- Advertisement -

300 миллионнан астам айыппұл әлі төленбеген

55

- Advertisement -

Экономика дамуы үшін бюджеттің кіріс бөлігі өсуі маңызды. Бұл ретте әкімшілік жаза қолдану нәтижесінде салынған айыппұлдар толығымен қазынаға түсуі керек.

Әкімшілік айыппұлдарды өндіру жөнінде өткен аппарат жиынында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деді. Соңғы 4 айда әкімшілік айыппұл есебінен жергілікті бюджетке 1 миллиард 43 миллион теңге қаражат түскен. Бұл 65,44 пайызды құрайды. Яғни 300 миллионнан астам қаражат мерзімінде өндірілмей тұр. Аймақ басшысының төрағалығымен өткен аталмыш жиынға осы салада жұмыс істейтін департаменттердің басшылары қатысты. Кеңесте ҚР Бас прокуратурасының  құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқарма бастығы Дәурен Райымқұлов әкімшілік айыппұлдардың өндірілуі туралы есеп беріп, жыл басынан бері әкімшілік айыппұлдар туралы 67 537 қаулы шыққанын, 683 миллион теңге төленгенін жеткізді. Республика бойынша осындай айыппұлдарды өндіру жөнінен біздің облыс үшінші орынға жайғасқан, ал бір ай бұрын тіпті бірінші орында тұрған көрінеді. Баяндамашы салық органдары жыл соңына қарай миллиондаған сомалар салып, оны өндіру оңайға соқпайтынын және осыған байланысты өздерінің жыл бойғы еңбектері зая кететінін жеткізді. Сондықтан үлкен  айыппұлдарды жыл аяғын күтпей, қазірден бастап болжауды ұсынды.

Істердің басым бөлігін қараған полиция органдары барлық айыппұлдың 69,3 пайызын салып, 440 миллион теңге өндірген. Одан кейін айыппұлдардың ауқымды сомасын мемлекеттік кірістер органдары салған. Олар салған айыппұл көлемі 153 миллион, өндірілгені 94 миллион теңге.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары 76 миллион айыппұл салып, 61  миллион теңгесін өндірген.

Ішкі мемлекеттік аудит органдары 44 миллион теңгенің 75 пайызын өндірсе, жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар, экология, ҰҚК органдары 2-11 миллион теңге төңірегінде айыппұл салған.

Аудандар бойынша төленген айыппұлдардың төмен деңгейі Тараз қаласында және Мойынқұм, Жуалы, Шу аудандарында байқалады. Ал Талас ауданы керісінше жоғары көрсеткішке ие.

Ағымдағы жылы сот орындаушылары әкімшілік айыппұлдарды өндіру туралы 223 миллион теңгені құрайтын 7 мыңнан астам атқарушылық істі қозғаған. Бұдан бөлек, сол уақытта 31 мың іс бойынша жұмыс атқарылып, оның аяқталғаны 237 миллион теңге айыппұлды құрайтын 12 мың іс. Дәурен Райымқұлов әкімшілік айыппұлдардың орындалу және бюджетке түсу мәселесін бақылауға алуды тездету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол эпидемиологиялық талаптарды сақтау мен шектеу нормаларын бұзудың алдын алу бойынша мониторингтік топтардың жұмысындағы олқылықтар, коррупциялық тәуекелдер жайына да тоқталды.

Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асхад Мұлқыбеков 2020 жыл мен 2021 жылдың бірінші тоқсанында өңірдегі мемлекеттік кіріс органдарында орын алған құқық бұзушылықтарды баяндады. Ол 19 997 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша іс қозғалғанын, жалпы салынған сомадан 336 957 мың теңге өндірілгенін, өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда биыл өндіру пайызы  жақсарғанын жеткізді.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті және аумақтық кірістер басқармалары салық заңдылығының талаптарын орындамағаны үшін жеке кәсіпкерлерді немесе заңды және жеке тұлғаларды әкімшілік кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартады және өндіреді яғни салынған айыппұлдарға мәжбүрлеп өндіру шараларын жүзеге асырады. Асхад Мұлқыбеков ағымдағы жылдың басынан 153 388,6 мың айыппұл салынып, 109 835,5 мың теңге өндірілгенін, өндіру бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылып келе  жатқанын айтты.

Кеңесте облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Нұржан Қалметов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Айнақұлов, сондай-ақ айыппұлдарды өндіру бойынша төмен көрсеткішке ие Мойынқұм, Шу аудандары мен Тараз қаласы әкімдерінің хабарламасы тыңдалды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық жолдар мен Тараз қаласының көшелерінде «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату жұмысын жеделдетуді тапсырды. Жиын қорытындысында тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берген  облыс әкімі  «Ең негізгісі – тәртіп орнатуымыз керек. Шет мемлекеттерде азаматтарға айыппұл салынса, ешкімнің ескертуінсіз-ақ өздері төлейді. Өйткені өсімі қосылады. Біз осыны үйретуіміз керек халыққа. Соттың шешімі болды ма, бақылауға алып, айыппұлдың уақтылы төленуін қамтамасыз етуі керек», – деп нақтылады.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support