- Advertisement -

Ежелгі үйсіндер мен ғұндардың құрамындағы қазақ тайпалары туралы не білеміз? (ежелгі қазақ тарихы туралы жаңа дереккөздер)

500

- Advertisement -

Біз қайдан шықтық? Біздің ата-бабаларымыз қай уақытта тарих сахнасынан орын алды? Ежелгі үйсіндер мен ғұндардың қазақтарға қандай қатысы бар? Осындай өзекті сауалдарға қазіргі уақытта бұған нақты, дәйекті жауап жоқ. Ал осы мәселеге орай жартыкеш, күмәнді жауап ешкімді қанағаттандырмасы және даусыз.

Өкінішке қарай, ғылымның мұраттары мен ойлары қазақстандық тарихшылардың тарапынан бұл мәселені өздерінің тарихи-ғылыми еңбектерінде одан әрі дамыту аяқсыз қалды. Олар қазақтың шежіресінің шылауында қалып қойды.

Қазақстан аумағының шеңберінде ғұмыр кешкен ежелгі қазақ тайпалары мен руларының тарихын жариялау – бүгінгі еліміз үшін, сол уақыттың шындығы талапқа жауап бере алмайды. Бұл мәселеде жаңаша көзқарас, тың зерттеулер мен тарихи материалдарға иек арту талап етілетіні сөзсіз.

Ұлан-ғайыр деректер мен дәйектер қазақтың тайпалары мен рулары ежелгі үйсіндер мен ғұндардың құрамында болғандығын айғақтайды. Мұндай бай материалдар қайдан алынды? Бірінші кезекте, біз қазақ тайпалары мен руларының болгар, венгер, чуваш, секей, поляк, украин, орыс, француз, ағылшын, нидерланд, скандинавтар мен тағы басқа да халықтардың таңбаларына ұқсас таңбаларды кездестірдік. Аталған халықтарға бұл таңбаларды үйсін-ғұндар халықтардың Ұлы қоныс аудару кезеңдерінде жеткізгені белгілі. Петроглифтер мен тиындарда, жалауларда, геральдиктерде, археологиялық артефакттерде, музейлік экспонаттарда мұндай таңбалық белгілердің сансыз мөлшері бедерленгені айқын аңғарылады. Кең ауқымдағы материалдық деректерді – топонимдер мен гидронимдер, адамдардың жеке аты-жөні, ғылыми әдебиеттің мәліметі де береді. Оларға салыстырмалы таңдау жасау қазақ тайпалары мен руларының негізін Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігінде өмір сүрген ежелгі үйсін және ғұндар құрағанын айқын көрсетіп отыр.

Соңғы екі тайпа туралы біз не білеміз? Шын мәнісінде, үйсін және хұн тілі, діни сенімі, әдет-ғұрпы мен дәстүрі, салты, олардың біртұтас халық екенін көрсетеді. Үйсін мен хұндардың жас жігіттері, қыздары емін-еркін некеге тұрған. Үйсіндер өздерінің этникалық атағын сақтап қалды. Ал енді «хұн», «сюн» және «ғұн» атаулары діни жағынан айтылатын әңгіме. Оларды бұл мәселеде Күнге табыну жағы тығыз байланыстырса керек. Себебі, үйсіндер мен ғұндар тәңірліктер, яғни Күнге табынушылар екенін көпшілік біледі.

Айта кетерлігі сол, «хун» және «ғұн» атаулары ғылыми ортада көптеген дау туғызғаны анық. Көрнекті ресейлік ғалым К.А.Иностранцев оларды бір халық деп есептейді. Оның бұл пікір-идеясын «Велесов кітабы» жылнамасында келтірілген деректер нақтылай түссе керек. Мәселен, онда төмендегідей сөз келтіріледі: «Біз алдымыздан хұн тайпаларының немерелерінен өрбіген ғұндарды көрдік». («Велесов кітабы» М., 2018, 191-бет).

Қытай дереккөздері бойынша, хұн халқының құрамында 24 тайпа болса, ал ғұндардың құрамында олар бұдан да көп еді. Гот тарихшысы Иорданның хабарлауынша, солардың қатарында 178 ғұн (бәлкім, рулар) болған екен. (Иордан. Гетика). Ресейлік ғалым С.В.Трусов ғұндардың қатарында 45 тайпаның бар болғанын хабарлайды (Ғұндардың (хондар) тарихы Русьтегі атақты Дуло әулетімен бірге. Рен ТВ арнасындағы сұхбаты).

