- Advertisement -

«Не көмек керек?», дегенде бір кесе қымыз сұраған қазақ

203

- Advertisement -

Сөз басы

Ол кезде төртжылдықтың басты додасы саналатын Олимпиада ойындарында атой салуды армандау қазақтан шыққан сайыпқырандар үшін утопия сияқты көрінетін. Олимпиаданы қойшы, Кеңес одағының құрамасы сапынан ойып тұрып орын алудың өзі қиынның қиыны саналған еді. Тіпті, ерлікпен пара-пар десек те артық айтпағанымыз шығар. Иә, сол бір қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің кесірін Жақсылық Үшкемпіров те көрді. Классикалық деп аталған грек-рим күресінің шебері одақ құрамындағы елдердің кіл мықтыларын жер бауырлатып жеңсе де, Монреаль Олимпиадасынан тыс қалды. Осылайша оның арманы төрт жылға кейін шегерілді. Бірақ, Жақаң сынған, жамандыққа қыңған жоқ. Ол туралы кейінірек…

Әлбетте, ресми түрде Олимпиада ойындарында топ жарған алғашқы қазақ баскетболшы Әлжан Жармұхамедов екені баршамызға мәлім. Әйткенмен, Әлжан командалық спорттан жеңімпаз атанғандықтан болар, қазақ халқы Жақсылықты халқымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атап кетті.

Мәскеудегі Олимпиадада екі бірдей қазақ классигі жеңістің биік тұғырынан көрінгені мәлім. Әрине, бірінші болып Жақсылық Үшкемпіров жеңімпаз атанса, артынша Шәміл Серіков алтыннан алқа тағып, қазақ халқын қуантты. Сол Шәміл Серіков Олимпиада ойындарында Жақсылық Үшкемпіровке бар білгенін айтып, көмектескен. Оны Жақаңның өзі көзі тірісінде айтып жүретін…

   Чемпион болуға ұмтылмаған

Балалығы қалада емес, далада өткен Жақсылық Үшкемпіров  кішкентай кезінде қалаңызға қызықпаған. Байзақта, өзінің Диханында жүріп, шіліңгір шілденің кезінде табанын құмға күйдіріп, Талас өзеніне баратын. Тастай суға шомылып, тау суымен сергитін. Иә, ол суға сүңгіп жарысқан шақта, қатарластарының ешқайсысын алдына салмаған екен. Осылайша бала кезінің өзінде көшбасшы болуға талпынған екен Жақаң.

Ол ауылында жүргенде көрші балалармен бірге футболды да ойнаған. Солармен белдесіп те жүрген. Қысқасы, ауыл балаларына тән барлық спорттық ойындарға бейімі болған. Алайда ол үш ұйықтаса да Олимпиада ойындарының чемпионы боламын деп армандамапты. Тағдырдың бұралаңға толы жолы оны сол биікті бағындыруға жетелеп апарған сыңайлы.

                                  Семейден өмірлік жарды да, Олимпиадаға бастар жолды да тапты

Алаштың ардақтысы болған Жақаңмен көзі тірісінде сөйлескенімізде ол спортшы болуды армандамағанын жайып салған еді. Бәрі де күтпеген жерден басталған ғой.

  «Шынын айтсам, мен ешқашан да спортшы болсам деген арманмен бас ауыртпаған болатынмын. Қызық, күрес дегенді  1968 жылы Семейдегі мал дәрігерлік институтына оқуға түскен соң кездейсоқ бастаған жайым бар. Әлбетте, шығысқа балуан болу мақсатымен аттанған жоқпын. Мал дәрігері  аталған мамандықты игерсем деген ниетпен жолға шыққанмын. Сонда оқып жүріп, институт қабырғасындағы күрес үйірмесіне жазылудың сәті түсті. Кәдімгі еркін күреспен жарты жылдай айналысқаннан кейін өз салмағымда республика чемпионы атағына қол жеткіздім. Мұнымен тоқтамай, кейін классикалық күреске бет бұрып, сонымен айналыстым. Онда да жұлдызым жанып, 1970 жылдары республика чемпионы боп шыға келдім. Міне, нақ осы кезден бастап, менің жүрегімде Олимпиада чемпионы болсам екен деген асқақ арманның оты тұтанды. Турасын айту керек, ол уақытта Олимпиада чемпионы атану былай тұрсын, Кеңес үкіметінің құрамасына ілігудің өзі сол мәртебемен бірдей саналатын. Сол кедергілердің барлығын жеңдік, ақыр соңында Мәскеу Олимпиадасының чемпионы деген атақты да бағындырдық. Бұл – біздің жеңісіміз. Қазіргі таңда біздің тәуелсіз елдің спортшылары өте бақытты. Біз мұндай бақыттың не екенін сезінген, ұққан жоқпыз ол шақта»,-деген еді аңыз адам.
Иә, Жақсылық Үшкемпіров үшін қазақтың рухани астанасы саналған Семей – асқақ армандардың бастауы болған қала. Жақсылық Үшкемпіров Семейге атбасын бұрған соң күреспен шұғылданып, Олимпиада ойындарына бастар жолды жаңылмай таба білді. Тарихы терең шаһарда білім алып жүріп, өмірлік жарын да жолықтырды. Былайша айтқанда бақытқа да, баққа да осында жүріп кенелді. Бесінші курста оқып жүргенде Күлпан есімді қызбен танысады. Ол институттың бірінші курсын бітіреді. Кейін спортшы болашақ жарын Семейден Таразға алып қашып кетеді. 1977 жылы Олимпиада чемпионының тұңғышы Жандос, кейін ортаншы ұлы Елдос дүниеге келген. Ал спортшы Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы атанған сәтте кенже баласы Жеңіс дүние есігін ашқан екен.

