- Advertisement -

«Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай»

1 509

- Advertisement -

Мың жылда бір туатын қасиетті Жамбылдың  шығармашылық тағдыры да сан-соқпақты кезеңдерден өткен. Ақын  тағдырының кеңестік дәуірге дейінгі өмір жолы «қар қауып, мұзға түскен», қоқандық отарлаудың ойранынан пайда болған аса ауыр жағдайда өтті. Мұның түбірлі себебі де тікелей сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты. Жамбыл дүние есігін ашқанда қазақтың күнгейі Қоқан хандығының қоластында болатын. Қазақ даласының Ресей империясы тарапынан отарлануы бүгінгі таңда әдеби, тарихи еңбектерде кең қамтылып, ғылыми зерттеулердің талдау өзегіне айналып та үлгерді.

Ал қазақтың оңтүстік өлкесі (Ташкенттен Ұзынағашқа дейінгі аралық) мен теріскей батысы (Сыр бойы мен Арал аймағы) қатыгездікпен аяусыз езгіге ұшыратып, құлдыққа салған Қоқан хандығы тарапынан жүргізілген отарлау саясаты әдебиет тарихында да, тарих ғылымында да енді ғана зерделене бастады. Кеңестік идеологияның «шегелеп» салған отарлық таңбасынан әлі күнге қол үзе алмай жүргеніміз де құлдық сананың «қайыс қамытынан» құтылмағандықтан. Мәселен, бар саналы ғұмыры ХІХ-ХХ ғасырларда жарқырай көрінген Сүйінбай мен Жамбылдың шығармашылық мұрасын танытуда да, «таптық» тұрғыдан аса алмай, кеңестік кезеңде айтылған тар әдіснама шеңберін шиырлап келгеніміз де рас. Мұны Жамбыл мұрасының да тапсырыспен, кеңес берумен, кеңесшілдерді шарықтау шегіне жеткізе мақтаған өлеңдерінің қайта-қайта басылуынан да көреміз. Сүйінбайдың барлық дерлік, Жамбылдың кеңес дәуіріне дейінгі мұралары қоқандық езгіге қарсы, сол кезеңдегі Қоқан экспанциясына қарсылықтан туған. Мұны ашық мойындайтын кез келді.  Жамбылдың қуаты күшті шығармалары кеңестік заманға дейін туғандығы, идеялық лейтмотиві азаттық идеясы болғандығы анық. Оның да тарихи негізі бар, балалық болмыс шындығы ақынның жас шағынан басталған. Ақынның дүниеге келуінде тосын сыр бар екендігін М.Жолдасбеков өз еңбегінде көрсетіп те кеткен. Құдайдың бұйырғаны: Жамбыл он жасында өлеңге әуестеніп, он бесінде ақындыққа шындап бет бұрып, домбырамен ән салып, он сегізінде өлең өресінің шыңы – айтыс сапарына бет алады. Әруақты Сүйінбайдан, Сарыбай билерден бата алатыны да осы тұс. Он алты жасынан өмірдегі өрісін анықтап, ауыл маңайындағы ермекшіл ақындардың сөзін тұсап, жұлдыздай ағып көзге түседі, іштей бекінген, ұстазы Сүйінбай бекіткен «әділеттің бұлтартпайтын даңғыл жолына» бағыт алады, алмас өнердегі адамшылық бағытын жігіт болған он сегіз жас шегелеп «еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа, бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа» деп  «ақындық атқа» қондырады. Ол кездегі ақындық шабытты тек өнер тұрғысынан қарап, көркемдікпен шектелмей, инсани әділдікке, рақым игілікке қасқайып қарсы бұру және сол бағытынан өмір бойы айнымау – кез келген ақынның қолынан келе бермеген қастерлі қасиет. Жеме-жемге келгенде, тобырмен бірге шалшыққа шатылмай, көлде қалу да біле білгенге маңызы терең түсінік. Бұл – «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» сертін ақтағандығы. Бүкіл шығармашылық қарымы қоқандық дәуірдегі әлеуметтік теңсіздікті батыл жырлаған Сүйінбай десек, Жамбылдың ақындық ұстанымы да Сүйінбай дәстүрін дамыта жалғастыруынан көрінеді.  Бұл – Жамбылдың Жамбыл болғанына тән ең бірінші ерекшелік, ұстазына адалдық.  Басқа ақындар секілді Жамбыл да бұл жолдан сатылап өтті.

