- Advertisement -

Пилоттық жобамен мал алғандар шығынға батты. Неге?

135

- Advertisement -

Қазіргі таңда  әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Мұны мал өсіруді қолға алған шаруа қожалықтары да жақсы сезінуде.  Дегенмен «Мал баққанға бітеді» дегендей, кейде салғырттықтың салдарынан көз алдымыздағы табыстан айырылып қалатынымыз бар. Биылғы қыс ұзаққа созылып, салдарынан кейбір аймақта біраз мал шығыны болғаны жасырын емес. 

Мал өсірем десеңіз…

Әуелі   оқырман назарын мына жайға бұрғым келеді. Былтыр іссапармен Қордай ауданына барғанымызда ерекше бір жағдайдың куәсі болған едік. Ноғайбай деген ауылда Бекзат есімді кәсіпкер жігіт (сол ауылдың тумасы) мешіт салып жатыр екен. Сол азамат ауыл шетіндегі бір гектар жерінің қақ ортасына үлкен үй салған. Үйінің айналасы тегіс мал шаруашылығына арналған қора-жай екен. Мұнда жем тартатын аппараттар, жем сақтайтын үлкен қойма, бірнеше тонна шөп сақтайтын төбесі жабық жайлар да бар. Қанша сақтасаң да шөбің, жемің құрғақ тұрады. Уақ малға, жылқыға арналған жабық қоралар талапқа сай. Бірақ біз кәсіпкердің ауласынан оншақты қойдан өзге малды көрмедік. Сол көңіл-күйімізді байқаған болар, Бекзат:

–  Алдымен қажетті жағдайларды жасап, төрт құбыламызды сайлап алдық. Мұның бәрінің шығындары бар. Бірақ асықпағанды жөн санадым. Енді сәтін салса осы жерге 1 мың  асыл тұқымды уақ мал, 100 жылқы бордақылаймын. Осынша   малды аман сақтауға мүмкіндігім бар, – деді. Біз осы сәтте бұл кәсіпкердің ісінің алға басатынына, малы шығын болмайтынына сендік.

Алты ай қысқа шыдамай…

Биыл қыстың аяғы созылып кетіп, бірқатар аудандардағы күнкөрісі төрт түлікпен  байланысты ауыл адамдары қиналып, бірқатары шығынға да батты.  Шаруалар оған әсер еткен  бірқатар факторларды алға тартады. Шөп қымбат, жемнің бағасы шарықтап кеткен дейді. Соған қарамастан, бәрі қысқа жем-шөпті жеткілікті жинауға күш салғаны анық. Ешкім қаржысын аямайды. Біздіңше, бұл жердегі басты  себеп – әр шаруаның өзі асырап отырған малының санына қарай жем-шөп қорын артығымен жинап алмағанында. Молырақ қылып  жинаса, ақы сұрамайды, сақталып тұрады емес пе? Қыс созылып кеткен жағдайда қордағы қосымша мал азығын пайдалана қоятын еді. Үнемі күйлі тұрған мал шығынға ұшырай қоймайды. Кейбір таныс ауыл адамдары: «Кейбір уақ малымыз жемді жеп тұрып, сірейіп құлап жатты», – дейді. Демек, ол малға құнарлы дән әбден титықтаған кезде берілген болар.

Былтырдан бері Талас ауданындағы Үшарал ауылдық округінде де пилоттық жоба қолға алынып, бірнеше азамат жылқы, сиыр сатып алып, мал өсіруге ден қоя бастаған болатын. Кім біледі, бұрын көп мал бағып көрмегендер  оның шығынын да толық есептей алмаған болуы керек. Ашығын айтқан жөн, Үшаралда пилоттық жобамен мал алғандардың кейбірі 50 пайыз шығынға ұшырапты. Бұл дегеніңіз, 4 жылқының 2-уінен,  6 сиырдың  3-еуінен айырылып қалды деген сөз. Ал әлгі малдардың қайтарымы толық 100 пайыз мал көлемінде есептелетіні белгілі. Жақында Жуалы ауданы, Ақбастау ауылына барған едік. Бірнеше жылдан бері жылқы, сиыр  өсіріп келе жатқан Сәуірбай Ахметов: «Біз Жуалының қысы алты ай болады деп есептейміз. Жем-шөпті де сол жағдайға сәйкес жинаймыз. Мәселен, 4 жылқыға күніне 4 мың теңгенің мал азығы кетеді. Сонда 180 күнде 720 мың теңге шығын жұмсалады. Есесіне бір жылқының құны кеткенмен, 4 бие аман болса 4 құлын береді. Малдың өсімі болған жерде ұтылмайсың.

