Әлеумет

Құрбан шалу бақуатты кісіге міндет

Құрбан шалу бақуатты кісіге міндет

1. Құрбан шалу кімге уәжіп? Бір отбасыға бір құрбандық жете ме? Ханафи мәзһабы бойынша төмендегі талаптарға сай әр адамның құрбандық шалуы уәжіп: Құрбандық шалатын адам мұсылман болу керек; Тұрғылықты адам болу керек, яғни, жолаушы болмау керек; Ақыл-есі дұрыс болу керек; Балиғатқа толған болу керек; Бақуатты болу керек; Бақуатты болу деген – күнделікті қажетті нәрселерге жұмсайтын қаражаттан тыс нисап мөлшерінде қаржысы болу керек. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соған тең келетін мал-мүлік, ақша-қаражат. Демек, бір отбасындағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы бар ұл-қыздар мен өзінің жеке байлығы бар әйел де өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің, отағасының шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді. Бірақ өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіні туралы риуаят бар. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді: «Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у.) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр! Уа, Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан» деді» дейді. 2. Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға бола ма? Шариғатта тұрмысы төмен кісілерге құрбандық шалу міндеттелмейді. «Қарызданып-қауғаланып болса да, құрбандық шалсын» деген үкім жоқ. Дегенмен, сауап үшін қарызға ақша алып құрбандық шалатын болса, еш ағаттығы жоқ. 3. Құрбандыққа соятын малды сатып аларда саудаласуға бола ма? Құрбандыққа мал сатып алғанда саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – құрбандыққа жарамды мал сою. Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен, сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер іздеуге әркімнің хақы бар. 4. Құрбандыққа қандай мал жарамды? Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде 1 жасар, сиыр 2 жасар, түйе 5 жасар болуы керек. 6-7 айлық кепе қозы 1 жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» деген. Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қияс (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар: Бір көзі соқыр мал; Сойылатын жерге жете алмайтындай әлсіз, көтерем мал; Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген мал; Тістерінің көбі түсіп қалған мал; Емшектерінің басы жұлынып қалған мал; Бір мүйізі немес екеуі де түбінен сынған мал. Сатып алғаннан кейін осы кемшіліктердің бірі пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті, құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар. 5. Құрбандыққа атаған мал жоғалып кетсе, не істеуге болады? Арнайы құрбан үшін атаған малы өліп қалса немесе жоғалып кетсе, мал иесінің жағдайына қарай үкім бар: мал иесінің жағдайы төмен болса, орнына басқасын шалуына міндетті емес. Ал бақуатты болса, орнына басқа мал шалуы шарт. 6. Құрбан малының қай ағзасын жеуге болмайды? Жалпы, малдың мына ағзалары желінбейді: аққан қаны, аталық-аналық мүшелері, дорба бездері, қуығы, өті. Өйткені, Алла тағала Құранда: «Жақсы нәрселерді олар үшін адал етіп, жек көрінішті жаман нәрселерді харам етті» («Ағраф» сүресі, 157 аят) деп, таза азықпен азықтануды білдіріп тұр. Ал жоғарыда аты аталған ағзалар – жалпы алғанда, адам табиғаты ұнамсыз санайтын нәрселер. Сондықтан оларды жеу – харам. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) келген мүрсәл бір хадисте: «Алла елшісі қойдың мына ағзаларын (харамға жақын) мәкрүһ санайтын: аталық-аналық мүшелерін, дорбасын, бездерін, өтін, қуығын, қанын» делінген. 7. Құрбандыққа шалынған малдың терісін сатуға бола ма? Құрбандыққа шалынған малдың терісін садақа етіп берген абзал. Өңдеп, үй қажеттілігіне қолданса да болады. Себебі, етін жеуге рұқсат етілген малдың, терісін қолдануға да рұқсат. Оның үстіне Айша анамыз құрбанға шалынған малдың терісінен мүтара – су құятын ыдыс жасап қолданғаны туралы деректер бар. Бірақ оны (құрбан терісін) ақшаға сату – мәкрүһ. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім құрбанының терісін сатса, шалған құрбаны жоққа есеп» деп, теріні сатпауды баса айтқан. Дегенмен, түскен ақшаны садақа ету мақсатында теріні сатуға да болады. 8. Ақшалай садақа беру құрбандық болып есептеле ме? Құрбан шалудың шарты – малды бауыздап, қан ағызуда. Бұл деген – құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сою керек деген сөз. Малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа құрбан шалуға міндетті болған бақуатты кісілерге арналған. Ал сауап алғысы келген тұрмысы нашар кісінің өз ықтиярында. Дегенмен, жылына бір рет келетін Құрбан айт мейрамында садақа етіп бергеннен гөрі, құрбандық шалғаны дұрыс. Өйткені, құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатыны хадистерде айтылған. 9. Құрбандықты уақтында шала алмаса, не істеу керек? Құрбандық шалу ниетімен сатып алынған малды уақтысында соя алмаған тұрмысы төмен кісі ол малды тірідей садақа етіп береді. Ал бай-бақуатты кісі малдың құнын ақшалай кедей-кепшікке таратуы тиіс. Сондай-ақ, құрбандық ниетімен сатып алған малы өліп қалса, тұрмысы төмен кісі басқа мал сатып алып, құрбандық шалуға міндетті емес. Бақуатты кісіге – міндет.

Әбдісамат ҚАСЫМ.