Ақынның тағдыр талайы қиын һәм қуанышты. Екі ғасыр куәсі болу, екі түрлі таным аясындағы шығармашылық сапары да екі түрлі талдау өзегіне айналды. Ақындықтың алғашқы сапары қауіп-қатерімен келсе, кеңестік кезеңде Жамбылдан артық бағаланған ақындар некен-саяқ. Екі ғасыр куәсі болуды нәсіп еткен Алла Тағала ақынға азапты тұрмыс пен ажарлы өмірді де қатар ұсыныпты. Шығармашылық өмірбаяны да екі дәуірде көрінген, екі түрлі көзқарас танымнан тұратын жыраудың әдеби мұрасын бағалауда екіұштылау көзқарастар да болды, әлі де бар. Ақын мұрасын зерделеудегі екі түрлі таным негізін бекер айтып отырған жоқпыз. Жамбыл шығармашылығын зерттеудегі ақынның ақындық қабылдауы мен жырлаған туындыларының екі түрлі айырымын қосақтап талдаудан келіп, кеңестік талдауға қарай ойысып, қарастыру жағы басым жатқандығы, әлі де сол дәстүрдің жалғастырылуы қынжылтады. Жамбылдың ақындық талантын бағалауда ең алдымен осы ерекшеліктерді тану шарт. Жамбылды терең тану үшін біздіңше, Жамбыл өмір сүрген дәуір шындығын (Қоқан хандығының отарлық экспенциясын), Жамбылдың ақындық мектебін, кеңестік дәуірге дейінгі шығармашылығы мен айтыс жанрындағы эпикалық дәстүрін жаңаша тану керек.

Ақынның Сыздық төремен кездесіп, қасында жүріп, арнау, толғаулар шығарғаны мәлім. Елінің, жерінің тарихын білген жанның сол тарихты да жырламағы шарт қой. Бұл тақырыпта да Жамбыл Сүйінбай ұстанған бағыттан айнымайды. Сүйінбайдың қоқандық билікке қарсы жырлаған «Зар жылатып момынды», «Датқаларға», «Үмбетәліге», «Батырларды жоқтау» т.б. толғауларының заңды жалғасы ретінде Жамбыл да «Садырмекке ат шапты», «Сарыбайға», «Ол заманды мақтаман», «Тағы бітті жаңа күй», «Шәбденге» өлеңдері мен «Отанымның батырлары», «Менің өмірім» толғауларын шығарды. Ұзақ өмір тәжірибесінен туған толғаулар мен өлеңдер легі қордалана келе ақын айтыстарының өлшеусіз тамызығына айналғандығын сезінеміз. Осы ой орамдарын жинақтай келгенде Жамбылдың қуатты туындыларының мазмұн желісі патшалы Ресей жаулағанға дейінгі аралықта, анығы Қоқан хандығы дәуіріндегі кезеңдегі оқиғаларды суреттегені аңғарылады. Ал Сүйінбайдың бүкіл мұрасы Қоқан хандығы дәуірінде туған дейміз. Жамбыл шығармашылығы Сүйінбай поэзиясының заңды жалғасы десек, онда ақын мұрасы тікелей Қоқан хандығы басқыншылығы дәуіріндегі әдебиетке қосылмақ. Мұның өзі ақын мұрасын кейінгі табылған тарихи деректер негізінде  жаңаша пайымдауға жетелері хақ.

