Сарысуда серпіліс бар
Сарысуда серпіліс бар
Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданында болып, бірқатар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және білім нысандарының жұмысымен танысты. Аймақ басшысы алдымен «Игілік-Өндіріс» ауызсу жүйесінің жұмыстарын көрді. Екі ауылды сумен қамтамасыз ететін нысанның құрылысы 2019 жылдың тамызында басталған екен. Ұзындығы 30,7 шақырымды құрайтын құрылыспен «Шаңырақ» ЖШС айналысып, оған 625,6 миллион теңге қаржы жұмсалған. Жалпы 2530 адам тұратын 435 үйді сумен қамтыған ауызсу жүйесі өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілген. «Аудандағы 25 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Енді «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Шағалалы және Үшбас ауылдарына ауызсу жүйесі құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттар жасалуда», – деді аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев. Аймақ басшысы Саудакент ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылдың 16 желтоқсанында пайдалануға берілген спорттық-сауықтыру кешеніне барды. 2020 жылдың 25 мамырында басталған нысанның құрылысын «ЦентрСнабСервис» ЖШС жүргізген. Ауданы 1574,29 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінің құны 253,5 миллион теңгені құрап, 30 адам жұмысқа тартылған. Бүгінде 3 ауылдық округтің тұрғындарына арналған кешенде спорттың 15 түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Бердібек Машбекұлы футбол ойнап жүрген жеткіншектердің доптарына өз қолтаңбасын қалдырып, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін ауылдағы емханаға келіп, дәрігерлердің қауіпті індетпен қалай күресіп жатқанын білді, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуына назар аудару керектігін еске салды. Ауыл тұрғындарына екпе салу жұмысын жүйелі жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Облыс әкімі аудандағы бірқатар білім ошақтарына бас сұқты. Маятас ауылындағы Донда Сенбин атындағы орта мектеп пайдалануға берілген сонау 1970 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. 2016 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген мектепте екі ауысымда 84 бала білім алуда. Оларға 28 мұғалім сабақ береді. 2017 жылдан бері осы мектептен 2 «Алтын белгі», 2 «Үздік аттестат» иегері шыққан. Мектептің материалдық-техникалық жағдайы орташа. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұржан Қойшыбаев ауыл тұрғындары атынан жаңа заманауи үлгідегі мектептің соғылуына көмек беруін сұрады. 409 миллион теңгеге жасалған жаңа мектептің жобалық-сметалық құжатын көрген облыс әкімі бұл мәселенің шешімін тарқатуды қарастыратынын айтты. Облыс басшысы сондай-ақ Шоқай датқа орта мектебіне, Жайылма ауылындағы Әйтеке би атындағы мектепке бас сұғып, оқушылармен және олардың ұстаздарымен әңгімелесті. Білім ошақтарының спорт залдарын көріп, асхана мәзірімен танысып, Әйтеке би мектебіндегі Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің мұражайын аралап көрді. Бердібек Машбекұлы мектеп басшылары мен мұғалімдерге ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне аса көңіл бөлу керектігін ескертті. Сондай-ақ оқушылардың алдағы жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жолдарын қарастыруды тапсырды. №5 Жаңатас колледжіне арнайы бас сұққан облыс басшысы кәсіптік білім беретін мекеменің жұмысымен танысып, осында қаладағы бірқатар мектептің директорларымен кездесті. 1975 жылы құрылған колледжде бүгінде 72 білімгер «Автослесарь», «Тамақтану ісі», «Дәнекерлеу», «Пайдалы қазба» мамандықтары бойынша кәсіптік білім алуда. Колледж басшыларының айтуынша, шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Мысалы, 400 орындық жатақхана бос тұр, ол күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар оқу шеберханаларын заманауи үлгідегі оқу құралдарымен жабдықтау да өте маңызды. – Мұндай кәсіптік білім беретін колледждерде балалардың кәсіпорындардың сұранысына қажетті мамандықтар алғаны маңызды. «ЕвроХим», «Қазфосфат» сияқты ірі кәсіпорындармен байланыс орнатып, соларға қажетті мамандар дайындаған жөн. Осылайша, өз түлектеріңіздің алдағы уақытта жұмыспен қамтылуына да қол жеткізе аласыздар, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осында бас қосқан мектеп басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. «Балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөліңіздер. Мектепке бөтен адамдардың кіруіне жол беруге болмайды. Мен тиісті мекеме басшыларына тапсырма бердім. Ата-аналармен жұмысты күшейту керек. Өкінішке қарай кейбір ата-аналардың жауапкершілігі төмендеп кеткен», – деді облыс әкімі. Маятас ауылының маңында орналасқан, аумағы 1202 гектарды алып жатқан «Бүркітті» су қоймасы 1975 жылы пайдалануға берілген. Су қоймасының сыйымдылығы 8,3 миллион текше метрді құрайды. Бүгінгі су көлемі 7,820 текше метр. Су қоймасы бір ауылдық округті сумен қамтамасыз етіп отыр. Суғаруға бекітілген жер көлемі 1100 гектарды құрайды. Мұндағы өзекті мәселе, су қоймасындағы су шығарлардың (шлюз) ашып-жабу механизмін ауыстыру, су екпінін төмендететін құрылғылардың табанына жөндеу жұмыстарын жүргізу, су өлшегіш құрылғыларын орнату, су қоймасына су өткізетін канал дамбасын көтеру және балықты қорғау құрылымын жасау жұмыстарын жүргізу қажет. Су қоймасын арнайы барып көрген Бердібек Машбекұлы суды тиімді пайдалануды тапсырып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөнделген науаларды көрді. Бұлақтың, жерасты суларын жинап, пайдалану керектігін сөз етті. Аудан орталығында бүгінде үй кезегінде 1676 адам тұр. Жалпы Жаңатас қаласында биыл жалпы ауданы 16211,3 шаршы метр болатын 3 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтіп, тұрғындарға пайдалануға берілмек. Соның бірі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 545,5 миллион теңгеге қайта жаңғыртудан өтіп жатқан көпқабатты үйдің жөндеу жұмысымен «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС айналысуда. Мұндағы пәтерлер саны – 120. