- Advertisement -

Жақсылық жасаудан жарысатын ауыл

450

- Advertisement -

Балуан Шолақ ауылы бұрын Ақтөбе деп аталатын. Кеңес заманында ауылмен аттас «Ақтөбе» колхозының тіршілігі қыз-қыз қайнап жатты. Елімізде Тәуелсіздіктің көк Туы желбірегеннен кейін ауыл ақсақалдары ақылдасып, елді мекенге Балуан Шолақтың есімін беруді ұйғарып, жоғары жаққа тынбай өтініш жазумен болды. Сонымен ақсақалдардың өтініші аяқсыз қалмай, балуан есімі жарқырай түсті. Шыны керек, Балуан Шолақ есімі құт болып келді. Бүгінде батыр ауылы өзінің берекелі тірлігімен, ынтымақ-бірлігімен ерекшеленіп жүр.

Егер Шу ауданының орталығы Төле би ауылынан Мойынқұмға қарай жол жүретін болсаңыз, көп ұзамай оң жақтан Балуан Шолақ есімі жазылған аркаға міндетті түрде көзіңіз түсер еді. Ауыл осы күре жолдың бойынан төрт-бес шақырым жерде жатыр. Бір қарасаңыз сырын ішіне бүккен, бұйығы, тым-тырыс жатқан ауыл. Бірақ бұл алғашқы әсер. Ішін аралап, тұрғындарымен сөйлесе кетсеңіз, ауылдың алпыс екі тамыры бүлкілдеп, тіршілігі қайнап жатқанын бірден байқар едіңіз. Орталық көшемен кіріп келген кезде мектеп, емхана, жап-жасыл спорт алаңы, дүкен, сосын мешіт көрінді. Шынымды айтайын, қаншама ауылды аралап жүріп мұндай сәулетті мешітті бірінші мәрте кездестірдім. Төңірегі абаттандырылып, намаз оқитын екі қабатты кең бөлмесінен бөлек ас беретін кең залы, ыстық суы сарқырап тұрған дәрет алатын бөлмесі бар екен. Күмбезі күнмен шағылысқан осынау Алла үйі ауыл тұрғындарының иманжүзді, ынтымағы жарасып, татулықты ту еткен берекелі ел екенін айғақтап тұрғандай көрінді.

Қазақ қашанда бөтен ауылға келгенде алдымен үлкенге сәлем береді емес пе? Біз де сол салтты сақтап, осы ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Сағындықовтың шаңырағына бұрылдық. Марат аға үйінде екен. Аузымыз берік болса да төрге шығарып, ізет жасап жатыр. Сонымен Марат ағамен ауылдың тыныс-тіршілігі, өз кәсібі туралы әңгімеміз ә дегеннен қызып сала берді.

«Балуан ауылының жігіттері жүлдені басқаға бермейді»

   

Марат Сағындықов,

Балуан Шолақ ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

– Біздің ауылдың жігіттері шетінен білекті, қарулы. Жыл сайын көкпардан ауданның чемпионы атанып келеді. Балуан Шолақ бабамыздың күш-қуаты, қасиеті ауыл жастарына да дарыған. Белгілі балуан Нұрмахан Тінәлиевтің де түбі осы ауылдан. Сәкен Мұсақұлов деген жігітіміз күрестен Азия чемпионы, тағы бес-алты жігітіміз Қазақстан чемпионы атанған. Жыл сайын Наурыз мерекесінде ұйымдастырылатын күрес, көкпар, кір тасын көтеру секілді спорттық жарыстардың жүлдесін көбінесе біздің ауылдың жігіттері алып жүр.

