Әуесбайдың әдебі

211

 Айналамыздағы көркемдікті көре білетін, терең сезіне алатын бірден-бір жан болса, ол – өнер адамы. Сондай жанның бірі – ұлағатты ұстаз, новатор-педагог, көрнекті өнер иесі Әуесбай қажы Бақбергенұлы.

II дүниежүзілік соғыстан кейінгі ел еңсесін тіктей қоймаған қиын-қыстау кезеңде дүние есігін ашқан Әуесбай досым 50-жылдардың ұрпағы. Майдан зұлматының зияны тиген көп қатарластары сияқты ол әкесі Бақбергеннен алты жасында ерте айырылыпты. Бір асылы, мал бағып, момын тіршілік кешкен Бақберген ата кіндігінен тараған алты перзентінің көбіне діни есім қойған екен. Әуесбай есімі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серіктерінің бірі Аус сахабаның құрметіне қойылған сияқты. Бұл есім қазақы мақаммен «әуес» деп айтылып, оған «бай» жалғанып, содан Әуесбайға айналып, құлаққа сіңісті болады. Ағасы Әуесхан мен інісі Әуесалы есімінің шығу төркіні де осыған саяды, сірә. Ал үлкен ағасы Әбу-Исаның аты әйгілі хадистанушы білгір, IX ғасырда өмір сүрген ғұлама ғалым Әбу-Иса ат-Тирмизидің құрметіне қойылуы, бек мүмкін. Қалай болғанда да Бақберген ақсақалдың қылышынан қан тамған Кеңес заманы кезінде ұрпақтарына діни есім бергені – діні қатты қайсарлықтың белгісі деп еш шүбәсіз айта аламыз.

Ағалары Әбу-Иса мен Әуесхан да өнерге жақын жандар. Қаршадайынан сырнай тартып, ауыл той-думанының сәнін келтіретін, жүрегі әнге, көмейі күйге толы өнер иелері болыпты. Әуесбай досым  ағаларына еліктеп, жастайынан саз әлеміне етене жақын жүреді. Бір әттеген-айы,  бауырларының бергенінен берері мол нағыз толысқан шағында өмірден ерте озғаны. Әпкелері Базаркүл мен Ажаркүлдің ерте бақилық болғаны да жанға батады. «Өнерге жақындығым солардан жұқты деп білем. Қазір осы салада азды-көпті мерейім үстем болып жатса, бауырлардың арқасы», – деп ағынан жарылады үнемі. Ағайын-туысқа жанашырлығы, жандүниесінің жақындығы – Әуесбайдың ендігі бір әдебі.

Әуесбайдың мамандық таңдауына анасы ықпал етіпті. Сол тұстағы Луговой ауданының Бірлес ауылы мектебінің түлегін Орынкүл шешей Өскеменде жұмыс істеп жатқан Талғат құдасының жанына қосақтап, қалаға ертіп жібереді. Ондағы бар ойы – «Өскемендегі педагогика институтының музыка факультетіне түссе» деген аналық ниеті еді. Алайда сол жылы ол оқуға түсе алмай сүрінеді. Ауылға қайтуға намыстанған қайсар бала қайткенде де қалада қалуға тырысады. Сөйтіп, титан-магний комбинатында бір жыл ауыр жұмысқа жегіліп, келер жылы діттеген білім шаңырағына ақыры оқуға қабылданыпты. Намысшылдық – Әуесбайдың келесі бір әдебінің қыры, ендеше.

Өскеменде өнер игерген баяншы жігітке 1978 жылы Қ.Сарымолдаев мектеп-интернатының директоры Антон Майердің назары түсіп, педагогикалық училищеден жұмыс ұсыныпты. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Қаратаев сынды халқымыздың нартұлғалары қызмет еткен, Мәулен Балақаев, Төлеген Тәжібаев сынды алаштың асқар бел азаматтары түлеп ұшқан оқу ордасының атағы жер жарып тұрған шағы. Дарақ бір жерден көгереді. Кезінде Абай атындағы педагогика училищесінде, бертінде гуманитарлық колледжде Бақбергеннің Әуесбайы жарты ғасырға жетеғабыл түрлі қызметте табан аудармастан табысты қызмет етіп келеді. Шын ұстаз үшін шәкіртінің табысы үлкен жетістік. Осы жылдары «Әуесбай ағай әуенге үйретті» дейтін шәкірттерінің бірнеше шоғыры қалыптасты. Қазақ эстрадасындағы танымал есім Тахмина Әшімбекова ұстазы туралы былай тебіренді: «Сахна табалдырығын алғаш аттағанымда Әуесбай ағаның маған көп еңбегі сіңді. Әрқашан ағалық ақылын айтып, алға жетелеп, түрлі деңгейдегі концерт пен дүбірлі тойларда мені жарнамалап-жариялап отырды. Әр әншіні алғаш танытатын жақсы әні болады. Менің сондай әнім Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ауы» мен Ісметтің әні еді. Осы әндерді таңдауыма да ағаның көп септігі тиді. Қайда жүрсем де бота тірсек бойжеткен кезімде қолдап-қолпаштаған алғашқы ұстазыма қарыздармын».