Жамбылды Жамбыл еткен оның айтыстары. Өлеңдеріндегі сияқты айтыста да Жамбыл кейіпкерлерінің образын дәл тауып, оны замана шындығымен байланыстыра мінездейді. Жамбыл айтыстарының ерекшелігі де, халықтығы да осында. Сонымен қатар ол айтыста қарсылас ақынына қарадүрсін сөзбен жауап қайтарып қана қоймай,   берген әрбір жауабы ұзақ сюжетті өлең болып келетіндігі. Өзінің Құлмамбетпен немесе Сарыбаспен, Досмағамбетпен айтыстарында да Жамбыл өзі ұстанған бағыттан таймаған. Ол қандай ақындармен айтыспасын, өз руының байлығын, оның атақты байларын, биі мен молдасын, сатымсақ  датқаларды, болысы мен шонжарларын мақтаған ақындарға әлеуметтік ортасын қарама-қарсы қойып, өз көзқарасын ашық білдіре жырлайды. Айтысының берік арқауы етіп халықтық ойды, халықтың батырларын, ел қорғаған ерлерді, олардың жорықтарын, есте қалар ерлік істерін ұзақ етіп, келешек ұрпақ санасына сіңісті болсын дегендей, әрқайсысын кішігірім дастанға лайық сюжетпен, елдік идеяны көтере жырлайды. Жамбыл айтысының құдіретті күші де, айтыстағы басты ерекшелігі де осы қасиетінде. Жамбылдың әрбір жаңа айтысында оның тақырыбы да, мазмұны да жан-жақты кеңейіп, өріс ала түседі. Сондықтан да ақынның әрбір айтысы соңынан эпикалық дастанға айналғандығын көреміз. Ақын айтыстан көлемді эпосқа өтіп кеткендей әсер берсе, онысы негізсіз де емес. Айтыста бастаған шағын оқиғаны, қысқа, тезис түрінде жырлаған сюжетін кеңейте келе, дамыта, үдете түсіп, оны үлкен, дайын эпикалық шығармаға айналдырады. Айтысқа эпостық түр береді. Жамбыл айтыстарында байқалатын үлкен ерекшелік те, жаңалық та осында.

Алғашқыда Жамбылдың айтыстары салт жырларына еліктеу ретінде жарыққа шыққан болса, ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары бүкіл қазақ айтыстарына жаңалық түрінде, сүре айтыс болып, эпикалы жыр дәрежесіне көтеріледі. Сұраншы, Саурық батырларды, Ұлы жүз тарихының аныз-әңгімелерін дастандық көлемде түйіндеп жырлайды.

Құлмамбетпен айтысқанда оның:

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,

Ел  бірлігін сақтаған татулықты айт, – деп, Құлмамбеттен қадала талап етуінің Жамбыл айтыстарында, оның  басқа да жырларындағы сияқты, халықтық көзқарасты білдіретін, ұлттық рух, халықтық мүдде айқындығының белгісі. Бұл – Құлмамбетпен айтысында жарқырай көрінеді. Жамбылдың шығармашылығын тұтастай қарастырып, зерделей түскен сайын ақын шығармашылығының тақырыптық-идеялық жүйесі – ұстазы Сүйінбай жырлаған жүйеден ауытқымайтыны, сол ізді дамытқандығы аңғарылады. Бұл – ақынның тарихи тақырып пен айтыстағы тақырыптық желісінен анық байқалады. Сүйінбай да кейінгі кезде зерделене бастаған Кенесарының Жетісуға келуін құптаған. Сүйінбайдың Қатағанмен айтысында:

Кенесары-Наурызбай,

Қаһары қара дауылдай…

Наурызбай тірі жүргенде,

Дұшпанның кеткен мазасы… – деген толғанысы Сүйінбайдың Кенесары-Наурызбай бастаған ұлт-азаттық күресін түсінгені, дін тарихы мен елдік шежірені терең білетіндігін аңғартады. Жамбылдың тағы бір қасиеті – айтыста жеңген ақындарымен соңыра үнемі сыйласып, достасып кеткен. Олардың өткір де қымбатты, асыл сөздерін, желілі жырларын бойына жинай, үйрене жүрген. Толып жатқан ертегі, шежіре, «Қобыланды», «Қамбар», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш»  сияқты ондаған дастандарды сол айтысқан замандастарынан алып қалады. Қырғыз ақындарымен айтысып жүріп, олардан «Манас»  жырын айтуды үйренеді. Оңтүстікке келген сапарында Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт, Шәді, Мұсабек ақындарды тыңдап, олардан «Мың  бір  түн», «Тоты нама», «Көрұғлы», «Ер Шора» хикаяларын үйренген. Жамбыл Бақтыбай ақынмен кездесіп, айтқан бір өлеңінде:

Қаздай қалқып ерінбей,

Өлең тердім жасымнан.

