«Жапырақ – жаздың жүрегі»

41

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Күләш Ахметованың 75  жас мерейтойына арналған әдеби — сазды жыр кеші Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының мәжіліс залында онлайн  форматта өтті.  Кіре беріс фойеге облыстық архивте сақталған мерейтой иесінің  фотосуреттері мен  жеке тектік қор құжаттарынан көрме жасалыпты.

«Жапырақ – жаздың жүрегі» деп аталған  іс-шараны  орталық директоры, тарихшы Сауран Қалиев ашып,   ақынның мөлдір поэзиясының оқырман жүрегіне жол тапқаны жөнінде айтып өтті.   Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің 1-курс студенттері театрландырылған көрініс арқылы ақынның отаншылдық, махаббат, ел мен жерді құрметтеуге арналған өлеңдерін оқыды.

Ақынның өмірлік серігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал қаламгер Қайырбек Асанов жарының  асыл қасиеттеріне, аяулы ана атанған болмысына, ақындық биік келбетіне кеңінен тоқталды.  «Біздің заманымыздағы махаббат сезімі бөлекше еді. Күләшті 1968 жылы шілде айында алғаш көріп, ғашық болдым. Екеуміз де ҚазМУ-ге түсуге барғанбыз. Ол – Жамбылдан, мен – Қызылордадан. Оқуға түстік. Бірге жүзім теруге бардық. Күләш өте нәзік еді. Оның кәрзінкесі үшін де жүзімді мен теретінмін. Сол жүзімдіктегі күндер  арамызды жақындатты. Аяғы баянды болды. Жазира, Жарқын деген перзенттеріміз бар. Сол алғашқы күннен басталған достық, кейіннен алаулаған махаббат 53 жыл бойы жалғасып келеді. Күләш ақын ретінде халқына қажетті дүниені берді деп айта аламын», – деді Қ.Асанов. Қайрекең жарына ғашық болып жазған алғашқы өлеңін және қазіргі күндері арнаған өлеңдерін шабыттана оқыды.

Ал филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, Күләштің курстасы Сейсекүл Исматова ақын жырларындағы сыршыл шынайы сезімге, терең толғамға құрылған озық ойларға кеңінен тоқталып, жастық шақта басталған достық сыйластықтарының күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқанын айтып өтті.

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық мемлекеттік архивтің   директоры Көсемәлі Сәттібайұлы мерейтой иесінің есімімен оқушы  кезінде   республикалық «Ұлан» (ол кезде «Қазақстан пионері») газетіне жолдаған шығармасына жазған жауабы арқылы таныс болғанын айтып өтті. Сондай-ақ Күләш Ахметоваға «Қазақстанның Еңбек ері» атағы берілсе деген ұсынысын да жеткізді. Кеш соңында әдеби-сазды кешке ерекше атсалысқан Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушылары Мұрат Құсайынов пен Сәндігүл Сейдалиеваға, студенттерден құралған топтың жетекшісі Ақбота Абылайға Алғыс хат тапсырылды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.