Ғұндар ақ және қара болып екіге бөлінген. Қара ғұндар – билеуші, жауынгер және малшы болса, ақ ғұндар абыздардан құралған, әскері көп, жауынгерлік бөлімдері жетерлік сипатқа ие еді. Олар өздерінің атауларына сай ақ түсті киіммен жүрді. Аттила жауынгерлерінің құрамында үйсіндердің саны қанша екендігі жөнінде «Велесов кітабы» жылнамасында жан-жақты айтылған. Осында ғұндар билеушісі Аттиланың аталған ежелгі халықтан шыққандығын еске салады. Ал «Болгар хандарының есімдері» және өзге де ортағасырлық дереккөздерде Аттиланың руы баяндалады. Ол үйсіннің құрамына кіретін дуло (дулат) руының талассыз өкілі-тұғын.

Солтүстік хұндар Қытайдың қыспағымен Азиядан Еуропаға көш түзеді. Бұл кезеңдерде оларды біріктіріп, басшы болған талантты билеуші Баламер еді, оның шөбересі Аттила бүкіл Еуропаны тізе бүктірді. Аттила және ғұндардың ұрпақтары Еуропаның аумағында бірқатар таңғажайып мемлекеттерді құрды. Солардың қатарында Кубратханның  Ұлы Болгариясы, Хазар және Авар қағанаттары, Шамбаттың Дулобасы, Аспарухтың Дунайдағы Болгариясы, Арпадтың Мадьяр мемлекеті, Лашиновичтердің Киев қағанаты, Волгадағы Булғария кімді де болса тәнті ететін еді. Біздің ғылыми зерттеулеріміз аталған мемлекеттерді құруда оған үйсін, ғұндардың құрамына кіретін ежелгі қазақ тайпалары мен рулары белсенді түрде атсалысқанын анық айшықтай түседі. Бұл жөнінде мен өзімнің Шымкенттен 2018 жылы жарық көрген «Аттила және ғұндардың таңбалары» атты кітабымда жоғарыда айтқан пікірлерді жан-жақты байыта отырып баяндадым. Осындай түйінге тоқталғаным және рас. Кітапта көрсетілген дәйектерге сәйкес, ғұндардың ұрпағы саналатын дунайлық болгарларға тиіс (165 таңбаның, белгінің) 137-сі барлық қазақтың таңбасына ұқсас екен. Жүзге бөлінгенде төмендегіше мәселе алға тартылған: Ұлы жүздің болгарлардың белгілеріне ұқсас 90 белгісі болған. Оған қаңлы, жалайыр, сіргелі, шапырашты, ошақты, шанышқылы, дулат (сиқым, жаныс, шымыр, ботбай) тайпалары, ойық руы жатқан. Ал Орта жүзде болгарлық белгілерге ұқсас 13 таңба бар еді. Атап айтқанда, олар – қоңырат, керей, уақ, арғын, найман тайпалары, бағаналы, тарақты, ергенекті, қаракерей рулары. Кіші жүзде болгар белгісіне ұқсайтын 34 таңба бар. Оған жаппас, төртқара, алаша, шеркеш, қарасақал, керейт, табын, адай, беріш, жағалбайлы, телеу, шекті, алшын, масқар, шөмекей, жүй, қызылқұрт тайпалары жатады. Бұл – үлкен мөлшер. Айта кету керек, Еуропаны тізе бүктірген үйсін мен ғұндар тайпалары болгарлардың және қазақтардың ата-бабалары. Екі халықтың еншісі бөлінбегендігі – олардың қаны бір туыстығында жатыр. Бұл сөзімізге ортағасырлық болгарлардың үйсін-ғұн тілінде сөйлегендігі. Мысалы, Дунайдағы Болгарияның ежелгі астанасы болған Плиска қаласындағы Крум ханның сарайының орнынан үйсін-ғұн тілінде жазылған тас тіреуіштер табылды. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында сол жазуларды венгерлік белгілі тарихшы әрі археолог Гезе Фехер көпшілікке оқып беріпті. Ал академик М.Юхма сондағы 50 сөзді чуваш тіліне аударып, осы жолдардың авторы оларды қазақша «сөйлетті». Рас, ежелгі болгар, чуваш және қазақ тілдері бір тамырдан нәр алады. Сайып келгенде, олардың ана тілі – үйсін-ғұн тілі.