Майкөт ақын, Құлмамбет,

Орын берді қасынан.

Майлықожа, Құлыншақ, 

Пірім еді бас ұрған, – дейді. Жамбылдың қанша ізденіп, қанша үйреніп, қандай жүйріктерден үлгі алғанын, оларды сүйе де, сыйлай да білгеніне осы сөздерінің өзі дәлел. Жамбыл өзінен бұрын өткен сындарлы ақындардың сыншылдық үлгілерін дамытып, Абаймен үндесе, өзіне ғана тән ұлы, өткір сатира да тудыра білгені байқалады. Жамбыл айтыс ақыны болып жүріп те мысқылшыл, уытты өлеңдерді табанда жарқ еткізіп айтып тастауға жастай бейімделген ақын. Онсыз айтыс ақыны болу да қиын. Әйтсе де қысқа-қысқа атылған оқтай дәл айтылған оның сатиралық өлеңдері мен бірқақпайларынан ақынның келешекте әділет семсерін сілтей алатындығын көреміз әрі бұл суырыпсалмалық өнерінің айрықша бір шоқтығы екені де даусыз.

Сарыбайдың асында жақын туысы Сүйінбай елдің ақсақалы болып отыруға тура келеді де, асқа келгендерді Саржанмен бірге жүріп, ақын болып қарсы алу кезегі Жамбылға тиеді. Жамбыл Майкөт тобына келіп:

… Алдынан үлкендердің өтейін деп,

Аялдап әдеп еттім біраз ғана, …

Сіз бе еді, ақын аға Майкөт деген,

Бір сөзі бір сөзіне қайшы өтпеген… – деп аса зор ізетпен шұбырта жөнеледі. Жамбылға риза болған Майкөт:

Бәрекелді Жамбылым,

Сөз жүйесін келтірдің.

Аңғарыңды таныдым,

Көтеріліп желпіндім.

Аталы сөз – мәні мол.

Жылағымды  келтірдің,

Тал бойыңда бар екен,

Алыс шабар серпінің, – деп алғыс батасын береді. Аста Жамбыл Сарыбайды дәріптей жырлап, сонымен қатар Қоқанға қарсы күрескен талай батырларды және олардың ерліктерін Сүйінбайша үдете түсіп, сонарлы тарихи жырға айналдырады. Жамбыл осы аста үлкен үлгінің, замана жай-күйін жырлай алатын, көреген, салиқалы ақын екенін көрсетеді. Сан рудан келген көп жұрт, олардың ішінде Сүйінбай мен Майкөт сияқты өрелі жүйріктер де жас ақынға ден қойысады. Бұл Жамбылдың ірі жиында, алқалы ақындар тобына бірінші қосылуы болады. Келешекте Жамбылдың ақындық атын шығарған да осы ас болады. Ардақты адамдарының асында атақты ақындардың ұзақ жырмен азалы жоқтау айтуы Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқының әріден келе жатқан дәстүрі болған. Сол дәстүрді ұстаған Жамбыл осы аста:

Қас жүйрікті айтамын,

Шапқан сайын өрлеген:

Қас сұңқарды айтамын

Алыстан тоят тілеген… – деп, Сарыбайды жоқтап жыр айтады. Өлген кісінің адамгершілік, кісілік қасиетін, оның ерлігін айтып жырлау үстінде Жамбыл өзінің ақындық қабілетімен шәкірт қана емес, өзіндік үні, батыл ойы, семсер тілі бар, әлеумет жүгін арқалай алар үлкен ақын екенін танытады. Әрі көптеген аты әйгілі ақындар жиналған осындай өрелі топтың қатаң сынынан мүдірмей өткен Жамбыл ұлы ұстаздары алдында есеп бергендей де болады. Жамбылдың бұл өнеріне асқа жиналған басқа елдермен бірге, әсіресе ақындар тобы қатты риза болады. Сүйінбайдың баулыған шәкірті ұстазынан кем түспейтінін түсінген ақындар Жамбылды Сүйінбаймен қатар қадір тұтады. Бұрын:

