Бүгінгі жастар қандай кітап оқып жүр?

88

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы 23 сәуір — Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне орай «Біздің өмірімізде кітаптың алатын рөлі» атты пікір алаңын ұйымдастырды. Іс-шараға облыстық «Arai» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Нұржан Қадірәлі, қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Құралай Сейсебекқызы, тұрақты оқырман Қаржаубай Сыдықназар   және мәдениет саласының қызметкерлері Мадияр Ералы мен Ербол Ағабек қатысты.
Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Кітап ұрпақ тәрбиелеудің таптырмас құралы. Іс-шараға келген қонақтар арасында «Бүгінгі жастар не оқып жүр?», «Оқырмандар аудиториясын зерделеуде қай буын кітапты көп оқиды?», «Мемлекет жастарды кітап оқуға баулу үшін қандай жобаларды қолға алғаны дұрыс?», «Сіздің өміріңізді өзгерткен кітап?» атты сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті.
Талқыға түскен тақырып, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап бергендей болды.
Кітапхананың көп жылдан бергі тұрақты оқырманы Қаржаубай Керімбайұлы бүгінгі таңда жастарды кітап оқудан алшақтатқан әлеуметтік желі мен планшеттер екенін айтса, ақын Нұржан Қыдырәлі жастарды кітап оқуға шақыратын әлеуметтік жобаларды қолға алып, баланы мектеп жасынан кітап таңдауға үйрету қажеттігін, тартымды шығармаларға баулитын мультфильмдердің көп болуын назарға алу керектігіне тоқталды.
Әлеуметтік желілерде оқырмандарды оқуға шақырып, түрлі кітап оқу челлендждерін ұйымдастырып жүрген мәдениет саласының маманы Мадияр Ералы кітап оқытуды мектеп бағдарламасына қосып, балаға оқытуды жоспар бойынша жүргізу керектігін айтты.
«Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Құралай Сейсебекқызы өз балаларын кітап оқуға қалай тәрбиелегені жайлы тәжірибесмен бөлісті.
Пікір алаңына жиналған азаматтар кітапхана сөресіндегі кітаптың оқылмай қалмауы үшін еңбек етіп жүрген кітапханашылар еңбегіне оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді.

Comments are closed.