«Отыз жылдан бері ауылымызда бірде-бір нысан салынған жоқ» деп ашынады Жақсылық ауылының тұрғындары

19

Жақсылық ауылының қариялары көтерген мәселе аз емес. Бүгінге дейін шағымданып, арызданбаған жерлері қалмапты. Өкінішке орай олардың жан айқайына әзірге құлақ аса қойған билік, не жергілікті әкімдік жоқ.

 Төрт мыңға жуық тұрғыны, 340 отбасы тұратын ауылдың жағдайымен танысып, ауыл қарияларының уәжін тыңдап қайттық. Көкдөнен ауылдық округіне қарасты Жақсылық ауылы 1934 жылдан 1986 жылға дейін Тельман ауылы болып аталып келді. Кеңестер одағы тұсында бұл ауылдан үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан. Сол тұста колхоз басқарған Қойшыман Бектенбаевтың және ауыл халқының шешімімен ауылға Социалистік Еңбек Ері, жылқышы Жақсылық Қапалбаевтың есімі берілген. Содан бері де 35 жыл өтіпті.

Осы кісінің ұлы, ауыл қариясы Нұр Қапалбаев «30 жылдан бері ауылымызға бір нысан салынған жоқ. Өзге ауылдар тәуелсіздіктің игі ісін көріп жатқанда бізде не балабақша, не мәдениет үйі, спорт кешені, пошта мен өнер мектебі сынды бір ғимарат салынбапты. Әрине, түк істелінбеді деп айтудан да аулақпын. Өткен жылы ауылдағы алты көшенің бір-екеуіне асфальт жабынын төсеп берді. Жамбыл атындағы көшеге жарық тартты. Жаяу жүргінші жолын салды. Осымен болды. Биыл жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы. Осы датаға орай көше бойына ағаш отырғызылып, көгеріштендіруді де қолға алуға болар еді. Бірақ ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ», – деді ол.

Ауыл қарияларының іштері толып-ақ қалған екен. Ауылдың бар мәселесін жайып салды. Соның ішінде ауылдан шыққан елге белгілі кәсіпкер Азаматхан Әміртаев деген азамат келіп, туған ауылының орталығынан жабық спорт кешенін салып бермек болыпты. Қариялардың айтуынша, жергілікті әкімдік оған бір тілім жер бермей, ары-бері сандалтып қойған соң кетіп қалған. Бұдан бөлек, ауылға дәрігерлік амбулатория саламыз дегеніне екі жылдан асыпты. Әзірге ауылдағы медицина қызметкерлері, пошта мен кітапхана бір үйге жапсарлас салынған тар ғимаратта қысылысып-қымтырылысып отыр. Сонымен бірге Тау самалы көшесінің тұрғындары әлі күнге үйлерін заңдастыра алмай жүргені айтылды. Өйткені олардың тұрған жері бес бірдей шаруа қожалықтың еншісіндегі жер телімі болып шықты. Сондықтан үйлеріне не «көгілдір отынды», не жарықты заң аясында көшемен тартып ала алмай, келесі көшеден тартып күнелтуде. Ал «көгілдір отынды» осыдан 6-7 жыл бұрын ауыл халқы өз ортасынан ақша шығарып, ауылға кіргізіп алған.

– Бұл айтылған мәселелер негізгі мәселенің бер жағы ғана, – дейді ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов. – Осыдан бір жыл бұрын ауылдың сыртынан бір километр жерден қоқыс полигонын ашқан. Ол жерге бақылау болмағандықтан қоршауының қазықтары жұлынып, қоршауы желмен ұшып, далада шашылып жатыр. Қазіргі таңда ол шұңқыр ит-құс пен мал өлексесін тастайтын орынға айналған.