Грек дерекшісі Приск Паннийскидің мәліметіне сәйкес, Паннония (Венгрия) ғұндар державасының бір орталығы болған. Оның мәліметі біздің тараптан қосылған деректермен нақтылай түседі. Мысалы, венгерлік 248 белгінің 91-і қазақтың барлық таңбасымен сәйкес келеді. Жүзге бөлінген тұста ұлы жүз тайпаларында – 29, орта жүзде – 21, кіші жүзде 18 белгі болған екен. Сондықтан да, венгерлердің ортасында үйсін-ғұндардың, соның ішінде қазақ тайпалары мен руларының ғұмыр кешкені айқын, олардың өз орны бар және бұл заңды құбылыс деп санауға болады.

Бүгінде чуваштар өздерін үйсін-ғұндардың, Еділдегі болгарлардың ұрпағы ретінде санайды. Бұл қорытынды ғылыми ортада берік позицияға ие болды. Чуваштар ежелгі үйсін-ғұндардың тілін сақтай отырып, сөйлесуге ынталы. Өйткені бұл тіл ең ежелгі түркі тілі. Чуваш халқының тарихи этникалық шығу ортасына біздің ғылыми дәйектемелеріміз бен деректеріміз жоғарыдағы сөзімізге дәлел бола алады.

Мәселен, 1962 жылы тарих ғалымдарының докторы В.Ф.Каховский 468 чуваш таңбасын жариялады. Солардың ішіндегі 196 таңба қазақтың барлық таңбасымен ұқсас (88 таңба ұлы жүзге, 50-і орта жүзге, 66-сы кіші жүзге тиесілі екен). Көрсетілген фактілер қазақ және чуваш халықтарының этникалық жақын туыс болып келетіндігін дәлелдесе керек.

Қазақ тайпалары мен руларының таңбалары Ұлыбританияның, Германияның, Францияның, Нидерландының, Польшаның, Украинаның, Киевтің, Мәскеудің және Пенза облысының, Татарстанның, Башқұрстанның, Қырымның, Әзербайжанның, Солтүстік Кавказдың, басқа да жерлердің аумақтарында кеңінен таралған. Олардың таңбаларын осылайша кеңінен тарату Баламер мен Аттиланың, сондай-ақ олардың ұрпақтарының жауынгерлік жорықтары кезеңдерінен хабардар болуға мүмкіндік берді.

Қазақ тайпалары мен руларының таңбалары балқарлардың, қарашалардың, ноғайлардың, хазар мен аварлардың, құмық пен кабардиндердің, оғыз бен түрікмендердің, тағы басқа да халықтардың таңбаларымен ұқсас келуінің өзі зор маңызға ие. Себебі, осындай деректерге қарап, олардың да еуропалық үйсіндер және ғұндардың этногенезіне қатысқанын аңғару қиын емес.

Сондай-ақ қазақ тайпалары мен руларының таңбалары Сібір, Моңғолия, Солтүстік Қытайдың аумақтарында да кеңінен таныстырылды. Олар – Алтайдағы Пазарық қорғандары, Минусинск котловинасындағы тас мүсіндер мен стелалар, Тувадағы Аржан қорғаны, тағы басқа аумақтардағы кездесетін таңбалар десек, артық айтқандық емес.

Топонимдер мен гидронимдер жөніндегі ауқымды материалдар халықтың ауызша айтылған шығармашылығында кездесетін олардың арғы ата-бабалары аңыз емес, нақты өмірдегі шынайы құбылыс екендігі даусыз. Сібірде сақталған төмендегі аңыз есімдерге назар аударайық:

1) Қадыр. Қалша. а) Калчан өзені (Тюмен облысы, Уватск ауданы).

б) Кодар селосы (Забайкалие өлкесі, Калар ауданы).

2) Алаш. а) Алаш платосы (Тыва). б) Алаш өзені. в) Алаш қаласы (Тывадағы Барун-Хемческ ауданы).

3) Қазақ. Тастағы жазу: «Кзғоғлм-қазақ оғлум» (Енисей), (Б.Алтаев. Үйсін-сиқымның шығу тегі. Шымкент, 2011, 114-115 беттер).

4) Арыс. а) Арысканныг қорығы (Тыва). б) Арыскан қаласы (Тывадағы Улуг-Хемск ауданы). в) Арыс-Бами қаласы (Тыва).

Міне, осы атақтарды қазақ халқы ұдайы есінде сақтап, бесіктей тербетеді. Бұлардың барлығы көшпелілер ұрпақтарына қашанда қадірлі әрі қасиетті.