            Емтиханын күреспен «жапқан»

Қазақтан туған ұл ту көтеріп, тізгінді қолғ алғаны мақұл. Бабалардың аманаты да сол емес пе? Мемлекеттің мерейін тасытып, ұлттың рухын аспандататын үлкен оқиғалардың бірі әрі бірегейі – спорттық жарыстар.

Расында қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде қазақ жұрты ұлттың абыройын асыратын азаматын күтті. Ұзақ тосты. Себебі, тоталитарлық жүйенің жандайшаптары қазақтан Олимпиада чемпионының шыққанын қалады дейсіз бе? Қайта ондайға жол бермеуге тырысты. Әйткенмен, Жақсылықтың бойындағы өршіл рух, қайсар мінез, тынымсыз іздену, шүмектеп төгілген тер, алапат күш оны үлкен жеңістерге бастар жолдан адастырмады. Иә, Жамбыл жерінің тумасы Олимпиадада атой салар ма еді, салмас па еді, оны кім білген?! Тек мына оқиға болмағанда…
Ол Семейде оқып жүргенде алғашқы курстың өзінде үлкен мәселемен бетпе-бет кездеседі. Оңтүстікте, қар қалың түспейтін Жамбыл жерінде туған ол шаңғы спортынан сынақ тапсыруға тиіс екен.
«Ә дегенде мені оқудан шығарып жібереді-ау деген ойдың санама сап ете қалғаны рас. Не болса да жаттықтырушымен тілдескен жөн деген шешімге келді. Ол: «Күрестен жеңе алсаң, сынақтан өтетін мүмкіндігің бар», – деп қысқа қайырды. Содан кейін үш бірдей қарсыласты жер бауырлатып жеңдім, тіпті олардың бірі спорт шебері атағына үміткер болып шықты. Жаттықтырушы маған еркін күрес секциясына жазылуға кеңес берді.  Арада аз ғана уақыт өткен соң институт біріншілігіне қатыстым. Сол кезде өмірімдегі алғашқы турнирде топ жарып, мәз-мейрам күй кештім»,-деген Жақаңның сөзі кезінде республикалық БАҚ беттерінде кеңінен таралды.
Арада аз ғана уақыт өткенде классикалық күрестен белгілі жаттықтырушы Роман Ильматов ең жеңіл салмақтағы (48 килограмға дейін) халықаралық жарыстарға дайындау үшін өзіне шәкірт іздейді. Жақсылық Үшкемпіров жаңа спорт түрін меңгеру үшін осы бапкердің қол астында жаттыққанды жөн көреді.  Аз уақыт өткен соң Үшкемпіров республикалық аламанның жүлдегері атанады. Белгілісі сол, Ильматов Жақаңа арнайы бағдарлама да әзірлепті. Сол бір аумалы-төкпелі шақта сынақ орнына күрес көмектеспегенде Жақаң әйгілі балуан болмас па еді…

