- Advertisement -

Ұлы Отан соғысы тарихын өңірлік деңгейде зерделей алдық па?

110

- Advertisement -

Заман өзгеріп, ғасыр алмасса да, адамзат санасынан өшпейтін зұлмат кезеңдер болады. Ұлы Отан соғысы әкелген қасіретті халқымыздың әлі күнге ауыр еске алатыны да, сондықтан. Қайғы жамылдырып, азап арқалатқан жылдардың естеліктері ешқашан ұмытылмайды. Алайда жыл өткен сайын сол бір сұрапыл жылдардың көзі тірі куәгерлерінің қатары сиреп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстың елге тигізген зардабы мен салдарын зерттеп-зерделейтін, елдік пен өрлік рухын дәріптейтін тарихшылар қайда? Сұм соғыста елін қорғап, опат болған жауынгерлердің көрсеткен ерліктеріне шынайы баға берілді ме? Жалпы біз Ұлы Отан соғысы тарихын өңірлік деңгейде зерделей алдық па? М.Х.Дулати  атындағы Тараз өңірлік университетінің  профессоры,  Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының жетекшісі Сейдахан Бақторазовен сұхбаттамызда осы сұрақтардың жауабын табуға тырыстық.

Соңғы жылдарда ашылған ақиқат деректер – Мәскеу түбіндегі, Сталинград үшін болған тағы да басқа шайқастарда қазақстандықтардың қандай ерлік көрсеткені толық зерттеліп біткен жоқ деген ой ұялатады көпшілікке. Ұлы Отан соғысындағы  жауынгерлердің көрсеткен ерліктеріне толық баға бере алдық па?

–  Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткеріпті. Біздің  аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді», — деп ой қорытқан еді. Осы пікірге байланысты тарихшы ретінде айтарым – Мемлекет басшысы да, жалпы халық екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтардың орны туралы жүйелі және нақты жұмыстың жүргізілгендігін қалайтыны анық.

Ұлы Отан соғысы – бұрынғы Кеңес одағы халықтарының басынан кешкен оқиғалардың ең ауыры болғандығы белгілі. Жан алып, жан беріскен соғыстың төрт жылы КСРО-ның көп ұлтты халқының басына түскен үлкен зауал еді. Жамбылдықтар осы кезеңде елмен бірге өз Отанын қорғауға атсалысты. Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңестер Одағының ең жоғарғы әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 28-ге жетіп отыр. Осы даңқты бабаларымыздың қатарында А.Суханбаевты, С.Естемесовты, А.Дәулетбековты, С.Шәкіровты, Б.Момышұлын атап өтсек болады. Сонымен қатар, «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері Е.Досмұхамбетов  пен Т.Тастандиевті де осы топқа қосқанымыз абзал. Әрине, жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге  майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942 жылдың қазанында құрылған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28-ші армиясының құрамында, фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 шақырымдық Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы, алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа елу мың қазақстандықтың қатысып, ержүректіліктерімен  көзге түскендіктері белгілі. Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны, кейін анықталып отыр. Себебі, 1941 жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батыс еуропалық бөлігін жаулап алған еді. Сондықтан да, аталған шайқаста ауыртпалық негізінен  Шығыс  халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында, олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Атап айтар болсақ, Сталинград түбінде бұрынғы Свердлов ауданынан – Б.Жүзенов, Б.Байжанов (қазіргі Байзақ),  Меркі ауданынан – Ә. Сәрсенбаев, Б. Әлмереков, Луговойдан (қазіргі Т.Рысқұлов) –  Қ. Дүйсенбиев, К. Жатқанбаев сияқты жауынгерлер асқан ерлік көрсетті. Аталған топта жамбылдықтардың  аз болмағандығын жоғарыдағы құжаттар нақты көрсетіп тұр. Жалпы, өткен соғыста аталарымыздың жанкештілікпен жасаған ерліктерінің ерен болғаны анық. Ендігі міндет – біздің аға буынымыз жеткен осындай жетістіктерді бағалау.

