- Advertisement -

Таңдау Таразға түсіп тұр бірақ бұл индустриялық аймақ  Шудағы экономикалық аймақтың жолын құшпасын

77

- Advertisement -

Облыс орталығынан индустриялық аймақ құрылатыны туралы хабардан біраз уақыттан бері құлағдармыз. Алайда бұл жоспарды жүзеге асырудың алғашқы қадамдары енді ғана байқала бастаған сыңайлы. Әзірге басқарушы компания құрылып, қала аумағынан 169 гектар жер бөлінген. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев индустриялық аймақ құруды – өңірге инвестиция тартудың бір мүмкіндігі санайды. Ал инвестицияның экономиканы дамытудағы маңызы зор екені белгілі. Сондықтан бұл ауқымды жоспардың соңы сиырқұймышақтанып кетпей, болашағы баянды болуы үшін жауаптылар күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы индустриялық аймақ жұмысының алдағы бағыт-бағдары мен бүгінгі шешілмей тұрған мәселелерге баса назар аударды. Инвесторларды,  кәсіпкерлерді, кәсіпорындарды сол орталыққа тартудың қандай жолдары бар екендігі талқылады.

 Елімізде жалпы 30 индустриялық аймақ бар, оның ішінде 22-сі өңірлік, 8-і республикалық маңызға ие. Ал біздің облысымызда индустриялық аймақ құру үшін неліктен Тараз қаласы таңдалғанын «Тараз» ӘКК» АҚ басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Көрпетаев түсіндіріп өтті. Өнеркәсіптік өндірістің қарқынды дамуы, білім беру ошақтарының негізі облыс орталығында орналасуы, жоғары білімді жұмыс күшінің және мамандардың жеткіліктілігі, негізгі коммуникациялар мен қуат күштерінің қолжетімділігі, шекаралас аудандардың жерін пайдалану арқылы индустриялық аймақты кеңейту мүмкіндігі болғандықтан таңдау Тараз қаласына түскен.

Қаланың негізгі өндірістері орналасқан жерде индустриялық аймақ үшін 204,7 гектар жерді қолдануға болады. Бірінші кезекте 51 және 54 гектар жер учаскелерін игеру жоспарланса, Талас ауданындағы «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының маңындағы 54 гектар жер учаскесін басқарушы компанияға беру көзделуде.

Қазіргі таңда жалпы құны 31,8 миллиард теңгені құрайтын 800-ге жуық жаңа жұмыс орындарын ашатын 13 жоба ұсынылып отыр екен.

«Тараз» индустриялық аймағының басқарушы компаниясын қамтуға жергілікті бюджеттен ағымдағы шығындарға 15 миллион теңге, ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 25 миллион теңге бөлінген.

Қатысушыларды анықтау және олармен келісімшарттар жасасу мамыр айына жоспарланыпты.

Әлеуетті инвесторлар индустриялық аймақтың қатысушысы болуы үшін басқарушы компанияға құжаттарын тапсырып, өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдағаннан кейін қызметті жүзеге асыру туралы және жер учаскесін әлеуетті инвесторға қосалқы жалға беру туралы шарт жасалады.

Баяндамашы Нұрғали Көрпетаев жалпы индустриялық аймақ құру арқылы өңірде өнеркәсіп өнімін 15-18 пайызға арттыру, 80-120 миллиард теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту, 1800-ге дейін жұмыс орындарын ашу, жылына 10-12 миллиард теңгеге салық салу базасын ұлғайту көзделіп отырғанын жеткізді.

Бердібек Машбекұлы басты талап – нәтиже екенін ескертіп, индустриялық аймақ жұмысы Шу ауданы аумағында орналасқан арнайы экономикалық аймақ сияқты тұралап қалмауын қадағалауды тапсырды. «Тараз» ӘКК» АҚ-на, басқарушы компанияға, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына жұмыстың барысы туралы ай сайын есеп беру міндеттелді.

«Тараз» ӘКК» АҚ шағын кәсіпкерлерге бастапқы капитал табуға көмектесуі қажет. Көптеген кәсіп ашуға ниетті адамдар бар. Бірақ жері, инфрақұрылымы жоқ. Олармен барынша жұмыс жасау керек. Сол кезде индустриалдық аймақ жұмыс істейтін болады», – деген облыс әкімі бастаманың баяу жүріп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ соңғы кездері белсенділіктері байқалмай қалған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы сын садағына ілікті. «Тараз» индустриялық аймағы» басқарушы компаниясының директоры Абзал Абділдаға мол жауапкершілік артылды.

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев жиында индустриалдық аймақ құрамына алғашқы енетін әлеуетті 3 жобаны таныстырды. Олар: «Тараз тозуға төзімді қорытпалар зауыты», бетон және темірбетон бұйымдарын шығаратын «Үшарал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Talas Investment Company» серіктестігінің натрий цианидін өндіру зауыты құрылысының екінші кезеңі. Бердібек Машбекұлы бұл жобалардың өнімдеріне деген сұраныс жайын және барынша импортты азайту мәселелерін қозғады.

Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мадиевке индустриялық аймақ жұмысының алға басуына жауапты тараптардың жұмысын қадағалау тапсырылды.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support