- Advertisement -

Жаңа әліпби – жаңару жолы

156

- Advertisement -

Латын негізді әліпбиге көшу – тәуелсіздік алғалы бері сөз болып келе жатқан ең өзекті мәселелердің бірі. Жалпы латын графикасына көшудің көптеген қажеттілігі туралы тізбектеп айтуға болады. Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі қолданыстағы елуден астам әліпбидің ішінде бірінші орынды латын әліпбиі алады. Оны дүние жүзі халқының 36 пайызы қолданатындығы белгілі. Қарапайым мысал ретінде қарасақ, қытай жазуының қолданысы 17 пайыз, араб тілінің қолданысы 11 пайыз екен. Ал, статистикалық мәлімет кирилл жазуының қолданысы 4,5 пайыз ғана екендігін көрсетіп отыр. Бүгінгі күні латын жазуының технологиялық аспектідегі басымдылығы күмән туғызбайды. Тіпті, көпғасырлық тарихы бар Қытай мен Үндістан да латын жазуын белсенді пайдалануға мәжбүр. Ол технологиялық және экономикалық аспектілерді дамыту үшін аса қажет. Араб әлемінің өзі  құжаттарды, қаржылық операцияларды ресімдеуде өз жазуымен қатар латын графикасын қолдануда. Бұл  бүкіл әлемдік жүйе негізінен латын әліпбиінде екендігін байқатады. Тіпті ұшаққа билет сатып алсаңыз, әуе билеті де латын қарпінде жазылады. Оған көзіміз үйренді. Компьютердің кез келген тетігі, пошта, банк, ғылым, стандарттау жүйелері де латын қарпінде белгіленген. Халықаралық метерологиялық ұйым, халықаралық валюта қоры, халықаралық денсаулық сақтау ұйымы тағы да басқа маңызды ұйымдарда да  латын әліпбиі қолданыста. Дамыған мемлекеттерге зер салсақ, барлығы латын әліпбиін қолданады. Сондықтан, латын әліпбиі арқылы халықаралық қауымдастыққа, жаһандану мен дамуға жақындай түсеміз.

Латын әліпбиіне көшу ең алдымен біздің қазіргі жаһандану жағдайында әлеммен графикалық тұрғыдан үндесуімізге мүмкіндік береді. Осы әліпби шетелдердегі қазақ қандастарымыздың да басын біріктіретін құрал болары сөзсіз. Түркі тілдес халықтармен бірігуге септігін тигізеді. Технологиялық тұрғыдан да ықпалдасуға берер пайдасы мол. Ең бастысы рухани тәуелділіктен азат боламыз.

Әліпби ауыстырудың  ұлттық тіл үшін ұтымды тұстары өте көп. Алдымен филологтар айтып жүрген артықшылықтарына тоқтала кетсек. Бірінші айтарымыз, тіл тазалығы. Жаңа әліпбиді қабылдау арқылы біз тіліміздегі басы артық таңбалардан арылып, ұлттық әліпбиімізге қол жеткіземіз. Қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып,  сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтаймыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытуда артық таңбаларға қатысты емле ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Төртіншіден, түбі бір түркі әлемі негізінен осы графиканы қолданады. Біз оларға рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынас тұрғысынан жақындай түсеміз. Сондықтан біздің мақсат – латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін қабылдаудың қаншалықты қажет екенін халыққа жете түсіндіру.

Тәуелсіз елдің тәуелсіз әліпбиін қабылдау арқылы қазақтың әуезді, қоңыр үнін қайтаратын боламыз. Жаңа әліпбимен бірге қабылданатын жаңа емле ереже қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне, заңдылығына сүйеніп жасалған. Қолданыстағы ережеде кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясына сәйкестендіріп айтып, жазатынбыз. Мысалы, о деп жазып, оқығанда а деп оқитынбыз. Жаңа емле ереже қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалғандықтан, орыс әріптері кездесетін дыбыстарды қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтамыз. Мысалы, «Пульт» «пүлт», «дубль» «дүбл», «бульдог» «бүлдөг», «алоэ» «алой», «режиссер» «режисөр», «менеджер» «менежер», «қоян» «қойан», «қию» «қиу»  болады.

Латынға көшу – бізге жаңалық емес. Қазақ жазуының тарихынан белгілі 1928-1940 жылдары латын әліпбиінде болдық. Ендеше, алдағы уақытта жаңа әліпби бекітіліп, қолданысқа енгізілген соң кирилл әліпбиінде болған кезеңдегі тарих пен әдебиет, жалпы басылып шыққан еңбектер жарамсыз болып қалады деп күмәнданудың қажеті жоқ. Себебі, қазіргі таңда цифрландыру үрдісі қарқынды түрде қолға алынып жатыр, технологияның мүмкіндігі жоғары. «Attila group» интернет компаниясының өкілі Біләл Қуаныштың айтуынша, жаңа әліпбидің ең үлкен артықшылығы – мемлекеттік тіліміз ендігі кезекте ғылым мен білімге, компьютер мен интернетке тіпті де оңтайлана түседі.

