- Advertisement -

Әлі күнге дейін ауыл аттарын «МИХАЙЛОВКА», «ЛУГОВОЙ», «БУРНЫЙ» деп айтады

115

- Advertisement -

Мемлекеттік тілдің отыз жыл бұрынғы халін бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Өйткені тəуелсіздік алған алғашқы жылмен салыстыратын болсақ үлкен өзгеріс бар. Мəселен, осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі 30 пайыз болған болса, қазіргі таңда кемі екі есеге артқан.

Қ а р а п о т ы р с а қ , ө т к е н ғ а с ы р д ы ң сексенінші жылдары Тараз қаласында қазақ мектептері саусақпен санарлық еді, тəуелсіздік алғаннан кейін бəрі керісінше орын алды. Бұл Тəуелсіздігіміздің басты жеңісі дер едім. Яғни жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еліміз ұлттық рухты балабақшадан, мектеп табалдырығынан бастап балалардың бойына сіңіріп жатқаны қуантарлық іс.

Жалпы басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі – ежелгі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тілінің ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті сияқты екі қайнар көзі бар. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым-қатынас тілі болумен ғана шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол.

Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, ж о ң ғ а р ш а п қ ы н ш ы л ы ғ ы н ы ң халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі. Соның зардабын əлі күнге тартып келеміз.

«Ауру қалса да, əдет қалмайды» демекші бүгінде ауызекі сөзде қазақ- орыс сөздерін қосып сөйлейтін қандастарымыз көп. Қанша елді мекендердің атауы қазақшаланып жатса да кеңестік кезеңнен қалған атауларды атайтындар да аз емес. Ол дəстүр жастарға да жұғысты болып бара жатқандай. Тараз қаласының батыс қақпасына шыға қалсаңыз «Бурное», қала берді «Ванновка» деп кілтін саусағында шыркөбелек айналдырып тұрған таксистерді көзіңіз шалады. Ал шығысында «Михайловка», «Луговой» деп тұрады сабаздарың. Бірде қасыма «Ванновкаға барасың ба?» – деп келген пайғамбар жасындағы кісіден, «Неге Ванновка дейсіз, қазақша аты бар емес пе, соны неге атамайсыз?» деп сұрадым. Езу тартып күлді де, мен білмейді деді ме, «Қазір ол ауыл Т.Рысқұловтың есімімен аталады. Бірақ ауыз үйреніп кеткен, жастайымыздан құлаққа сіңісті болған атау ғой. Оның үстіне үлкендердің құлағы бұрынғы атауға үйреніп қалған. Кейбіреулер Т.Рысқұлов десең «Ол қай жер?» деп өзімізден сұрайды. Ванновка десең бірден түсіне қояды», – деді.

Міне, Тəуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да көп елді мекендердің атаулары қазақшаланса да оның жанама атаулары ескінің көлеңкесіндей қалмай ілесіп келеді. Оның қай уақытқа дейін жалғасатынын кім білсін? Өзім қаланың батыс қақпасына шыққан сайын Жуалы ауданына жүретін қоғамдық көліктер «Бурное»-ні қашан «Бауыржан Момышұлы» деп айтар екен деп күтіп жүрмін. Бірақ батыр есімін есту əзірге мен үшін арман болып жүр. Бұдан бөлек, жарнама, хабарландыру тілі қазақшаланбай- ақ қойды. Шағын аудандардағы көпқабатты тұрғын үйдің əрбір подъезі мен аялдамаларындағы хабарландыру тақталарына бір сәт қарасаң кіл ресми тілдегі нұсқасын көресің. Қазақша хабарландыруды айында-жылында бір көзің шалып қалар. Ақыр аяғы жұмысқа шақыру да, тəуліктік бөлме беру де, барлығы өзге ұлт өкілдері түсінбей қалатындай жарнамаланған. Қоңырау шалсаң ар жағынан өзіміздің қоңыр дауысты қазекеңнің үнін естисің. «Жарнамаңыз неге орысша?» десең «Бəріне түсінікті болу үшін жазып едім» дейді. Үй сатсақ та орысша хабарландыру береміз. Бірақ алатын өзіміздің қара көздер ғой. Бір орысы жоқ ауылда да «Продаётся дом» деп жазып қоятынына қалай ашуың келмейді. Тіпті кəсіпкерлер де «Мы открылись» деп соқыр көретіндей етіп үлкен əріптермен жарқыратып қоятын болған. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Бəріне түсінікті болу үшін жаздық» дейді. Қайта жарнама жасауда орыс ағайындар озып тұр. Сарыкемерлік Алексей дүкенін ашқанда «Біз ашылдық!» деп жазып қойғанын айтады. «Бұл біздің қазақтарға деген құрметіміз. Өйткені біздің кәсібімізді, саудамызды жүргізіп отырған қазақтар болғандықтан осылай істедік», – дейді ол.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» дегендей мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныс əлі де болса үлкен қалаларда тұратын қандастарымызда аз болып тұр. Өздері ауылдан шықса да əке- шешелер ұл-қыздарымен, ата-апалар немерелерімен орыс тілінде сөйлеседі. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын туысыма «Неге балаларыңмен қазақша сөйлеспейсіңдер, əдет болып кетеді ғой. Өзіңнің де, жұбайыңның да қазақшаларың жақсы, ал балаларың қ а з а қ ш а т ү с і н г е н м е н, о р ы с ш а сөйлейді», – дедім.