Ардагерлер кеңесі төрағасының бастауымен қоқыс полигонына бардық. Ауылдың оңтүстік-батыс бетінде орналасқан қоқыс алаңының айналасы расымен де шашылып жатыр. Оны қоршаған темір қоршауының темірлері құлап, бір тұстарының темірі майысып, түкке жарамсыз болып қалыпты. Желмен ұшқан қаңылтырлар  сол араға жақын, ауылдың көкпар тартатын атшабарында шашылып жатыр. Машинадан түскенде көзімізге бірден шалынғаны сай қабағында теңкиіп жатқан қызыл қойдың өлексесі болды. Оны бес-алты қадам жердегі шұқанаққа апарып итере салса да түгі кетпес еді-ау осылай «жарқыратып» тастамай.

– Осы өлекселерді түнде келіп ауыл иттері жейді. Олар құдықтан су ішеді, балалармен ойнайды. Бірден-бір ауру тарататын орынға айналды. Көкдөнен мен Жақсылық ауылының тұрғындары арам өлген ұсақ-түйек пен ірі қара малды осында тастайды. Көмбейді де. Ашық-шашық жатады. Ветеринарлар келіп өртеген болады. Болмаса көмеді. Кеше ғана жардың астында бірнеше малдың өлексесі жатқан еді. Біздің арызданғанымызды естіп көміп тастапты. Ал бүгінгісі мынау, – деп жар қабағында теңкиіп жатқан қойды көрсетті.

Жазды күндері осы арадағы мал өлекселерінің иісі таудан соққан желмен бірге ауылды алып кетеді екен. Қолқаны алған өлексе иісінен зәрезап болған ауыл тұрғындары бұл қоқыс полигоны жабылса дейді.

Шынында, қоқыс полигонының орны дұрыс таңдалмаған сияқты. Оны қариялар да айтып отыр. «Алатаудан сел жүрсе осы Сымтас сайының арнасымен ағып өтіп кететін. Қазір ол арнаны қазып, қоршап, мына полигонды салды. Ертең жазатайым сел жүре қалса тасқын су қайда барады? Ылдида отырған ауылды алып кетпей ме?» – дейді.

Ауыл тұрғындарының қорқатынындай-ақ бар. Жотадан қарағанда ауыл әлдеқайда төменде орналасқан. Яғни таудан сел жүре қалса, бірінші тосқауыл осы қоқыс полигоны, одан кейін сол арадан 200-300 метрде орналасқан кірпіш зауыты болғалы тұр. Кірпіш зауыты да 15 метрлік сай арнасының 10 метрін кірпіш қалдығымен бітеп тастап, бес метрлік арна қалдырып қойыпты.

– Осы қоқыс полигонымен қатар үш бірдей кірпіш зауыты жұмыс істеп тұр. Үшеуі де ауылдың батыс жағында, желдің өтінде орналасқан. Біреуі ауылдың іргесінде тұр. Олар жұмысын бастаған тұста жаңағы қоқыс полигонынан шыққан иіс пен зауыттың шаңы, ауылды көміп кетеді. Көмір иісіне адам тұншығады. Түтін шығатын мұржалары ешқандай талапқа сай келмейді. Биіктігі екі-үш метр ғана. Оларға тас жол салынбағандықтан жолдың шаңын аспанға көтеріп кетеді. Көкке көтерілген шаң ауылды басып қалады. Жуып сыртқа ілген киім-кешекті шаң, күйе тұтып қалады. Ауыр жүк көліктері топырақ жолдың сөбесін сөгіп, соқпағын қайыстырып тастаған. Жауын-шашынды күндері батпаққа батып, аударылып жатқан жүк көліктері де жоқ емес. Біз он жылдан бері жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің жұмысына қарсылығымыз жоқ. Бірақ өз тапсырыс берушілеріне арнап жол салып, оған шағал төсесе де болады ғой, – дейді Әнуарбек Тұрманбетов.

Ауылдың жағдайына қанығып шыққан соң Көкдөнен ауылдық округінің әкімдігіне соқтық. Ауыл әкімі еңбек демалысында болып шықты. Оның міндетін Сәбит Кенжеқара деген жігіт атқарып жүр екен. Сәбит Жақсылық ауылының проблемасымен жақсы таныс екенін айтты.