Оқытушы еңбегінің ендігі бір қыры – ұстаз бен шәкірттердің жыл сайын шығармашылық концерт беруді дәстүрге айналдыруы. Облыс, қала берді елдік ауқымда өтетін «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалінің «Жүрекке жылы әуендер», «Сағындырған әндер-ай» ретро әуендер байқауы мен фестивалінің белсенді қатысушысы әрі ұйымдастырушысы ретінде басқарушылық қыры шыңдалды. Ол «Сағындым Кенен атамды», «Қазақ музыкасының шежіресі» конкурстарына ұйытқы болды. Әуесбай ұстаздың жетекшілік етуімен «Қазақ халқының аспаптық музыкасының жастарға беретін ұлттық тәрбиелік мәні» әдістемелік нұсқау, «Мектеп балаларын шығармашылық өнерге баулу» әдістемелік құрал жазылып,  талай ғылыми конференцияда мектептерде ән сабағын оқыту әдістемесі жөнінде баяндама оқыды. «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіне «Ризашылық», «Қамқоршы күн» мерекелеріне жыл сайын студенттермен концерттік бағдарлама ұсынып тұрды. Гуманитарлық колледж директоры, жасампаз істерімен танымал ел азаматы Айдархан Дүкенбайұлы әріптес ағасы туралы былайша лебіз білдірді: «Әр ұжымда көпшілік бой түзеп, үлгі тұтатын тұлғалар болады. Мен үшін ерекше сыйлайтын, ұжымда беделі зор, орны ерек ұстазымыздың бірі – Әукең әлі күнге бағдарымыз. Ол кісімен 1986 жылы Шайқорықта ауыл шаруашылығы жұмысында жүріп танысқанбыз. Уақытымен тура жүретін, дәрісінен кешігіп-кідіргенді білмейтін нақтылығынан, ешкімнің ала жібін аттамайтын биязы мінезінен, кәсібилігінен тағылым алып келеміз».

1978 жылы Жамбыл облыстық әйгілі «Алатау» ән-би ансамблінің бишілер тобына сүйемелдеуші баянист керек болып, педучилищеде Әуесбай есімді жігіт бар дегенді естіп, іздеп бардым. Жиырма жеті жастағы жұқалтаң қараторы, ашық-жарқын азаматпен тез-ақ тіл табысып, бірден қосымша жұмысқа шақырдым. Жетпісінші жылдары композитор Садыхан Әубәкіров, сол кезде Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметін атқарып жүрген ақын Жақсылық Сәтібеков сынды азаматтардың бастамасымен құрылған ансамбль құрамында отызға тарта өнерпаз қызмет атқарды. Қай-қайсысын алсаң да, кіл майталманның арасында баянист Әуесбайдың да орны бөлек.

1982 жылы сол кездегі  Красногор ауданының мәдениет бөлімінің басшылығына кадр керек болды. Жаңадан құрылған ауданда маман тапшы кезі. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұқан Исақ ағамызға ел азаматы Саттар Жанәбілов бұл қызметке лайық деп орда бұзар шағындағы дүр жігіт Әуесбайды ұсынды. Саттар аға – аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы. Партия қатарында жоқ, әрі педучилищеде қатардағы оқытушы болып жүрген азаматты бір ауданның мәдениет саласының басшысы етіп тағайындап жіберу – ол кезде ерлікпен пара-пар іс. Жас басшы ағалар сенімінің үдесінен шыға білді. 1984 жылы ауданда мәдениет саласын басқарып тұрғанда халық мақтанышы, ақын, әнші-сазгер Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығы дүрілдеп-дүркіреп өтті. Мерейтойға орай Әуесбай досым «Ой, жайлау» фольклорлық ансамблін құрып, өзі соның құрамында өнер көрсетіп, баян аспабында шырқады. Ұжым республикаға танымал болып, орталық Қазақ телевизиясында 45 минуттық концерттік бағдарламасын да берді. «Ой, жайлау» ансамблін екеуіміз бірігіп, Красногорда бір ай жатып, бірге дайындағанымызды қазір сағынышпен еске аламын. Республикамыздың мәдени өміріндегі айтулы іс-шараға арнайы келген сол кездегі мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаев, Жәнібек Кәрменов сынды көрнекті руханият өкілдері жоғары бағасын беріп еді.

