Отанға адал болуға ант берді

31

Гвардейск гарнизонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 700-ге жуық жас сарбаз әскери ант берді.

Жас толымдар Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 25 тамыздағы № 870 Жарлығымен бекітілген мәтінге сәйкес әскери ант берді. Олар қолдарына қару алып, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демі қалғанша адал болуға, егемен мемлекетіміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант берді.

Іс-шара барысында әскери ант қабылдаған сарбаздарға әскери қызметке бейімделу кезеңіндегі суреттер салынған фотоальбомдар табыс етті.

  • Біз бүгін әскери ант қабылдадық. Мен өте қуаныштымын. Бұл мен үшін ерекше есте қалды. Өз елін, жерін қорғау – әр ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан әскерге келмеген жігіттерге айтарым, сендер де әскерге келіп, әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борыштарыңды өтеңдер дегім келеді, — деді 21450 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Дәулет Ізбасар.

Әскери ант қабылдау рәсімі карантиндік шектеулерге байланысты сарбаздардың ата-ана, туыстарының қатысуынсыз өтті. Әскери бөлім командирлері әскери ант қабылдаған жас өрендерге әскери ант рәсімінің маңызы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын жеткізіп, оларды құттықтады және әскери қызметті әрі қарай жалғастыруға патриоттық сезімге бөлейтін рухты сөздер айтып, сарбаздардың бойына күш-жігер ұялатты. Сондай-ақ, Ауған соғысының ардагерлері қатысып,  құттықтау сөздер айтты.

— Бүгін, Қарулы Күштерімізде айтулы күн. Жас сарбаздар әскери ант қабылдап, Қарулы Күштеріміздің қатарын тағы да толықтырды. Қысқа мерзім ішінде сарбаздар жоғары ынтамен білім нәрін алып, осы рәсімге сапалы дайындалды. Жауынгерлеріміз аманатты арқалап, Отан шебін берік ұстауға және мемлекетіміздің күзеті мен қорғанысын қамтамасыз етуде аянбай еңбек етуге, қорғауға дайын, — деді 21450 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Айбек Бодан.

Жас сарбаздар әскери ант қабылдағанға дейін бір ай көлемінде әскери қызметке бейімделу кезеңінен өтті. Олар әскери мамандықтар бойынша бөлімшелерге бөлінеді және алдағы уақытта олармен жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес сабақтар өткізілетін болады.

Гвардейск гарнизонының

 баспасөз қызметі

Comments are closed.