Домбыраның күмбірі

51

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпазы Рауан Жексенбімен «Күмбірлеген домбыраның сазды үні» атты онлайн күй кеші өтті.

Кеште Рауан Жексенбі өнерге алғаш әкесі 7 жасында әкелгенін, түрлі байқауларға қатысқанын, соның ішінде ерекше есінде қалғаны Каспийдің жағалауынадағы өткен байқау мен Армения астанасы Ереван қаласында қазақтың күйін әуелеткені екенін үлкен мақтанышпен жеткізді.

Бүгінгі таңда ұстаздық қызмет атқарып,  10 шәкірт тәрбиелеп, балаларды түрлі аудандық, облыстық байқауларға апарып жүргенін, мектеп бағдарламасына домбыра сабағы пән болып еңгені – келешекке құйған үлкен мәдени инвестиция екенін атап өтті.

Сонымен бірге Дина Нұрпейісованың «Он алтыншы жыл», «Науайы», зағип қызды жігерлендіруге арналған «Бұлбұл», ұзатылғаннан кейін әкесін сағынғанда шығарған «Қарақасқа ат», Құрманғазының, Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін нақышына келтіріп орындап, әр күйдің тарихын айтып берді.

Оқырмандардың сауалдарына жауап беріп, Ахмет Жұбанов, Қаршыға Ахмедияровтың өнерге арналған кітаптарын үнемі оқып, күйшілердің өмір жолын оқушыларына баяндап отыратын айтты. Кешті Дина Нұрпейісованың «Науайы» күйімен аяқтады.

Comments are closed.