- Advertisement -

Жүректерге жүк артқан қойылым

92

- Advertisement -

«Қартың болса үйіңде, жазып қойған хатпен тең» деп кешегілер жасы үлкен кісілердің сөзінен тәрбие алып, бағасын білсе, қазіргі таңда қартайған әкесін жау санайтын ұрпақ көбейіп барады. Бұл – қоғамның қасіреті. Ақсақалдардың қарттар үйінің терезесінен телміруі, немересіне жете алмай зар болуы көңілімізді аяздай қариды. Біз санамызға сыйғыза алмай жүрген бұл көріністі Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театры сахналаған қырғыз драматургі Бексұлтан Жакиевтің «Жүрейікші, жүрек ауыртпай…» атты трагикомедиясының тұсаукесерінде де кездестірдік. Шығарманы қырғыз тілінен аударған белгілі сыншы, театртанушы, марқұм Әшірбек Сығай екен. Қойылымның қоюшы-режиссері – Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов, суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.

Бұл қойылымда сахнаның безендірілуі қарапайым көрінді. Зау биіктегі түнгі аспан, самсаған жұлдыздар. Ал сахнаға арнайы ас ішетін үстелдер қойылған. Екі-үш бөлменің есігі көрінеді. Қойылым қарияның ұлы (Мейірбек Есенбекұлы) мен келіні (Гауһар Сұлтанбекова) екеуінің ұрыс-керісімен басталады. Келіннің мінезі шайпау.  «Сенің әкеңе мынандай керемет сыйлық алдық», – деп мүгедектер арбасын көрсеткенде, дәрменсіз ұл «Әкем мүгедек емес, өз аяғымен жүріп жүр» деп айтуға жарамайды. Келіннің ойы – қайын атасын арбаға таңылып қалған мүгедек адам етіп көрсету, кемсіту, үйіне басқа көптеген мәселені шеше алатын, банктен арзан пайызбен несие алып бере алатын қонақтарды күту. Ешкімге қол жаймай, шалқып өмір сүру үшін қарияға айтпай ауылдағы қара шаңырақты қора-жайымен қоса сатып жіберген. Қарияның (ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков) осы жанжалдың үстінен түсіп: «Үйді неге саттыңдар?» – деп кіжінуі бекер емес. «Балам-ау, ол қара шаңырақта сен де, мен де өмірге келдік. Бабаларың да, атаң да сонда туды. Одан неге айырылдың?» – дегеніне дәрменсіз ұл жауап бере алмайды. Есесіне келіні: «Ата, үлкен үй аламыз. Зәулім үй!» – деп безек қағады. Қарияның «Үлкен үйің маған керек емес. Сонда барып лашықта тұрамын» деуі де сезімі бар жүректерді тербемеуі мүмкін емес еді. Дәрменсіз ұл келіннің артынан сүмеңдеп, салпаңдап  еруден басқаны білмейді.

Осы тұста үйде жалғыз қалған қарияға немересі (Нұрай Қаражанова) келіп амандасады. Ол спортқа қатысты мамандық бойынша оқиды, жүзу спортынан жарыстарға қатысып жүрген. Қарт пен жастың сөздерінен немересінің атасын құрметтейтіні, жақсы көретіні сезіледі. Атасы да тек осы немересінен үміт күтетіндей. Кемпірінен қалған білезік, сақина, алқа, әшекейлерді немере қызына тапсырып, «көзіндей көріп жүр» деуі жүрек толқытады. Немере қызы әжесінен қалған оюлы жейдені киіп, алқаны тағып, нағыз қазақ болып шығады. Атасының мойнына асылып еркелеуі де жарасып тұр. «Демалысың біткенше, қызым, менің қасымда бол» деп қарияның өтінуі де әр адамға ұрпағының ыстық екенін білдіретін бір деталь. «Баланың көңілі далада» дегендей, «Ой, ата! құрбы-достарыммен қыдырып барамын. Ол жерде қыздар, жігіттер бар», – деп немере жастық думанның базарынан шыға алмайтын сыңай танытады. Ақсақал оңаша қалған кезінде үйдегі бір жәшік арақты ваннаға төгіп, ішіне су толтырып қояды. Үйге баласы мен келіні келіп, әлгі «қылмысты» біліп, дікеңдеп, алқымынан алады. Атасы: «Үйге өз қыздарың келді. Басқа кім келуші еді» дегеніне келіні: «Ой, ол жезөкше. Арақты бапкерлеріне, көңілдестеріне әкеткен ғой. Сол да бәле болды», – деп өзегін жарып шыққан жалғыз қызын қарғап-сілеп, аузына келген сөзді айтады. Ананың өз қызына кектенген осы сөзінен жанымыз түршікті.