Айтпақшы, қайсыбір жылы бір қызық болды. Наурыз мерекесінде аудандық әкімдіктің жігіттері бір түрік саудагерімен келісіп, бұқасын алаңға шығарып, «Кімде-кім осы бұқаны көтерсе, бұқа соныкі» деп жариялаған ғой. Шамасы ешкім көтере алмайды, тек ел-жұрт қызық көрсін деп ойласа керек. Ауылдың Рүстем деген жігіті бұқаның астына кіріп, мойнымен көтеріп кеткені бар емес пе? «Әуп» деп күшенгенде бұқаның аяғы жерге тимей қалды. Содан дау болды. Қазақ жігіттер «бұқа біздікі, өйткені келісім солай болған» дейді. Істің ақыры бұлай болады деп ойламаған түріктер «Мұның ақшасын кім төлейді?» деп бұқаны бергісі келмейді. Содан біздің жігіттер бұқаны апарып, машинаға артты. Түріктер де қайтар емес. Дәл сол кезде аудан әкімі келіп қалды. «Бұл не қылған айқай-шу, не дау болып жатыр?» деп сұрапты. Ол кезде аудан әкімі Ильяс Тортаев деген азамат еді. Мән-жайға қаныққан соң әкімдіктің жігіттеріне қарап «Көтерді ме, бұқаны соған беріңдер, ал бұқаның егесіне малының ақшасын тауып беріңдер» деген тапсырма беріп кетіпті. Сонымен екі жақ та риза болып тарасты.

Миллион теңгемен басталған бизнес

– Өзім зейнеттемін. Алла берген үш ұлым бар. Бәрі намаз оқиды. Мен екі рет қажылыққа барып қайттым. 43 жыл осы ауылда мал дәрігері болып еңбек еттім. Былайша айтқанда, малдың жай-күйін бес саусақтай білемін. Содан 2004 жылы екі фазенда соқтым. Кезінде колхоз тарағанда 1,5 мың гектардай жер алған болатынмын. Одан бөлек пай арқылы үлесіме тиген төрт гектардай суармалы жерім бар. Бірақ ол жердің шөбі малға жетпейді. Жетпеген шөпті сатып аламыз. Бүгінде мыңға жуық уақ мал, жүздей ірі қара, алпыс шақты жылқы бар. Шаруашылықпен кенже балам айналысады.

Ауылдың ортасынан дүкен, шаштараз ашқанбыз. Енді нан пісіретін шағын цех, монша және машина жөндейтін цех ашсам деген жоспарым бар.

Әрине, мал бағу оңай шаруа емес. Үнемі қадағалап отырмасаң, малдың ауырып қалуы демде. Кенже балам да мал дәрігері мамандығы бойынша институтты бітіріп, осы салада сегіз жыл жұмыс істеді. Қазір өз шаруашылығымен айналысуда. Қойшы, жылқышысы бар, бас-аяғы жеті-сегіз адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Одан бөлек, қазір төрт адам сақманда жүр. Жалақыларын уақтылы беремін. Екі жылқышым отбасымызбен жақын араласып, туған бауырымдай боп кеткен. Ал шөп шабу науқаны кезінде жұмысшылар саны көбейеді. Осы ауыл адамдарын жалдаймыз.

Жыл сайын малымнан зекет беріп отырамын. Алдыңғы жылы 29 қой, биыл 22 қой зекет бердім. Қырық қойға бір қой зекет береміз.

– Марат аға, осы берекелі тірліктің бәрі қалай басталды? Ауылдағы ағайындардың барлығы жері болса да мал бағуды кәсіп ете бермейді ғой. Осы кәсіпті бастауға не себеп болды?

– Шаруа қожалығын 2004 жылы аштым. Оған белгілі айтыскер, қазақтың мықты азаматтарының бірі Мұхамеджан Тазабеков себеп болды. Мұхамеджан –  менің туған жиенім, туған әпкемнің баласы. Жастайынан ұлтымыздың салт-дәстүріне қанып өскен Мұхамеджанның үлкенді сыйлау, қолынан іс келетін жандарға бағыт-бағдар көрсетудегі еңбегі ерен ғой. Сол 2004 жылы Мұхамеджанмен бір тойда жолығып, әңгімелесіп қалдым. «Тәте, не істеп жүрсіз?» деп сұрады амандық-саулықтан кейін. «Ауылдамыз ғой, әйтеуір, бұйырғаны болып жатыр» дедім күмілжіп.

