- Advertisement -

Аламанда топқа түсті ақындар

226

- Advertisement -

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Талас ауданындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Талас аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

 Жыр аламанын аудан әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев сөз сөйлеп ашып, Тараз қаласы және әр ауданнан жиналған 24 айтыскерге сәттілік тіледі. Айтыстың қазылар алқасы құрамында айтыс ақындары мен термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Оралхан Дәуіт, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, белгілі журналист Біржан Сөктай, ақын, Талас аудандық мәслихатының депутаты Үміт Битенова және Сабыр Рысбаев секілді кіл жақсылар болды.

Айтыстың шымылдығы байзақтық Дархан Әбдіманат пен жуалылық Дидар Апбасовтың сөз сайысымен ашылды. Қос ақын арасындағы айтыс тартысты болды. Мұнан соң байзақтық Дидар Басықараев пен жуалылық Әуесхан Үркімбаев лайықты айтыс жасады. Ал Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен тараздық Шапағат Әбдір арасындағы сөз сайысы да көңілге қонды. Нұрлыбек Тәуелсіздік тақырыбын тамаша жырлап, Таластың әр жетістігін өлеңге айналдыра білді. Таластық Есет Досалы мен құландық Асхат Қылышбек арасындағы тартыс та қызықты өрбіді. Асхат қарсыласына:  «Бұл Есет қазақы қалжыңымен, жарты сағат қайғыңды ұмыттырсын» дей келе: «Есет аға туған жер топырағына, өзіңді алайыншы бір аунатып» деп әзілдеді. Ал Есет: «Есетті аунатам деп отырсың ба, бағыңның білші олай жанбайтынын. Ыстыбаев балуан шыққан жерде, Құдай білсін қане кімнің аунайтынын» деп тапқырлық танытты. Бұл жұп Тәуелсіздікті де жақсы жырлай білді.

Жуалылық Қанат Мырзахан мен Жамбыл ауданынан келген Айтмұханбет Исақов, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен Олжас Отар арасындағы айтыстар да сәтті шықты. Байзақтық Рай Дөңбай мен таластық Нұржан Манатбек, шулық Айым Көшербай мен байзақтық Ернұр Бейсенов, шулық Бақытбек Жұмабеков пен жамбылдық Шапағат Сәбитқызы да жақсы айтыс жасады. Жалпы алғанда, айтысқа қатысқан ақындардың барлығы да жақсы дайындықпен келгенін көз көрді. Осылайша, онлайн форматтағы айтыс жүректерге жетті.

Жыр додасының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде жамбылдық Нұрлыбек Құрмановқа берілсе, бірінші орын тараздық Шапағат Әбдірге бұйырды. Құландық Асхат Қылышбек пен таластық Олжас Отар екінші, жамбылдық Айтмұхамбет Исақов, жуалылық Қанат Мырзахан, әріптесіміз Есет Досалы үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ Талас аудандық мәслихаты тағайындаған арнайы сыйлықты таластық Нұржан Манатбек қанжығасына байлады.

Айтысты Талас аудандық мәслихатының хатшысы Кәдірбек Садубаев қорытындылап, Тәуелсіздікті жоғары деңгейде жырлаған айтыскер ақындарға алғысын айтып, алдағы уақытта да айтыс тойы Таласта жалғаса беретінін тілге тиек етті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support