Болмаса аты шыққан Сүйінбайың,

Басқасын қою керек жылы жауып, – дейтін Құлмамбет сияқты асқақ ақындар енді Жамбылға бас иеді, Сүйінбай ақынның тәрбиелеген шәкірті ұстазынан кем түспеген ақын болғанын көреді, оның ақындық өнеріне риза болып, ірі ақындар қатарында қабылдайды. Ақын табанда суырыпсалып айтатын болғандықтан, оның мұндай өлеңдерінің де, дастандарының көпшілігі жоғалып кеткен сыңайлы. Соған қарамастан, есте сақталып, бізге жеткен шығармаларына үңілсек, ақынның еңбекші халық өмірімен біте қайнасып,  бірге өскенін, жуандар мен обырларды, шенеунік мырзаларды, сатымсақ саудагерлерді аямай мінегенін, болашақ ақиық ақынның әділдік үшін тынбай күрес жолына бағыт алғанын көреміз. Бұған ел аралаған саудагерлерге айтқан қысқа өлеңі, «Құдайберген  болысқа  берген  жауабы», «Шағым», «Әкеме», «Жылқышы», «Сыртың  бір  сұлу  жан  екен», «Қуғын», «Кедей  күйі», «Сәт  сайланарда», «Мөңке  туралы», «Қалиға», «Көкімге», «Мәмбетке» деген өлеңдері дәлел.

Профессор С.Садырбаевтың дерегінде 1875 жылдары (шындығында 1891 жылы) Шапыраштының баскөтерері, Қоқандарға қарсы Сұраншымен бірге жауға шапқан Сарыбай бидің қайтыс болғанына жыл толып, ас берілгенде қырғыз, қазақ елінен белгілі кісілер шақырылады. Асқа белгілі қарт Майкөт ақын Оңтүстіктен қырық адамдық делегацияны бастап келген. Сайрамнан шыққан 40 жігіттің Майкөт ақын бастап келгендігі туралы біздегі қолжазба деректерде бірнеше нұсқа бар. Салыстыра келгенде анықталғаны:«Екей Сарыбайдың асына Шымкенттің   Сайрамынан Бүркітбай датқа қырық кісіні жолдас қылып, ертіп шығады. Жігіттердің  мінгені   кілең  алқымы  іспес арғымақ. Олар сән-салтанат асырмақ болып он боз жорға, он қара жорға, он күрең жорға, он шұбар жорға іріктейді. Сол аттардың түр-түсіне қарай киінгендер жол үстінде келе жатып Қарабалта, Соғылық деген жерге жеткенде Бүркітбай датқа ауырады. Сонда ол ақынға (Майкөтке) «Үшқоңырдағы асқа сен бар» дейді, серіктерімен өзі жүре алмай кері қайтады. Жетісудағы үлкен-кішіге дұғай сәлем айтуды тапсырады. Асқа келген Майкөт ақын жиналып тұрған  Жетісудың игі жақсыларымен жыр төгіп жүздеседі» («Қазығұрт» ҒЗО қолжазбалар қоры, №12 бума, 3бет). Кейінгі іздестіру нәтижесінде сол қырықтың бірі – Оңғарбай шешен болғандығы анықталып отыр. Алдымен оқырманға бейтаныстау, шығармашылығы мен өмірбаяны енді ғана ғылыми зерттеулерге ене бастаған «Оңғарбай шешен кім?» деген мәселеге тоқтала кетейік.

