- Advertisement -

Тәртіп бұзса, талапкерге қайта мүмкіндік берілмейді

118

- Advertisement -

Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер маусым айында бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысатын. Еліміз бойынша жаппай бір кезеңде басталатын сынақтың биыл форматы да,  өтетін уақыты да өзгерді.

Жасыратыны жоқ, ел арасында дәл осы тестілеуге қатысты пікір де сан алуан. Тіпті ҰБТ орта білімнің әділ таразысы бола алмайды дегендер де көп. Оған кезінде ҰБТ тапсырып жатқанда орын алған келеңсіздіктер, небір құйтырқы әрекеттердің себепкер болғаны да шындық. Дәлірек айтқанда, тест тапсыру кезінде талапкердің орнына екінші адамның кіруі, ұялы телефон мен шпаргалка қолдану немесе бөгде адамдар арқылы тесттің жауаптарына қол жеткізу сынды әрекеттерді құлақ естіп, көз көріп жүр. Ал жауапты министрлік өкілдері осындай олқылықтардың орнын толтырып, тестілеуді одан әрі тиімді ету мақсатында биыл тыңнан түрен салып, оқушы үшін де, бақылаушы үшін де тың әдісті қолданысқа енгізді.

Бұған дейін мұғалімдерге біліктілігін арттыру үшін алдын ала дайындық сынағынан өту қызметін ұсынып келген UStudy тестілеу орталығы биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуді де өз мойнына алып отыр. ҰБТ-ның негізгі форматы, яғни тапсыратын пәндер мен сұрақтар және ұпай саны бұрынғыша болғанымен, сынақ өткізу жүйесі түпкілікті өзгерген. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының Шу қаласындағы филиалының басшысы Тимур Пықыбаевтың айтуынша, UStudy тестілеу орталығы Тараз қаласы мен Шу ауданында ғана ашылыпты.

Тестілеу орталығы наурыз айында ашылған. Қажетті құралжабдықтармен толық қамтылды, ҰБТдан бөлек, бұл орталықтан мұғалімдер аттестациядан өтсе, мемлекеттік қызметкерлер де тестті осы жерден тапсыратын болады. UStudy тестілеу орталығының Тараз қаласындағы филиалы 205 адамға арналса, Шудағы орталық 100 адамға шақталған. Жалпы ҰБТны электронды форматқа көшірудің тиімділігі көп. Мұнда сыбайлас жемқорлық дерегі мен ұялы телефон немесе шпаргалка пайдаланатын оқушылар болмайды. Тест тапсырушының орнына бөгде адамның кіруіне де түбегейлі тосқауыл қойылды. Себебі әрбір оқушы тест тапсыратын орнына жекежеке бейнекамера қойылған. Оның үстіне, компьютерлерге логин бойынша адамның бейнесін тану жүйесі орнатылған. Сондықтан да тест тапсыратын оқушының орнына өзге адам отырса, тест ашылмайды. Сонымен бірге бейнекамера арқылы тікелей НұрСұлтан қаласындағы орталықтан арнайы бақылаушылар прокторинг жүйесі арқылы қадағалап отырады. Аталған жүйенің көмегі арқылы тест тапсырушының әрекетін вебкамера арқылы бақылайды және оның мониторындағының барлығын көреді. Мұндай технология тестті оқушының жеке өзі тапсырып отырғанына көз жеткізіп қана қоймай, оның шпаргалка немесе ұялы телефон пайдаланбауына кепілдік береді, – дейді Тимур Әмітұлы.

