- Advertisement -

Өндірілген қуатты «KEGOK» сатып алады

157

- Advertisement -

Еліміздегі, оның ішінде өңіріміздегі өндіріс ошақтарының саны артқан сайын электр энергиясына деген қажеттіліктің де ұлғаятыны түсінікті. Осыған байланысты экономикасы алшаң басқан алпауыт мемлекеттер қуат өндірудің халыққа қолайлы әрі тиімді түрін ойлап табуды көздейді. Бұл елдердің қатарына біздің елді де енгізуге болады. Мәселен, кейінгі жылдары Әулиеата өңіріндегі энергия өндіру саласында соны серпін байқалып келеді.

Мысалы, Жуалы ауданындағы сағатына 100 мегаватт қуат өндіретін «Бурное Солар-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі күн электр стансасының өзі өңірдің энергия өндірісіндегі қауқарына көптің көзін жеткізіп отыр. Айта кету керек, орталық Азиядағы ең үлкен күн электр стансасы әуелгіде сағатына 50 мегаватт қуат өндіретін. Араға жылдар салып, Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында Жуалыда бұған дейін жұмыс істеп тұрған стансаның екінші кезеңі басталып, өндірілетін қуат мөлшерін екі есеге арттырды. Енді, міне, дәл осындай су жаңа күн электр стансасының құрылысы Шу ауданының аумағында басталды. Бұл нысан толық қуатында жұмыс істей бастағанда өңірдегі энергия өндіру ісіне ерекше қарқын береді деп күтілуде.

– Айта кету керек, мұнда орнатылған панельдер 25 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істейді. Сонымен қатар біздің бұл жобаны дәл осы Шу ауданы аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның алғашқысы – ауданның күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жатуында болса, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының соғылуы. Әлбетте, 500 гектардан аса жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істегенде электр энергиясына деген тапшылық әжептәуір сезілетін болады. Сондықтан, бұл жоба біз үшін де,  экономикалық аймақ үшін де өте тиімді болып отыр, – дейді француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» ЖШС-ның бас директоры Илья Чернодаров.

Аудандағы инвестициялық жобаның жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатынын айта кетуіміз керек. Сондай-ақ мұндағы құрылыс жұмыстарының бас мердігері Жуалы ауданындағы күн электр стансасының құрылысын жүргізген «METKA-EGN.KZ» ЖШС екен. Электр стансасы толық қуатында жұмыс істегенде облыста электр қуатына деген тапшылық толық жойылмаса да, едәуір қысқаратыны сөзсіз. Алдағы уақытта стансада тұрақты жұмыспен қамтылатын 10 адам да жергілікті тұрғындардан болмақ. Оларды инвесторлар қаржысынан арнайы  оқытып, осы сала бойынша білімдерін жетілдіруге жіберу де жоспарда бар көрінеді. Сонымен қатар «ШУ-100 мВт» күн электр стансасы қуат өндіруде қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайды. Сондай-ақ өндірілген қуат «KEGOK» акционерлік қоғамына сатылатын болады. Стансаның өнімі түгелдей қазақстандық электр жүйесіне қосылмақ. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта аймақта қуат бағасының едәуір арзандауына игі ықпал етеді дегенді білдіреді. Тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданында баламалы энергия көздерін пайдалануда бір ғана күн электр стансасы жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұдан бөлек, 2013 жылы аудан аумағында «Компания АТ-Энерго» ЖШС-ның ұйытқы болуымен бірегей жоба жүзеге асқан болатын. Тасөткел су қоймасы маңынан салынған станса судан энергия өндіреді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша станса 560 395 706 теңгенің энергиясын, ал 2019 жылы 463 589 587 теңгенің қуатын өндіріпті. Мекеме басшылары бұл жетістікке тоқмейілсіп отырған жоқ. «Компания АТ-Энерго» ЖШС қазіргі уақытта су электр стансасының екінші жобасын жүзеге асыруда. Электр энергиясын өндіруге бағытталған нысанның екінші жобасы жуық арада пайдалануға берілмек. Қазіргі кезде қажетті құрал-жабдықтардың барлығы жеткізіліп, құрылыс монтаждау жұмыстары 95 пайызға аяқталыпты. Тек әкелінген жабдықтарды іске қосу үшін Қытайдан 4, Өзбекстаннан  3 маманның келуі қажет. Аталмыш серіктестіктің бұған дейін де жұмыс істеп тұрған стансасы сағатына 2,2 мВт электр энергиясын өндіруде. Өндірілген электр энергиясын Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынса, салынып жатқан станса өз өнімін «KEGOK» АҚ-на саудалайтын болады. «Компания АТ-Энерго» ЖШС-ның директоры Саид Ахаев қазіргі жоба сәтті аяқталғаннан кейін үшінші су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Ал аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мВт энергия өндіретін жел электр стансасының құрылысы жоспарлануда. Жобаның жетекшісі саналатын «WINDHAN» ЖШС бүгінгі таңда тарифтеу мен қаржыландыруға қатысты мәселелер түбегейлі шешімін тапса, артынша құрылыс жұмыстары бірден басталатынын айтып отыр. Жобалық құны 71 миллиард 500 миллион теңгеден асатын станса өз жұмысын бастағанда шамамен 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 гектар жер телімін бөліп беріпті.

Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады. Бұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысын баламалы жолмен өндіру қажеттігін айтқан болатын. Аталмыш бастамаға қолдау білдіруде облыс аумағында нәтижелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын бір ғана аудандағы жұмыстардан-ақ байқауға болатын сыңайлы. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыс орталығындағы тұрғындар сағатына 50-60 мегаватт электр қуатын тұтынса, облысымызға қарасты аудандар шамамен сағатына 90 мегаватт электр қуатын тұтынатын көрінеді. Бұл бір ғана Жамбыл облысындағы статистика. Алдағы уақытта Шу ауданындағы күн электр және су электр стансасының екінші жобасы жүзеге асқанда еліміздегі электр қуатына деген қажеттілік біршама азаяды деуге әбден болады.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support