Өңір тарихын зерттеп, жинақтап жүрсіз. Жамбылдық жауынгерлердің ерліктері туралы архивтегі деректер, сарғайған басылым беттеріндегі естеліктер қандай мәліметтерді алға тартады?

– Ұлы Отан соғысы солдаттарының кезінде қалдырған естеліктерінің бірінде, осы қанкешуде Берлинге дейін жеткен, жоғарыда аты аталған Бейсен Байжанов ақсақал 1975 жылы тілшіге берген сұхбатында былай депті: «Свердлов ауданындағы (қазіргі Байзақ) Ақжар селосының екі жүз ер азаматы майдан даласынан қайтпады. Соғыс біздің халыққа оңай соққан жоқ. Жиырма миллион адам шығын болды. Көп адам жетім-жесір қалып, қаншама адам мүгедек болып оралды. Өмірінің жастық шағын, махаббатын берді. Менің әскери қызметім 1940 жылдан басталды. 1941 жылдың  жазында фашистер мемлекеттік шекараны басым күшпен бұзып, алға жылжи бастағанда біз Смоленск, Ельна бағыттарындағы қорғану шептерінде күші он есе басым басқыншыларға қарсы тұрып, қайсарлықпен күрескен солдаттар мен офицерлердің қатарында болдық. Сол жылдың қаһарлы қысында Москваны қорғадық. Москва түбіндегі шайқастарда жауынгерлік тапсырманы орындағаным үшін менің омырауыма «Ерлігі үшін» медалі қадалды. Бұл ең алғашқы жауынгерлік наградам еді. 1942 жылдың қыркүйек айынан бастап Сталинградты қорғауға қатыстым. Генерал-майор В. Чуйков басқарған атқыштар дивизиясында болдым. Қаһарман қалада әр  метр жерді, әр үйді қорғадық. жау самолеттерінің  бомбалары, снаряд, миналары зуылдап, жарылып бүкіл қаланы өрт шалды. Осының бәрін көріп, табандылықпен күрестік. Взвод командирі ретінде бір күнде үш шабуылды тойтаруға қатысқаным үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдым. 1943  жылдың 2 ақпанында Сталинград түбінде қоршауға алынған жау әскерлерін талқандау аяқталды. Мен басқарған взвод солдаттары қаладағы «Универмаг» ауданында немістің 6-шы армиясының командирі генерал-фельдмаршал Паулюсті қолға түсіруге қатысты.1943 жылдың маусым айында гитлершілер командованиесі Орел-Курск иінінде барлық күштерін топтастырып, «Тигр» танкілерін, «Фердинанд» деп аталатын өздігінен жүретін зеңбіректерін бетке ұстап шабуылға дайындалды. 5 шілдеде фашистер таңертеңмен шабуылды бастап, біздің алдыңғы шепті самолеттерімен бомбалай бастады. 69-шы армияның құрамындағы 9-шы корпустағы менің басқаруымдағы батальон Орел түбінде жау шабуылын тойтарып, 10 танкі мен 100 солдаттың көзін жойды. Танкіге қарсы күресіп, күні-түні жау шабуылын тойтарып, алға өткізбедік. Бір жетіден кейін өзіміз шабуылға шықтық. Мен «Қызыл Ту» орденімен наградталдым. 1943 жылдың қазан айында Чернигов бағытындағы мен басқарған батальон Днепр өзенінің батыс жағасына бірінші болып өтіп, жау бекіністеріне лап қойды. Маған Бас Қолбасшының бұйрығымен алғыс жарияланды және Александр Невский орденімен наградталдым. 1945  жылдың қаңтар айында Польшаны  азат ете отырып, фашистік Германияның жеріне жақындай бастадық. 27  сәуірде біздің жаяу әскерлер Магдебург қаласын алды. Берлин түбінде жау қоршауға алынды. Рейхстагқа шабуыл жасалды. 1945  жылдың 2  мамырында Кеңес әскерлері Берлинді алды».