– Жеріңіз бар ма? – деп сұрады.

– Бар.

– Қанша жер?

– Мың жарым гектар…

– Ойбай-ау, нағыз байлық сізде екен ғой. Енді шаруашылық ашпайсыз ба?

– Оған қаржы керек. Малдың бәрін сатып бітірдік. Үш баламды оқыттым, шоқыттым, қолдағы малдың бәрі таусылды. Сөйтіп едім, келіншегінің қолындағы сөмкеден ақша алып берді. Әлі есімде, екі миллион теңге болатын. Анау ақшаны көріп шошып кеттім. Әрине, ақша алған жақсы, бірақ оны қайтару жағын да ойлау керек қой. Мұншама ақшаны қайтарып беретініме күмәнім болды. Сондықтан «Жоқ, алмаймын» деп бас тарттым.

Содан сол тойда қатар отырған әйеліме «Мынау Мұхамеджан қызық, әлгіде маған екі миллион теңге ұсынып тұр, оны қайтаруды ойлап, алмадым» деп айтқанмын ғой. Анда-санда әйелдің де тілін алып тұру керек екен… (Күледі). Біраздан кейін әйелім түртіп «Шынында бір кәсіп ашып көрейік те, ең болмаса миллион теңгесін алсайшы. Алла қаласа, қайтарармыз» дейді. Өзім де ойланып қалғанмын. Шынында Алла тағалам мүмкіндік беріп тұрғанда неге тәуекел етпеске? Басқа-басқа мал шаруашылығын бір кісідей білемін ғой. Содан қайтадан бардым да «Мұхамеджан, екі миллион теңге тым ауыр болып кетеді, соның жартысын бер. Балалар оқып жатыр, өсіп келеді, бір істі қолға алып көрейік» дедім. Сол жерде бір миллион теңгені шытырлатып санап берді.

Ол кезде ескі «Жигули» көлігім бар еді. Миллионды санап алып, тойды тастап, үйге қайттық. Кілең екі жүз, бес жүз теңгеліктен берген. Бір дорба ақша. Түн ішінде ұйықтап жатқан баламды оятып, «Ойбай, ақша алып келдім, мал аламыз, кәсіппен айналысамыз» десем, балам түс көргендей «Мұншама көп ақшаны қайдан алдыңыз?» – деп аң-таң. Алла тағалам сәтін саламын десе бәрінің орайы келе кетеді екен ғой. Сол ақшаға Шудан отыз бұқа сатып алып, Жайсаң деген жердегі жездемнің шаруашылығына айдап апарып тастадым. Үш балам кезектесіп, он-он күннен бір ай бойы жайды. Бір айдан кейін барсам, бұқаларым әбден семірген. Қайтып айдап келдім. Семіз бұқаны сатып алушылар бірден табыла кетті. Келушілерден «Қаншаға аласың?» деп сұраймын ғой. Сөйтсем, екі есе қымбатқа сұрайды. 25 мың теңгеге сатып алған бұқамды енді 55 мың теңгеге бер деп тұр. Мұндай сәтті сауда болмас, сірә?! Бірден бәрін сатып жібердім. Әрқайсысын 2-2,5 есеге қымбат саттым. Ақша деген пішен. Дорбаға салып қойып, үстінде отырмыз. Содан Алматыдағы үлкен баламды шақырып, қолына миллион теңге ұстатып «Мынаны Мұхамеджанға апарып бер» дедім. Ар жағында тағы бір жарым миллион теңге қалды. 2004 жылы бұл сұмдық ақша болатын. Апарып берсе, Мұхамеджан алмапты. «Тәтем, өкпелеп қалды ма? Демде ақшаны беріп жіберіпті ғой» деп… «Ойбай, тәтең ақшаның үстінде отыр. Бәрі жақсы» деп әрең алғызыпты.

Енді қолымда 1,5 миллион теңге бар. Осы ауылдағы мал шаруашылығымен айналысатын Матышевтарға телефон шалып, солардың шаруашылығынан таңдап тұрып 200 ұрғашы қозы алдым. Кейін жылқы алдық. Міне, біздің бизнес осылай басталды.