Ал жақында Таластың Үшаралында тұратын қайынағамның үйіне барып едім. Несиеге алған бес жылқысына жем-шөп тауып бере алмай, түгел қырып алыпты. Енді белшеден қарызға батып оның қарызын бірнеше жыл құяды. Обал-ай! «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, малды да малдан хабары бар кісі ұстағаны дұрыс қой», – деді.

Біз Талас ауданы, Үшарал ауылдық округінің әкімі Рахымжан Айтуовтан да мән-жайды сұраған едік. Ол ештеңені жасырмай: «Биыл қыс ұзаққа созылды. Округте біраз мал шығыны болғаны рас. Бұрыннан мал өсіріп келе жатқан шаруа қожалықтар онша залал шеккен жоқ. Мұнда пилоттық жобамен мал алғандардың 50 пайызы шығынға белшеден батты. Енді біз несие берген тараптан каникулды тағы бір жылға создыруын сұранып отырмыз. Оның өзі шығынға батқан шаруаға жеңілдік болар еді», – деді. Мұндай келеңсіз жағдай осы ауданның Ойық ауылдық округінде де орын алған. Әр үй малдың өлекселерін ауыл шетіне шығарып тастаған екен. Жақында бәрін трактормен жинап, ауыл шетіндегі арнайы орында өртепті.

«Ойық ауылдық округінде мал шығыны болды. Менің қорамнан да шығын шықты. Мұның барлығы қолдағы малдың басына қарай жеткілікті жем-шөп қорын жинамағаннан, қораны қысқа дұрыстап, жылылап сайламағаннан болды. Ауылдастарым бұл келеңсіздіктен сабақ алды деп ойлаймын. Әсіресе пилоттық жобамен мал алғандарға сәл ауыр соғып тұр», –  деді ауыл тұрғыны Дәулетхан Әбілхан.

Мұндай жағдай сарысулықтарды да айналып өтпеген. Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық округінің бас маманы Жамбыл Құлбеков бізге «2021 жылғы  қарлы боранда  Саудакент  ауылындағы  жеке қосалқы  шаруашылықтарда  мал  шығыны  болған  жоқ. Ауылдық  округке  қарасты  шаруашылықтарда  бірқатар  мал  шығыны  болды. Атап айтқанда, «Әлсейіт» шаруа қожалығында   8 мүйізді ірі қара, 21 уақ мал,  «Мұрат-1» шаруа қожалығында   8 мүйізді ірі қара, 26 уақ мал, «Ерік — Т» шаруа қожалығында  11 мүйізді ірі қара, 29 уақ  мал, «Дәнекер» шаруа қожалығында  29 уақ мал шығын болған. Шаруалар мұндай ауыр сынақтан сабақ алып отыр» деген ақпарат берді.

Осыған қатысты мәселенің мән- жайын облыстық  ветеринариялық   басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтан сұраған едік.

– Биылғы қыстың шаруаға оңай болмағаны анық. Оның соңы  мал шығынына әкеліп соғуда. Жем-шөптің жетіспеушілігінен, 22 наурыздан соң қайта қар жауып, суық ұрғаннан, жайлауға шығып кеткен малдардың қолайсыз ауа райында қалуынан болып отыр. Дегенмен мал шығыны орын алған аудандарға өзім барып, жағдайды біліп қайттым. Қазір Сарысу, Талас аудандары бойынша арнайы жұмысшы тобы құрылған. Қанша мал шығыны болғанын сол комиссия анықтап жатыр. Мал шығыны толық анықталған соң, біз оны бірдейлендіру базасынан шығаратын боламыз. Бұл жағдай барлық шаруа қожалықтарға сабақ болады деп ойлаймын,  – деді.

 Тілші түйіні: Міне, біз айтып өткеніміздей, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы ауылдағы төрт түліктің төліне қарап отырған шаруаларға ауыр соқты. Әрине, малды көбейту, өсіруге ниеттенген жақсы. Бірақ бір ғана немкеттілік талай істі кері кетірерін ұмытпаған жөн. Қазір мал азығы да қымбаттап кетті. Дегенмен жаз айында жем-шөпті жеткілікті сайлап алу уақыт күттірмейді.  Бұл жағдай енді шаруаларға да сабақ болса жарар еді.

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу, Талас аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support