Саясат

Сайлау әділ әрі ашық өтті

Сайлау әділ әрі ашық өтті

Кеше алатаңнан аспанды  ақша бұлт торлап,  күрең күз өзіне тән мінез көрсетті. Дегенмен, күрт суытқан ауа райы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне лек-легімен  келіп жатқан мәслихат депутаттарының көңіл-күйіне әсер ете алған жоқ.  Өйткені, халық қалаулылары үшін қос мереке қатар келгендей еді. Оның алғашқысы, әрине Сенат сайлауы болса, екіншісі осы күні аталып өтетін Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығы. Сенаторларды таңдау мәртебесіне ие жергілікті мәслихат депутаттары алдымен  ТарМУ-дың бас ғимаратында орналасқан   дауыс беру пунктіне  түгелдей жиналды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбековтен сұрап білгеніміздей, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда барлығы 205 депутат бар болса, соның 200-і сайлау науқанына қатысуға келіпті. Шалғай өңірлердегі халық қалаулыларының да дауыс беруге толық қатысуына жағдай жасалыпты. Бізбен пікірлескен  Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Бәкір Исабеков  өзінің сол өңірдегі 12 әріптесімен бірге күні бұрын Тараз қаласына келіп, қонақ үйге орналасқандықтарын тілге тиек етті. «Жалғыз мойынқұмдық депутаттар ғана емес, Қордай ауданының халық қалаулылары да ертерек келіп, орналасты. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы  ұйымдастыру шаралары барысында шалғайдағы депутаттардың жатын орны мен тамақтандырылуын да ұмыт қалдырмапты. Оған ризамыз», – деді Б.Исабеков.

Таңдаушылардың бірлескен отырысы Сағат тілі 10.30-ды соққанда оқу ордасының мәжіліс залында таңдаушылардың бірлескен отырысы өтіп, оны облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов жүргізді. Отырысқа сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сенімді өкілдері, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиында сөз алған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков облыс бойынша Сенат депутаттығына бес үміткердің құжат тапсырғанын, сайлау күніне үш үміткердің қалғанын хабарлады. Сонымен қатар кандидаттардың аты-жөндерімен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның талаптарына сәйкес, дауыс беру тәртібімен таныстырды. Жолдасбаев – сенат депутаты! Таңдаушылардың бірлескен отырысы аяқталған соң мәслихат депутаттары кезек-кезегімен сайлау бюллетеньдерін алып, дауыс беруге кірісті. Жабық орында белгіленген бюллетеньдер кең фойенің ортасына орнатылған мөлдір жәшікке салынып жатты. Бұл сәтті Сенат депутаттығына  кандидаттардың сенімді өкілдері, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мұқият қадағалап отырды. Жалпы, Тараздағы Сенат сайлауының өту барысын бақылауға төрт шетелдік байқаушы келіпті. Солардың бірі ТМД елдері Парламентаралық ассамблеясының халықаралық байқаушысы Эркин Абдикадировты әңгімеге тарттық. «Парламентаралық ассамблеяның өкілі ретінде Қырғызстаннан келіп отырмын. Бүгін таңертеңнен бастап дауыс беру пунктін түгел аралап көрдім. Қазір енді депутаттардың дауыс беру барысын бақылаудамыз. Сенат сайлауы халықаралық стандарттар мен демократиялық үрдістерге сай өткізілуде», – деді ол. Сайлау науқанына орай концерттік бағдарлама да ұйымдастырылыпты. Дауыс беріп болған депутаттар мәжіліс залында көркемөнерпаздардың өнерін тамашалады. Дауыс беру аяқталған соң аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері көптің қатысуымен мөлдір жәшіктегі бюллетеньдерді санауға кірісті. Хош, сонымен көптен күткен Сенат сайлауының облыс бойынша қорытындысы да белгілі болды. Дауыс беру нәтижесін хабарлаған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М.Сарыбеков кандидаттыққа тіркелген «Тараз» футбол клубының президенті Махамбет Дүйсембаевтың 10, облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаевтың 179, «Имсталькон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Новоселовтың 11 дауыс жинағанын жеткізді. Осылайша, Тараздағы Сенат сайлауы әділ әрі ашық жағдайда өтіп, онда М. Жолдасбаев жеңіске жетті.