Содан бері жыл сайын жылқы, сиыр бордақылаймын. Жыл сайын 400-дей еркек қозыны Меркідегі ет комбинатына өткіземін. Олар ақшамызды бірден төлейді. Аллаға шүкіршілік, мал бағамын деген жанға мемлекеттің жеңілдігі көп қой. Сол өткізген қойымыздың әр басына мемлекет үш мың теңгеден субсидия береді. Ол да болса көмек. Есеп-шотымызға екі-үш айдың ішінде міндетті түрде түседі. Әрине, субсидия алудың да жолы қиындау. Қағазбастылық, малдың бәрін тіркеп, құжаттарының бәрі дұрыс болуы керек. Балалардың сауаттылығының арқасында құжаттарымыздың бәрі заңды. Одан 200-300-дей ұрғашы қойды іріктеп алып қаламын. Басқасының бәрін етке өткіземін. Бір қиындығы, Шу ауданында әзірге ешқандай ет комбинаты жоқ. Тіпті шұжық цехы да әзірге ашылар емес. Малды сонау Меркі немесе Қордайға апарып өткіземіз. Жолдың алыстығы да қинайды. Ауылдағы басқа шаруашылықтар да мал бордақылаумен айналысады. Несие алып, кәсіптерін өрістетіп жатқандары да бар. Шариғат тыйым салғандықтан өз басым несие алмаймын. Бәрін өз күшіммен атқарып келемін.

 

«Бес көшеден он отар қой өріп шығады»

– Қанша дегенмен біреудің игі тірлігі басқаға ой салады, түрткі болады. Ауылда сізден басқа да мал бағуды кәсіп еткендер баршылық шығар?

– Ауылда 39 шаруа қожалығы бар. Қазір ауыл адамдары мал бағуды шындап қолға алып, тіпті алыс жерден шаруашылық ашып жатыр. Жасыратыны жоқ, біздің ауылда бау-бақша, егін егумен айналысу қиын. Өйткені ағын су жоқ. Есік алдындағы бау-бақшамызға да су келмейді. Ол мәселені аудан әкімдері шешіп жатыр. Сондықтан ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығына ден қоюда. Ауылдағы бес көшенің әрқайсысынан екі отардан, яғни ауыл бойынша он отар қой шығады. 32-33 мыңдай қой, екі мың жылқы, екі мыңдай сиыр бар. Аудан бойынша ең мал басы көп ауыл осы. Мына төңіректегі ауылдардың малын жинасаң, саны жағынан біздің ауылдың малына жетпейді. Жыл сайын ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде есеп беріп отырамын ғой. Сондықтан бұл мәліметтерді жақсы білемін. Мал ұрлығы жоқ. Учаскелік полициямыз осы ауылдың баласы. Өз жұмысына берілген маман. Кеңес заманында колхозда суармалы жер көп болатын. Сосын қазір ауыл тұрғындарының атынан мың гектарлап жер алып алғандар бар. Бірақ жерін пайдаланбайды, бос жатыр. Ауыл бойынша 2800 гектар егістік алқабы бар. Оның 556-сы суармалы. Су келсе елдің тұрмысы тағы жақсара түсер еді.

– Балуан бабамыздың атындағы ауылдың тірлігі шынында жұрт сүйсінерлік екен. Енді ауылдың бірлігі, жастардың тәрбиесі туралы не айтуға болады?