– Жақсылық ауылының тұрғындарының отыз жылдан бері ауылға ештеме жасалмады дегені шындыққа жанаспайды. Өткен жылы Жамбыл мен Ж.Әуелбеков көшелері жарықтандырылды. Соңғы көшеге 100 түп тал-дарақ отырғызып, жаяу жүргінші жолын салдық. Жақсылық көшесіне суағар орнатылып, 20 жыл тазаланбаған Сарыбұлақ каналы тазаланып, ауылға ағын су келді, – дейді ол.

Сәбиттің айтуынша, ауыл тұрғындарының санына байланысты ол жерден 15 орындық амбулатория салу жоспарланыпты. Құрылысы биыл басталып қалуы мүмкін дейді. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Жанна Нұрақова жерін рәсімдеп, ауыл орталығынан 100 орындық балабақша салмақ. Ал Таусамал көшесіндегі біраз үй расымен де 5 шаруа қожалықтың жерінде орналасыпты. Олардың үшеуі жерін тұрғын үй салу мақсатына беруге келісімін берсе, екеуі келіспей отырған көрінеді. Ауылдастарына жаны ашымаған қожалық жетекшілерінің ол ісін әкімдіктегілер де түсінбей әлек. Ал полигон мәселесі бұлардың да бас ауруына айналыпты.

– Бұл қоқыс полигонының орны былтыр сол ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Бохан Әсемқұлов және Қоғамдық кеңес мүшелері рұқсат бергеннен кейін жасалған еді. Артынша халық наразы болып, үстімізден арызды бұрқыратты. Біз құжаттарын ауданға өткізіп қойғанбыз. Әлі өз теңгерімімізге алғанымыз жоқ. Оның үстіне қоршаулары қолды болып, қадалары ұрланған. Оның бәрін орнына қоймай біз ол қоқыс алаңын қабылдай алмаймыз. Айдаладан ол шұқанаққа малды ешкім әкеліп тастамайды ғой. Кеше ғана бар малды барып көмгенбіз. Бүгін барсақ, тағы бір қой жатыр теңкиіп, ветеринарлар сырғасын жазып алып кетті. Мал егесін тауып шара қолданамыз. Қазір ол қоқыс алаңын жабу туралы мәселемен экологиялық департамент пен ветеринария мамандары айналысуда, – деді.

Әкімнің міндетін атқарып отырған Сәбит Кенжеқара өзінің соңғы шешім қабылдай алмайтынын жауабымен аңғартқандай еді.

Осы мәселемен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоршаған ортаны реттеу және бақылау комитетінің облыстық экология бөлімінің инспекторы Амангелді Жаңабековті сөзге тартып едік. «Бізге де ауыл тұрғындарынан қоқыс полигонын жабу туралы арыз түскен. Ол араны барып, жағдайымен жан-жақты таныстық. Қазіргі таңда заң шеңберінде қарастырып жатырмыз. Нақты шешім біраз күнде шығып қалар», – дейді ол.

 

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Шешім шыққанша ауыл халқының күте тұруына тура келеді. Бұл мәселемен аудан әкімдігіне хабарласып, нақты мәлімет ала алмадық. Бар болғаны «бұл мәселе жуық арада шешімін табады» дейді ондағылар.   Таудан түсетін сайдың жолына қоқыс алаңын салып, әкімдік білместік танытқан сияқты. Өйткені ертең сел жүре қалса, қызыл су қоқыс алаңын бұзып өткенімен, ондағы күл-қоқысты кері лықсыған су ылдида отырған ауылға апарып тығары айдан анық. Сол кезде не болады? Ойлауға қорқынышты… Осы қауіпті ескермеген әкімдіктің жұмысына не айтуға болады? «Сақтансаң сақтаймын» деген қағиданы ұмыт қалдырған биліктің бұл өрескел қателігі ескерусіз қалмауы керек. 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.