Қордай оқиғасына қатысты сот үкімі шықты

36

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы облыстық Соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

Былтыр 7-8 ақпан күндері Қордай ауданы Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарының аумағында жаппай тәртіпсіздік орын алғаны белгілі. Онда зорлық-зомбылық, өртеу, дүние мүлікті қирату, жою, атыс қаруын қолдану қылмыстары орын алды. Салдарынан 10 азамат қаза тапты (тағы 1 адам жанып жатқан сауда орталығының құлауына байланысты қайтыс болды), 158 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды.

Баспасөз мәслихатында спикер Қордайдағы қақтығысқа қатысты жасалған қылмыстар мен шығын көлеміне тоқталып өтті. Айтуынша, 156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 автокөлік құралдары бүлініп, меншік иелеріне келтірілген залал 829 848 249,91 теңгені құраған. Облыстық полиция департаментінің 10 автокөлік құралы зақымданды, мемлекетке 3 291 791 теңге залал келтірілген. Жаппай тәртіпсіздіктердің басталуына жоғарыда аталған ауылдардың тұрғындарының арасында туындаған тұрмыстық жайлар негіз болған. Бұған дейін, сот үкімімен бұзақылық әрекеттер мен денсаулыққа зиян келтіріп, билік өкіліне қатысты күш қолданғаны, жарылғыш құрылғыларды дайындағаны және сақтағаны үшін 6 адам сотталған.

«Қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 2020 жылдың 08 желтоқсанынан 2021 жылдың 19 сәуіріне дейін жалғасты. Оған 2 мемлекеттік айыптаушы (прокурор), 366 жәбірленуші, 16 жәбірленуші өкілі, 36 адвокат, 10 қорғаушы, 4 аудармашы қатысты.
51 адам айыпталушы ретінде сотқа беріліп, оның ішінде 33-і қамауда, 18 адам жеке кепілдік және ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен ұсталды. Сотталушыларға түрлі, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылды. Прокурорлар 23 адамға бас бостандығынан айыру, қалғандарына шартты түрде немесе бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындауды сұраған. Сот 50 адамды кінәлі деп танып, 1 адамның кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты оны ақтады (жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін). 24 сотталушы өз кінәсін толық мойындаса, 10-ны өз кінәсін ішінара мойындап, 17-сі өз кінәсін мүлдем мойындамаған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», — деді Б.Құлтасов.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне 15 жұмыс күнінен кейін енеді.

Comments are closed.