Қорғанбаев қорғансыздың күйін кешті

57

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте елді мекендерді газдандыру, ауызсумен қамту, электр желісімен, кəріз жүйесімен, тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту аясында жүргізіліп жатқан жұмыс барысы қаралды.

– Халықты толғандыратын басты мəселе – уақтылы ауызсумен, «көгілдір отын» жəне жарықпен қамту. Бұл туралы бұған дейін өткен жиындарда бір емес, бірнеше рет айтып, тапсырмалар беріп, талқыға салған да болатынбыз. Дегенмен тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар осы аталған мəселелер бойынша түсіп жатады. Олар жылудың, «көгілдір отынның», сондай-ақ ауызсу жүйесіндегі құрылыс жұмыстарының баяу жүруіне, кәріз жүйесінің дұрыс істемеуі мен жарық желілерінің жиі сөніп қалуына шағымданады. Сонымен бірге есептеу құралдарын орнатуда да кемшіліктер жетіп артылады.  Осы ретте бізге ашықтық керек. Халық қай елді мекенге ауызсу, «көгілдір отын», тіпті көше жарығының қашан тартылатынын біліп отыруы тиіс. Сол кезде ғана арыз-шағым тыйылады, – дей келіп, Бердібек Машбекұлы сөзді баяндамашыға берді.

Облыс əкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндамасында облысымызда жоғарыда аталған жұмыстарға жеке дара тоқталып, баяндап өтті. Оның айтуынша, ауызсу жүйесін тарту үшін облыста өткен жылы 50 жоба қолға алыныпты. Бұл жобалардың 34-і мерзімінде тапсырылса, 16 жобаның құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Ал биыл 18 елді мекенге ауызсу тарту жоспарланса, оның 14-і жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. Қалған 4 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы ауызсу құбырын тартуда құрылысы 2017 жылдан бері созылып келе жатқан нысандар да бар екен.

Газдандыру бойынша айтсақ, өткен жылы қолға алынғаны 31 жоба.  Оның 21-і тапсырылған. Биыл 19 елді мекенге газ тарту жұмыстары басталып, 11-і жыл соңына дейін берілуі тиіс. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Жалпы облысымызда 134 елді мекенде газ жоқ. Қазіргі таңда 60 елді мекенде газ тартылуда. 11 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Әлі де 28 елді мекенге жобалық құжат жасау керек.

Басқарма басшысы осы, бұдан басқа да күн тәртібіндегі электр энергиясы мен кәріз жүйесін жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғыртудан өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысынан хабардар етті.

«Осының алдындағы мəжілісте қалай баяндасаңыз, қазір де сол баяндаманы сол қалпында жасап отырсыз. Бар болғаны сандарда ғана өзгерістер бар. Түк өзгермеген. Бір жыл болды қай елді мекендерге ауызсу, қай ауылдарға табиғи газ, электр жарығы тартылатындығын анықтап, жоспар құру туралы тапсырма бергенмін. Қанша көпқабатты тұрғын үй, қанша жылу және кәріз жүйесінің жаңғыртылатыны туралы да жоспар жасау тапсырылған.  Бүгінгі кеңесте соны талдап тұрып, тарата айтып беруіңіз керек болатын. Сондай-ақ ауызсу тартылатын елді мекендердегі жерасты суының қанша қоры бар, ол да анықталып, бүгінгі кеңесте айтылуы тиіс еді. Нәтиже жоқ. Жұмыс жоқ. Ал жылуға, суға және газға есептеу құралдарын орнату барысы не болып жатыр?» – деді басқарма басшысының баяндамасына көңілі толмаған облыс әкімі сұраққа көшіп.

Осы және басқа қойылған сұрақтарға басқарма басшысы нақты жауап бере алмады.

«Басқарма тарапынан нақты жұмыс жоқ. Қанша есептеу құралы қойылғанын білмейміз. Біз қашан есептеу құралын қойып бітеміз, сол кезде арыз-шағым тоқтайды. Қордайдағы елді мекендер газға қосылмай жатыр. Былтыр 22 елді мекенге табиғи газ әкелу қандай күшпен келгенін білесің бе? Оның да нәтижесін көре алмай отырмыз. Халықты неге ауылға кіріп тұрған газ желісіне қоспай отырсыңдар? Әлеуметтік мекемелер неге әлі күнге дейін «көгілдір отынға» қосылмаған?» – деді Бердібек Машбекұлы.

Басқарма басшысы оның басты себебі тұрғындардың техникалық паспортын дайындамаудан болып отырғанын жеткізді.

«Жұмыс нашар. Қандай сұрақ қойсам да сылтауларың таусылмайды. Үнемі сылтау іздейсіңдер. Өздеріңде білек сыбанып жұмыс істеу жоқ. Ал Шу ауданының тұрғындары «қашан кəріз жүйесін жасайсыздар, ауызсу қашан беріледі» деп арызданады да жатады. Ал сендер тек есеп берумен шектеліп келесіңдер. Шудың мәселесі қашан шешіледі?» деген облыс әкімінің сұрағына басқарма басшысы жоспардың жасалып жатқанын айтты.

Бұдан бөлек, электр энергиясының 42,5 пайызын сырттан алатынымыз белгілі болды. Бұл мәселені өңір басшысы «жасыл экономика» бағдарламасы аясында күн, жел, су электр стансаларын көбейту арқылы шешуді ұйымдастыруды басқарма басшысы мен аудан әкімдеріне тапсырды.

Кеңес барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстық өндірістік филиалының директоры Сəкен Исмайловты, «Жамбыл электр желілері» ЖШС өкілі Түймебай Сержановты, «Жамбыл-су» КМК басшысының міндетін атқарушы Шүкірғали Ахимовты және Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевты тыңдап, жұмыс жоспарларымен танысты. Онлайн режімде бірнеше аудан әкімдерінен тақырып аясында атқарылып жатқан жұмыс барысын тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.

Жиын қорытындысында Бердібек Машбекұлы  «Халықты ауызсумен, табиғи газбен, электр жарығымен жоспарлы уақытта қамтамасыз ете алмаса, оған бірінші кезекте басқарма басшысы, аудан әкімдері жауап береді. Ал халық, әрбір ауылдың тұрғыны өзінің ауылына қашан ауызсудың, табиғи отынның келетінін білуі тиіс. Сол үшін нақты жоспар, нақты жұмыс жоспары құрылуы тиіс», – дей келіп кеңес отырысын қорытындылады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.