- Advertisement -

Биыл сынақ қалай өтеді?

43

- Advertisement -

Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл электрондық форматта өткізіледі. Яғни мектеп бітіруші түлектер компьютерлік тест түрінде бақтарын сынайды.  Біздің облысымызда бұл білім сынағы 30 сәуір мен 30 маусым аралығында өтеді деп күтілуде. Уақыт таяу. Ал дайындық қалай? Сейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі кеңесте осы және өзге де бірқатар мәселелер қаралды.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова Таразда 250, Шу ауданында 60 орындық ҰБТ пункті дайындалғанын, білім сынағына мектеп бітіруші түлектерді 100 пайыз қатыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– 2020-2021 оқу жылында 11250 түлек мектеп бітіреді. ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ережеге енгізілген өзгерістер және талаптарды қатаң орындау туралы мектеп бітірушілер және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ғимаратқа кіргізу бетперде режимін сақтай отырып, кемінде 2 метр арақашықтық арқылы іске асырылады. Барлық қатысушы ҰБТ басталар алдында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтеді.

Әрбір талапкер жеке компьютерде отырып, ҰБТ тапсырмаларын орындайды, әрқайсысының оргәйнекпен қоршалған өзінің орны болады.

Аудиториялар желдетіліп, дезинфекциялық құралдармен өңделеді. Санитарлық нормаларға сәйкес, ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады. Олар үшін аудиториядан бейнетрансляция қамтамасыз етіледі, – деді басқарма басшысы.

Жиында осы мәселеге қатысты  Бердібек Машбекұлы бейнебайланыс арқылы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев пен Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровтың есебін тыңдады. Қос әкім де ҰБТ өтетін орынның жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап отырғандығына, қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілгендігіне, санитарлық талаптардың қатаң сақталатынына сендірді.  Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев те сала мамандарының сақадай сай екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ «UStudy» тестілеу орталығы   облыстық филиалының директоры Еркін Есіркегенұлы компанияның биыл ҰБТ-ны алғаш рет өткізгелі отырғанына қарамастан дайындықтың жоғары деңгейде екенін, Тараз қаласында  1 күнде 420 оқушыға дейін қамтуға болатынын  жеткізді.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуді 1 айға дейін созудың қажеті жоқ. Ары кеткенде он күнде аяқтау керек. Бұл шараға облыстық білім басқармасы ғана емес, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері де тікелей жауапты. Облыстық полиция департаменті қауіпсіздік шараларын, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті карантин талаптарын қатаң қадағалауы қажет. Ал оқушыларды тасымалдауды мектеп директоры ұйымдастырып, бір жауапты қызметкерді бекітуі тиіс. Жол шығынын ата-аналармен ақылдаса отырып шешкен жөн.  Осы бастан барлығының тізімін жасап, нақтылап бөлу керек. Ең бастысы, білім деңгейінің сапасына назар аудару  қажет, – деді облыс әкімі.

Жиында  техникалық және кәсіптік білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысты  нақтылау  мен жазғы демалысты ұйымдастыру жайы да талқыланды.

Баяндамашы атап көрсеткендей, 2021-2022 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу мақсатында өңірдің мамандарға қажеттілігін анықтау жұмыстары жүргізілген.

Бұл тұрғыда облыстағы 12 ірі кәсіпорыннан 38 мамандық бойынша 1852 орынға қажеттілік айқындалған.  Жинақталған ақпараттың нәтижесіне қарай, өңірлік комиссияда 2021 жылға қаралатын мемлекеттік тапсырыстың көлемі бекітіледі.

Ал жазғы демалыс маусымында 1-10-сынып аралығындағы 223432 оқушыны толық сауықтырумен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған  отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 555 миллион  877 мың теңге қарастырылған. Оның 305 миллион  911 мың теңгесі қала сыртындағы лагерьлерде, 249 миллион 966 мың теңгесі мектеп жанындағы сауықтыру шараларына жұмсалмақ.

Жалпы, облыс бойынша  қала сыртындағы 11 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарлануда.

– Биыл облыстағы арнаулы оқу орындарын 3216 түлек тәмамдайды. Біз олардың әрбірімен жоспарлы жұмыс жүргізуіміз керек. Облыста жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Біз мамандарды жоба іске қосылған кезде  емес, ертерек   дайындауымыз керек. Сондықтан да Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері терең талдау жасап, облыстық білім басқармасымен бірлесіп жұмыс жасауы тиіс.

Жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесіне де үлкен жауапкершілік талап етіледі. Бірде-бір бала қараусыз қалмауы керек. Өкінішке қарай, қылмыс азаймай тұр. Жақында Шөлдалада болған жағдайға байланысты облыстық полиция департаментіне тапсырма берілді. Бұл жерде мектеп директорының, сынып жетекшісінің және ата-ананың жауапкершілігі қаралып, қатаң жаза қолданылады.

Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, жазғы демалысты көбіне  таза ауада ұйымдастырған абзал. Киелі орындарға саяхат, киіз үй қалашықтары, мәдени-спорттық шаралар, еңбек және құрылыс жасақтары сияқты бағыттарға баса назар аудару керек. Сондай-ақ қалалық жердегі оқушыларды ауылдағы ағайын-туыстарына, ата-әжелеріне жіберуді қамтамасыз етуді де ойластыру қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы жиынды қорытындылай келе осы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру үшін  орынбасары Дәулет Кәрібекке нақты тапсырмалар берді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support