен, 2015 жылы мұнда 35 балаға әлеуметтік көмек көрсетілсе, оның 20-ы психологиялық тұрғыда ортаға бейімделген. Тірек-қимыл құрылғысы бұзылған екі бала еркін жүруге үйренсе, бес бала түс ажыратуды үйреніпті. Оған қоса, тілінің кемістігі бар екі баланың сөздік қоры едәуіп артқан. Дәл осы жылы орталыққа қабылданған 35 баланың екеуі балабақшаға барса, үш бала мектепке қабылданыпты. Бұл орталықтың жаңадан ашылып, жұмыс істей бастаған кездегі көрсеткіштері. Ал одан бері де көптеген жеткіншек орталықта бейімделіп, мектеп пен балабақша табалдырығын аттады. Иә, бұл көңіл қуантарлық дүние. Десе де, орталықта шешімін табуға тиісті мәселелерде жоқ емес. Мәселен, мекеме директорының айтуынша, ондағы бөлмелер өте тар. Балалардың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жеткіліксіз. Орталық заманауи техникалармен жабдықталғанымен, арнайы жабдықтарға арналған бөлмелер жоқтың қасы. «Жаз айларында балалар алаңға шығып, бой жазып, кең жерде білім алғанымен, қыстың күні орталықтың ішіне барлық жабдықтарды орналастыру қиынға соғады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қосымша бөлме соғу мәселесі шешімін тауып, тиісті құжаттары реттелуде. Сәтін салса, жуық арада бұл бағыттағы жұмыстар да басталмақ», — дейді Ақмарал Қазбекқызы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мүмкіндігі шектеулі балаларға жеке оңалту бағдарламасы беріледі. Осы анықтама негізінде мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы арқылы білім алу жолға қойылған. Нақтырақ айтсақ, дәл осы мекеме балалардың тиісті деңгейде білім алуын қамтамасыз етеді және арнайы мектептер мен мектепалды дайындыққа жолдама береді. Өкініштісі, осындай орталықтың бар екендігін көпшілік біле бермейді. Сондықтан да мүгедек балалардың жартысынан көбі білім алуда шеттетіліп қалып жатады. Оның тағы бір себебі бар. Жақын маңайдағы мектеп мүмкіндігі шектеулі балаларды есепке алып, білім алушылардың қатарына қосады, үйге мұғалім жіберіп оқытады. Сондай-ақ, үйде оқу жеңілдігін пайдалануға болады. Мұндай жағдайда оқу шығыны мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Өкінішке қарай, үйде оқуға арналған сағаттардың барлығы қамтылмайды. Ұстаз бірде бар, бірде жоқ, талап бар, сұрау жоқ, әйтеуір уақыт өткізудің қамымен қала береді. Ал дұрыс білім алмаған бала, ертеңгі күні жоғарғы оқу орнына да, жұмыс істеуге де талпынбасы анық. Соның салдарынан көп баланың мүмкіндігі шектеулі күйінде және зейіндері шашыраңқы қалпында қала береді. Мүмкіндігі шектеулі баланы аяққа тұрғызу ең бірінші ата-анасының парызы болса, екіншіден, әлеуметтік жағдай жасау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге келуі шын мәнінде отбасын психологиялық өзгерістерге алып келеді. Ауытқушылығы бар баланың отбасында алғашқы күннен бастап ата-анасының ұнжырғасы түсіп, күйзеліске тап болады. Ата-аналарының қоршаған ортамен қарым-қатынасы үзіледі, қатынас аясы да тек туыстары, дәрігер, мұғалімдермен шектеледі. Сондықтан да, мұндай балаларды тәрбиелеуде оңалту және бейімдеу орталықтарындағы арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет.  Мәселен, инклюзивті білім беруден тыс, мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектік белгіленген мерзімде ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады, ортопедиялық-отрездік аяқ киім мен құралдар, мүгедек арбасы, гигиеналық заттар, жеке көмекші, құлағы естімейтіндерге жеке аудармашы, жылына екі рет оңалту орталықтарында ем алу қарастырылған. Аталған жәрдемнің барлығы тегін рәсімделеді. Бұл көмектің түгелдей дерлігі  ауылдық елді мекендерде жергілікті әкімдік арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың жазғы демалысына да арнайы қаражат бөлінеді. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенімен, кейде тіпті игерілмей қалады. Себебі отбасылар бұл мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді қайдан, қашан және қалай алуға болатынынан бейхабар. Сол себепті, аудандар мен шалғай ауылдардағы тұрғындарға осындай орталықтардың бар екендігін жиі хабарлап, олардың қызметтері туралы насихат жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру керек. Сонда ғана, қоғамдағы біз сөз қылып отырған ерекше балалардың қарапайым ортаға бейімделуі және олардың ел қатарлы өмір сүруіне тиетін сеп те көбейері анық.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.