 Қонаевтың сөзі жігерін жаныған

Шынтуайтына келсек, күллі қазақ халқы тұңғыш Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарында алаш атын алғаш аспандатқан Жақсылық Үшкемпіров білгенмен, оның жеңісті жорық жолында қандай қиындықты бастан өткергенін біле бермейді. Ол кезде қазақ спортшысының Олимпиада ойындарына қатысуы қиын болатын. Ұлтшылдықтың өрті  өршіп тұрған кезде 1976 жылғы Монреальдағы Олимпиада ойындарына Алексей Шумаковты «таңдап» алулары да соның бір айқын көрінісіндей. Ол туралы Жақаң өзі кезінде былай депті:
– Іштей қатты күйіндім. Үш дүркін Кеңес одағының чемпионы атандым, ал Олимпиада ойындарына бір рет қана бардым. Онымен қоса бір кездері әлем чемпионатында өнер көрсеткенмін… КСРО чемпионаты мен спартакиадасында топ жарғаныма қарамастан, мені 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадаға қатыстырмай қойды. Ол кезде менің жасым 25-те болатын, бойымдағы күш-қуатымның жанып тұрған шағы еді. Бірақ жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында мен жеңген Красноярск өкілі Алексей Шумаковты команда сапына алды.
Осы істеріне қатты ренжіп, күресті тастап кеттім. Бірақ бір күні Қазақстан спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақпаев мені республика басшысы Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менен күреске қайта оралуымды өтінді: «Сенің өнеріңді барлық қазақстандықтар назарда ұстап отыр, ал сенің белдесуге шыққың келмейді. Иә, Олимпиадаға қатыса алмадың. Енді 1980 жылы сен барасың. Мен сен үшін жанкүйер боламын», – деді. «Жарайды», – дедім, – Димаш ата, егер сіз қолдайтын болсаңыз, мен белдесулерге шығамын дедім. 1977 жылы Одақ бойынша – үшінші, 78-79 жылдары – екінші, ал 1980 жылғы чемпионатта жеңіске жетіп, Олимпиадаға баратын команда құрамына ендім.
Олимпиада ойындарынан бөлек, 1981 жылғы әлем чемпионатында қарсыластарынан бір бас жоғары болған Жақаң тіпті салмақты бір қалыпта ұстап тұру үшін он бес жыл бойы түйір нан да ауыз тимепті. Спорттық бапта болу, салмақты ұстап тұру қаншалықты мехнаты мол тірлік десеңізші…
«Одақтың құрамасына кімдер қабылданды? Чемпионаттар мен Олимпиадаларда жеңіске жетеді-ау деген мықтыларды ғана алды.  Алтын алып, әрине, сыйлыққа кенелдік. Бірақ қандай? Мәскеудегі Олимпиада үшін маған 5 000 рубль берді. Сондықтан да біз үшін ақша емес, абыройымыз маңызды болды. Ол кезде Олимпиада чемпиондарының аты басты назарда болмады. Тек қана еліміз егемендігін алған тұста ғана мені баспасөз өкілдері сұрақтың астына алып, мен туралы көп жазып, тағдырыма қызығушылықпен қарайтын болды…
Қазір Олимпиада чемпиондарына  миллион долларлап сыйақы беріп жатыр. Қосымша демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар да табысталады. Құдайға шүкір! Мен қазіргі ұрпақтың айтулы жетістіктеріне шексіз ризамын!» Талай қиындықтан өткен Жақсылық Үшкемпіров осылай деген еді көзі тірісінде…

Алаш күткен алтын

Мәскеу Олимпиадасының алғашқы жарыс күні Жақаңа оңай соққан жоқ. Жеребенің қаталдығы шығар,  үш дүркін әлем чемпионы румын балуаны Константин Александрумен белдесуге тура келді. Қазақ батыры өмірінде алғаш рет қамығады. Қапа болады. Жақаңның жағдайын сезген Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Валерий Резанцев: «Мықты қарсылас деймісің? Тамаша. Ендеше, ә дегенде оны жеңсең, келесілерінде әлдеқайда оңай болады», – дейді Үшкемпіровті рухтандырып. Ол қарсыласынан басым түседі.
«Жарты сағат бойы өз-өзіме келе алмай қиналдым. Кейін маған Қуаныш Сұлтанов жақындап, менімен Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов сөйлескісі келетінін жеткізді. «Алтынды ала аласың ба, Жәке?» – деп сұрады ол менен. «Өлсем де ұтамын!» – дедім мен. Сол кезде ол маған бір көмек керек я керек еместігін сұрады. Көптеген шенеунік менің жауабымды күтіп, үнсіз тұр. Пәтер немесе көлік сұрайды деп ойлаған шығар. Мен бір кесе қымыз сұрадым. Бәрі күлді», – деп еске алатын сағымдай селдіреген сол кезді чемпион. Келесі белдесуде Үшкемпіров өзіне етене таныс поляк Роман Кирпачты жеңді. Үшінші белдесуде Жақаң венгр Ференц Серешті оңай жықты.