Әрі қарай майдангер өз естелігінде Жамбыл облысының Ақыртөбе ауылынан аттанған қазақ капитаны Бейсен Байжанов 9-шы атқыштар полкінің құрамында өз батальонын бастап, Рейхстагқа шабуылға шыққанын айтқан. Рейхстагқа шабуылды жүргізгені үшін ол екінші рет «Қызыл Ту» орденімен наградталғанын сөз етіпті. Ал 8 мамырда фашистік Германия өкілдері сөзсіз тізе бүгу туралы шартқа қол қойғаны мәлім. 9 мамырда фашистік Германия бастаған соғыста, Кеңес Қарулы Күштері, көпұлтты Кеңес халқы жеңіске жетті емес пе?!

Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Осы тұрғысында бұрынғы партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы офицер Мәжит Мұқанов: «1943 жылдың жазы. Кеңес Армиясының неміс басқыншыларын Брянск қаласына қарай тықсырып келе жатқан кезі. Біздің екінші Клетня партизан бригадасы Орел және Смоленск облысының түйіскен жерінде қимыл жасды. Клетня қаласында немістің паспорт столында екі жылдан астам жұмыс істеп жүрген біздің барлаушы немістердің демалыста болған артиллерия бөлімшесінің Брянск бағытына кетіп бара жатқанынбізге хабарлады. Біздің бригада фашистердің бұл бөлімшесін майданға жеткізбей жермен жексен етуге бел байлады. Мен жолдастарыммен бірге жау тылында барлау жұмысын және бүлдіру әрекеттерін жүргізуге машықтанған едім. Он адам болып Заводок пен Бардичи деревняларының арасындағы жолға шықтық. Жолдың 200 метр ұзына бойына шахмат тәртібімен тереңдігі жарты метр шұңқырлар қазып, олардың бәріне жарылғыш заттар қойдық. Бәрін сыммен байланыстырып, оның бір ұшын 300 метр қашықтықтағы бір биік ағаштың түбіне әкелдік. Жарылғыш заттар орналасқан жол үстін әбден таптадық та, үстінен тырма және арбаны ерсілі-қарсылы жүргіздік. Бригаданың 500-ден астам жауынгерлері жол бойына тосқауыл жасап жасырынды. Мен түбіне әлгі сым жеткізілген үлкен ағаштың басына шығып немістер келетін жақты барлаумен болдым. Сымның ұшын және электр батереясын Вернер ұстап отырды. Таңертең күн шыға біздің қасымызға бригада командирі Коротченко мен комиссар Лебедев келді. Коротченко: «Сіздердің қоймаларыңыз анау телефон бағаналарының қай тұсында жатыр?»- деп сұрады менен. Мен: «Жолдас подполковник, қоймаларымыз анау бағаналардың арасында», — деп дәл көрсеттім. «Оларды қашан пайдаланасыздар?» — деді  командир. «Фашистер оның үстіне толық келіп болғанда сұмдарға «той» жасаймыз», — дедім. Мерзімді уақытта немістердің транспорты мен техникасы, әр калибрлі зеңбіректері мен алты стволды минометтері көрінді. Жарылғыш заттар көмілген жол үстімен өтіп барады, таусылар емес. Шыдамымыз шегіне жетуге таяу. Мұндайда бір минуттың өзі әрең өтетін сияқты. Бір уақытта төрт қатар сапқа тұрған, бастарында темір телпектері бар әскерлер келе жатты. Фашистер біз күткен жерге жетті. «Партизан Вернер, жарылғышқа от бер!», — деп айқайлап жіберіппін. Қас қаққанша 200 метр жердегі фашистер топыраққа араласа аспанға бір-ақ атылды.Жарылыс болысымен тосқауылда жатқан партизандар алға өтіп кеткен жау техникасына шабуыл жасады. Естерінен айырылған фрицтер жөнді қарсыласа алмады. Осы операцияда фашистердің 37 офицері  мен солдаты тұтқынға алынды. Бұлар бізге өте маңызды мәліметтер берді. Олардың ішінен неміс коммунистеріміз деген он адамды «Үлкен жерге» жөнелттік. Қолға түскен соғыс техникасы мен құралдары бұдан кейінгі операцияларда немістердің өзіне қарсы жұмсалды. Ал азық-түлік, киім-кешек партизандардың қажетіне жарады. Тағы бір оқиға. Белоруссияның Пригорня темір жол стансасы арқылы немістер майданға күн сайын 12-17 эшелон өткізіп тұрды. Біздің бригада өзінің толық құрамымен түнде келіп стансаны қоршай орналасты да, таң ата шабуыл жасап, неміс гарнизонын құртып жіберді. Партизандық жорық күндерінде «Рельс соғысы» дейтінге де қатысып, талай жауынгерлік тапсырманы орындауға атсалыстық. «Рельс соғысы» арқылы темір жолда немістерге жөнді жұмыс істетпейтінбіз. Мұның өзі Қызыл Армияға үлкен көмек болатын. Мен қарулас достарыммен бірге екінші Клетня партизан бригадасы құрамында 27 ай бойы болып, жауынгерлік айқастарға қатыстым. Менің партизан отрядінде атқарған істерімнің біразы Әди Шәріповтың «Ормандағы от» деген кітабында, бір топ авторлардың  «Ерлік» атты жинағында, «Қазақстандықтар Ұлы Отан Соғысында» деген альбом-кітапта жазылған. Отан соғысы ордені, «Отан соғысының партизаны» медалі және жауынгерлік алты медаль партизандық ісімнің белгісі іспеттес», — деп жазылыпты.

