- Advertisement -

Жамбылда бала қауіпсіздігіне негізделген жаңа жоба іске қосылды

58

- Advertisement -

Баланың қауіпсіздігін сақтау – ертеңгі кемел келешегіміздің кепілі. Балғындардың қамсыз балалық шағын қамтамасыз етуге – ата-анамен қатар, қоғам да жауапты. Олардың алаңсыз мектепке барып-келуі үшін қос тарап қашанда бірдей байланыс орнатып отыруы керек. Қазіргі қауіп-қатерге толы заманның талабы да – осы.

Әрдайым баласының амандығын тілеп алаңдап отыратын ата-ананы Қазан қаласындағы мектепте орын алған оқиға есеңгіретіп тастағаны жасырын емес. Бұл жағдай билік өкілдерін де бей-жай қалдырмады. Өңірде де дер кезінде шешім қабылданып, мектептің қауіпсіздігін күшейту мақсатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының «Ата-ананың бақылауы» деген жобаны қолға алуы да – сондықтан. Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназиясына алғашқы пилоттық жоба ретінде орнатылған қауіпсіздік құрылғыларын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып көрді.

Баланың мектепке барып-қайтуын қадағалайтын бұл жаңа жоба ата-ана мен оқушы үшін өте тиімді болмақ. Арнайы Tulpar сard-қа бірнеше жүйе біріктірілген. Мысалы бала үйден шығып, автобусқа мініп, картасын арнайы валидаторға басқаннан кейін бірден анасына немесе әкесіне автобусқа мінгендігі туралы хабарлама келіп түседі. Онда бала қай автобусқа қандай уақытта мінді, ол көліктің нөмірі қандай барлығы көрсетіледі. Ары қарай бұл жүйе жалғаса береді. Мәселен бала мектепке келгеннен кейін арнайы орнатылған турникеттерде Tulpar сard компаниясымен интеграция жасалған, яғни деректер базасы біріктірілген. Ал мектеп ғимаратының кіреберісіндегі турникет арқылы оқушы бетінің биометриялық параметрімен және Tulpar картасымен де кіре алады.

Мектепке келген оқушылардың сабақ арасында міндетті түрде асханаға бас сұқпай кететіндері кемде-кем шығар. Сол үшін де мұнда арнайы Tulpar мен «Balapey» компаниялары біріктіріліп, арнайы жүйе орнатылған. Бұл жүйе арқылы бала өзіне керекті тамақ мәзірін таңдап, Tulpar картасы арқылы төлейді. Мәзірді таңдау кезінде ата-аналарға араласуына болады. Мұның тағы бір тиімділігі – осылайша, баланың жақпайтын тамақтар алуына тиым салуына болатындығында. Нақтырақ айтқанда, балаңыз мектептен не ішіп, не жеді, тамаққа қанша ақша жұмсады, осының бәрін бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы баланың қалтасына ақша салып жүрмеуінің өзі қауіпсіздікті барынша арттыратыны сөзсіз.

Жүйе қалай жұмыс істейді? Қанша минутта ата-анаға хабарлама келіп түседі? Қысқасы, цифрлық басқарумен баланың іс-әрекетін бақылауға болатынын – ауызша айтқанша, көзбен көрген дұрыс. Дильназ есімді 9 сынып оқушысы облыс әкіміне осының барлығын анасымен бірге жүріп, іс-жүзінде көрсетті.

Жоғарыдағы аталған процестердің барлығын бала қалай жасағанын – ата-анасы смартфонына келген SMS хабарламалар арқылы көріп, бақылап отыра алады. Мұның бәрі әзірше телеграмм бот арқылы жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта арнайы қосымшасы іске қосылатын болады. Мектептердегі камералар да осы кезге дейін цифрлық емес аналогты болған екен. Ал аналогты камераның бір тиімсіз тұсы – мектепке кірген бөтен адамды нақты анықтай алмайтындығы, яғни сапасыз. Жаңадан орнатылған цифрлық камералар енді осындай олқылықтың орнын толтырмақ. Кірген адамның бет-жүзіне дейін нақты анықтайтын болады. Тағы бір айта кететіні, облыстық полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасы тікелей бақылай алады. Егер мектепте төтенше жағдай орын ала қалса, бірден дабыл іске қосылып, полицияның жедел жасағы дер кезінде жетеді.

–  Орнатылған жүйелерде барлық системамен интеграция болуы керек. Ең алдымен бұл жүйе Тараз қаласындағы мектептерде іске қосылады. Содан кейін аудан орталығындағы білім ошақтары да қамтылады. Әрбір мектепте электронды дабыл қоңырауын қоюды ойластырыңдар. Ол облыстық полиция департаментінің бақылауында  болуы керек. Жаңа оқу жылына дейін осыны жүзеге асыруға тиіспіз, — деген облыс әкімі Бердібек Машбекұлы тиісті басқарма басшыларына жүйенің тиімділігі мен жұмысалатын қаржы көлемін нақты есептеп, жұмысты жүйелі ойластыруды тапсырды.

Алғашқы пилоттық жоба ретінде Тараз қаласындағы 10 мектепке осы жүйе орнатылатын болады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өзіне міндеттеме алған компания өкілдеріне атқаратын жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қатаң ескертті.

Бұдан кейін облыс әкімі Жамбыл инновациялық жоғары колледжіне бас сұғып, ондағы атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Бердібек Машбекұлы тиісті сала мамандарына жүйелі жұмыс істеуді тапсырды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support