- Advertisement -

Қытай компаниясы уәдесінде тұрмады

104

- Advertisement -

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен облысымызға ат басын бұрды. Ол  облыс әкімі  Бердібек Сапарбаевпен бірге «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылыс учаскелерін аралап, Шу ауданы әкімдігінде арнайы кеңес өткізді.

Министр Бейбіт Атамқұлов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданында орналасқан арнайы экономикалық аймақтың басшыларымен және «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылысына жауапты мердігерлермен кездесті. Басқосу барысында өңір басшысы жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қытайлық компанияның өз міндетіне салғырт қарап отырғандығын жеткізді.

Жұмыс жоспарына сәйкес Меркі мен Шудың ортасындағы жол межелі мерзімде аяқталуы тиіс болатын. Алайда қытайлық мердігер компанияның жұмысшылары екі айдан аса уақыт жұмыс істемегендіктен және техника мен адам санының жетіспеуі салдарынан жұмыс тұралап қалды. Мердігерлерге жергілікті билік тарапынан қажетті техника мен қосымша жұмысшылар ұсынылғанымен, олар бас тартқан еді. Нәтижесінде, жұмыс уәделі уақытта орындалмай отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жергілікті билік бірлесе отырып, жауапты мердігерлердің аталған жолдың құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне беруін қатаң қадағалауы қажет. Бұдан бөлек, Шу ауданында орналасқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстар әлі күнге дейін «Баяғы жартас, сол жартастың» күйін кешіп тұр. Бүгінгі күнге дейін 12 инвестициялық жоба жүзеге асуы керек болған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда тыңайтқыш шығаруға арналған бір ғана кәсіпорын іске қосылды. Оның өзі тиісті деңгейде жұмыс істемей тұр. Сондай-ақ, қант зауытының да құрылысы былтыр басталуы тиіс еді. Дегенмен, мердігерлер уәдесінде тұра алмады. Бір айта кететін жәйт, экономикалық аймақтағы басқарушы компания жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, мұндағы жұмыстарды өз деңгейінде үйлестіре алмай отыр. Компанияда қызмет ететін жұмысшылардың жалақысына бір жылдың өзінде өте қомақты қаржы жұмсалады. Алайда, ешқандай нәтиже жоқ, — деді Б.Машбекұлы.

Бұдан кейін «Қазавтожол» АҚ  облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова сөз сөйлеп, өңіріміздегі автожолдардың жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, облыс бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1198 шақырымды құраса, бүгінгі таңда оның 475 шақырымына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 262 шақырымын қайта жаңғыртудың бас мердігерлері де жұмыстарына тиянақты қарамағаны қынжылтады. Өз кезегінде министр Б.Атамқұлов Жамбыл облысындағы жол жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтындығын жеткізді.

«Жамбылдағы жол жөндеу жұмыстарын өткен жылы өз көзіммен көріп, жауапты мердігерлермен кездескен болатынмын. Бас мердігерлер «Син Синь» ЖШС мен «АБК-Автодор НС» ЖШС өздеріне тиесілі жолдың құрылысын аяқтаудың нақты мерзіміне байланысты берген уәделері әлі де орындалмады. Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтардың қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттарды қайта жасауды ұсынған мердігерлер де болды. Десе де, министрлік жуық арада бас мердігерлердің келесімшарттағы жауапкершілігі мен міндеттемелерін жеке-жеке зерделеп, нақты шешім шығаратын болады. Өз жұмысына салғырт қарап, мойнына алған жауапкершілікті белгілі бір деңгейде орындамай отырған компаниялар алдағы уақытта бас мердігерлердің арасында өткізілетін іріктеуден өте алмайтындығына, министрлікпен бірлесе жұмыс істей алмайтындығына кепілдік беремін. Бұдан бөлек, облыс әкімі Бердібек Машбекұлының арнайы экономикалық аймаққа қатысты сынына толығымен қосыламын. Мұнда жұмсалған қаржының көлемі өте үлкен болғанымен жұмыстың нәтижесін әлі күнге дейін көре алмай отырмыз. Алдағы уақытта атқарылған жұмыстардың барлығына зерделеу жүргізіп, нақты шешімдер қабылдайтын боламыз» — деді министр.

Сонымен бірге жиын барысында қосалқы мердігерлердің де мәселесі сөз болды. Б.Атамқұлов көбіне-көп бас мердігерлердің өз міндетіне немқұрайлы қарайтындығын сын тезіне алды. Олардың басым бөлігі келісімшартта көрсетілген уәделерін орындамайтын көрінеді. Соның салдарынан қосалқы мердігерлердің жұмысы тұралап, нәтижесінде құрылыс жұмыстары нақты мерзімінен кешеуілдеп жатады. Міне, дәл осындай түйткілдердің барлығын жергілікті билік пен жауапты министрлік өкілдері жеке-жеке зерделеп, жақын арада нақты шешімдер қабылдамақ.

Қысқасы, жиыннан жол салу – «пол салу» секілді оңай іс емес екенін бәрі түсінген сияқты.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support