- Advertisement -

«Төбелес» пе, жоқ әлде «жекпе-жек» пе? «Шалғай Қарасудағы» спорт сарайының шын атауы қалай?

239

- Advertisement -

Редакцияға Тараз қаласы әкімінің №10-шы аумаққа қарасты «Шалғай-Қарасу» тұрғын-жай алқабының еңбек ардагері, зейнеткер  Күздеубай Смайыл бастаған 12 тұрғын қол қойған шағым хат түсті. Онда бас редакторға тұрғындар елді мекендегі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жол, түнгі жарық, тазалық, басқа да бірқатар түйткілді мәселелерді қозғап, қала әкімінің назарын аударатын мақала жазу үшін газет тілшісін жіберуді өтініпті. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алған бас редактордың шұғыл тапсырмасымен бірден облыс орталығының іргесіндегі мекенге тартып кеттік.

 Бұрын Жамбыл және Байзақ аудандарына қарап келген қалаға жақын орналасқан барлық аумақтарда шешімін күткен мәселелердің жетіп артылатынын үш жыл бұрын «Aq jol» газетінде үздіксіз жазған едік. Онда бүгінде халық саны 17 мыңға жуықтаған «Шалғай Қарасудағы» шешімін күткен мәселені де мүмкіндігімізше барынша қамтығанбыз. Тұрғындардың «тағы да газет тілшісін жіберуін өтінуі» осы. Облыстың бас басылымында дамылсыз қағып жатқан дабылымыздан кейін бір аумақта түйткілді мәселе шешілсе, екінші бір жерде жүрдімбардым атқарылған тірлікті естіп те, көріп те жүрміз. Қала басшылығының сырғытпа жауабы да келіп жататын.

Аумақтың бас инспекторы Қанат Нұрлановпен хабарласып, түстен кейін шағым бойынша баратынымызды ескерткенде қалалық әкімдікке жиынға баратынын айтып, көмекшісі Бекнұр Бүркітбай шағымданған кісілерге жолықтырып, елді мекенді аралататынын айтты.  Бірден шағым хатқа қол қойған он екі тұрғынның ішінен Күздеубай қарияға жолығып, тұрғын-жай алқапты бірге араладық.

– Менің осында тұрып жатқаныма 21 жылға жуықтады. Осы елді мекеннің өзінде 13 мыңнан аса халық тұрады. Мұнда жер үйлер болғандықтан, әр отбасында жеті- сегіз сотықтан жер бар. Осынша жұртқа бір емхананың бөлімшесі ғана қызмет көрсетеді. 700 оқушыға арналған бір мектеп бар. Қазір онда 1200-ден аса бала оқиды. 400-ден аса оқушы №52-ші мектепке қатынап оқып жүр. Ал мына үш ғимаратқа орналасқан денсаулық сақтау мекемесінің алдындағы жолды қараңыз, науқас жан түгілі сау адам жүре алмайды. Әсіресе жауын-шашынды немесе қыстың күні жығылып мертігіп жатады. Мен қаланың бұрынғы төрт әкімінің қабылдауында болдым, шешімін күткен мәселелерді қозғаумен келдім. Тіпті облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің алдында да осындай түйткілді мәселелерді көтергенмін. Мектепке баратын жол бойында жүргіншілер жолы жоқ. Бір күні бір баланы зулап жатқан көлік қағып кетсе не болады? Айтпақшы жолдың екі шетіне «30-дан асыруға болмайды» деген жол белгісі орнатылғанымен оған қарап жатқан жүргізушіні көрмейсіз. Жүргіншілер сақтық үшін көше бойына шығып кетпей, жолдан қашық жүрсе дейсің. Шет жақтағы көшелердің жайын айтпай-ақ қояйын.

Жаңадан пайдалануға берілген спорт кешенінің маңына үйіп-төгіп, шағын алаңдарды қалай болса, солай соға салған. Сонда қалай, ол кешен пәленбай қабатты тұрғын үйлердің маңында тұр ма? Ауылдың бір шетінен екінші шетіне балалар қалай келеді? Жол жиегінде жүргіншілер жолы болса да жоқ. Қалалық әкімдік қайда қараған? Балалардың ойнайтын жері жоқ, жер бар-ау, арнайы алаңдар қайда? Жаңа спорт кешеніне автобус та бармайды. Қазір №37 және №8 бағыттағы автобустар жүруін тоқтатты. Ал енді түнгі жарықтың мәселесін айтып келе жатқанымызға талай жылдың жүзі болды. Қас қарайып, қараңғылық басқанда түнекте қалғандай күй кешеміз, – дейді Күздеубай Смайыл.

– Бұл кісі біздің ауылдың белсенді азаматы. Осы мекен көркейсе, мұндағы тұрғындар адам сияқты өмір сүрсе деп тынымсыз шапқылап жүр. Ойылған жолдың сиқы мынау. Бірде ойдым-ойдым шұңқырда сүрініп кетіп, аяғымнан жарақат алып, саусақтарым шығып та кеткен. Тіпті мына емханаға жете алмай қалатын да күндеріміз болады. Бұл кісінің көтеріп жүрген мәселесі өте орынды. Көбіне жолдың жырын айтады, түнгі жарықтың жоқтығын жеткізеді, – деді екінші топтағы мүгедек, көпбалалы ана Базаркүл Шилібекова.

