Су мәселесі шешілсе, егіс көлемі де артады

31

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың Меркі ауданындағы жұмыс сапары Сарымолдаев ауылындағы «Алкопищепром» зауытының жұмысымен танысудан басталды. 2015 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған зауытты серіктестік таяуда қайта іске қоспақ ниетте. Серіктестік директоры Рысбек Шөкеновтың айтуынша, зауыт спирт пен спирттік ішімдіктің 35-тен астам түрін шығарады.

Оның қондырғыларын зауыт Ресей, Германия, Түркия, Болгария мен Италия мемлекеттерінен алдырған. Онда бес линия жұмыс атқарады. Тəулігіне əр линиядан 5-5,5 мың бөтелке спирттік өнім шығарылады. Бұл цехты серіктестік бір-екі айда іске қоспақ. Одан кейін көкөніс жəне жеміс-жидек цехын жұмыс істетпек. Бұл цех іске қосылғанда сағатына үш тонна көкөніс консервіленбек. Сондай-ақ зауыт алда жобалық құны 210 миллион теңгені құрайтын минералды су шығаратын желіні орналастырып іске қосуды жоспарлауда.

Зауыт басшысы облыс əкімінен өнім шығаруға лицензия алуға көмек беруін сұрады.

– Барлық құрал-жабдықтарыңды дайындап қойыпсыңдар. Мұндай зауыттың тоқтап тұрғаны қазіргі уақытта жарамайды. Зауытты тез іске қосу керек. Лицензия алуға, зауыттың жұмыс істеп кетуіне біздің тараптан қолдау болады, – деді Бердібек Машбекұлы.

Аудан əкімі Руслан Нұрсипатов бұл зауыттың іске қосылуына əкімдік тарапынан да қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

Бұдан кейін облыс əкімі осы елді мекенде орналасқан Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту жəне бейімдеу орталығында болды. Мекеме басшысы Клара Рақаева спорт залды күрделі жөндеуден өткізіп беру туралы өтініш жасады. Оның күрделі жөндеу жұмысына 50 миллион теңге қажет екен.

Сондай-ақ осы ауылдағы О.Кәрбозов көшесіндегі жол жөндеу жұмысының барысымен танысты. Ұзындығы 1,850 километр жолды жөндеуге 44,9 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Меркі жолдары» ЖШС жүргізуде.

Облыс əкімі «Жылыбұлақ Меркі» ЖШС- ның егіс алқабымен де танысты. Қожалық биыл бидайды – 1870, арпаны – 1200, қант қызылшасын – 130, жоңышқаны 150 гектарға орналастырған. Мал басы, атап айтсақ, қой – 21609, жылқы – 488, мүйізді ірі қара – 189, түйе 63 басқа жеткен. Ал техникадан 6 трактор, бірнеше комбайн жəне жүк көліктерімен қатар барлық ауыл шаруашылығы тіркемелері қожалықтың шаруасына жарап тұр екен. Сондай- ақ егіс алқаптарына жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатқан. Серіктестік 123 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Егіс алабына көп шаруа қожалығы 4-5-ші сортты тұқым себеді. Ол ешқандай өнім бермейді. Сол үшін жоғары сортты тұқым сепсе жəне тыңайтқыш бергенде ғана өнім болады, – деді облыс əкімі.

Шаруашылық жетекшісі Амангелді Əбетаев тұқымды жаңартқанымен тыңайтқышты уақтылы ала алмай қалғанын айтты. Сонымен қатар қымыз бен шұбатқа сұраныс болғандықтан сүт өнімдерін қолға алғалы отырғанын жеткізді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып өңір басшысына ағын судан тапшылық көріп отырғанын да сөз етті.

Ойтал ауылындағы «Трансфер» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Бондаренконың айтуынша, өткен жылы шаруашылық 4 шаруашылықпен бірлесіп 200 гектар қант қызылшасы алқабына жаңбырлатып суару технологиясын енгізген. Одан 14 мың тонна өнімін жинап, гектарына 700 центнерден өнім жинапты. Биыл қожалық егіс көлемін 250 гектар алқапқа ұлғайтыпты.

Шаруашылықта қант қызылшасын жинайтын 3 комбайн, 3 қант қызылшасының дәнін сепкіш, 6 трактор жəне 25 басқа да ауыл шаруашылығы тіркемелері жұмыс істеп тұр. Шаруашылық жетекшісі «Бізге су болса болды. Су мəселесін шешіп берсеңіз, егіс көлемін арттыруға шаруалар мүдделі», – дейді.

– Су мəселесін шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда суға байланысты екі елдің жауапты министрліктері кездесіп, келіссөз жүргізді. Жылда осындай келіссөздер жүргізіліп келсе де көршіміз суды тиісті деңгейден төмен жібереді. Көрші елдің суына деген тəуелділіктен арылу үшін су қоймасын салмақ ниеттеміз. Бұл біздің бақылауда», – деді Бердібек Машбекұлы.

Сонымен қатар облыс əкімі «Биыл жерде ылғал көп, дəнді-дақылды көп себу керек. Халықты азық-түлікпен қамтуда шаруа қожалықтарының қосар үлесі мол. Асыраушы салаға əрдайым көңіл өз деңгейінде бөлінетін болады», – дей келіп, шаруаларды азық-түлік қорын жасауға шақырды.

Бұдан кейін Андас батыр ауылындағы «Равшан» шаруа қожалығының алма бағын көрді. Шаруа қожалық жетекшісі Ахметжан Бадаловтың айтуынша, үдемелі бақ 6 гектар алқапқа отырғызылған. Өткен жылы қожалық оның əр гектарынан 62 тонна өнім жинапты. Қожалық бес адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ондағы суару технологиясы қарапайым. Тамшылатып суару жүйесін енгізген қожалық оған электр энергиясын да, қол күшін де пайдаланып отырған жоқ. Су өз ағысымен келіп алқапты тамшылатып ылғалдандыруда.

Өткен жылы қожалық алманың əр килограмын 180 теңгеден Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларына өткерген.

Келесі кезекте облыс əкімі Гранитогорск ауылында «Bester Yard» ЖШС балық өсіру жəне балық өнімдерін өңдеу жобасымен танысты. Құрылыс учаске басшысы Сергей Енкиннің айтуынша, жобаның құны 250 миллион теңгені құрайды. Жылына 200 тонна балық өндіру жоспарланған. Жоба келесі жылы іске қосылады. Сол кезде жаңа 45 жұмыс орны ашылмақ.

Сондай-ақ облыс əкімі осы елді мекенде жоспарланған «Аспара» су қоймасының да жобасымен танысты. Оның сыйымдылығы 50 миллион текшеметрді құрайды. Онымен 15 мың гектар алқап ылғалдандырылады деп жоспарлануда.

Бердібек Машбекұлы сапар соңында Меркі ауылындағы жабық спорт кешені мен «Үміт» оқушылар сарайында болды. Жалпы жобалық құны 529 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізуде. Мердігер оны шілде айында тапсыратындығын айтты.

Облыс əкімі құрылыс жұмыстарының сапалы аяқталуын бақылауды аудан əкімі Руслан Нұрсипатовқа тапсырды.

Марат Құлибаев

Меркі ауданы.

Comments are closed.