Соғыста қазақ жауынгер-партизандары көрсеткен мұндай ерліктерінің аз болмағандығы анық. Архив деректерінде тек Украинадағы А.Грабчактың партизан құрылымында (соединение) 41 қазақ жауға қарсы күрескені туралы мәлімет бар. Олардың арасында жамбылдық жерлестеріміз болуы әбден мүмкін. Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып та қорғаған еді. 1943  жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз- келіншектер Қызыл Армия қатарында соғысып жатты.  Олардың қатарында Нұрғаным Байсейітова мен Тұрғаш Жұмабаева сияқты ерлік көрсеткен жамбылдық апаларымыз  да болды. Тек, солардың атын жарыққа шығару әзірге кемшін. Бұл енді зерттеуді қажет ететін мәселе.

Кезінде көп нәрсе айтылмады. Қазір ғой тарихшылардың Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлердің ерлігіне баға беруде де, тіпті тактикалық шабуылдардың өзіне де керағар көзқарастардың әсер еткенін айтып-жазып жүргені…

– Иә, бір өкініштісі, сондай сәттер аз болмаған. Алапат соғыстағы «әттеген-ай» дейтін тұстардың бірі – Ржев дөңесін азат ету үшін болған шайқас. Кеңестік әскери тарихнамада Ржев түбінде болған «Марс» операциясы туралы нақты деректер берілмеген. Тіпті, осы ұрысқа тікелей басшылық еткен маршал Г.Жуковтың өзі мемуарларында  бұл шайқасқа көп тоқтала қоймайды. Бұл жерде «жақсысын асырып, жаманын жасырып» күн кешкен кеңестік саясаттың салқыны атақты қолбасшыға да тиесілі болғандығына қамығасың. Нақтылап айтсақ, Ржев бағытындағы 60 мыңдық неміс армиясына 1 миллион 30 мың адамдық әскерді қарсы қою, әлбетте біріншіден әскери дайындықтың нашарлығын көрсетсе, екіншіден сол әскер құрамындағы адамдардың тағдырына деген немкеттілікті білдірсе керек. Әрине, Ржев қаласының Мәскеуден небәрі 200 шақырым қашықтықта орналасқандығын еске алсақ, «Марс» операциясының соншалықты маңызды болғандығын түсінуге болатын секілді. Бір түсінбейтініміз «құрбандыққа» шалынғандардың қатарында қазақстандықтардың, соның ішінде қазақтардың үлес салмағының көптігі. Дегенмен уақыт бәріне төреші.  Қазіргі кезде осы ұрыста шейіт болған  әруақтардың аты-жөндері қайта аталып, осы аталарымыз  туралы ақпараттар там-тұмдап берілуде. Еске алар болсақ, былтырғы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев әкесінің майдангер болғанын, ал ағасы Тверь облысының Ржев ауылына қарасты Трубино ауылындағы бауырластар зиратында жерленгенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы сонымен қатар, Иваново облысында соғыс уақытында қаза болған қазақстандық 73 жауынгердің  жерленген орны табылғандығына  да ризашылық білдірген  еді.

