«СЕРГЕК» талайды тәубесіне түсіруде

16

Бүгінде жол ережесін бұзатын жүргізушілердің қатары артпаса, азаймай тұр. Қауіпсіздік белдігін тағу, рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлеспеу,  тәуліктің кез келген уақытында жарық шамын жағып жүру сияқты қарапайым ғана қағидаларды қаперіне де ілмейтіндердің  көбейгені өкінішті,  әрине. Осы орайда үлкен қалаларда қолданысқа енгізіліп жатқан «Сергек» бейнебақылау жүйесінің талайды тәубесіне түсіргендігі сөзсіз.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте осы жүйені  облыс  аумағында орнату мәселесі қаралды. Жиында алғаш болып сөз алған «Көркем Телеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Асаубаев аймақта «Сергек» жобасын орнатудың үш нұсқасын көпшілік назарына ұсынды.

Бірінші  нұсқа бойынша  300 жалпы бейнебақылау камерасын және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 51 жол кешенін іске қосу көзделген. Қысқасы қиылыстарда – 28, желілік учаскелерде 23 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатуға болады. Жобаны іске асырудың жалпы мерзімі  6 жыл. Ал оның құны – 3,3 миллиард  теңге. Бұл тұрғыда облыстың болжамды табысы 89 миллион  теңгені құрайды.

Екінші нұсқа бойынша  500 жалпы бейнебақылау камерасын және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 66 жол кешенін іске қосу ұсынылды. Мұның да іске асыру мерзімі алты жыл. Дегенмен жобаның құны алдыңғысына қарағанда қымбатырақ – 4,4 миллиард теңге. Облыстың табысы 207 миллион теңгені құрайды деген болжам бар.

Үшінші нұсқа ауқымдылығымен ерекшеленеді.  Мұнда 600 жалпы бейнебақылау камерасын және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 80 жол кешенін іске қосу мүмкіндігін қарастыруға болады. Жобаның құны – 4,9 миллиард, болжамды табыс 319 миллион теңге шамасында.

Руслан Болатұлы өз сөзінде «Сергек» бейнебақылау жүйесінің Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкент қалаларында орнатылғанын, аз уақыттың ішінде-ақ тиімділігін дәлелдегенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда Түркістан мен Семей қалаларында осы бағыттағы жұмыстар қолға алынған екен. Ол жаңа жобаны  облысымызда да  жүзеге асыру идеясы қолдау табатын болса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде іске кірісуге дайын екендіктерін айтты. Дегенмен бұл жарты жылға жуық уақытты талап ететін шаруа. Мысалы, бейнебақылау жүйесін орнату қазан айында басталса, оны іске қосу келесі жылдың еншісінде.

Жиында облыс әкімі  сала мамандарының да пікірлерін тыңдады. Облыс әкімінің орынбасарлары Алмас Мәдиев, Талғат Мамаев, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков, тағы да басқа азаматтар сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға жұмыс тобын құрып, ұсынылған нұсқалар бойынша жан-жақты талдау жүргізу, өзге аймақтардың тәжірибесін ескере отырып, жаңа жобаны іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру туралы нақты міндеттер жүктеді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

Comments are closed.