- Advertisement -

Күлгін түске боялған кітап…

245

- Advertisement -

Күлгін түске боялған кітап…

                                Елен Әлімжан «Анажар» романы. «Дәуір» баспасы 2019 жыл

 Жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан ағамыздың 2019 жылы жарық көрген «Анажар» атты романын мен білмей өтер ме едім, егер Ислам Жеменей ұстазым қолыма ұстатып, дауыстап оқып беруімді сұрамағанда… Кітапты оқу үшін жұмысқа арнайы келіп, Ислам ағаймен бірінші күні кітаптың 50-дей, екінші күні 70-тей бетін оқып тастадық. Бірақ ары қарай өзім оқып аяқтадым (жігіт пен қыз туралы тақырыпты ағай алдында дауыстап оқуды ұят санадым). Ислам ағаймен кітап беттеріндегі тұшымды ойлар мен өз орнын тапқан теңеу сөздерді белгілеп отыруға да келістік. Байқасам, кітаптың тең жартысы боялған екен. Әр сөзі керек, артық сөз жоқ. Осылай қолымдағы «Анажар» романы әп-сәтте күлгін түске боялып шыға келді. Тіптен Тоқкент, Сандықтау атты өлкелердің керемет суреттелгені сонша қайда екен деп интернет беттерін де ақтардық. Сондағы мақсатымыз – ойлы көзбен көру. Ислам ағайға Елен ағадан сұраңызшы деп қоямын.

Кітап басталғаннан-ақ өз қабірін өзі қазып «Өлу керек!» деп ұрандатқан әйелдің түсініксіз қимылын баяндайды. Не себеп, қандай жағдай осындай әрекетке апарды, нендей қиындықтан шығарға жол таппай осы жолды дұрыс деп тапты екен деген сұрақ Ислам ағай екеумізді де қызықтырды. Бұл әрекетінің басты себебі, Ақперіште есімді жалғыз перзентінің 9-қабаттан құлап өлуі екен. Алғашқы сұраққа тағы бір сұрақ қосылып «апыр-ай, қызы неге 9-қабаттан құлап өлді», – деп тағы ойға баттық. Осылай жазушы кітаптың алғашқы беттерінен-ақ оқырманды үлкен ойға шомдыра отырып, өзінің аса керемет тапқырлығымен қыр мен таудағы халықтың өмірі мен тіршілігін және табиғаттың сұлулығын әдемі баяндаған. Бұл кітаптың кереметі сонда. Себебі, әр жағдайды баяндау барысын байқасаңыз әдемі теңеу, дөп түскен мақал-мәтел, күнделікті қолданыстан таппайтын қазақтың керемет сөз тіркестері мен көптің аузынан ақша берсең де естімейтін ақылды әрі даналық сөздерді, ең бастысы, қазіргі біздер – жастар біле бермейтін ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрін тиянақты етіп толық түсіндіріп, жазып өткен. Кітаптағы кейіпкерлер мен елді мекендердің атаулары да тым ерекше.

Бұл кітапта ата-бабаға, халыққа деген құрмет, құрбыға деген адалдық, ана мен бала, жігіт пен қыз арасындағы махаббат та ескерусіз қалмаған. Керек десеңіз, алынбаған кек пен жүрек түбінде өшпестей болып орныққан қара дақты да баяндаған. Сонымен қатар ескеретін ең керемет тұсы – Анажардың тағдыры арқылы бұрынғы мен қазіргі қоғамда орын алып жатқан жағдайлар мен тіршілік үшін күресе жүріп, өзгерген адам пиғылын ашық та әдемі жеткізген.

