- Advertisement -

БАҚ жастар тәрбиесіне назар аударуы керек

59

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Тараз қаласындағы телеарналарға барып, журналистердің жұмысымен танысты. Өңір басшысы алдымен осы жылдың басында ашылған «Taraz 24» телеарнасына  барды. Телеарна директоры Жамбыл Момынжанов Бердібек Машбекұлына жастардан құралған ұжымның жемісті жұмысын көрсетіп, телеарнадағы тың жобаларды жан-жақты таныстырды. Ұжым өзекті мәселелерді қысқа хабарлар арқылы көрсетіп қана қоймай, түрлі бағыттағы отызға жуық жобамен көрерменнің көңілінен шығып отыр.

«Мен бірқатар облыстарда жүріп, «Ақтөбе 24», «Өскемен 24», тіпті, баспасөзі өте көп Шымкенттің өзінен «Шымкент 24» деген тәулік бойы хабар тарататын телеарнаны көрген жоқпын. Сондықтан бұл қадамдарыңыз көңіл қуантады. Бүгінде ең өзекті мәселе – жастардың тәрбиесі. Әсіресе мектеп жасындағы жастардың мәселесіне БАҚ назар аударуы керек. Өткенде ғана Шөлдалада орын алған оқиғадан сабақ алған жөн. Ең жан ауыртатыны – ата-аналардың өз балаларына қарамауы. Жауапкершілік жүгін толық сезіне алмай жүр. Шөлдаладағы жағдайдан кейін ата-аналар да ойлануы керек. Сұрақ туындайтын жерлерге қаланың әкімі, менің орынбасарларым барды. Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес.   Алайда біз бірінші кезекте ауыз су, жарықтандыру, жол мәселелерін шешуіміз керек.

Тоғызыншы, оныншы сынып балаларының мектепке суық қару апаруы деген масқара емес пе? Бір-бірін пышақтауы, атуы тіпті сорақылық. Жуырда Татарстанда орын алған жағдай бәрімізді ойландыруы тиіс»,-деген облыс әкімі БАҚ өкілдері жастар мәселесін назардан тыс қалдырмай, арнайы бағдарламалар әзірлеуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруде БАҚ өкілдерінің атқарар рөлі зор екеніне тоқталды. Одан бөлек еріктілердің жұмысын көрсету мәселесін де назардан тыс қалдырмау керектігін тілге тиек етті.

Кездесу барысында телеарна директорының орынбасары Данияр Әлімқұл сөз алып, Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай арнайы бағдарлама ашуға ниеттеніп отырғандарын, сан саладағы өсу мен өрлеу жолдарын көрсетуге бағытталған хабарды ақпаратпен қамтамасыз ету үшін барлық басшылардың белсенді болуына қолдау көрсетуін, одан бөлек әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арнап тегін журналистика курсын өткізуге ниетті екендіктерін жеткізді. Бұл ұсыныстарды құп алған облыс басшысы: «Қолдаймыз. Қажет болса, аудан әкімі, орынбасарларым, басқарма басшылары да сұхбат береді. Орынбасарым Дәулет Кәрібек бұл жұмысты қолға алады»,-деді.

Бұдан кейін облыс әкімі облыстық «Jambyl» телеарнасына барды. Ұжым басшысы Мейіржан Әлібекұлы өңір басшысын телеарна қызметкерлері атқарып жатқан жұмыстармен  кеңінен таныстырып өтті. Кейіннен Бердібек Машбекұлы телеарнаның архивімен танысып, «Қайырлы таң, Әулиеата» хабарының студиясын көрді. Одан соң телеарнаның бірқатар қызметкерімен кездескен Бердібек Сапарбаев ұжымның жұмысына табыс тіледі. «Сіздер мемлекеттік саясатты жүргізуде айтарлықтай еңбектеніп келе жатырсыздар. Бірқатарыңыз іссапар барысында бірге жүресіздер. Ұжымда біршама мәселелер бар екенінен хабардармын. Ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бәрі уақытымен шешімін табады. Корпорацияға қарасты жергілікті телеарналар облыстың меншігіне өтеді деп жатыр. Сіздер одан қорықпаңыздар. Барлық жағдайды жасаймыз»,-деді облыс әкімі.

Облыс әкімі   облыстық «77 TV» телеарнасының ұжымымен де кездесті. Кездесу барысында телеарна басшысы Ұлан Жолдықұлұлы жастардан құралған ұжымның жемісті жұмысы мен жаңа жобалар туралы сөз қозғады.  Алға қойған жоспарларымен  таныстырды. Телеарна қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысына көңілі толған өңір басшысы ұжым жетекшілеріне ризашылығын жеткізді.

«Қазақ жеті деген санды жақсы көреді. Сіздер қос жетіні таңдапсыздар. Мұндағы хабарларға көңілім толады. Жетістіктермен қатар халықтың көкейіндегі өткір мәселелерді де бізге жеткізіп отыруларыңыз керек. Жастардың бойында идея көп. Ұжымның 90 пайызы жалындаған жастардан құралғаны өте жақсы екен»,-деген Бердібек Машбекұлы телеарна ұжымына жергілікті атқарушы билік тарапынан қай кезде де қолдау көрсетілетінін  баса айтты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support