Осылай, аталған мәселе ең жоғарғы деңгейде қарастырылып отырған кезде  біз не істеуміз керек? Осы тұрғыда ой қорытсақ, біріншіден Сталинград, Курск, Ленинград және басқа да майдандарда ерліктерімен көзге түсіп, тең жартылары шейіт болған жамбылдық бабаларымыздың талайлы тағдырларын зерделеу бағытындағы  жұмыстарымызды жүйелі түрде жолға қойғанымыз абзал.

Ол үшін не істеуіміз керек?

–  Ол үшін нақты іс-шаралар тізбегі белгіленіп, оның орындалуы тұрақты жұмыс тобының бақылауда ұстағаны жөн сияқты. Күнделікті хабарласу мен делегациялар алмасу мәселесін де осы топтың шешкендігі дұрыс болар еді. Бұл іс-шаралардың тек мемлекет тарапынан көмек болғанда ғана өз шешімін табары түсінікті болса керек.

Екіншіден, соғыста қайтыс болған боздақтарымызды өзіміз іздестіруді тездетуіміз қажет. Себебі, толық емес мәліметтерге қарағанда облысымыздың тек Байзақ ауданынан (бұрынғы Свердлов) соғысқа аттанған 2924 жауынгердің 1972- сі хабар-ошарсыз  кеткен.  Сондықтан да, осы саланы (Ұ.О.С. тарихын) зерделеп жүрген ғалымдар мен ізденушілердің, өлкетанушылардың арасынан біліктілерін таңдап, олардың осы істі кешенді зерттеуіне мүмкіндік жасағанымыз дұрыс.

Үшіншіден, осы бағыттағы атқарылған тірліктерімізді ұқсата түсу жолындағы іс-шараларымызды ширатқанымыз жөн. Мәселен, Сталинград шайқасына,   «Марс» операциясына қатысып, ерлікпен көзге түскен жауынгер бабаларымыз туралы өмірбаяндық анықтамалық жазып шығуға болмас па еді? Бүгінге дейін белгілі болғандарын, олар туып-өскен елді мекендерінде ұлықтап, соғыста шейіт болған боздақтардың әруағын риза ету керек емес пе? Ол үшін әрбір мұражай мен ауылдық округтерде әскери даңқ бұрыштары ашылып, онда ерлеріміздің өмірбаяны, орден және медаль кітапшаларының көшірмелері мен майданнан жазылған хаттары қойылғаны дұрыс. Мұндай игілікті істен  Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен түрлі деңгейдегі газеттердің, сонымен қатар бүгінгі күні арамызда жүрген соғыс және еңбек ардагерлерінің де тыс қалмайтындығы белгілі.

Жалпы, өткен соғыста аталарымыздың жанкештілікпен жасаған ерліктерінің ерен болғаны анық. Ендігі жердегі міндет, біздің аға буынымыз жеткен осындай жетістіктерді бағалай білуімізде болса керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Тобықтай түйін: Тарихшылар алға тартып жүрген көптеген деректер Ұлы Отан соғысы тарихының ашылмаған парақтары әлі де көп екенін көрсетеді. Елін жаудан қорғаған жауынгерлердің ерлігі ұмыт қалмауы керек.

 

Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support