Сібірде Қотан Үйсін, Шора, Тағар, тағы басқа да қазақтың аңызға айналған есімдерімен байланысты топонимдер мен гидронимдер кездесті.

Қытайдың солтүстік-шығысында Байди атты ежелгі округ орын тепкен. Ғалым Б.Алтаев оны аңыз адам Бәйдібек Қарашаұлымен ұқсастырады. Ал Алтайда күмәнді халқының құрамына енетін чабараш руы (қазақша – сеок-сүйек) бар. Біздіңше, олар шапырашты тайпасының бір бұтағы секілді. Келтірілген дәйектер Сібір, Моңғолия, Солтүстік Қытайдың аумақтарында ежелгі түркілік тайпалары ғұмыр кешкенін дәлелдейді.

Халықтардың Ұлы көші кезінде және одан кейінгі уақыттарда қазақтың тайпалары мен руларының анағұрлым бөлігі Чувашияның, Татарстанның, Башқұртстанның өзге де облыстар аумақтарында қалып қойып, өмір сүруді жалғастырды. Бұған аңызға айналған қазақ есімдеріне байланысты гидронимдер мен топонимдер жарқын дәлел. Солардың бірқатарын бізге академик М.Н.Юхма ықыласпен ұсынған еді. Енді соған назар аударсақ.

  1. Алаш. Саратов облысы, Қарабұлақ ауданындағы чуваштық Алаш селосы.
  2. Қазақ. Чувашияның, Қанаш ауданындағы Казаккаси селосы.
  3. Арыс. Чувашияның Иберсинск ауданындағы Арсь өзені.
  4. Үйсін. Чувашиялық Сенял (Сеньял) селосындағы Уйсунь ауқымды алқабы.
  5. Бақтияр. а) Чувашияның Янтиковск ауданындағы Пахтияр селосы. б) Чувашияның Янтиковск ауданындағы Бахтияр селосы.
  6. Қараша. а) Чувашияның Чететск ауданындағы Хурашаш селосы.

б) Чувашияның Козловск ауданындағы Карач (Карача) селосы.

  1. Байдибек. а) Чувашияның, Шемуршинск ауданындағы Байдибек селосы. б) Саратов облысы, Қарабұлақ ауданындағы чуваштық Бәйдібек селосы.
  2. Шапырашты. а) Чувашияның Чебоксарск ауданындағы Шарпаш селосы. б) Чувашияның Моргаушск ауданындағы Шарпаш селосы.
  3. Ошақты. Чувашияның Моргаушск ауданындағы Очак селосы.
  4. Албан. Чувашияның Батыревск ауданындағы Алман (Алманча) селосы.
  5. Суан. Чувашияның Батыревск ауданындағы Тархан селосы Савамкассий көшесі.

Осы деректердің өзі-ақ қазақ тайпалары мен руларының Поволжье халықтарының этногенезіне қатысы барлығын ашық айқындаса керек.

Чуваштық географиялық атаулар өзіне осылайша ұлы билеушілер Баламер мен Аттиланың есімдерін таңдап алғандай еді. Аттиланың ұлдары Эллак, Теңізхан және Ирнах та бұл орайда назардан тыс қалмады. Олар үйсін-ғұндар билеушілерінің чуваштармен, қазақ тайпалары мен руларымен терең әрі тығыз тарихи байланыста болғандығын алақандағыдай ашық көрсетіп отыр.

Қазақтардың аты аңызға айналған арғы ата-бабаларының есімдері чуваштардың арасында жиі кездеседі. Бұл деректерді М.Н.Юхманың «Чуваштық есімдер» атты кітабынан кездестіруге толық мүмкіндік бар. Аталған кітап 2008 жылы Чебоксарыда басылып шыққан. Енді назарларыңызға алдымен қазақ, сосын чуваштық есімдерді салыстырмалы түрде ұсынып көрелік:

Қалша (Калась, 81 бет), Алаш (Елаш, 46 бет, Улаш, 191 бет), Қазақ (Казук, Казюк, 79 бет, Хозахбай, 205 бет, Хазахбай, Хосахпай, 205 бет, Хусак, Хузяк, 207 бет), Созақ (Сосак, Сазак, 147 бет), Арыс (Арас, 27 бет), Бақтияр (Бахтиер, 39 бет), Майкы (Маймақ, 95 бет), Уйсін (Ушшан, 199 бет, Ушине, 303 бет), Қараша (Карчча, 79 бет), Бәйдібек (Байдимер, Байдумер, 38 бет), Сіргелі (Сирмек, 157 бет), Шапырашты (Шарпаш, Шарбаш, 217 бет), Албан (Алван, 20 бет), Қонырат (Кантратти, Кондрати, 77 бет), Керей (Кирей, 85 бет), Найман (Шайман, 216), Адай (Атай, Адай, 31 бет), Тама (Тама, 166 бет), Шомекей (Чомеккей, Чомекей, 213 бет) және тағы басқалар. Көрсетілген үлгіден-ақ қазақ есімдерінің чуваштық есімдермен тонның ішкі бауындай араласып, астасып кеткендігін аңғарамыз. Айтқандай, чуваштардың арасында ғұндар билеушілерінің есімдерін иелену кеңінен тараған.