Қария үйде оңаша қалғанда телефон арқылы әлдебір әжеймен сөйлесіп жүреді. Өзін «Бәйбішемін» деп таныстырған ( Галина Қойшыбаева) әжей де мейірімді, ақсақалдың жанын түсінеді. Осы тұста қарияның үйден, перзенттерінен, немересінен таппаған жылуды бейтаныс кейуананың бойынан іздегеніне жанымыз ауырды. Қос қарттың сөздері жарасымды, бір-бірін түсінеді. Бұл қария: «Кемпірім кеткелі  1 жыл 4 ай 14 күн болды. Үйдің барлық берекесі сол кемпір екен», – десе, бейтаныс әжей: «Дұрыс ақсақал. Мен немереге қараймын. Оған ертегі айтып, жұмбақ жаттатамын. Қолөнер бұйымдарын үйретіп, қазақы ғұрыпты көрсетіп жатырмын», – деп толғанады.

Келіннің өрескел ісі бітер емес. Ол қайын атасы қайтыс болса, кімнен қандай ақша, пайда келетінін ойлап, күйеуіне кімдерді шақыруды үйретіп әлек. «Әлгі ағамды шақыр. Оның тойына біз 50 мың теңге, жақсы маталар апарғанбыз» деп пайданы ойлап әлек.

Ақыры бала мен келін бірнеше бөлмелі үйге қарияны сыйдыра алмай, сол мейірімді қартты қарттар үйіне өткізіп жібереді. Бір күні екеуі үйде қалғанда телефон шырылдайды. Келіні тұтқаны көтеріп, түсі сұрланады. «Не болды?» – деп сұрайды дәрменсіз ұл. «Әкең. Әкең тілден қалыпты», – дейді келіні. Бала сол жерде өзінің ісіне өкінеді. Өкінгенмен не пайда?  Екеуі асығыс шығып кетеді.

Осы кезде сахнада қария көрініс береді. Өзіне  сырлас әжемен телефон арқылы сөйлеседі. Осы сәтте үйге бірнеше қарттар келіп кіреді. Қолдарында гүл. Қарияны құттықтай келіпті. Олар: күлегеш кемпір (Халық әртісі Мәкен Рахымжанова), сыпайы кемпір (ҚР еңбек сіңірген қайраткері Майра Әлімбетова) , соқыр кемпір (Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова), саңырау шал (ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілхан). Бәрі бір сәтке көңілді отырады. Ән салады. Қария да оларды күтіп жаны қалмайды. «Тоңазытқыш дәмге толып тұр. Сіздерді күтпей жібермеймін», – дейді. Сәлден соң әр қарт өзінің қасіретін айта бастайды. Бірі баласы араққа салынып, келіні кетіп қалғанын айтса, бірі бүкіл ұрпағын қар көшкіні басып қалған қасіретті баяндайды. Осы тұста бала мен келін кіріп келіп, тағы жанжал шығарады. Әсіресе келіннің: «Сенің әкең әзір өлмейді. Өлмейді. Бізді бір жайлы қып өледі. Қақшаңдауын қарашы», – деуі баласы мен қарияның жанына қатты батады. Мынандай жайсыздықтан соң, келген кісілер қайтуға қамданады. Ал қария ше? Қария да сол мұңлықтармен бірге кетпек болады. Ал қонақтар «Бізге еріп береке таппайсыз. Өз үйіңіз, бала мен келін, немереңіз бар. Осында қалыңыз», – деп ақыл айтады. Ол үйден бәрібір жылу таппайтынын сезген қария достарына, замандастарына еріп кетеді.

Оқиға осылайша мұңлы ойға жетеледі. Тыңдарманды үлкен әсерге бөлегені анық. «Жүрейік жүрек ауыртпай…» десе де, жүрегіміз әбден ауырды. Көз алдымыздағы көрініс, өмір шындығы барша көрерменді ойға қалдырғаны анық.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support