– Ауыл ақсақалдары жастардың басы қосылған сайын «Балалар, ауылымыздың жаман аты шықпасын, Балуан Шолақтың тұқымы деген атымыз бар, ұят болмасын, тыныш жүріңдер. Дау қуған емес, берекелі тірлігімен аты шыққан ел болайық» деп үнемі айтып отырамыз. Өткенде бір жігіт арақпен әуес болып кеткеннен кейін ақсақалдар алқасы шақырып алып, ортаға алғанбыз. Түсінгендей болған. Дегенменде анда-санда қонақ келгенде әлі де ішіп қоятын көрінеді. Бірақ бір сүйсінгенім, бірде көшеде ақсақалдар кетіп бара жатсақ, әлгі жігіт қарама-қарсы кеп қалып, бізді көріп қаша жөнелді. Бір үйдің қақпасынан секіріп өтіп, жоқ болды. Қашқанының өзі азаматтық деп, басымызды шайқап, риза болдық. «Ал іштім, не жұмыстарың бар, не істейсіңдер?» деп шіреніп тұрса не істейсің? Ұяты өртеп барады ғой.

Осы ауылда 285 түтін бар. Екі мыңға жуық халық бар. Ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлігінің арқасында асарлату жобасы бойынша үш үй пайдалануға бердік. Мектептің кіреберісіне 250 мың теңгеге көрме жасап бердім. Және тұрмысы нашар отбасыларға азық-түлік жағынан көмектесіп отырамын.

 

«Ауылда «Жеті қазына» деп аталатын апаларымыз бар»

Найман Сұлтанбаев,

2017-2018 жылдары Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған:

– Балуан Шолақ ауылдық округіне 2017 жылдың тамызында әкім болып тағайындалдым. Содан ауыл тұрғындарын жинап, «ауылға не керек, не жетіспей жатыр, не істеуіміз керек?» деп ақылдастық. Бұл бастамаға осы ауылдың сыртта жүрген қалталы жігіттері де ықылас білдірді. Сол кезде мешіт, дүкен, спорттық алаңша керек және ауыл сыртындағы қорымды қоршау қажет деген ұсыныстар айтылды. Міне, сол жолы Марат ағаның баласы әмбебап дүкен ашуды мойнына алды. Жер бердік, уәдесінде тұрып халал дүкен ашты, арақ-шарап, темекі өнімдері сатылмайды. Осы ауданда қызмет істеген Нұрхан Матышев деген ағамыз «мешітті мен соғамын» деді. Осылайша Әшімхановтар әулетінің бір баласы спорт кешенін соғып берсе, Мадалиевтер әулеті қорымды қоршап берді. Әшімхановтар әулетінің тағы бір баласы өзі ғана демеуші болып ауылдың кіре берісіне арка орнатты. Ал 2018 жылдың көктемінде басталған мешіттің құрылысы 9 қарашада аяқталып, пайдалануға берілді.

Аудан бойынша осы ауылда малдың басы көп және тұрғындар малдың сапасына да көп көңіл бөледі. Марат ағаның қойларын көрсеңіз, танадай-танадай… Жыл сайын гүпке түсірер кезде «Анау қой өзіңді сүйрейді» деп ауылдың еңгезердей жігіттерінің өзі қашады. Тағы бір айтары, бұл ауылда жақсы бір дәстүр бар. Жазда мал тауға шығып кеткеннен кейін ауыл әкімі, дәрігер, учаскелік полиция, мал дәрігері, ақсақалдар топ болып таудағы қойшыларды аралайды. Малшылардың жағдайын біледі, қажет болса медициналық көмек көрсетеді. Медиктер қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмек береді. Полиция қару-жарағын тіркейді. Сырттан келген жұмысшылары болса солардың құжаттарын реттейді. Мал дәрігерінің де көмегі көп. Былайша айтқанда, малшылардың мәселесін шешуге тырысады.

