Облыстық кәсіпкерлер палатасы неге «ұйықтап» жүр?

198

Өңірде бизнес саласын дамытудың тетіктері көп. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылатын несие, субсидиялар мен гранттар бар және кәсіпкерлерді қолдауға негізделген арнайы мекемелер мен қаржылық ұйымдар жұмыс істейді.

Кәсіпкерлер осы мүмкіндіктерді оңды пайдалана алып жатыр ма? Бизнестің алға басуына қандай кедергілер бар? Ағымдағы аптада өткен аппараттық жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселені қозғап, біздің өңірге мемлекеттік бағдарламалар арқылы бірінші тоқсанда 12,9 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп екенін тілге тиек етті. Бүгінде өңірде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 23 пайыз, республика бойынша 30 пайыз. Бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Сол себепті Бердібек Машбекұлы халықаралық қаржылық ұйымдармен, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам банкі, өзіміздің банктермен жұмысты ширату қажеттігін атап өтті.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 1,8 триллион теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба енгізілгенін, бұл жобалар аясында 8000- ға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарланғанын жеткізді. Бұған дейін жалпы сомасы 14,8 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 596 тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Оның ішінде, «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Фармацевтикалық зауыт құрылысы» инновациялық жобасы да бар.

Биыл бағдарлама аясында жалпы құны 435 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылып, 2909 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде екі жоба республикалық, 9 жоба облыстық индустрияландыру картаға енгізіліпті. Бүгінгі күнге аталған жобалар «Бизнестің жол картасы-2025» және «Индустриалды- инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие болды. Мәселен, «Golden compass capital» АҚ-ға инфрақұрылым жүргізу үшін 748,3 миллион теңге бөлінсе, «Дәмді себет» серіктестігіне Индустрияландыру картасы аясында 0,5 гектар, «Жабатаева Л.К» жеке кәсіпкерлігіне 3 гектар, «BESTYARD» ЖШС-на 3,8 гектар жер учаскесі берілген.

«Бүгінгі күні аудандар тарапынан жобалар ұсыну мүлдем жоқ», – деп уәжін алға тартқан Аспандияр Сейсебаев индустрияландыру картасы аясында іске асқан жобалар бойынша аудан әкімдіктері әлі күнге дейін модернизациялау және өнім көлемін арттыру, кәсіпорынды одан әрі дамыту жөнінен нақты ұсыныстар бермегеніне тоқталды.

Облыста кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуге «Бизне стің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы 6,5 миллиард теңге қарастырылған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 5 е сеге көп сома. Оның ішінде, «Пайыздық ставкаларды субсидиялау» тетігі бойынша 4 657,2, «Банк несиелері бойынша кепілдік беру» – 1 842,6, «Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылым жүргізу» бойынша республикалық бюджеттен – 2 871,6, жергілікті бюджеттен – 213,4, «Мемлекеттік гранттар» – 21,0 миллион теңге. Қазіргі таңда 2,6 миллиард теңге игерілген.

Осы тетіктер арқылы қолдау тауып, жүзеге асатын барлық жобалар бойынша 1200 тұрақты және құрылыс кезінде 2500 жұмыс орындары ашылып, облыстың өнеркәсіп саласының өндірісі 7,3 пайызға артуы күтілуде. Жылдық салық түсімі 3,2 миллиард теңгені құрамақ.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков басқарма басшысынан аталмыш мемлекеттік бағдарламалар бойынша жоспарланған жобалардың орындалмай қалғандары туралы және бизнеске берілетін қайтарымсыз гранттардан үміткерлердің кәсіпкерлік мәдениетін көтеру, оларды шағын және орта бизнеске дайындау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. А.Сейсебаев өз кезегінде бағдарлама аясында межеленген жобалар екі апта сайын зерделеніп отыратындығын атап өтті.

Ал екінші сұрақ бойынша, басқарма басшысы мемлекеттік гранттардың тиімсіздігін мәлімдеді. «2019 жылдың қорытындысы бойынша 167 гранттың 67-сі ғана іске асырылған. Яғни 14 пайыздан аспайды. Мемлекет қаржысы мақсатсыз жұмсалуда. Сот шешімімен 13 жобаға берілген 33 миллион теңгені қайтардық. Қазір 17 жобаны қайтару үшін сотқа шағымдандық. 81 жобаны сотпен мәжбүрлеп қайтаратын боламыз» – деген ол, гранттардың тиімсіздігі туралы аймақ басшысына қызметтік хат жолдағанын жасырмады.

