Әкелер салып кеткен жарқын жол

34

Бұрынғының адамдары қандай еді, шіркін! Аузы дуалы бір қария бір қауым елді қабағымен ықтыратын. Ер болсын, әйел болсын жасы кішілер алдын кесе-көлденең өтпейтін, сөзін бөлмейтін. Әр ауылда кездесіп жататын тентегі мен бұзығын жөнге салатын да сондай қариялар еді. Бала болған соң жанжалдасып қалған жастарды да пәтуаға шақырып, татуластыратын. Тіпті «қыз алып қашқанда» да босағаны жаңа аттаған жас келіннің бұлқан-талқан болған төркінін де «қайтып келген қыз жаман…» деп, сабасына түсіріп, екі жасқа «бақыт тілетіп» аттандырып жататын. Өзім білетін сол жастардың көбі бүгінде немере сүйіп, түтіні түзу шығып жатқан ауылдағы үлкен бір отбасына айналған. Ел ішінде ұрлық-қарлық та бола бермеуші еді. Сол заманның милициясы не істеген деген ойға қаламын кей-кейде. Әсіресе әкелердің жастарды еңбекке баулудағы жарқын жолы қандай!  Міне, мектеп, міне, тәрбие…

Ол кездің қариялары ашаршылық көріп, алапат соғыс, қан-қасаптан аман-сау оралған соң ба, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлумен қатар,  еңбек десе жанып тұратын шетінен. Аталар мен әкелердің, алдыңғы толқын ағалардың ізін басып, жолын қуған жастар да өсе келе өз балаларына осылай тәрбие беріп, еңбектің қара қазанын қайнатып жататын. Үлкен кісілер зейнеткерлікке шыққан соң да сөз қуып немесе арыз жазып аудан немесе жоғары жақты жағаламайтын. Үйдегі бес-алты тұяғының жем-шөбін дайындап, малын жайғап жүргені. Үй тіршілігінен қолдары қалт етсе ақысыз-пұлсыз шаруашылықтың жылдың төрт мезгілінде бір толастамайтын науқандық жұмыстарына қолұшын берді. Көктемгі дала жұмыстарында диқан қауымының бір жағында жүрсе, күзгі жиын-терінде тағы да көмекке келеді. Әттең, ондай көненің көзі – «дария кеуде, тау мүсін» қарттарымыз азаттықтың арайлап атқан ақ таңын көре алмай, еркін еңбекке даңғыл жол ашылғанын білмей кетті. Егер осы заманда өмір сүргенде жер қайыстыра төрт түлік айдап, егін салып, бау-бақша өсіріп, табыстың тайқазанымен ауылдың да, өзінің де атын аспандатар еді. Менің майдангер әкем  кеңшардың озат механизаторы, неміс ұлтының өкілі Андрей Браунь жекжатының «МТЗ-50» маркалы көк тракторын сатып алсам ғой» деп армандайтын. Қайдан, тәуелсіздігімізді жариялаудан бес жыл бұрын өтіп кетті мына жалғаннан. Өмір заңы деген осы.

Сарысу ауданының «Коммунар» кеңшарының бірінші фермасының іргесіндегі шаруашылықтың қызыл қырманында 1980 жылы түсірілген мына сурет осыдан қырық жыл бұрынғы кеңес заманындағы өмірді көз алдыңа әкеледі еріксіз. Шаруашылықтың партия комитетінің хатшысы Байман Отыншин, жұмысшылар комитетінің төрағасы Рүстембек Бексейтов қырмандағы жүгеріні аршуға көмекке келген, бүгінде Игілік аталатын ауылдың бір топ қариясымен әңгімелесуде. Ол заманда үйіңе бір собық та алмайсың, тәртіп қатал, солай бола тұра біздің әкелердің күзгі жауын-шашын астында қалып кетпесін деген қырмандағы еңбегіне қалай ғана тәнті болмассың.

Кеңшар басшылары әлдеқашан бақилық болған, үлкен кісілер де  өмірден өтіп кетті. Суреттегі бірді-екілісі ғана аман-ау. Осы жерде аудандық атқару комитетінің төрағасы болып ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Қырекең, Қырықбай Асановтың «Коммунар» совхозына мынау директорларың деп бір таяқты шаншып қойсаң, ондағы бейнетқор ел басын шұлғып, алаңсыз еңбек ете береді» деген ел арасына кеңінен тараған сөзі еске түскені.

Рас, тәуелсіздік алып, жеке тірлікке жол ашылғанда алдыңғы толқынның көзін көрген аға-буын өкілдері де жарқырай шықты. Жақында ғана өмірден өткен  «Айтуған» шаруа қожалығының жетекшісі Айтуған Рыспанов ағамыз зейнетке шыққан соң, еңбектің рақатын көріп, демалам демеді. Жеке кәсіппен айналысты. Шаруа қожалығын құрып, мыңғыртып мал айдады, жайқалтып егін салды, бау-бақша өсірді. 85 жыл саналы ғұмыр кешіп, адал еңбектің жас таңдамайтынын көрсетіп кетті, жарықтық.

Еңбектің мұндай тәтті дәмін татып жүрген зейнет жасынан әлдеқашан асып кеткен алдыңғы толқын ағалар мен апалар әр ауданда да, қалада да бар. Әкелер салып кеткен жарқын жол ізін басқан інілеріне үлгі болды. Бүгінгі жас атадан балаға жалғасып келе жатқан осы жолды үзіп алмай, жалғастырса дейсің. Ал оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық та, көмек те аз емес. Абайша айтқанда, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.