Мәдениет

Қиялы ұшқыр Қали

Қиялы ұшқыр Қали

Картиналарын сату үшін салмайды

Өн бойындағы қарым-қабілетті толассыз еңбекпен, ізденіспен толыстырған кез-келген адам түбінде өзіне тиесілі бағасын алады. Ал тумысынан таланттылардың жөні бөлек. Бірақ, екінің бірінің басына қона бермейтін бұл қасиет не сый, не сын болады. Оны ұштау дарындының өзіне байланысты. Себебі, мұнда адамгершілік пен оның негізі – қарапайымдылықты сақтап қалудың рөлі басым. 

6 5Қылқаламын серік етіп, сан сырлы сурет әлемінде самғап келе жатқан Қали Қораласбаев табиғи талантын тек тағдырдың сыйы деп қана сезінетіндердің қатарынан. Өнерімен өрге жүзген ол менменшілдіктен іргесі аулақ қарапайым мінезіне кірбің түсірмегендей. Шуақты Шу өлкесінің шұғыласына шомылып, топырағынан нәр алған Қали үшін өнерден биік ешнәрсе жоқ. Талантын тынымсыз еңбекпен түрлендіре түсіп, тек сурет салумен ғана шектелмей, өнердің алуан түрін меңгеріп алған қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматына айналған. Жан-жақтылық алдымен суретші шығармашылығы үшін маңызды. Әр туындысында санқилы әлемді шарлап шығатын қылқалам шеберлерінің музыкасыз музаны, поэзиясыз әдемілікті елестете қоймасы анық. Осы орайда, Леонардо да Винчидің «Философ болу үшін суретші болу керек» деген сөзі ойға оралады. Қали Қораласбаевты бүгінде көпшілік белгілі мүсінші, карикатурашы ретінде және ақындық, сазгерлік қырынан да жақсы таниды. Үздіксіз ізденіс ол үшін рухани тоқыраудан құтқаратын күш. Өнерге деген ниетіне қарай, өмір жолында мықты ұстаздарға кездеседі. Мектеп қабырғасында Дәркембай Шоқпаровтың үйінде көп жүріп, оның тастан жасаған туындыларына көзі қанық болып өскен. 1983 жылы Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түскеннен кейін де білікті мұғалімдердің алдын көрген. Бүгінде қыры көп Қораласбаев Мұса Сейітов, Қалиолла Ахметжанов, Кенжебай Дүйсенбаев, Қадыр Қаметов сынды елімізге белгілі суретшілерден дәріс алғанын мақтанышпен айта алады. Бастапқы білгенімен іркіліп қалмай уақыт ілгерілеген сайын сурет салудағы тәжірибесі толыға түсіп, сыр-шырай, кескіндеме, сумен жазу, мүсіндеу және карикатура бағыттарында көптеген жетістіктерге жетеді. 40-қа жуық жеке көрмелерін ұйымдастырып, өнерсүйер қауымға еңбектерін паш еткен. Бір қызығы, Қали Қораласбаевтың алғашқы көрмесі бейнелеу өнері бойынша емес, «Алтай этюдтары» деп аталатын фотосуреттер бойынша ұйымдастырылған. Училищеде оқыған жылдары әскери-патриоттық клубтың мүшесі болып, түрлі экспедициялардан айтарлықтай фотоқор жинақтап алады. «Ешкі сүйреген әйел» атты студенттік кездегі тырнақалды фотоеңбегі «Қазақстан әйелдері» журналында жарық көрген екен. Фотосурет саласындағы қабілеті жақсы бағаланып, өзі де мүмкіндіктерін сезіне бастаған тұста, осы бағытқа бет бұруды да ойлайды. Алайда, табиғи таланты бейнелеу өнеріне бүйрек бұрғызып, ауылға оралып, сурет шеберханасынан еңбек жолын бастайды. 1987 жылы Ұлы Қазан төңкерісі күніне орай аудандық мәдениет үйінде тұңғыш көрмесі өтіпті. Ауданнан тыс, облыстық 5 жеке көрмесі, сондай-ақ, 2002 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған және 2008 жылы еліміздің орталық мемлекеттік музейінде Шу ауданының 80 жылдығына арналған «Тұғыр» атты республикалық жеке көрмесі ұйымдастырылды. Суретшінің бір көрмесі ақынның бір кітабы іспетті. Яғни, сол уақыт аралығын­дағы ең үздік еңбектері көрсетіледі. Бұл ретте, Қораласбаев саннан гөрі сапаға жұмыс істейтіндердің санатында. «Өмірде оптимист болсам да, жұмысқа келгенде асық­паймын, ойымды аяғына дейін жеткізуге тырысамын» – дейді ол. Яғни, суретте, карикатурада, мүсінде де бүгін аяқталған туындысы бір немесе бірнеше жыл бұрын басталған болуы мүмкін. Көпшіліктің көкейінде «Қалидың картиналары қанша тұрады?» деген сауал жүруі ықтимал. Алайда, ол коммерциялық емес шығармашыл суретші. Сол себепті, сату үшін салынған суреттің бағасы «бес тиын» деп санайды. Суретші қай кезде де жан дүниесінен шыққан әлемді бейнелейді. Сондықтан, айтпақ ойын тереңнен түсініп, туындысына аңсары ауып, қадіріне жетіп тұрған адамға ғана сол картинаны сатуға, тіпті тегін беруге дайын. Қали Қораласбаев еңбегінің саудаланғанымен емес, мемлекеттік музейге өтіп, алтын қорға енгенімен мақтанады. Мемлекеттік өнер музейінде бүгінде оның «Ана-Жер ана» атты мүсіндік композициясы және «Аналық» атты графикалық жұмысы тұр. Мүсін жасаудан рухани тоқырауды сезінсе, аяқталмай тұрған сызбаларын жалғастырып, сурет салуға немесе карикатураға кірісіп кетеді. Карикатура арқылы қоғамдағы қордаланған мәселелерге өткір үн қоса алады. 500-ге тарта карикатуралық жұмыстардың авторы «Сөзсіз әңгіме», «Сенің таңдауың» және тағы басқа республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанған. Ал «Болар бала» атты алғашқы карикатурасы аудандық «Шу өңірі» газетіне шығып, содан бері автор аталмыш газеттің штаттан тыс тілші-суретшісі болып жүр. Тастан ойып мағыналы мүсіндер жасағанда да тақырыпты сезініп барып іске кіріседі. Мәселен, 1990 жылдары елдің берекесі кетіп, ауыл құлдырай бастаған тұста өмірге әкелген «Біз сендерді күтеміз», «Тастанды ұялар» атты туындыларында мүсінші тасқа сезімін салып, жан бітіргендей. Сондай-ақ, ол Шу ауданындағы орталық саябақта тізілген ескерткіштердің ішіндегі 6 Еңбек Ерінің мүсінін жасаған. Дала тастарына дем беруші, күрделі болса да бұл бағыттан бас тартпаған. Ал Шу ауданының 80 жылдық мерейтойында естен кетпес ерекше сый ретінде Жастар аллеясына «Махаббат бағы» атты 4 бөліктен тұратын мүсіндік композициясын тарту етті. Ұтымды идеясы жастардың ой-тілегін дөп басып, аллеяға жан біткендей болды. Бұл композицияны автор жан, сана, тән қалауынан тұратын «махаббат формуласына» сүйеніп, «танысу», «сырласу», «қауышу» бөлімдеріне жіктейді де, «Махаббат бағы» деген мүсінмен нүктесін қояды. Биыл бір айдың ішінде бұл аллеяға 9 тастан жасалған мүсіндік композиция қосып, Қали Қораласбаев шулықтарды тағы бір қуантты. Енді, Шу өзенінің бойына 15 метрлік «Мәңгілік Ел» композициясын қоюды жоспарлап отыр. Өнерсіз өмірін елестете алмайтын дарын иесі бұл жолдан айнымайтындығын айтады. Қазір шеберханасында 1000-ға тарта жұмысы сақтаулы тұр. Қали Қораласбаевтың бұдан бөлек, негізгі жұмыс орны – аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы. Бірнеше үйірмені қамтитын бұл мекемені басқара отырып, аудандық «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдарына төраға да болып жүр. Бейнелеу – оның табиғи дарыны, ал, саз өнеріне келсек, Қали Қораласбаев 40-қа жуық әннің авторы. Өнерге өмірін арнаған жандардың ішкі дүниесі өзгеше жаратылып, ой-өрісі де көпшіліктен оқшауланып тұратын сияқты. Сондықтан, ондай адамдарға өмірлік серік болу үшін де ыждаһаттылық керек-ақ. Бірақ, Қали Қораласбаевтың жары да суретші, өзімен бірге көркемсурет училищесін тәмамдаған екен. Алайда, ол ұстаздық жолға бағыт алады. Осылайша, жарасым тауып, күн кешіп жатқан жұп 5 қыз, 1 ұлды өмірге әкелген. Қажетінің бәрін туған жерінен тауып, басқа ортаға аңсары аумаған Қали Қораласбаевтың өзімен болмаса да, елеулі еңбектерімен еліміз таныс. Ал қажеті деп отырғанымыз, кіндік қаны тамған жердің рухы, шығармашылығына арқау тақырыптары, кейіпкерлері, бәрі-бәрі айналасында бар. Сондықтан, «еңбек жолыңызды үлкен қалаларда неге жалғастырмасқа?» деп сұрағандарға суретшінің жалғыз жауабы бар: «Мен өз тақырыбымның ортасында өмір сүріп жатырмын».

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.