Ағаш бұтағымен, адам ұрпағымен көркем ғой. Әукең жұбайы Рабиға Сақыпқызы екеуі Жанат, Қанат, Қуат сияқты алтын асықтай перзент сүйдірген Жаратқанға шүкірлік етіп келеді. Құдай қосқан қосағы да 40 жылға жуық тәлім берген Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгілерінің иегері, Қазақстан педагогика ғылымдары Академиясының мүшесі. Үлкен қызы Жанат 4 бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде музей қызметкері. Кейінгі екі ұл журналистикада сүрлеу салған құлжаның сақасындай азаматтар. Ортаншысы – «Әуесбайдың Қанаты» деп телеэкранда атой салған алты алашқа аты мәлім тележүргізуші, филология ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясын иеленіп, Британияда білім жиған тұңғыш журналист. Бүгінде Қанат «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Атырау облыстық филиалының директоры қызметінде медиа менеджерлік қырымен де танылып жүр. Әке жолын қуып, Атыраудағы Халел Досмұхамедұлы университетінің журналистика кафедрасында келешек журналистерге дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеу ісіне де өз үлесін қосып жүр. Кенжесі Қуат та ақпарат саласында танылған. Кезінде «Халық сөзі» қоғамдық-саяси газетін шығарды, «Атырау-ақпарат» медиа-холдингінде басшылық қызметте болды. Елгезек Қуат бертінде туған жерге ту тігіп, Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің де тізгінін ұстағаны аян. Қазірде ұлдың кенжесі елордамызда «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы, әрі  Еуразия Ұлттық университетінің докторантурасында оқып, ғылыми ізденісте жүрген жайы бар.

– Ата-анам мұғалім. Бізді бала кезімізден «мұғалімнің баласы, ұялмайсың ба?!» деген сөз қамшылап өсірді десем, артық айтпаймын. «Мұғалімнің үлгілі болуға тиіс баласы осындай шалалыққа барса, өзгесіне не жорық?» деген ежелгі қисын ғой. «Ешкімнің ала жібін аттама, қиянат жасама, кісі ақысын жеме. Бәрі алдыңнан шығады» дегенді қаршадайымыздан әке-шешеміз санамызға сіңірді.  Басты өмірлік ұстанымымыз осы, – дейді әкенің ұлағаты туралы Қуат Әуесбай сыр ақтарып. Ал Қанаты: «Жарық дүниеге келген жұмыр басты пенденің өмір бойына адал  еңбек етіп, абыройлы болуға талпынғаны қажет! Кісі баласына кесапатың емес, шарапатың тисін. Жан сарайыңды байыт. Ақтық демің үзілгенше оқы, білім жи. Бойыңдағы білімің халқыңның игілігіне жарасын. Алтын уақытыңды бос селтеңге емес, пайдалы тірлікке жұмса», – деп ұстаздар әулетіндегі тәрбиенің өзегіне айналған ұстанымдар жайлы әңгіме қозғады.

Бұл – өнегелі  ұстаз Әуесбайдың келесі бір әдебі. Оның 45 жылғы жемісті ұстаздық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Әуесбай Бақбергенұлы педагогика саласындағы аса зор табыстары үшін Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Мәдениет және спорт министрлігі «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін Әукеңнің өңіріне тақты. Ұстаздыққа адал ұзақ жылғы еселі еңбегі үшін Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшелігіне де сайланды. 2015 жылы Әукең досым мұсылманның бес парызының бірі – Меккеде қажылығын өтеп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде.

Әуесбай әріптесім шәкірттерін еркелете білгенмен, есіртпейді, сырласа білгенмен, сыр алдырмайды. Жанындай жақсы көргенімен, жалбақтамайды. Қатал бола білгенмен, қаһарланбайды. Мұңыңды тыңдай білгенімен, мұң шақпайды. Қандай істе де тындырымды, бірақ онысын міндетсінген емес. «Әдеп» – діндегі асыл қағидалардың негізінде адам бойында пайда болатын ізгі қасиет, кең мағынасында, рухтың дінмен астаса отырып, берік болуы. Ендеше, ізгілікке берік үзеңгілес досым  Әуесбайдың әуелден  әдебі осындай.

 

Мұхтар Рахманқұлов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.