Көп жылдардан бері тәжірибеден өткен осы конвертер жүйесі ендігі кезекте мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиін халық арасында өте ыңғайлы, қолжетімді тұрғыда насихаттап, тез қолданысқа енуіне айрықша қызмет етпек.

Ұялы телефон пайдаланатын кез келген қазақстандық, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен баспа орындары осы жүйе арқылы жаңа латын әліпбиін ешқандай қиындықсыз қабылдауға мүмкіндік бар. Мысалы, кирилл әліпбиімен оқыған болсаңыз осы конвертер жүйесін компьютеріңізге немесе ұялы телефоныңызға орнату арқылы кез келген уақытта мәтінді жаңа әліпби нұсқасына аудара аласыз. Демек, жаңа латын әліпбиін қысқа уақыттың ішінде бүкіл халықтың, оның ішінде жастардың қабылдауына қолайлы мүмкіндік тумақ. Қазірдің өзінде жастар ғаламтор желісінде бір-бірімен латын қарпінде тілдесуде. Жаңа әліпбиді игеру жалпы қиын болады деген қорқыныштың еш қажеті жоқ. Әліпбиді үйрену қиындық тудырмайды, үйрету және оны оқыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Әліпби мен оның емле ережелері бекітілгеннен кейінгі үлкен жұмыс – осы әліпбиді халыққа үйрететін оқытушыларды дайындау. Президент әліпби нұсқасын ресми түрде бекіткеннен кейін ең бірінші, оқытушылар даярланады. Яғни латын әліпбиін үйрететін оқытушыларды даярлау үшін, республика көлемінде оқыту курстары жүреді. Ол курстың арнайы бағдарламасы мен оқыту құралы  дайындалып жатқаны туралы айтылып жүр. Курсқа қатысушылар жаңа әліпби құрамы мен латын әліпбиіне негізделген емле ережелерін толықтай меңгереді. Осы курсты оқып шыққан оқытушылар өз өңірлерінде латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін болады. Бұл іс-шараны Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Тіл-Қазына» орталығы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы», «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы» сияқты ғылыми-әдістемелік мекемелер жүзеге асырады.

Әліпби және оның емле ережелерін үйрету курстары онлайн форматта да ұйымдастырылады. Осындай форматтағы оқу құралдары дайындалады және латын әліпбиін үйретуге арналған оқу құралдарын кез келген тұрғын  пайдаланып, курсқа қатыспай-ақ өз еркімен үйрене алады. Оқу құралдарының барлығы электронды форматта, арнайы сайттарда жарияланады. Латын әліпбиін үйретуге бағытталған нұсқаулықтар, кітапшалар балаларға, егде жастағы адамдарға немесе сала мамандарына лайықталып жасалмақ. Сонымен бірге смартфондарға арналған мобильді қосымшалар да дайындалады. Мобильді қосымшаға енгізілетін мәтіндер, тапсырмалар, емле ережелеріне қатысты түсіндірмелерді орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары, мамандар даярлайды. Мамандар әзірлеген мәтінді немесе тапсырмалар топтамасын ІТ мамандары мобильді қосымшаға енгізеді.

Елімізде жаңа әліпбиге көшу 2025 жылға дейін қарастырылған. «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру» жоспарына сәйкес жаңа әліпбиге көшу кезеңдері мынадай: 2021 жылы жаңа әліпби және оның емле ережелер жобасы бекітілгеннен кейін, жұртшылықты жаппай оқыту кезеңі басталады. Сондай-ақ, латын графикасы негізіндегі жаңа құралдар, нұсқаулықтар, анықтамалықтар шығатын болады. Яғни, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар, және т.б. 2022-2023 жылдары жаңа әліпбимен оқу құралдары әзірленіп, 1 сыныпқа баратын оқушылар жаңа әліпбимен мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының паспорттары мен жеке куәліктері және басқа да құжаттар латын графикасы негізінде берілуі көзделіп отыр. 2025 жылы Мемлекеттік БАҚ-ты және баспа басылымдарын жаппай латын графикасына көшіру жұмыстары басталуы жоспарланған. Әлбетте, әліпби мерзімінен кеш бекітілуіне орай жоспарда белгіленген мерзімдер бойынша өзгерістер болуы мүмкін.

Әліпби ауыстыруда маңызды мәселелердің бірі – бұл әріптерді пернетақтаға орналастыру. Бізде пернетақта мәселесіне жауап беретін Ұлттық комиссия жанынан Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жұмыс тобы деп аталатын арнайы жұмыс тобы құрылып, жан-жақты дайындықтар жасалып жатыр. Жаңа пернетақта үлгілері жұртшылықтың  назарына әліпби қолданысқа енгізілген соң ұсынылатын болады.

Ендігі мәселе тілдік ерекшелігімізді, әуезділігін жоғалтпайтын нұсқаны жетілдіре отырып, қабылдау. Бұл жерде, әсіресе тіл мамандары аянып қалмауы тиіс. Себебі, тарих қателікті кешірмейді. Ахмет Байтұрсынұлының: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөзін айтар сәт те осы кез. Тағы да Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне оралсақ, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Ендеше тілдік ерекшелігімізді сақтап қалу үшін бүгін немқұрайлылық танытпауға тиіспіз!

 

Мөлдір Ахметова,

облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support