- Advertisement -

Қазандағы жағдай бізге де сабақ болуы тиіс

155

- Advertisement -

Қай қиырда болсын, жаманат хабар жылдам жететін кез ғой, қазір. Айдың-күннің аманында Қазан қаласындағы мектепте орын алған жарылыс туралы ақпарат сол күні-ақ қас қараймай жатып, шартарапты шарлап кеткені мәлім. Бейбіт күнде есерсоқ жанның кезенген қаруы жеті бірдей баланың, тағы екі адамның өмірін қиды. Қоғамдағы ең әлсіз қорғалатын нысан – білім ошағының ессіздіктің нысанына айналғаны баршамызды ойландырса керек. Ойлантып қана қоймай, қайырсыз надандар қапысыз-қамсыздықты «кешірмейтінін» санаға мықтап түйіп, оянсақ керек-ті!

Осы оқиғадан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда мектептердегі қауіпсіздікті күшейту мәселесін қолға алды. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасына жазып, сақтық шаралары бойынша өткізген кеңесте білім мекемелерінде бақылау камералары, өткізу режімі, күзет дабылы, дабыл түймелерінің жұмысын тексеріп қана қоймай, сонымен қатар төтенше жағдайдағы қызметкерлердің дайындығы мен оқушылардың мінез-құлқы мәселелерін қарауды тапсырды.

Инспекторлар жетіспейді. Көп нәрсе, әсіресе жас жеткіншектер мен мұғалімдердің қауіпсіздігі – нақты және келісілген әрекеттерге байланысты болатыны түсінікті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тиісті сала басшыларын жинап, шұғыл жиын өткізгені де сондықтан. Жиыннан кейін қандай нақты шаралар жасау туралы шешім қабылданды? Өңірлерде, шалғай ауылдардағы білім ошақтарындағы қауіпсіздік мәселесі қалай шешімін тапқан? Осы сұрақтармен облыстық білім басқармасына қайырылдық.

Облыстағы 442 мектептің және 415 балабақшаның барлығында бейнебақылау камералары бар. Білім ошақтарының 442-сінде 8372 дана бейнебақылау құрылғысы толық іске қосылған. Олар ғимараттың ішкі және сыртқы ауладағы көзден таса тұстарына орнатылған. Мектепке дейінгі мекемелердегісінің саны – 5 мыңға жуық.

Әйтсе де кез келген келеңсіздіктің алдын алу үшін қолда барға қарап отыра бермеуіміз қажет. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, біз қабылданған қауіпсіздік шараларының барлығына зерделеу жүргіздік. Жүргізген жұмыстардың нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы тағы 2193 камера қажет екенін анықтадық. Ол құрылғылар ауыстыруды және қосымша орнатуды қажет ететін мекемелерге беріледі. Осы мақсатта 204,7 миллион теңге қосымша қаржы бөлініп, игерілді. Сондайақ Тараз қаласында орналасқан мектептер мен балабақшалардағы 2862 бейнебақылау камераларына облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығы тарапынан интеграциялау мен бақылауды күшейту үшін шамамен 300 миллион теңге қаржы қажеттігі белгілі болды, – дейді облыстық білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Жалпы қауіпсіздік мәселесі дегенде ең алдымен еске түсетіні – бейнебақылау камералары екені түсінікті. Қазіргі кезде ол балалардың үзіліс кезіндегі қауіпсіздігін бақылау үшін таптырмас құрылғы болып тұр. Осыдан екі жыл бұрын мектеп ауласындағы болған жағдайдан кейін өңірдегі мектептерді түгелдей бейнебақылаумен және бүкіл санитарлық тораптарды ғимарат ішіне ауыстыру мәселесі мықтап қолға алынып, бұл проблема толығымен шешімін тапқан болатын. Облыстық білім басқарамасының мамандары тіпті онлайн оқу кезінде де барлық құрылғы толықтай қосулы тұрды дейді.

Қадағалау құрылғыларынан басқа да қауіпсіздікті сақтауға септігі тиетін қадамдардың әрқайсысы маңызды. Сондықтан өңірдегі мектептерде толық шешімін таппай келген кіреберіске турникеттер орнату, вахта қызметін күшейту мәселелері кезегін күтіп, тасада қалмағаны жөн. Басқарма берген мәліметке сүйенсек, білім ошақтарының 10,6 пайызында ғана 47-сінде турникеттер орнатылған. Биыл тағы  73-інде бұл проблеманы шешу үшін  жергілікті бюджет есебінен 553 миллион 640 мың  теңге қаражат қарастырылып жатқан көрінеді.