Қоңырат тайпасының қуаттылығы сондай, олар еуропалық есімдер мен географиялық атауларға өзіндік іздерін қалдырып кетті. Солардың қатарында Конрад есімін иеленген германдық императорлар, украиналық Кондратенко, Кондратюк тегіндегілер, орыстың Кодратьев, Кондрат есімі, Молдовадағы Комрат қаласы, тағысы-тағы мысалдар жетерлік.

Кекавмен ХІ ғасырдың европалық авторы «Кеңес пен әңгіме» атты өзінің еңбегінде былай деп хабарлайды: Идрунта (Оңтүстік Италиядағы Отранто қаласы) итальялық қаласының күзетіне орыстар, варягтар, кондарантылар тартылған екен. Гәіздің пікірінше соңғысы қоңыраттар деп пайымдаймыз. Олар сол кезде жаяу әскерді құраған екен. (Византия дереккөздері) http://www.ruistor.ru/istochniki_viz_001.htm/

Рашид ад-Дин өзінің «Жамиғ ат-тауарих» кітабында қоңырат тайпасының шығу тегін ашып көрсетуге ұмтылды. Ақпарат оған бұл туралы тек там-тұмдап қана мәлімет  берген. Қоңырат – ежелгі тайпа. Мәселен, Ұлы Болғарияның ханы Кубраттың (620-660 жылдар) анасы Ақжан қоңырат тайпасынан шыққан (Джагфар тарихы. ІІІ том. Орынбор, 1997 ж.). Алыстағы Бельгияда Суаньи қаласы бар. Біздіңше, қаланың бұлай атауында суан тайпасының қатысы бар.

444 жылы суандар, вандалдар, аландар Галлияға (қазір Франция жері) шабуыл жасады. Олар осы жерді өздеріне бағындырды (Лукас де Туи. Мунди хроникасы. ХІІІ ғасыр). Кітаптың оригиналы мен көшірмесі Испан ұлттық кітапханасында сақтаулы және видеолекция Карашайлар және балкарлар 7.01.21. Ютуб.

Суан мен албандар чуваштардың ежелгі эпосы «Аттил және Кримкилте» жиі айтылады. Бұл деректер суан мен албандардың саяси сахнаға өте ежелгі замандарда шыққанын дәлелдейді.

Польша-Литва королі, Ливон соғысында Иван Қахарлыны жеңген, ұлты секей Стефан Баторий түбі түркі. Оның аты-жөні былай болып келеді: «ыстыпан» (ысты – тайпа атауы, пан – текті, тәкаппар, Баторий – батыр). Польшаның тағы бір королінің аты Сегізмунд (сегіз, мүн).

Арғындар да географиялық атауларға өздерінің ізін қалдырды. Солардың қатарында Сібірдегі Аргунь өзенін, Испаниядағы Арагон провинциясын айтсақ болады.

Қазақ тайпалары ежелгі Русьтің өміріне және тұрмысына терең із қалдырған. Мысалы, керей, адай, рамадан тайпаларының атаулары Кириенко, Кириевский, Киреев, Одоевский, Рамадановский, тағы басқа да есімдер орыстың тектік негізі атанды. Ал Таманск жартылай аралы тама тайпасының атын иеленген.

Сонымен сөзімізді қорытындылай келгенде, келтірілген деректер мен аргументтер қазақ тайпалары мен руларының өткен тарихынан кең ауқымды сипат беріп, оны дәлелдеп отыр. Осынау факторлар қазақ халқының ежелгі тарихын зерттеуге байланысты құрылатын жаңа ғылыми еңбектерде қаперге мықтап алынса, назардан тыс қалмаса нұр үстіне нұр. Осыны ескерсек, құба-құп. Еш ұтылмаймыз.

 

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ ғылыми қызметкері, Чувашия Ғылымдар Академиясының академигі,

Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support