Соңы не боларын білмекке ұмтылып, сағаттап отырғанымды да аңғармай, романның соңғы бетін оқып аяқтағандағы менің күйімді білсеңіз. Кітаптағы кейіпкердің қайсысына ренжіп, қайсысын құптарымды білмей дал болдым. Ренжиін десем, бәрін ақтап алуға себеп дайын тұрды… Қызық сезім…

Анажардың балалық шағы Сандықтау деп аталатын ауылда Ақтілеу есімді көпті көрген әжесінің қасында өтсе, мектеп жасына толғаннан бастап Тоқкенттегі ата-анасы Далабай мен Таугүлдің қолына келіп, Жанан есімді інісімен бәрі бірге тұрады. Осы тұста жазушы Сандықтау мен Тоқкентке жеке-жеке тоқталып, халқының тұрмыс-тіршілігін баяндап отырады. «Сандықтау – Алатаудың жон арқасындағы жазира жазық. «Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді» дегендей теңіз деңгейінен үш-төрт мың метр биіктіктегі түгін тартсаң майы шығатын бұл шұрайлы қоныс….» деп оқырманға қысқа-нұсқа таныстырып өтсе, енді бірде «Сандықтау жердің жәннаты, өйткені мұнда мал қайырусыз жайылады, адамдар қайғысыз өмір сүреді. Бірін-бірі қырып-жоймақ түгіл араларында ұрыс-керіс, талас-тартыс деген болмайды, болса да оңай шешіледі» деп жеріне қарай халқының да ашық-жарқын, мейірбандығын әдемі суреттеп өтеді. Ал Тоқкент өткен тарихы тереңде жатқан киелі мекен екенін, көптеген шайырлардың өз жырларына табиғаты мен қыздарының сұлулығын қосқанын айта келе «Халқы құж-құж қайнаған қалада жұрттың бәрі жалғыз. Өйткені мұндағы мың-миллион адам көрейін десе бірін-бірі көрсетпейді, сөйлейін десе бірін-бірі естіртпейді. Бұл да меңіреулік, у-шудың меңіреулігі» деп қазіргі жағдайын баяндайды. Тағы бірде «… Қалада мектеп шәкіртінің ешкімнен қаймықпай-ақ темекісін бұрқыратып қасқайып тұра беруі, ал ересек көршісінің ол үшін ешқандай жауапкершілікті сезінбестен қасынан жайбарақат өтіп кете беруі – сол адамзат жеңіп алған ар еркіндігінің жемісі», деп суреттеуі қазіргі таңдағы тіршілігі қайнаған қала тұрғындарының дүниенің соңынан қуалап жүріп ар-намыс деген құндылықтардан аттап қана қоймай, ұрпақ тәрбиесін де ысырып қойғанынан хабар береді.

Жазушы Анажардың есейе келе көргенімен көңілге түйгенін негіз ете отырып, Сандықтау халқының тәрбиеге толы басқосулары мен Тоқкент халқының әр қадамын есеппен басатын пайдақұмарлығын қысқа да мағыналы етіп оқырманға жеткізе білген. Мысалы: «Сандықтаулықтардың төрт мерекесі бар. Біріншісі – жыл басы Наурыз. Екіншісі – қымызмұрындық. Үшіншісі – сабан той. Төртіншісі – соғымбасы» деп қазақтың ұмыт болып бара жатқан мерекелерін ашып түсіндіре келе, Сандықтау қонақасылары «Көкірегі сайрап тұрған жақсылар ел жағдайы туралы есілгенде атадан қалған ақыл сөздер, әділ биліктер, жаугершіліктегі ерліктер еске алынып, тыңдағандарды түгел ұйытатын» тұнып тұрған өнеге мен тәрбие екенін, ондай отырыстарда еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін еш қысылмай отырып, жақсының сөзі мен әнін тыңдап қайтысатынын сондай сағынышпен суреттейді. Ал Тоқкент тұрғындарына өмір «…Енді өмірдің өзі оларға әйтеуір біреуі Қыдыр болып шығар деген үмітпен шашыла бермей, солардың ішінен нақтылы пайдасын тигізетін мықтыны мықтап күтудің тиімділігін үйретті», – дей келе ашық көңіл, жайдары мінез, қонақжай жақсының өзін қайнаған қала өмірі есеппен өмір сүруге үйрететінін әдемі келтіреді, сонымен қатар отырыстарында арақ-шарап құйылатынын мына бір бөлімінде «… виски өз дегенін істетті ме кім білсін, бірте-бірте құрметті мейманның қимылы бұрынғыдан гөрі елпілдеңкіреп, көзі ойнаңқырап қалды. Тілі тіпті шешіліп, отырған әйелдердің көзін, қасын, аузын, белін сөз етіп, мына дастарқанға ылайықты-ылайықсыз  әзіл-қалжың, анекдоттар айтыла бастады», – дейді. Ал үй иесі діттегеніне қол жеткізу үшін басында билігі барды жек көрсе де көзіне мақтап, ондай оғаштықтарына төзеді. Тіпті жайылып жастық, иіліп төсек  болып, бар жағдайын жасауға тырысады.

