- Advertisement -

Асланбек әлем чемпионынан айласын асырды

163

- Advertisement -

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында губернатор кубогына арналған халықаралық бокс турнирі ұйымдастырылды. Токио Олимпиадасы жақындаған сайын боксшылар түрлі аламандарға қатысып, дайындықтарын пысықтауға ден қойғаны баршаға мәлім. Бұл жолы да солай болды. Әлемнің кіл мықтылары қатысқан байрақты бәсекеде қазақстандық боксшылар көңіл көншітерлік нәтижелерге қол жеткізді. Олардың қатарында жамбылдық жампоздар Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұл бар. 69 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Асланбек бұл жарыста қарсыластарының барлығынан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанса, Әбілхан күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жалпы, осынау турнирге 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Андрей Замковой мен Азия чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы Бобо-Усмон Ботуров қатысады дегенді естігенде, жанкүйерлер: «Біздің Асланбек бұлармен қалай бокстасады екен?» – деп толғанғаны жасырын емес. Асланбектің жолы өзбек боксшысы Бобо-Усмон Ботуровпен жартылай финалда түйісті. Бұл екі былғары қолғап шеберлері бұған дейін шаршы алаңда екі мәрте кездескен  болатын. 2018 жылы өткен Азия ойындарының финалында Асланбек қарсыласынан бір мысқал кем жұдырықтаспаса да, әйтеуір төрешілердің бүйрегі өзбек боксшысына бұрып кеткен еді. Тайландта өткен Азия чемпионатында да Асланбек пен Бобо-Усмон Батуров екеуара шаршы алаңды бөлісті. Үшінші раундта екі боксшы да жарақат алып, кездесу тоқтатылған болатын. Екінші және үшінші раундта басымдықты қолға мықтап алғанына қарамастан, жеңіс тағы да өзбек боксшысының еншісіне жазылған. Әйтеуір төрешілердің басым даусы Ботуровты жеңіске бастайтын жолдан жаңылдырмайтын. Бірақ осы жолы басқаша болды.

Асланбек бірінші үш минуттықта қарсыласының аяқ алысын аңдып көрген соң, екінші раундтан бастап шындап іске кірісті. Жойқын соққыларын дөп тигізе білген Асланбектің жұдырықтасу мәнері жанкүйерлердің жанына майдай жақты. Соңғы секундтарға дейін белсенділігін төмендетпей, әдемі соққыларын Ботуровтың денесі мен бетіне батыра тигізген Асланбектен осы жолы жеңісті ешкім тартып ала алмады. Финалдық жекпе-жекте Асланбек әлем чемпионы, ресейлік Андрей Замковоймен жұдырықтасты. 2019 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық Абылайхан Жүсіповті жеңіп кеткен Замковой мен Шымбергенов арасындағы шайқас жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырғаны жасырын емес. Олимпиадаға баратын Абылайханның есесін қайтара ала ма деп біз де ойлаған едік. Қайтарды. Бірінші үш минуттықта ентелей алға жүгірген Андрей басымдау көрінгенімен, екінші, үшінші раундтарда Асланбек қарсыласын жойқын соққылармен күтіп ала білді. Тіпті үшінші раундта қарсыласын бұрышқа тақап қойып, бірнеше тікелей және қапталдан жұмсаған соққыларын дәл тигізгені керемет көрініске айналды. Осылайша, Асланбек тамаша жеңіске қол жеткізді.

Жалпы, әуесқой рингте және «Астана арландары» клубының сапында жүргенде Асланбек Шымбергенов кейбір мықтыларымыздың тісі батпайтын Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңгені жұрт жадынан өшпек емес. Сондай-ақ ол ұлыбританиялық Джош Келлиді, кубалық Рониэль Иглесиас Сотолонгоны да кезінде жеңген еді. Талай мықтыны ұтқан Асланбек келесі Олимпиаданы күтеді ме, кім білсін? Ал Токио Олимпиадасына Абылайхан Жүсіповтің қатысатыны белгілі.

Губернатор кубогы додасында 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасы лицензиясының иегері Әбілхан Аманқұл күміс жүлде иегері атанды. Финалға дейінгі қарсыластарынан айласын асыра білген ол жарақатына байланысты шешуші шайқасқа шыққан жоқ. Жалпы, бұл турнирде Әбілханның да аяқ алысы көңіл қуантты.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support