Бұл ауылда «Жеті қазына» деп аталатын апаларымыз бар. «Жеті қазына» дегеніміз осы ауылдың жеті әжесі. Ол кісілер шынында осы ауылдың қазынасы. Оның ішінде он ұл-қыздың анасы атанған Шымшық апамыздың қайырымдылығына ел-жұрт әрдайым сүйсініп отырады. Бірде ауыл тұрғындарымен өткен жиналыста бір мұғалім тәтей «Менің сыныбымда оқитын бір баланың ата-анасы үйсіз-күйсіз жүр. Бес-алты бала-шағасы бар. Анасының аяғы тағы ауыр. Соған ел болып, жұрт болып жиналып үй алып берсек» деген ұсыныс тастады. Ертеңінде ауылдың тұрғындарын жинап ақылдастық. Сол жиында Шымшық апамыздың баласы, белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Сағадат Мадалиев «Қазір үй соққан оңай емес, ауылда босап жатқан үйлер бар ғой. Соның бірін сатып алып берейік. Бір бөлігін мен көтеремін», – деді. Содан үйіне барып анасына осы жайтты айтпай ма? Ертеңінде Шымшық апамыз жиналыста «Айналайын, әкім бала, кешегі жайтты ұлым кеп айтты. Мен ол отбасының түбін жақсы білуші едім. Анау-мынау дейтін түгі де жоқ, үйді біз сатып алып береміз» деп кесіп айтты. Содан шынында көп балалы отбасыға ауылдағы бір үйді сатып алып берді.

Тағы бір айтары, ЭКСПО кезінде демеушілерінің арқасында ауылдағы тұрмысы нашар 18 адамды «Тәуелсіз Қазақстан – достық мекені» деген ұранмен астанаға қыдыртып қайттық. Ішінде басқа ұлттың өкілдері де бар. Көкшетау, Бурабай жақты да көріп қайтты.

 

«Мамыр айында ауылға ағын су жеткіземіз деп уәде беріп отыр»

Базархан Жүнісқұлов,

Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі:

– Ағын су мәселесі туралы айтар болсақ, ауылға келетін бір канал. 2019 жылы арнайы бағдарлама бойынша түрік компаниясы жөндеу жұмыстарын бастаған. Бірақ жұмысты аяқтамады. Олар бес каналды жөндеулері керек еді. Екі жылдан бері бес каналдың ешқайсысы да толық жөнделген жоқ. Енді түрік компаниясы бұл жұмысты «Таразинвестқұрылыс» деген мердігерге берді. Ол компания осы мамыр айында ауылға су жеткіземіз деп уәде беріп отыр. Ал ауызсу бар. Газ биыл кіреді деп жоспарланған. Өзеннің арғы бетіндегі Қорағаты деген ауылдық округке газ келді. Енді содан бізге тартады. Емхана бар. Мектепте үш жүзге жуық оқушы білім алады. Кадр мәселесі жоқ.

Енді Шуға баратын жол республикалық мәндегі жолдың тым нашарлығы жұртты қатты шаршатып жүр. Қазір «Би ай групп» компаниясы Меркі-Бурылбайтал жолын салып жатыр. 2022 жылы пайдалануға беріледі.

Балуан Шолақ ауылы өте берекелі ауыл. Адамдары жомарт. Бұл ауыл жақсылық жасаудан жарысады. Өткен жылы Мәулен Смайылов деген жігіт әйелі екеуі сапарлап жүрген кезде үйі өртеніп кетті. Екі баласы бар. Үйі түгі қалмай, тіпті құжаттарына дейін жанып кетті. Енді қайда барады? Ақсақалдар ақылдасып, «үй сатып алып берейік» деп шешті. Бәрі келісті. Содан жылу жинадық. Біреу екі мың, біреу бес мың, тағы біреу елу мың теңге дегендей, ауылдың бәрі көмектесті. Тіпті көмекке қолын созбаған отбасы жоқ. Үйдің бағасы күн сайын көтеріліп жатқан кез. Бір кісі бес-алты бөлмелі үйін сатқалы отыр екен. Соны кеңсеге шақырып, қол алысып, «Ақша жинап жатырмыз, сен бағасын көтерме, үйіңді жақын арада сатып аламыз» дедік. Уәдесінде тұрды. Үйді сатып алдық. Үйге кірген кездегі Мәулен мен отбасының қуанғанын көрсеңіз.