Болашақ психолог ретінде мені тағы бір таңдай қақтырған тұсы «… базбір ата-аналар бұл шақта алып-қашпа жастықтың жетегіне еріңкіреп, өздерінің қызметтен, жұмыстан былайғы жүріс-тұрыстарына есеп беріңкіремегендіктен, балаларының көңіл-күйіне теріс әсер ететін мінез-қылықтар көрсетіп қоятыны да болады. Сәбидің санасы оны лезде қағып алып, қайталайды. Қанша тыйып тастасаң да санасында бұғып қалған сол жаман қылық күндердің күнінде бұлаң етіп шыға келеді. Оны көрген ата-ана болса, «балам бұл қылықты қайдан шығарды» деп аһ ұрып, қайран қалады. Жастықтың ауылынан алыстап кеткен қарттар ондай ағаттыққа жол бермейді. Қарттық – адамның ыстық-суығы басылған, басын тауға да, тасқа да ұрудан әбден сабақ алған, көпті көріп, көңіліне ненің жақсы, ненің жаман екенін мықтап түйген кезі болғандықтан, ата мен әженің ісінен де, сөзінен де, тұла бойы мен жүріс-тұрысынан да тек өнеге есіп тұрады» деп бала тәрбиесіндегі үлкеннің алар орны мен әлі жауапкершілікті толық сезініп үлгермеген жас ата-ананың жайын да қозғап өткені. Көпке топырақ шашпаймын, әрине. Дегенмен қазіргі таңда көп ата-ана баланы үлкенге берген дұрыс емес. Бала ата-анасының қасында өсуі керек. Заман, қоғам тоқтаусыз дамып жатқандықтан, үлкеннің қолында өскен бала өз замандастарынан қалып қояды. Ештеңе білмей өседі деп ойлайды. Бірақ өзімшіл, тәкаппар, жақсы мен жаманды айыра білмейтін қатігез ұрпақ өсіріп жатқанына аса мән бере бермейді. Осының бәрінің түбінде үлкеннің өнегесі жетпей жатқанынан тіптен бейхабар. Білсе де білмегеннің күйін кешеді. Міне сондай ұрпақтан жүрегінде иманы, кейінгіге берер үлгісі жоқ ата-аналар мен ата-әжелер саны өсіп келеді.

Анажар да Ақтілеудей әже тәрбиесін көргенімен ата-анасының жұмыс бастылығынан байқамай от басып, үлкен өмірдің суығы мен ыстығын ерте көреді. Оған тиген алғашқы соққы «балаларымыздың болашағының қамы» деп қойып, үнемі шапқылаумен жүретін ата-анасының жылуын аз көруі еді. Соның салдарынан артынан ерген інісі де нашақорлыққа салынып, тірі мақұлықтың күйін кешеді. Баланың ата-анасынан кейінгі жақыны кім? Әрине, мектептегі ұстазы. Ұстаз болғанда қандай! 1986 жылғы Желтоқсанда алаңға шыққаны үшін көрген қорлық-зорлығынан құтқаршы деп, аспаннан ақ періштесін  шақырып аңырап ән шығарған сазгер.  «Ақ періште» әні, әлде оны шығарған ұстазы Пенде (ол жағын жыға айыра алмайды жас қыз) Анажардың рухани жетім көңіліне жұбаныш болып, өмірінің мәніне айналады. Тағы да соққы!  Пенде пенделігін жасап, қызды екіқабат күйінде тастап кетеді.  Балаларымның болашағы деп Далабай мен Таугүл дүниені ғана ойлап, бала тәрбиесін екінші орынға қойғандықтан, толысқан шақтарында қолдарында байлық, билік болса да, отбасы жылуы – ұрпағын жалғайтын ұл мен көз қуанышы болар қыздан шеттеп қалғанын кеш түсінеді. Шарасыздың күйін кешеді. Уақытты қайтара алмайтындарына мойынсұнып басқаларға қызығып, өткендеріне өкінеді.