Шу ауданының орталығы Төле би ауылында орналасқан UStudy тестілеу орталығы аймақтық болғандықтан мұнда Шу ауданынан бөлек, Қордай, Мойынқұм және Меркі ауданының оқушылары да ҰБТ тапсырады екен. Мұнда 100 оқушыға 100 компьютер, 100 жеке бейнебақылау камералары, жалпы бақылауға арналған 6 камера және 2 металл іздегіш пен 1 рамалы детектор құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар аталған ғимаратта санитарлық талаптарға сай өзге де қажетті құрылғылар жеткілікті. Мәселен, планшет биометрия деп аталатын құрылғы автоматты түрде тест тапсырушының дене қызуын көрсетіп, нешінші нөмірдегі орынға жайғасатындығын анықтап береді. Тағы бір айта кетерлігі, наурыз және сәуір айларындағы тестілеу ақылы негізде жүргізілген болса, мамыр айынан бастап мемлекеттік грантқа үміті бар түлектердің сыналар сәті туды. Нақтырақ айтсақ, алғашқы екі айда тапсырған тесттің сертификаттары жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін жарамды. Ал мамыр-маусым айында тапсырып, жоғары ұпай жинаған талапкерлер білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу құқығына ие болады. Биыл Шу ауданында 953 оқушы мектеп бітірсе, оның 721-і қаңтар айында ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 60,5 пайызды құрапты. Ал наурыз-сәуір айларында электронды форматта ҰБТ тапсырған 658 оқушы 72,15 пайыздық көрсеткішке қол жеткізген. Қазіргі таңда мемлекеттік грантқа тапсыру үшін тестілеу жүріп жатыр.

ҰБТ-ға қатысудың тәртібіне келер болсақ, оның да өзіндік жүйесі бар. Егер тест тапсырушы ағымдағы жылы алғаш рет сынаққа қатысуға өтініш беретін болса, орталықтың testcenter.kz сайты арқылы онлайн тіркелуі тиіс. Апелляцияны есепке алмағанда тестілеу уақыты 240 минутқа созылады. Тестілеудің алғашқы кезеңінде тәртіп бұзған оқушыға екінші мәрте мүмкіндік берілмейтінін де айта кеткен жөн. Оған қоса, екінші мәрте тапсырып отырған оқушылар тәртіп бұзған болса, алғашқы тесттің нәтижесімен грант тағайындау конкурсына қатысу құқығынан айырылады.

Апелляцияға беру құқығы электронды форматтағы тестілеуде де қарастырылған. Оның өзі екіге бөлінеді. Мысалы, тест тапсырмаларының мазмұны бойынша және техникалық себеп бойынша арнайы комиссияға шағымдана алады. Ұлттық тестілеу орталығының Шу қаласындағы филиал басшысы Тимур Әмітұлының сөзіне сенсек, электронды форматтағы тестілеудің бір ерекшелігі – оқушылар өзінің тұрғылықты жерінен тест тапсыруға міндеттелмейді екен. «Оқушы тестті еліміздегі кез келген орталықтан тапсыра алады. Ол үшін алдын ала онлайн тіркелсе болғаны. Сонымен бірге ата-аналар үшін оқушылардың тест тапсыру сәтіндегі көрінісінен education.kz сайты арқылы тікелей бейнетрансляцияны көру мүмкіндігі қарастырылған. Әр оқушыға жеке логин мен құпиясөз беріледі. Наурыз айында 1204 оқушы ақылы тест тапсыруға өтініш бергенімен, нақты 1162 оқушы тестке қатысты. Ал 6 мамырдан басталған ҰБТ-ға қазіргі кезге дейін 317 оқушы қатысып үлгерді. Мұнда бейнекамералардан бөлек, 3 бақылаушы мен «Адалдық алаңы» қызметкерлері де жұмыс істеуде», – дейді ол.

Қысқасы биылғы тестілеу  «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өтіп жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, дәл осындай қатаң қадағалау арқылы ҰБТ оқушылардың шынайы білім таразасына айнала алады. Қарапайым ғана ережелерді сақтаудан бастап, сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алуға дейінгі әрбір қадамды тыңғылықты әзірлеген министрліктің бұл бастамасы алдағы уақытта өзінің жемісін береді деген сенімдеміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН 

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support