Қайран, біздің әкелер…

51

Алаңсыз сәби кез. Асқар таудай қамқор  әке, мейірімін төккен аяулы ана бар. Бауырың бүтін, жан-жағың түгел. Күн нұрын төккен көктемнің жайма шуақ бір күні бір топ үлкен кісілер үйге сау ете қалды.

Омыраулары қызылды-жасылды толған темір. Әкеммен құшақтасып амандасса, анам жарықтық үлкендердің алдында қайта-қайта иіледі. Онда кісі күту жағын алдымдағы ағаларым атқарып, зыр қағып жүргені еміс-еміс есімде. Бір жыл өтті ме, әйтеуір жаз, күз, қыс өтіп, тағы да күн жылынғанда әлгі кісілер тағы да келді үйге. Бұл жолы оң-солымды  танып қалғанмын. Қатарларына тағы біршама кісі қосылған. Менің міндетім ас дайын болды-ау дегенде қолдарына су құйып, орамал ұсыну.

«Таудай бол, мақсатыңа жет, балам!» деп әрқайсысы айтатын, жүректі елітетін сөзден әні-міне тау сияқты алыпқа айналып кетердей күй кешіп, мәз боламын. Тезірек тамақ ішіп бітсе екен, тағы да қолдарына су құйып, әлгі жылы сөзді еститін деп тықыршимын. Алдарына бас келгенде құлақ маған бұйырады. Басқа күндері де үйге қонаққа немесе жеке шаруалармен келіп тұратын көкелердің көбінің жасы әкемнен де үлкен екенін аңғарамын. Шешем жарықтық ол кісілердің алдарынан кесе көлденең өтпей «қайынағалап» құрақ ұшады. Мектеп табалдырығын аттаған соң барып білдім ғой, әлгі жылдың бір күніне алыстан келетіндер  төменгі Шу бойында 1964 жылы шаңырақ көтерген «Қамқалы» совхозының іргетасын қалап, сонда тұратын Амантай, Жылқыбай, Мәдуар ауылдағы Әлібек, Әлу, Әбду, Жаңатай, Төлеутай, Қазылық, тағы басқа әкелеріміз екен. Бәрі шетінен соғысқа қатысыпты, омырауларындағы «темір» дегенім орден мен медаль толған. «Әр жылдың жайма-шуақ бір күні» – адамзатты фашизм құрсауынан құтқарған Ұлы Жеңіс күні болды. Әкем Төлеутай мен Қазылық ағаларымнан басқасынан жасы кіші болғандықтан үлкендердің атын толық атамай, Әбеке, Әлеке, Жақа, Мәдіаға… деп отыратын.

Қу соғыс осы әкелердің жүрегін қана жаралап қоймай, тәніне де жара салды. Жаңатай әкеміз аяғын сылтып басса, Қазылық ағамыздың мұрнын жау мергенінің оғы жұлып кеткен. Ал менің әкем барлаушы болып қан майданға кірісіп, бірде жау тылынан «тіл» алып келе жатқанда бір топ жаумен жанындағы екі жауынгер досымен атыса жүріп қолына оқ тиіп, қансырап құлайды. Достары ерлікпен қаза тапқанымен,  өліспей беріспеген әкем жау жендеттерінің бәрін жер жастандырып, өзі де ес-түссіз жатқанда қалың орман ішінен партизандар тауып алып, дала госпиталіне жеткізіпті. Ақыры сол қолының шынтағына тиген  жау оғын өзімен бірге мәңгілік мекеніне ала кетті. Жау тылынан әкем жеткізген мәлімет аса құнды құжат болып, сол ерлігі үшін I дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Сол ордені ме, екіншісі ме Ұлы Жеңістің 20 жылдығында иесін өзі іздеп тапты.

Қай жылы еді, Ұлы Жеңіс мерекесіне бір күн қалғанда қатары сетінемеген майдангер әкелер жылдағы дәстүр бойынша үйге тағы да жиналды. Ағыл-тегіл дастарқан үстінде ұзын-сонар әңгіме ағытылсын. Там-тұмдап қана білетін  ашаршылықтан Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданынан Қаратауға қарай ұлы шұбырындыға ұшыраған қалың елден мың-мыңдаған бейкүнә жандардың Бетпақтың бедірейген даласында кебінсіз, көмусіз қалғанын құлақ шалғанда бала жүрегім езіліп кеткендей күй кешіп, сыртқа жүгіріп шықтым. Қайран әкелер, бір бұрышта бейқам отырған мені аңғармаса керек. Шетінен қып-қызыл коммунист-майдангерлер одан кейін мен кіріп-шыққан сайын үнсіз қалатын болды. Неге екенін білмеймін, майдан даласында от пен оқтан жарымжан болып шыққаны бар, он екі мүшесі сау оралғаны бар соғыс туралы еске алмайтын, жарықтықтар. Жаралы жүрекке одан сайын салмақ салмайық дей ме екен, кім білсін. Әкем де жорық жолдары туралы тіс жарған емес. Өмірден өткен соң барып қой, жасаған ерліктері туралы сұрау сала бастағаным.

Шешем марқұм осы Жеңіс күнінде көз жасын бір сығып алатын. Бала кезде мән бермеппін. Есейе келе білгенім, жалғыз ағасы Бегім нағашымның сұм соғыста хабар-ошарсыз кеткені есіне түседі екен ғой. «Қара қағаз» келмеген соң, не өлілері не тірілер қатарында жоқ ағасын айтып көз жасын көл ететін. Көңілге медеу тұтатын, өмірінің жалғасы болар соңында ұрпақ қалмағанын айтып, екі әпкесіне қосылып зар илейтін.

…Біздің қара шаңырақта сақтаулы тұрған орден-медальдар секілді наградаларын бешпетінің өңіріне тағып, майдангер-әкелер орталық алаңда өтетін Жеңіс шеруіне қарай аяңдап барады. Көзіме баяғының Алпамыс, Қобыландысындай көрінген батырлар бүгінде үйге келіп қонақ болса екен деп қала бердім. Олар қалың қазақты қынадай қырған ашаршылық пен күндіз-түні аңдыған жау оғынан аман шыққан соң, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтындай.

Қайдан, бірінен кейін бірі бақұлдасып, қоштасып кете барды мына жалғаннан.   Біздің ауылдың соңғы солдаты Сәулен көкемнің да мына жалғаннан өткеніне де бірнеше жылдың жүзі болды…

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.