Карантин талаптарын ескеріп, емдеу мекемесінің ішіне кіруді жөн көрмедік. Сыртқы қоршауына қойылған темір қақпасының сыры кетіп көзге оғаш көрінді. Емдеу мекемесінің сырты мұндай болған соң «Шалғай Қарасудағы» тұрғын үйлердің кескін-келбеті туралы әңгіме қозғау артық шығар. Кәсіпкерлік нысандар туралы, маңайларындағы тазалық жайында да бірдеңе деу артық. Айтпақшы бірде- бір көрнекілік немесе билбордты көре алмадық.

Ары қарай Лұқпанов көшесіндегі Қарасу каналына келдік. Бір тамшы суға зар болып отырған кейбір елді мекен тұрғындары ауылдарын қақ бөліп мынандай мөлдіреп су ағып жатса туған мекендерін жасыл желекпен көмкеріп, гүлге орап қояр еді-ау деген ойға келдім. Каналда не жоқ дейсіз, іші шылау мен қоқысқа толған. Жарайды, жолды жөндеп, түнде самаладай жарқыратып қою қалалық әкімдіктің міндеті дейік, енді қоқыс, түрлі сусын құтысын сырттан келіп ешкім тастап кеткен жоқ қой. Немесе басқа аймақтан жел ұшырып әкелген жоқ. Бұл енді тіршілік нәріне ғана емес, ауылға жаны ашымаған тұрғындардың ісі. Қай жер болмасын қоқысқа толып жатыр.

Көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығына байланысты тұрғындар алдында берген есебінде аумақтың бас инспекторы Қанат Нұрланов осы бір өзекті мәселеге айналған тазалық жөнінде қала әкімі Ержан Жылқыбаев қатысып отырған соң ба, баса айтыпты. Инспектор әрбір тұрғынмен түсінік жұмысын аз жүргізеді деуге болмас. Елді мекен маңында бос жатқан иесіз жерлерге бір «КамАЗ» және бір арба күл-қоқыс, құрылыс материалдарын төккендерді анықтап, прокуратураға хабарласып, экология және учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен хаттама толтырылып, сотқа жолданыпты. «Кім-кімге де сана берсін дейік, әйтпесе қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің өзінде тұратындарда қоқысты ауладағы таяқ тастам жердегі контейнерге апармай, подъезден шыға тастай салатынын да көріп жүрміз», – дейді бас инспектордың көмекшісі Бекнұр Бүркітбай.

«Біздегі бірінші мәселе – жол, әрине екіншісі – жарық. Өткенде жауыннан кейін арық-атыз көзі одан сайын бітеліп қалды. Мына каналды қараңызшы», – деді жол- жөнекей өтіп бара жатқан Ильдар Айсин.

«Шалғай Қарасу» мекенін екі сағат аралағанда көзімізге бірде-бір полиция қызметкері түспеді. Полиция киімін киген сақшыны көргенде жылдамдықты арттыруға тыйым салынатын ережеге қарамайтын небір шетелдік көлікті тізгіндегендер қанша дегенмен сескенеді. Көше бойларынан бейнебақылау қондырғысын да байқамадық. Қылмыстық оқиғалар қала орталығында ғана емес, шеткі аймақтарда да орын алып жататынын ескерсек, полицияның міндеті – оның алдын алу және ізін суытпай ашу. Сондықтан олар күндіз-түні тыныштық күзетінде тұруы тиіс.

Содан кейін үйдің нөмірін қалай болса солай қоя салған. «Сырттан ағайын-туыс, тамыр-таныс жаңадан келсе адасып жүргені», – дейді тұрғындар. Рас, мұны да ретке келтіретін уақыт болды. «Негізінен қаланы көркейтуде орталыққа көңіл бөлінеді де шеткі аймақтар көбіне ұмыт қала береді», – деді Күздеубай Смайыл қария.

Қош, сонымен редакциядан көмек сұрап, хат жазған он екі тұрғынның ішінен екі кісімен жолығудың сәті түскенімен, көшеде кездескен тұрғындар да жоғарыда сөз болған түйткілді мәселелерді алға тартты. Жаңадан ашылған спорт кешенінің атын жолбасшы жігіт «Төбелес» дегенде шошып кетіп едік, аумақтық округтің бас инспекторы Қанат Нұрланов аумақтық округ тұрғындары алдында көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы есебінде де «Төбелес» сарайы салынып, қолданысқа берілді. Жанынан балалар ойнайтын футбол алаңшасы орнатылды» деп көрс етіпті. Балалардың жиі бас қосатын орынның аты «Төбелес» болса оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, тәрбие туралы сөз қозғамай-ақ қойсақ десек, облыс әкімдігі спорт басқармасының жауапты қызметкерлерінің бірі «Жекпе- жек» екенін жеткізді.

Әрине, аумақта біз дабыл қаққалы үш жылда түк тірлік атқарылмапты деген қиянат болар. Одан бері газ келген, орталық көшелеріне асфальт төселген. Облыс әкімінің ықпал етуімен орта мектептің құрылысы жүргізілуде. Тараз қаласының жаңадан тағайындалған әкімі қала іргесіндегі мекенді ескерусіз қалдырмас.

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support