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 30 адам жұмысқа тартылған. Биылғы 1 сәуірде басталған жұмыс 1 қазанда аяқталып, жүзден аса отбасы қоныс тойын тойламақ. Қаланың 1-шағын ауданындағы №47 көпқабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмысын көрген Бердібек Машбекұлы қалада қанша көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртуды қажет ететінін сұрап, осыған орай аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді. Жаңатас жел электр стансасына келген облыс басшысын кәсіпорын жұмысымен серіктестіктің техникалық директоры Чжанг Линг таныстырды. «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС Түркістан ауылдық округінде орналасқан. Жобаның құны 44,8 миллиард теңгені (130 миллион АҚШ доллары) құрайды. Қуаттылығы 100 мВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Толық іске қосылу мерзімі 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығына жоспарланған. Жоба бойынша орнатылатын 40 жел турбинасының бүгінгі күнге 33-і орнатылған. Оның ішінде 20 жел турбинасы сынақ режімінде іске қосылған. Бүгінгі таңда орта есеппен 15 миллион кВт/сағат электр энергиясын өндіруде. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешен құрылысы соғылып аяқталды. Ендігі кезекте қалған турбиналарды орнату бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі мен кәсіпорынның техникалық директоры алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеп, жұмыс ауқымын кеңейту жолдарын қарастыратын болып келісті. Өткен жылы аудан бойынша «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 8 үй пайдалануға берілген екен. Сол игі дәстүр биыл да жалғасын тапқан. Аймақ басшысы Жайылма ауылында көпбалалы анаға арналып салынып жатқан 5 бөлмелі үйдің құрылысын көрді. Мая Баймағанбетованың 5 баласы бар, күйеуі қайтыс болған. Осындай бастама көтерген облыс басшысына ризашылығын білдірген ана жұмыла жұмыс істеп жатқан ауылдастарына да алғыс айтып, қуанышын жасырмады. Бұл ауылда өткен жылы да бір үй асарлатып салынып пайдалануға берілген көрінеді. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылында орналасқан «Болашақ» шаруа қожалығына да барды. Осында бірқатар шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Жалпы жер көлемі 1259,72 гектар, оның ішінде егістік жер – 534,8 га, жайылымдық жер – 400,2 га. Жайылма ауылдық округінде 324,62 га егістік жері тағы бар. Қожалықта 5 адам тұрақты жұмыс істейді. 2020 жылы 204,62 га күздік бидай, 284,8 га жаздық арпа, 250 га мақсары, 250 га жоңышқа дақылдары егілген. Биыл 134,9 гектар күздік бидай, 367 гектар жаздық арпа, 60 гектар жерге жоңышқа дақылдары, Жайылма ауылдық округіне қарасты егістік алқаптарға 150 гектар жаздық бидай, 174,6 гектар мақсары дақылдарын еккен. Шаруа қожалығының екі «К-700» тракторы соқаларымен, екі астық комбайны, бір «МТЗ» тракторы, бір шөп шабатын комбайны, бір «КамАЗ» жүк автокөлігі, бір-бірден шөп тайлағыш, «КУН» шөп артқыш және басқа да техникалары бар. Өткен жылы 6 миллион 612 мың теңгеге 8 корпусты «ПСКУ-8» соқасын, 1 миллион 850 мыңға «Зерномет» астық тиегішін, 7 миллион теңгеге «БДТ» агрегатын, биыл 11,5 миллион теңгеге лизингке «Lovol» тракторын сатып алған. Бердібек Машбекұлы шаруа қожалығының жетекшілеріне тұқым, тыңайтқыштарды пайлаланудың тиімді жолдарын қарастырып, қожалыққа қажетті техникаларды лизингке алудың пайдалылығына назар аударды. Жерді тиімді пайдаланып, суармалы жерлерді көбейту, мал басын арттыру мәселелерін сөз етті. Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында аудан әкімшілігінің мәжіліс залында актив жиынын өткізді. Облыстың 4 айдағы жалпы көрсеткіштеріне тоқталып өткен Бердібек Машбекұлы аудан тұрғындарын жаңадан келген аудан әкіміне қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Ауданда өндірісті дамытып, мал, ауыл шаруашылықтарын және кәсіпкерлікті дамытуға, бұл үшін түрлі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға, еліміздегі індетпен күресте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» еңбек етуге, құрылыс, мәдениет, спорт салаларын дамытып, ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету, газдандыруды, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жұмыстарына барынша күш салу қажеттігін айтып, аудан әкіміне халықтың үніне құлақ асып отыру қажеттігін ескертті. «Өткен жылы облыста асарлатып 99 үй салдық. Биыл оның санын 104-ке жеткізсек деп отырмыз. Бұл жоба ең алдымен халықтың бірлігін, ынтымағын арттырады. Осындай игі істерді аудан тұрғындары да жалғастырады деп сенім білдіремін», – деді Б. Сапарбаев.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Сарысу ауданы.