Рас, шындап бекінген ниеті бұзық жанға қай мекемеге басып кірем десе, турникеттер де, бейнебақылау камералары да тосқауыл бола алмасы анық. Қауіпсіздікті сақтаудағы маңыздысы – адам факторы. Нақтырақ айтсақ, білім ошақтарында мектеп инспекторларының болуы. Гүлзира Лесбайқызы өңір мектептерінде 159 инспектор білім беру ұйымдарымен өзара әрекетінің алгоритміне сәйкес жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Олар ауысым арасында, таңертең оқушыларды күтіп алу және түстен кейінгі соңғы сабақтан кейін шығарып салу жұмыстарын  бекітілген кезекшілермен бірге тұрақты түрде жүргізіп отырады екен.

442 мектепте – 159 инспектор! Қалай есептеп көрсеңіз де, аз! Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, дәл қазір 101 мектеп инспекторы жетіспейді. Бұл маман тапшы деген сөз емес. Осынша штаттық бірлікті ашу мәселесі шешімін таппай тұрғанын көрсетеді.

– Тараз қаласындағы 60 мектептің бәріне мектеп инспекторлары бекітілген. Ал аудандарда ауылдық округтердің шалғайлығына қарай  3-4 мектепке бір маманнан бөлінген. Мысалы, Мойынқұм ауданында 24 білім ошағы бар, соның бәрін 4 инспектор қадағалайды. Олар көлікпен де, радиостансамен де қамтылмаған. Жалпы мектеп инспекторы ертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін білім мекемесінде болуға міндетті. Алайда аудандардағы білім ошақтарында біздің мамандарға кабинет бөлу мәселесі толық шешімін таппаған. Т.Рысқұлов, Шу, тағы да бірқатар аудандар да осындай түйткілдер бар. Кабинет туралы айтып отырған себебім, кейде мінезі тентектеу балалармен жеке жұмыс жүргізуге тура келеді. Ал қазіргі жас жеткіншектердің психологиясы өте күрделі. Олар басқа үшінші адамның көзінше ашылып ешнәрсе айтпайды.

Негізі жасөспірімдер жасайтын құқық бұзушылықтың алдын алу үшін барлық сала мамандары бірлесе жұмыс істеу керек. Мысалы, егер дәстүрлі форматта сабақ өтіп жатқан білім ошақтарында балалар себепсіз мектепке келмей немесе ерте кетіп қалып жатқан жағдай жиі қайталанса және мұны сынып жетекшілері, басқа да жауапты тұлғалар біздің мамандарға дер кезінде хабарласа, шұғыл шаралар қабылданады. Қалай десек те кез келген келеңсіздіктің алдын алу маңызды. Олай дейтінім, қолға алынған шаралардың нәтижесінде жас жеткіншектер тарапынан жасалатын қылмыс саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайызға төмендеген. Ал керісінше, кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны өскен. Өткен жылы 4 айда 66 қылмыс тіркелсе, биыл 109-ға жетіп отыр, – дейді Қуанышбек Қалжанов.

Қауіпсіздікті вахтерлар емес, күзетшілер қадағалауы керек

Мектептердегі қауіпсіздік шараларын қайта пысықтау туралы мәселе көтерілгелі бері ең алдымен ауылдардағы білім ошақтарындағы сақтықты қадағалап, бәрін аралап көріп шыққан Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров болды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына да жазды. Шалғайдағы аудандағы білім ошақтарының жай-күйін Нұржан Сәбитұлынан сұрадық.

– Менің көңілім толмайтыны – вахтерлардың қызметі. Бұған қатысты өз пікірімді айтып жүрмін. Әрине, кейбір мектептерде вахтерлар өз қызметін ойдағыдай атқарып жүр. Мысалы, өзім өтіп бара жатып кез келген мектепке кіре саламын. Мені тоқтатып, кім екенімді сұрап жатқан ешкім жоқ. Әсіресе былтыр әжетханалардың құрылысы жүргізіліп жатқанда, компьютерлер қойып жатқанда аралап жүріп соны байқадым. Іскер директорлары бар білім мекемелерінде жұмыс жақсы деңгейге қойылған. Ал кейбірінің осал тұстары бар.