Жиында Бердібек Машбекұлы жаңа, заманауи бизнес-жобалардың тапшылығы, халықаралық банктермен жұмыстың өз дәрежесінде атқарылмай жатқандығы, субсидия көлемінің аздығы, индустриалды аймақ, арнайы экономикалық аймақтың жұмысын дөңгелету, инвестициялық жобаларды көбейту мәселелеріне тоқталып, орынбасары Алмас Мәдиевке нақты т апсырма лар берді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге жер беру жайы сөз болды. Бизнеске ыңғайлы бос жерлер, олардың инфрақұрылымы туралы ақпараттар қамтылатын геопорталды іске қосу жұмысы баяу жүріп жатқаны сынға ілініп, облыс әкімі бұл мәселені қадағалау міндеттелген орынбасары Ұлан Жазылбектің жауабы қанағаттанбағанын аңғартты.

Соңғы кездері облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының да жұмысы көрінбей қалғанына тоқталған Бердібек Машбекұлы «Атамекен» ұйықтап жүр. Не үшін жалақы алады, не үшін құрылды егер кәсіпкерлерді қолдамаса, олардың жағдайын білмесе, шешілмей жатқан мәселелерін басшылықтың алдына қоймаса? Бір жыл ішінде палатадан бір де бір ұсыныс болған жоқ», – деп баса айтты.

Осылайша, бизнес саласын ілгері жылжытудың әрбір тетігі қамтылған бұл жиында нақты міндеттемелер жүктеліп, жоспарлар түгел пысықталды.

«Асарлатып үй салу» жобасы қарқынын жоғалтпауы тиіс

Аппараттық кеңесте қаралған екінші мәселе – ағайын-жұрттың қарайласуымен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен біраз отбасын баспаналы болу бақытына жеткізген жоба төңірегінде болды. Былтыр Байзақ ауданынан бастау алған «Асарлатып үй салу» жобасы ойдағыдай жүзеге асқаны мәлім. Биыл да бұл игілікті іс жалғасын тауып, 126 отбасының құрылысына көмек көрсету көзделген. Яғни 90 жаңа құрылыс, 27 қайта құру және 9-ы сатып алу арқылы. Дегенмен өңір басшысы қазіргі таңда өз орынбасарлары мен аудан әкімдерінің бақылауға бейжай қарауы салдарынан жұмыс көңілдегідей болмай тұрғанын жеткізді.

Әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға қолұшын созуға негізделген аталмыш жобаның «рухани» маңызы жоғары. Түпкілікті мақс аты – халықты жанашырлық пен бірлікке жұмылдырып, өскелең ұрпаққа үлгі- өнеге көрсету болатын.

Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың мәліметінше, 2020 жылы 99 тұрғын үй мұқтаж азаматтарға тапсырылса, 21 үйдің жұмыстары биылға өтпелі болған көрінеді. Ағымдағы жылы бірінші тоқсан қорытындысымен Қордай ауданында 5 үй, Т.Рысқұлов ауданында 1 үй табысталып, 27 үйдің құрылысы жүріп жатыр екен. Алайда жыл басынан бері 4 ай өткеніне қарамастан, 93 үйдің құрылысы, жөндеу жұмыстары басталмапты. Атап айтсақ, Тараз қаласында – 9, Жуалы ауданында – 14, Меркіде – 11, Т.Рысқұловта – 9, Сарысуда – 8, Таласта – 8, Мойынқұмда – 8, Байзақта – 5, Қордайда – 5, Жамбыл ауданында – 1 үй.

Халықты игі іске жұмылдырып, жобаның сәтті жүзеге асуына мешіт имамдарының үлесі зор көрінеді. Мәселен, өткен жылы көрсетілген көмектің 50 пайызы имамдардың белсенді қатысуымен орындалған.

Жиында жобаға бизнес-ортадан бөлек, жастар қозғалыстарын, қоғамдық ұйымдарды, волонтерлерді кеңінен тарту, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарын кеңінен пайдалану қажеттігі сөз болды.

Жоба аясындағы жұмыстары мардымсыз орындалып жатқан Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерінен онлайн-байланыс арқылы жауап алынды.

«Бұл жұмыстың мән-мағынасын жақсы білесіздер. Әсіресе мынандай аумалы-төкпелі заманда біз халықты біріктіруіміз керек. Ол үшін әрбір елді мекеннен зиялы қауымды, қоғамдық ұйымдарды, еріктілерді, имамдарды тарту қажет. Әкімдер құрылыс материалдарын шығаратын зауыттармен келісіп, арзандатылған бағада материалдармен қамтамасыз етсін. «Болмайды», «жоқ» деген сөз айтылмауы керек. Жақсы басшы көзін табады. Жолын таба алмаған адам басшы емес. Себеп-сылтау іздемей, жолын іздеп, тезірек ұйымдастырыңыздар», – деп Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылады.

Comments are closed.