«Балаларыма «елге көмектесейік, одан жаман болмаймыз» деп үнемі айтып отырамын»

Шымшық Мадалиева,

Балуан Шолақ ауылының тұрғыны:

– Ауылымыз-дың адамдары өте жомарт кеңпейіл, ұйымшыл. Осы мешіт соғылып жатқан кезде ауылдағы жеті-сегіз әже 25-30 жұмысшының ас-ауқатын қамдастырдық. Жұртты ұйымдастырып, күн сайын бір қой сойып отырдық. Мешіт пайдалануға берілген кезде құрылысшы жігіттер бізге ризашылығын білдіріп, сый-сияпатын жасап, бізге «жеті қазына» деп ат қойды. Сол жеті қазынаның ынтымақ-бірлігі тараған емес. Жасым сексенге келді. Он балам бар. Бес ұл, бес қыз. Жоғары білім алмағаны жоқ. Бәрінің қызметі бар. Үлкен балам, оның үйіндегі келін де дәрігер. Балам – академик. Ең кенже балам қолымда, шаруашылықпен айналысады. Балаларыма «елге көмектесейік, соларға көмектессек жаман болмаймыз» деп үнемі айтып отырамын. Бір жақсы жері, балаларым ешқашан қарсы келген емес. Айтамын, болды, тыңдайды. Алты баласы бар тұрмысы нашар бір отбасыға үй алып бердім. Балаларыма айтып едім, қарсы келмеді. Қолдай кетті. Бәйдібек ауылында он бір баласы бар бір отбасы бар екен. Осы ауылдың қызы. Үйін барып көрдім, екі бөлмелі екен, құлайын деп тұр. Қай күні басып қалатынын бір Құдай біледі. Соған да үй алып бердік. Жамбыл кеңшарында тұратын тұрмысы нашар бір отбасын да үймен қамтыдық. Қолымыздан келгенше жақсылық істегіміз келеді. Алладан қорқамын, Алланың берген ризық-несібесін неге өзіне қайта бермеске?

– Қанша немере-шөбереңіз бар?

– Соны санамаймын. Ұмытып қала беремін. Алланың бергені бар, әйтеуір…

 

«Мәдениет үйінің құрылысын мен бастайын деп бір қуантып тастады»

Найман Сұлтанбаев,

Дулат ауылдық округінің әкімі

– Бұл ауылға әкім болғаныма тоғыз айдан енді асты. Жалпы Дулат ауылдық округіне екі ауыл қарайды. Бәйдібек баба және Бөлтірік шешен ауылдары. Қазір облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен асарлатып үй салынып жатыр ғой. Шынында түсінген адамға асарлатып үй салудың мән-маңызы зор. Біз де осы бағдарламаға атсалысып, екі үй пайдалануға бердік. Яғни Мадалиевтер отбасы он бір баласы бар бір отбасыға, сосын Болат Көкелев деген кәсіпкер тұрмысы нашар бір отбасыға үй алып берді. Жұмысқа кіріскен күннен бастап бұл жерде де ауылдың тұрғындарын жинап, ауылға не керек екенін ақылдастық. Мешіт, спорт кешені керек деген ұсыныстар айтылды. Ауыл азаматтары мешітті асарлатып салайық деп шешіп еді, осы ауданда жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Гүлнар Дүйсебаева деген тәтеміз мешітті салуды өз мойнына алды. Қазір мешіттің орнын белгілеп, қазығын қақтық. Бөлтірік ауылының тұрғындары мәдениет үйі керек деп отыр. Мектеп, дәрігерлік амбулатория жаңадан салынған екен. Ветпункт соғамыз. Және актив ұялы телефонының мұнарасын қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл интернет желісінің де мәселесін шешер еді. Бөлтірік шешен ауылының перзенті Нұрсұлтан деген ағамыз жаңа жылда тұрмысы нашар отбасыларға азық-түлік себетін алып беруге демеуші болған еді. Сол азамат мәдениет үйінің құрылысын мен бастайын деп бір қуантып тастады. Сөйтіп, осы аптада 80-100 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды.