Ақтық айқас алдында Үшкемпіров әдетте баскетболшылардың біреуі ұйықтайтын үлкен төсекке барып тынығады. Бірнеше сағаттан соң барлық спортшыларды ұйқыдан оятқанда, Үшкемпіровті ұмытып кеткен. Оны жай ғана байқамайды. Қазақ батырын белдесуге жарты сағат қалған кезде оятады. Спортшыға автобуста қыздырынуға тура келді. Ақтық шайқас. Үшкемпіров болгарлық Павел Христовты 12:7 есебімен тізе бүктіреді.
«Менің қуанышымда шек жоқ. Тұғырдың ең биік сатысында тұрғанымда осының бәрі түс секілді болып кетті. Қаншама жылдар… жарақаттар, физикалық және психикалық қысым. Соның барлығының өтеуі – осы сәт».
Олимпиадашылар Алматыға қайтпай тұрып, олимпиадалық елді мекенде Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады. Осы аралықта Жақаңның ұлы дүниеге келеді.

Надежда Пахмутова, Николай Добронравов осы оқиғаға байланысты өлең жазып, Олимпиада чемпионынан баласын Мәскеу Олимпиадасы символының құрметіне Михаил деп атауын сұрайды. Жақаң жылы жымиып: «Одан да Жеңіс деп атайын!» – деп үн қатыпты. Елге оралған соң Жақсылық бастаған олимпиадашыларды салтанатпен қарсы алады. Елдің бәрі батырын жеңісімен құттықтап әлек. Ел тізгінін ұстаған Д. Қонаев та жеңімпазды қабылдап, құрмет көрсетеді. Араға бір жыл салып, ол тағы бір арманына қол жеткізеді. Әлем чемпионатының ақтық айқасында түрік оғланы Салих Бораны 8:0 есебімен ойсырата ұтып, әлем чемпионы атанады.

Құрметтен кенде болған жоқ

 Осыдан төрт жыл бұрын Ақордада Жақсылық Үшкемпіров Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған болатын.
Біршама уақыт бұрын ұлт мақтанышы «Құрмет» орденін иеленген еді. Сол кезде толқыған Үшкемпіров пен Елбасының алдында:  «Көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Ең болмаса қазақтың бес мың жігіті сол ауылды көтеріп жіберсек, содан асқан қандай бақыт керек? Міне, мен соны ойлаймын, аға» деген еді…
«Бірнеше мәрте Кеңес одағының жеңімпазы болды, ешкім айтқан жоқ. Олимпиаданы жеңді, дүниежүзінің чемпионы болды. Тәуелсіздік жылдарында біраз азаматтар қалталы болды, байыды. Енді тапқанының біразын елге берсін сен сияқты. Жас жұбайларға пәтер салып бердің, балабақша салдың, спорт кешенін салдың, онда 200 бала күресіп жатыр», – деген Елбасының жүзінен ризашылықты аңғарған едік.

Жақсылық Үшкемпіров дүниеден өтерден бұрын қоңырау шалдым. Газетте оқиғаларға қатысты белгілі адамдардың пікірін беретінбіз. Әншейінде даусы жарқырап шығатын ағамыз көңілсіз көрінді. «Балам, менің мазам жоқ. Өзің келтіріп жаза берші атымнан»,-деп қысқа қайырды. Арада көп уақыт өтпей, аңыз адам, нағыз балуан Жақсылық Үшкемпіров дүниеден өтті деген хабар тарап, қайғыдан қазақ халқының қабырғасы сөгілді…

Ұлт мақтанышы көзі тірі болғанда 70 жасын халқының арасында тойлар еді-ау… Айтпақшы, Жақсылық Үшкемпіровты «Тараз —  Арена» спорт кешенінің алдында соңғы рет көрдім. Үлкен іс-шараға келген Алаш ардақтысы кешен қақпасынан шығып бара жатып, ғимаратқа ұзақ қарады. Кейін бұл спорт кешеніне Жақаңның аты берілді…

Иә, грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіровтан кейін қазақ ұлтынан шыққан Олимпиада чемпионы болған жоқ. Қарап отырсақ, одан бері де 41 жыл уақыт өтіпті. Рас, 1996 жылғы Аталанта Олимпиадасында ел намысын қорғаған Юрий Мельниченко топ жарып, мерейімізді өсірді. Бірақ, әлі күнге бірде-бір қазақ баласының классикалық күрестен төртжылдықтың басты додасында топ жара алмағаны ойландырады. Жақаң өз ізбасары шығып, Олимпиада чемпионы атанғанын көзімен көргісі келетін. Көре алмай кетті. Мүмкін қазақ баласының атой салғанына біз куә болармыз? Кім білсін…

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support