Қаланы гүлмен көмкерген «Жасұлан Флора»

34

Байзақ ауданының Жалғызтөбе ауылдық округінде орналасқан «Жасұлан Флора» ЖШС – гүл өсірумен айналысатын еліміздегі ең ірі компанияның бірі. Серіктестік қалалық саябақтар мен көшелерді әлемдік технологияға сай гүлмен безендіруде жетекші компания саналады. Сегіз жыл бұрын жұмысын бастаған серіктестік бүгінде бар технологиясын жетілдіре түскен

Жалпы кәсіпорында жылына орта есеппен үш миллион түптен астам гүл өсіріліп, тасымалданады. Мұнда гүлдің отыздан астам түрі өсіріледі. Кешенде маусым кезінде жұмысшы саны екі есеге артады. Ал серіктестіктің өзі 47 гектар алқапты алып жатыр. Онда 36 жылыжай орналасқан. Қазіргі таңда жылыжайда өсірілген гүлді Тараз қаласы ғана емес, еліміздің басқа да өңірлері тапсырыс беріп, әкетеді.

Жылыжай бригадирі Жамила Базарбаева серіктестік ашылғаннан бері осында жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, онда гүл өсірумен айналысатын отыз тұрақты жұмысшы бар. Жылыжайдың 15-і қыстық. Оның әрбірі 320 шаршы метрді құрайды.  Барлығында корейлік жылыту пеші орнатылып, табиғи газға қосылған. Қыс айларында ондағы температураны 15-20 градуста ұстап тұрады. Әрбір жылыжайға бір-бір жұмысшыдан бекітілген. Мұндағы жұмысшылардың айлық жалақысы 100 мың теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, серіктестік 5 гектар алқапқа сәндік тал-дарақтарды тұқымынан сеуіп, көшеттеп сатумен де айналысады. Тәлімбақта сәндік ағаштардың сегіз түрі өсірілуде. Қазіргі таңда серіктестіктің гүлін облыстың  және республиканың барлық өңірі әкетуде. Ал ондағы бір-екі бригада Түркістан мен Батыс Қазақстан облыстарының көшелерін гүлмен безендіру үстінде. Тапсырыс берушінің сұранысына қарай серіктестік гүлді жеткізіп қана қоймай, оны отырғызып та береді.

– Гүл тұқымын Нидерландыдан алдырамыз. Ол тұқымды қараша айында бір мезгілде себеміз. Сепкенде де арнайы ыдысқа сеуіп, одан кейін біртіндеп арнайы пластик тостағанның ұяшығына жекелеп қондырамыз. Оның өзі тынымсыз жұмысты, көп уақытты талап етеді. Бізде өсірілген гүлдің бір ерекшелігі қар түскенше гүлдеп тұра береді. Жұмыстың қызатын тұсы сәуір мен мамыр айлары. Бұл кезде біздің бригадаларымыз тапсырыс алып, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, қалаларды гүлдендіруге жұмылдырылады. Біздің бір қызметкер тәулікте 7-8 мың түп гүл көшетін отырғызады.  Қазіргі таңда бір бригадамыз Тараз қаласындағы Төле би көшесін безендіруде. Тәулігіне 20-25 мың көшет жөнелтудеміз. Гүл көшетін тасымалдаумен екі газель көлігі айналысуда, – дейді ол.

Жылыжайдағы гүлдің барлығы жайқалып, кілемдей жайылған сан алуан түсі адамды кереметтей баурап әкетеді екен. Әрбір гүлдің түсі мен сұрпына қарай әрқайсысының бағасы да әртүрлі. Мәселен, «Геранда» гүлінің бір түбі 150 теңге тұрады.

Гүл өсіретін ыдыс касеталарын серіктестік Ресейден алдырыпты. Оның түрі де сан алуан. Барлық гүлдің сұрпына қарай ұяшықтары да сан алуан болып келеді. Қазіргі таңда мұндай касеталарды Тараз қаласында шығару қолға алыныпты.

Гүл өсірушілерді де сөзге тартқан едік. Өзін Сәуле Есеева деп таныстырған жұмысшы осында үш жылдан бері жұмыс істеп жатқанын айтты. «Мұның алдында іссапарға шығатынмын. Гүлдің арқасында талай қалада болып, барған қалалардың көшелерін гүлмен безендірдік. Енді үш жылдан бері жылыжайда жұмыс істеп жатырмын. Қазір тұрақты жұмыстамын. Ұнаған соң осында жұмыс істеп жүрмін», – дейді ол.

Ал осы кешеннің гидротехнигі Сабырбек Еспенбетов жылыжайдың суландыру жүйесіне жауапты. «Жұмысым өзіме ұнайды. Гүлді сумен қамтамасыз етемін. Жаңбырлатып суарамыз. Қыста тамшылатып ылғалдандырамыз. Құбырларды тексеріп, қадағалап отырамын», – дегенді айтты ол.

Бүгінде серіктестік қызметкерлері түскен тапсырыстарды орындап, еліміздің облыс орталықтарын гүлмен көмкеру жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы.

Comments are closed.