– Ту, Мəке, сен де қайдағыны айтады екенсің. Осында келгенде орысшамыз шамалы болып қатты қиналдық. Тəуір жұмысқа тұрайын десең тіл білмейсің, бастықтардың бəрі орысша сөйлейді. Бастықтарының бəрі қазақ, жақындап барып қазақша тіл қатсаң түріңе ежірейе қарайды. Қазақстанда тұрып мұнша қор боларсың ба? Біз жете алмаған биікке балаларымыз жетсін. Қазақ тілінде ауылдағылар-ақ сөйлей берсін, – деді.

«Мұның қате, қазір биліктегілер де мемлекеттік тілге басымдық беріп жатыр. Оның үстіне жастарды ө з е л і м і з д і ң п а т р и о т ы б о л у ғ а тəрбиелеу керек емес пе?» – дедім оның отаншылдық сезімін оятуға тырысып. Ол «30 жыл болды ғой Тəуелсіздік алғанымызға. Отыз жылда мен қазақпын, осы елдің патриоты болуым керек деп қазақша бір-екі ауыз сөзді қоса алмай жүргендер қаншама? Жалған патриоттық кімге керек?» – демесі бар ма?

Əркімнің түсінігі əрқилы. Бірақ «Тоқпақ мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» дегендей, əлі де болса талаптың босаң екені аңғарылады. Мұндай босаңдық мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында да бар сияқты. Елбасы айтқандай, елімізде мемлекеттік тілді оқыту іс-шарасында кемшіліктер де жоқ емес. Мұны Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен болған кеңесте «Елімізде қазақ тілін тегін оқытатын 90 орталық жұмыс істейді. Олардың тиімділігіне қатысты күмән бар. Сондықтан мәдениет, білім және ғылым министрліктері қазақ тілін тиімді оқыту шаруасына ерекше көңіл бөлулері тиіс» деп тапсырма бергені есте.

Бірақ бұл істе ілгерлеу болғанымен, көп ұлт шоғырланған өңірлерде тіл мəселесі әлі де ақсап-ақ тұр. Басқа өңірлерді былай қойғанда Қордай ауданындағы Масаншы мен Сортөбе ауылдарында қазақ тілін оқыту орталықтары ашылып жұмыс істеуде. «Балапанды күзде санайды» дегендей оның нəтижесін алдағы уақытта көріп қалармыз. Бірақ «Біз қазақша оқып, үйреніп жатырмыз» дегендерден телеарна өкілдері мемлекеттік тілде бір сəттік сұхбат ала алмағанына қарап, əлі де болса оқу курсын жетілдіру керек деген ой көңілімді тербеді.

Бұдан бөлек, Масаншы ауылында үш мектеп болса, біреуі ғана қазақ мектебі. Басымдық тағы да орыс мектебіне берілген. Неге осы сəтте таразының басын теңестірмеске. Ойланатын жағдай.

Жоғарыда айтқанымдай, құлдық сананың санамызға сіңгені сонша, орыс тілді атауларды да əлі толық аударып біте алмаудамыз. Қазақша атаудың өзі қатемен жазып жүрміз. Мəселен, əрбір ауданда Қызыл дихан жəне Дихан деген елді мекендер бар. Соның бір ғана қате əрпін түзеп, Қызыл диқан жəне Диқан деп жазып қоюға Байзақ, Т.Рысқұлов пен Сарысу аудандарының əкімдерінің сауаты жетпей ме екен? Осы күнге дейін қатені түзететін бір əкімнің табылмағаны қынжылтады. Ол үшін тағы отыз жыл күтуіміз керек пе?

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support