- Advertisement -

Қаржыны игере алмаған қай аудан?

152

- Advertisement -

Өңірдің қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және «Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасымен» белгіленген  индикаторлардың 2020 жыл бойынша қорытындысымен орындалуы тақырыбы кезекті аппарат мәжілісінде қаралды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев онда биылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары екенін атап өтті. Дегенмен республикалық көрсеткіш бойынша құрылыс, үй құрылысы, көлік, бюджеттің кіріс бөлігі салаларында нәтиже төмен.

Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова жыл қорытындысымен «Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасымен» белгіленген 4 индикатордың жоспарлы мәні орындалмағанын, ал 2-еуінің жоспарлы мәні 25 пайыздан асыра орындалғанын жеткізді. Мәселен,  2020 жылы мемлекеттік міндеттемелерді талап етпейтін 18 жобаны іске асыру жоспарланып, 14 жоба іске асырылыпты. Одан бөлек, білім және ғылым министрлігінің нормативтік актілеріне өзгеріс енгізілуіне байланысты жеке балабақшаға мемлекеттік тапсырысты орналастыруды көздейтін 4 жоба тоқтатылған.

Екіншіден, «Аналардың өлім-жітімі» индикаторы коронавирус инфекциясы (3 жағдай), экстрагениталды аурулар (2), акушерлік қиындықтарға (3) байланысты орын алған ана өлімінің 8 жағдайы есебінен орындалмады.  Сондай-ақ, «1000 адамға шаққанда мәдениет ұйымдарына келушілердің орташа саны» индикаторы пандемия кезінде іс-шаралардың онлайн режімінде өткені есебінен орындалмапты. Орындалмаған төртінші индикатор — «Көшелерде жасалған қылмыстардың үлесі».

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне жүргізген бағалау нәтижесінде облысымыз аумақтарды дамыту бағдарламасының «Мақсаттарға қол жеткізу» блогы бойынша тиісті 50 баллдың 45,95 баллын иеленіпті.

Жиында 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен аудандар бөлінісінде Меркі және Шу аудандарының көрсеткіштері төмен дәрежеде тұрғаны сөз болды.

Облыс әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Әкек осы уақыт аралығындағы бюджет қаржысының игерілуі жайына тоқталып, 1-мамырға облыс бюджетінің кірістері 127 миллиард 262,2 миллион теңгеге немесе 106,6 пайызға орындалғанын айтты. Меншікті кірістер бойынша 7 миллиард 884,1 миллион теңге бюджетке жоспардан артығымен түскен. Тек Шу ауданы бойынша жоспар 95,6 пайызға орындалып, 55,8 миллион теңге жоспардан кем түсіпті.

Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 99,8 пайызға игерілген. Алайда, Сарысу ауданы бойынша 62,8 миллион теңге игерілмей қалған. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасы – 24,7, тексеру комиссиясы бойынша – 20,8, білім басқармасы бойынша 35,1 миллион теңге сомасындағы қаражаттар игерілмеген. Батырхан Базарбайұлы  игерілмеген қаражаттардың субъективтік себептерін ортаға салды. Олар — мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің аяқталмауы, тауарлардың уақытылы жеткізілмеуі, жұмыстардың уақытылы атқарылмауы, жобалық-сметалық құжаттардың дайын болмауы сынды кедергілер. Жиында берілген қаржыны толығымен игеруді қамтамасыз ету жөнінде тиісті басқармалар мен аудан басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Аппарат мәжілісінде талқыланған тағы бір тақырып – 2020-2021 жылғы жылыту маусымының қорытындысы. Өңір басшысы бұл қыс қатты болмағанмен, жылыту маусымында Жаңатас қаласында келеңсіз жағдай орын алып, тұрғындар бірнеше күн жылусыз қалғанын еске салды. Нәтижесінде Сарысу ауданының әкімі қызметінен босатылған болатын. «Негізінен мәселенің қай жерден туып қалуы мүмкін екенін білесіздер. Бірақ жағдай орын алып, халықтан арыз-шағым түспейінше күтіп отырамыз. Алдын-ала тиісті жылу беру мекемесін барып көру деген жоқ. Ертерек қимылдауымыз керек. Көзді ашып-жұмғанша қазан айы да келеді»,-деді Бердібек Сапарбаев.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев жылыту маусымы ағымдағы жылдың 19 сәуірінде аяқталып, ұзақтығы 195 тәулікті құрағанын хабарлады.

Ол 2021 жылдың 9 ақпанында Жаңатас қаласының орталық қазандығында мазуттың сапасына байланысты қазандардың тоқтауына байланысты қазіргі таңда құзырлы органдармен тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқанын мәлімдеп, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметінен босатылғанын, басқарманың бөлім басшысы А.Мырзабеков облыстық әкімдіктің тәртіптік отырысында тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Жазғы уақытта ыстық суды тұрақты беру мақсатында «ҚазТрансГаз» АҚ-мен 2021 жылға тауарлық газдың қосымша көлемін жеткізу мәселесі шешілгені баяндалды. Қ.Қорғанбаев моно және шағын қалалардың орталық қазандықтарын отынмен қамтамасыз ету жұмыстарына да тоқталып, «Жаңатас Су-Жылу» МКК-ның орталық қазандығын 10 608 тонна мазут отынымен қамтамасыз ету үшін 665,3 млн. теңгеге мердігермен келісімшарт жасалғанын, бүгінде Сарысу ауданының жалпы 1 062,5 тонна мазут көлеміне өзге кәсіпорындар алдында қарызы туындап отырғанын, ағымдағы жылы орталық қазандықты табиғи газға ауыстыру жолымен қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 24,9 миллион теңге бөлінгенін жеткізді.

Жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін  Тараз қаласында жаз айында 15 күннен аспайтын мерзімге ыстық суды уақытша тоқтату көзделіп отырғаны сөз болды. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығын формальды түрде жүргізбей, жертөлелерін зерделеп, жылу жүйелерін қысыммен сынақтан өткізу, ақауларды қалпына келтіру, жылу жүйесін жуып тазалау жұмыстарын бүгіннен бастап ұйымдастыру ұсынылды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл 92 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен  4 236,0 миллион теңге бөлуге өтінім беріліпті. Бүгінге күнге тек Тараз қаласындағы 57 тұрғын үйге 2 691,0 миллион теңге қарастырылған.

Құдайберген Қорғанбаев жөндеу жұмыстары кезінде міндетті түрде пәтерішілік тік құбырларды қоса ауыстыру қажет екенін айтты. Өйткені, тұрғын үйлердің ішкі инженерлік желілері күрделі жөндеуден өткенімен, жылыту маусымы кезінде тік құбырлардың ауыстырылмау себебінен тұрғындар жылу қуатын тиісті деңгейде ала алмай жатқан көрінеді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен 86 елді мекендегі 156 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтары табиғи газға ауыстырылатын болады. 2021 жылға 33 жобаны іске асыру үшін тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынылып, биылғы жылға 8 жоба қолдау тауып, барлығы 208,652 миллион теңге бөлінген. Бердібек Машбекұлы жобалардың құны әртүрлі екеніне айрықша назар аударып, «Экономика, қаржы басқармалары, жобалардың құнын ретке келтірмей бір тиын беруге болмайды!»,-деп нақты ескертті. Сондай-ақ, мазут отынын тиімді пайдалану, Тараз қаласында шатыры ұшқан көпқабатты үйлердің жай-күйі туралы айтылды. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы биыл олқылықтар орын алмау үшін былтырғы жылыту маусымындағы кеткен кемшіліктерді жан-жақты талдауды тапсырды.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support