Осы ауылдан шыққан Қуан деген азамат қазір Ақтауда тұрады екен. Мамыр айында ауылға келемін деді. Ол да осы құрылысқа көмектеспек. Одан бөлек, демеушілердің көмегімен ардагер аталарымызға ескерткіш қоймақпыз. Былтыр бұл ауылда екі көшеге асфальт төсеу жұмысы басталып, аяқталмай қалған болатын. Биыл аяқталады. Оған қоса тағы бір көше асфальттанады. Және тағы бір көшені асфальттаудың сметасын жасап қойдық. Тағы бір айтары, полиция пунктін және соған жалғастырып қызметтік үй салмақпыз.

Мешіт салынып жатқан көшеден балалар ойын алаңының, футбол алаңшасының сметасын жасаттық. Айтпақшы, Қадыржан деген шымкенттік кәсіпкер республикалық мәндегі жолдың бойынан алты гектар жер алып, үлкен автокемпинг ашпақ. Құны 555 миллион теңгені құрайды. Облыс әкімі есептік жиынға қатысқан кезде ол өзінің жоспарын көрсетті. Қазір аукцион арқылы жерін алды. Бұл жерден қонақ үй, көлік жөндейтін орын, асхана, супер маркет ашылып, бас-аяғы 85 адам жұмыспен қамтылмақ. Жұмысқа негізінен жергілікті азаматтарды алатын болады. Бұл құрылыс бір айдың көлемінде басталады.

Жалпы алғанда ауылдық округте 261түтін, мың жарымдай халық бар. Халық негізінен жер және мал шаруашылығымен айналысады. Бүкіл ауданды жоңышқа ұрығымен осы ауыл қамтамасыз етіп отыр. Бірінші орымды шауып алады, екіншісін ұрыққа қалдырады. Әр гектардан 500-600 кило ұрық алады. Қазір бір кило жоңышқа ұрығы 1500-1600 теңге тұрады.

Қазақ сөзге тоқтаған халық қой. Алқабилер алқасы құрылған. Әрбір шаруаны қоғамдық кеңес, аналар кеңесімен ақылдасып отырамыз. Қазіргі мешіттің орны бұрын балабақша болған екен. Жұрттың ұсынысы бойынша соны қайтадан балабақшаға айналдырсақ дейміз. Әзірге екі ауылдың да мектептерінде шағын орталық бар. Егер балабақша ашылса мектеп балалары екі ауысымда емес, бір ауысымда оқи беретін еді.

Ағын су мәселесі бойынша айтар болсақ, бұл жерде алты тоған бар. Қазір Андреевка каналын жөндеп, екі каналға лоток салып жатыр. Яғни ағын су мамыр айында келеді. Облыс әкімінің мердігерлер жұмысшыларды негізінен жергілікті жердің жастарынан тартсын деген тапсырмасы бар. Кеше «Таразинвестқұрылыс» компаниясының өкілі келіп, ауылдың жігіттерін жұмысқа шақырды. Жастар рақметін айтып жатыр. Жасыратыны жоқ, оның алдындағы түрік компаниясы жұмысшылардың жалақыларын бермей, жастар жағы оларға барып жұмыс істеуге ептеп жүрексініп қалып еді. Жігіттерге «мен кепіл боламын, жұмыс істей беріңдер» деп айттым. Кәдімгідей келісімшартқа отырып, зейнетақы қорларына ақша аударылады. Ауылдың кіре берісіне арка қойып отырмыз. Ауыл тоғыз жолдың торабында орналасқан. Арканың жанына ауылдың құжаты жазылған арнайы тақта қойылмақ.

…Тегінде жастарға ақыл айтып қана қоймай, соларға үлгі бола білетін үлкендері бар ауылдың болашағы жарқын болса керек. Және үлкендердің ақылын тыңдап қана қоймай, соны ісімен дәлелдей білген жастары бар ауылдың тірлігі алға басып, ырыс-несібесі таси берсе керек. Міне, қатар жатқан қос ауылдық округтен біз осындай берекені байқадық. Лайым, жақсылық жасаудан жарысатын мұндай ауылдар барша елімізге үлгі-өнеге бола бергей!

Оралхан ДӘУІТ

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support