- Advertisement -

Жастар жұмысы көп, жалақысы аз деп мал дәрігері болғысы келмейді

128

- Advertisement -

Мал өсіру – ежелден келе жатқан ата кәсібіміз. Ол – бүгінде ауылдықтардың негізгі күнкөрісі. Кейінгі кезде түрлі мал аурулары көбейіп кетті. Демек, ветеринария саласын дұрыс жолға қоймай, ел еңсесі көтерілмейді. Бұған жұрттың көзі Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдары анық жетті. Сол кездерде белең алған  аусыл және сарып аурулары ауылдықтарды үлкен әбігерге салды, елеулі шығын шектірді.  Қадағалау және сауықтыру жұмыстарының  нәтижелі жүргізілуіне байланысты бұл кеселдердің ошақтарын жоюға да қол жеткізілді. Оның үстіне біздің облысымыз  буферлік, яғни Қырғыз Республикасымен  шекаралық аймақта орналасқан. Мұның өзі облыстағы осы бағыттағы мамандарға  үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бұл мамандықтың басқаларға қарағанда біраз ерекшеліктері бар. Төрт түлікті емдеууақытпен санаспайтын тынымсыз еңбек пен аса жауапкершілікті талап етеді. Оның үстіне жалақысы аз болғандықтан бұл жұмысқа көп жастардың беттегісі келмейді. Осы салада республика бойынша  5000-нан астам ветеринар жетіспейді екенОблысымызда  ветеринария саласының жұмысын жандандыру, мамандарды тұрақтандыру   жолында қандай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда? Біз осы  сауалдарды Ауыл шаруашылығы министрлігі  Ветеринарлық  бақылау және қадағалау комитеті Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жандар Қоекеевке қойған едік.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі  Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы  жануарларды аурудан қорғау бойынша  бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады. Елді мекендердегі  халық денсаулығын жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғайды, ветеринариялық-санитариялық  қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Біздің жұмысымызда бірдейлендіру маңызды іс-шараның бірі болып табылады. Бірдейлендіру – жұқпалы ауруларға  жол бермеу және мал ұрлығының жолын кесу мақсатында қолға алынғаны белгілі. Қазір  барлық мүйізді ірі қара мен уақ малға құлақ жапсырмалары салынады. Жылқыларға чип енгізіледі. Атқарылған жұмыс толық компьютерлік базаға енгізіледі .

Ветеринария саласындағы эпизоотиялық  тұрақтылық облысымыздың  әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер беретін факторлардың бірі. Бізге қарасты  Тараз қалалық және аудандардағы ветеринария ұйымдары мемлекеттік тапсырыс бойынша  16 аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға  қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізеді. Бұған қоса 25 ауруға қарсы диагностикалық іс-шараларды жүргізуге сынамалар алып, ветеринариялық зертханаға жеткізеді. 2021 жылы эпизоотиялық іс-шараларға 2,4 миллиард теңге  және знзоотияға қарсы 250 миллион теңге қаржы бөлініп, бұл бағыттағы жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде.

Ветеринарлардың жұмысын жеңілдету үшін біраз шаруаларды қолға алыпсыздар

– Облыс бойынша Тараз және аудандар аумақтарында 11 ветеринарлық станса және 160 ветеринарлық пункт бар. Қазақ  Ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университеті тарапынан  ветеринариялық стансалар мен пункттерде қызмет атқаратын мамандарды заманауи емдеу, диагностикалау әдістерін оқу-үйрету семинарлары өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.Қолдан ұрықтандыру бойынша республикалық малды асылдандыру  орталығы «Асыл – Түлік» АҚ таяуда Құлан агротехникалық жоғары колледжі базасында  мамандарды оқытып,  оның қорытындысы бойынша 138 мал дәрігеріне қолдан ұрықтандыру технигі деген сертификат берді.

Бұл – жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың таралуын азайтуға септігін тигізеді. Өңірдегі асыл тұқымды малдың  басын арттыруға  ықпал етіп, кәсіпорынның ақылы қызметтен қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Мамандардың жұмысын жеңілдету және мал иелерінің уақытын үнемдеу мақсатында келешекте қашықта орналасқан елді мекендердегі ұсақ малды эктопаразиттерге қарсы шомылдыруға арналған автокөлікке тіркеме ретінде қолданатын жылжымалы тоғытпа, емдеуге арналған құрсау құрастырылуда.

– Таразда, облыс аумағында  қаңғыбас иттер мен мысықтар азаймай келеді…

– Олардың санын реттеу мақсатында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды ұйымдастыру іс-шараларының жоспары бекітіліп, оған сәйкес таяуда Тараз қаласы аумағында оларды гумандық жолмен (құрық, арнайы ілмек, тор) аулау үшін 10 бригада жасақталып, жұмыс істеді. Сондай-ақ қала тұрғындары арасында оларды ұстау бойынша ақпараттық ағарту жұмыстары өткізілді. Ветеринария басқармасының бастамасымен қала аумағынан тыс орналасқан аумақта ауланған иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орны ұйымдастырылып, ауланған жануарлар автокөлікпен тасымалдануда.

– Салада мамандарды тұрақтандыру  үшін  қандай  іс-шаралар қолға алынуда?

– Бүгінде облыста ветеринар болып істеп жүргендердің көпшілігі  зейнет жасына жақындап қалғандар. Жастар бейнеті көп, жалақысы аз,  жұмыс істеуге қолайлы жағдай аз жасалған салаға келгісі келмейді. Бүгінде облыс бойынша 11 ветеринариялық стансаның 8-і және 160 ветеринариялық пункттің 98-і  ғана қызметтік  ғимараттармен қамтылған. Мал дәрігерлерінің айлық жалақысы – 110 мың теңге. Басқа да шешімін таппай отырған өзекті мәселелер баршылық. Ветеринариялық стансалар мен пункттерге қызметтік «Нива» автокөліктері 2013 жылы берілген болатын. Олар таулы, құмды жерде жүретіндіктен әбден тозығы жеткен.

Сондықтан да, саланы заманауи үлгіге сай жаңғырту үшін арнайы құрал-саймандармен жабдықталған «УАЗ 3909» автокөліктерімен қамтамасыз етуге басқарма тарапынан облыстық бюджеттен қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім жолданды. Жас мамандарды тұрғын үймен қамту, бір реттік көтерме ақша төлеу жағы да қарастырылуда. Бұл бағыттағы ізденістеріміз нәтижесін беретініне сенімдіміз.

 

Әңгімелескен  Ақылжан Мамыт.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support