Осыдан бірер күн бұрын Шу қаласындағы мектептерді аралып шығып, аудандық білім бөлімінің басшысына тиісті тапсырмалар бердім. Ауданда 47 мектеп бар. Барлығы видеокамералармен қамтылған. Толығымен жұмыс істеп тұр. Өзім мектептерді аралағанда түнгі және бірер күн бұрынғы түсірілімді көрейін деп қарадым. Бәрі істеп тұр. Дегенмен тиісті мамандар қосымша зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қауіпсіздік мәселесіне байланысты айтарым да бар. Бұл ұсынысты Тараз қаласында жұмыс істеген кезімде да айтқанмын. Алты жыл бұрын Тараз қаласындағы мектептердің бірінде бір жағдай орын алған. Сол оқиғаны зерделей келе, мен мектептердің күзетін аутсорсингке бәсекелестік ортаға неге бермейміз деген мәселе көтердім. Мәселен, сол 4 күзетшінің орнына кәдімгі форма киген  4 арнайы күзет қызметінің өкілі тұрса, әжептәуір сес болар еді. Рас, егер экономикалық тұрғыдан қарасақ, оларға төленетін еңбекақы шамалы көбірек кетер. Осыны қазіргі таңда қайта көтеріп отырмын. Осы жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысына айттым, зерттеп, есебін шығарып көрген дұрыс, – дейді Шу ауданының әкімі.

Нұржан  Сәбитұлының сөзінің жаны бар. Қазір білім ошақтарын бейнебақылаумен қамтудан бөлек, мектеп ауласына бөгде адамдардың кірмеуін қадағалау – өзекті мәселеге айналып тұр. Себебі осыдан 6 жыл бұрын Тараз қаласындағы №21 мектепте белгісіз адам баллоннан газ бүркіп, 40 оқушы мен бес мұғалім уланып, ауруханаға түскен болатын. Ал уландырғыш затты сол мектептің 11-сынып оқушысына далаға әжетханаға шыққанда сырттан біреу беріп жіберген деген күдік те айтылған. Егер осы жерде тиісті арнайы мамандандырылған күзет тұрса, мұндай жағдай орын алмас па еді, кім білсін?!

Мектеп – ізгіліктің ошағы

Иә, қалай десек те Қазан қаласындағы орын алған жағдай жедел ес жинауға итермелеп отыр. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпек  бұл оқиға – ойландыратын, етек-жеңімізді жинататын жағдай дейді.

– Мектеп – ізгіліктің ошағы болуы тиіс. Балалар ол жерде білім алып, өнеге көріп, өсуі керек. Осындай алтын ұя – қаныпезерлікті, жауыздықты еске салмауы керек.

Алла тағала адамзатты жаратқаннан кейін оған ортақ мүдде – өмір сүруге мүмкіндік берді. Барлық нәрсені адамзаттың игілігіне пайдалану үшін, адамға қызмет ету үшін жаратқан. Кімде болса, кісінің бостандығына зиян келтіру, оның құқығына қол сұға алмайды. Бұған қай дінде де – теріс!

Дінімізде тарих өз оқиғаларын қайталап тұратыны айтылады. Адамзат тарихында қайғылы, келеңсіз жағдайлар көп орын алған. Сондықтан адам баласы сондай жайттардың қайталануын өзгерту үшін түрлі амалдарды қарастырған. Жас ұрпақ қатыгез әрі кекшіл болып өспесін деп, тәрбие ісін мықтап қолға алған.

Біз жастарға ақыл айтып, тәрбие бере алмаймыз. Айтқаннан адам өзгеретін болса, қазір бүкіл әлеуметтік желіде ақылшылар көп. Алайда балалар көргенін қайталайды. Сондықтан жас жеткіншектерге зұлымдықты, қатыгездікті көрсетпеуіміз керек. Үлкендер – бүлдіршіндерге әрқашан үлгі болуы тиіс. Сол себепті жас ұрпақ тәрбиесін мықтап қолға алу үшін аға буын өнеге көрсетуді, өзімізді тәрбиелеуді қолға алуға тиіспіз, – дейді Ғалымбек Жәпек.

Тобықтай түйін:

 Балалар қауіпсіздігі қашанда өзекті. Жас жеткіншектердің бақытты балалық шағын қорғай алмаған қоғам – өз басын қауіп-қатерге тіккен қоғам…

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support