Жаңа өмір бастауға ұмтылған Анажар Әділет есімді жігітпен отау құрады. Бірақ автор «Бұл күнде адамды бұзу үшін аспаннан әзәзіл шақырып әуре болудың керегі жоқ. Жердегі пенденің өзі-ақ анау-мынау әзәзіліңнен асып түседі» дей келе алдына мақсат қойып, халқына адал қызмет етуге бел буып келген жас Әділеттің де адал жүріп мал таба алмай қисық жолға түсіп, байлық үшін арын сатқанын көрген Анажар өмірлік жолдасының осы ісінен жиіркеніп адам баласының бәрінен көңілі қалып, одан да кеткенін жақсы суреттейді.

Бірақ бұл өмірдің соққысы мұнымен бітпепті. Ішінен шыққан перзенті Ақперіштесі өз абыройын қорғаймын деп мерт болады. Сонда кімнің шабуылынан қорғанды дейсіз ғой. Бір кезде Анажарға жасаған қиянатының «жабулы қазан жабулы күйінде қалғанының» арқасында  қаланың бас ұстазы дәрежесіне  көтерілген өмірде қызы барын білмейтін  биологиялық әкесі Пендеден.

Осылай бас кейіпкерін бұл дүниеден түңілуге  дейін апарған жазушы оның өмірге деген құштарлығын да нанымды оятады. Пәленбай баласымен  жесір қалса  да,  оларды асырап, тәрбиелеу үшін Әділетті қаңғырып қалған жерінен жетелеп әкеліп өмірге бейімдеген  Орынкүлмен жолықтырады Анажарды. Сөйтіп, мен Орынкүлдей бола алмағаным ба деп ойлантады. Ал АҚШ-тан туған елін көріп кетуге  келген мектепте бірге оқыған  құрбысы  жан дүниесін  тіпті астаң-кестең етеді. Өйткені биофизик Ақбикеш күнәға итермелейтін қос тесіксіз  адам жасау проблемасымен айналысып жүр екен. Сондай-ақ бұған дейін көзіне онша ілмеген Тінібектің ылғи да жақсы мен жаманның арасында жүріп, жақсыға болыса білетіндігі ойлантады. Өз қатарлары өмір күресін осылай жеңіп жатқанда Анажар неге қалып қоюы керек? Ол енді өмір сүруге ышқынады.

Анажардың басынан өткендерін, өмірден түйгендерін оқи отырып, жауабын таппай жүрген біраз сұрақтарыма жауап та алдым. Осылай керемет туындыны керемет ұстаздың себебімен оқып, өмірлік ой түйдім.

Ең басты ұққаным, автор көшпелі қоғамнан топ етіп отырықшылыққа, одан қайтадан жекешелендіруге  тап болып, не зиялысы, не буржуазиясы  қалыптаспаған қоғамның тұрақсыздығын және сол тұрақтанбаудан рухани жұтаңдыққа ұшыраған адамдарының азабын дәл көрсеткен.

Ал сіздерге айтпағым, Сіз де оқыңыз…

Шетелдік немесе бизнес, мотивация туралы кітаптарды ғана оқымай, қазақ әдебиеті мен әңгімесін де оқып рухани нәр алыңыз дегім келеді…

 

Гүлжанат Дүйсенбай,

ӘлФараби атындағы Қазақ

ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының бас  маманы, магистрант.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support