Оңғарбай шешен (1834-1917 жж.) туралы «Қазығұрт» ғылыми-зерттеу орталығының қолжазбалар қорында бірқанша деректер бар. Әсіресе үшінші әйелі болған қырғыз қызы Нақбибінің халық мұрасын жинаушы Шаян медресесінің мудәрисі (профессор) болған Әбді Амантайұлына (Әбді жинаған бар мұраларын інісінің баласы, халық мұрасын жинаушы Қысыраубек Амантаевқа тапсырып кеткен. Ол деректер қазір біздің қолымызда) берген деректері құлаққа қонымды деп санаймыз. Қолжазбаның тағы бір жерінде: «Оңғарбай қырғыз әйелі екеуі өмірі там үйге кірмепті. Қысы-жазы киіз үйде отырады екен. Оңғарбай 1917 жылы 83 жасында Арыс өзені бойындағы Көмешбұлақта айтысып отырған жерінде қайтыс болған» деген бұлтартпас дерек бұл мәселеге нүкте қойғызады («Қазығұрт» ҒЗО қолжазбалар қоры, №12 бума, 6 бет).

Тағы бір мәселені айтқым келеді. Бірде Еркін ауылындағы Есім датқаның баласы Жаманқұл болыс Шу өзені бойында Оңғарбай шешенге кездеседі.

Жаманқұл: – Сізді білгіш, шежіре дейді. Дулат бабамыздан шыққан атақты адамдарды айтып көріңізші, – депті. Сонда Оңғарбай:

Асқарбек мына отырған Дулаттағы,

Сиқымнан шыққан озып бұл заттары.

Батырбек, Қасымбек пен Ыса болыс,

Құдіретпен бақ қонып ырғақтады.

Нарқозы, Белқожа мен Мақұлбек ер,

Уақытында білімді боп бұлғақтады.

Сұлтанбек, Сейітжаппар, Жандарбекпен,

Бағасы қырмызыдай қымбаттады.

Есім мен Қарақойлы, сен Жаманқұл,

Дулатқа дуан болдың Шу жақтағы.

Жаныстан Жанту менен Жарылқамыс,

Төле би төңірекке болды дабыс.

Көмек пен Құдайберген, Дербісәлі,                         

Арасы айшылық жол жатыр алыс.

Ботпайдан Сыпатай мен өткен Андас,

Тойшыбек, Байсейіт пен Ораз, Қаржас.

Уәделі Оразалы, Тәйтелі, Қазыбек,

Құдайым қабат берген мал мен бақ, бас.

Шымырдан шынжыр балақ шықты Мәмбет,

Бәйтерек, Байзақпенен озған әулет.

Не адам нәубет жетіп, өтіп кетті,

Керімбай, ақын болған мықты Нәрет, – депті («Қазығұрт» ҒЗО қолжазбалар қоры, №12бума, 9 бет). Сонда шешенге риза болған Жаманқұл қасқыр ішігін Оңғарбайға жапқан екен. Оңғарбай ішікті алмай, өзіне қайтарыпты. Осындағы аттары аталған адамдар, жер-су атаулары туралы мәліметтерді де жинай түссек дейміз. Оңғарбай шешен туралы халық мұрасын жинаушыларға мәлімет берген – Жамбыл облысы, Күркіреу болысы, Бақайыл ауылында тұрған Оңғарбай шешеннің үшінші әйелі, қырғыз  қызы Нақбибінің деректері бар. Тағы бір дерек: Шешеннің атақты Сарыбай бидің асында айтқан жоқтауы толық жетпеді.

– Итке құйсаң ішпейді,

Төрдегілер кетпейді.

Есіктегілерге жетпейді… – деп, Асан қайғының сөзін мысал етіп отырып:

– Бір заман болады,

Ол кезде ел үшке бөлінеді.

Батыстан тұқым тең келер,

Шығыстан үштен бірі келер.

Көмейлән деген заман болады,

Бір есек бітсе, нар түйе болады.

Жалғыз ешкі сауылып, сиыр болады,

Елдің мінгені есек болар,

Айтқаны өсек болар,

Үйі төсек болар.

Тегіс жерде диірмен тұрар,

Тексіз жерден би шығар.

Ендігінің кигені кебіс болады,

Кедейшілік тегіс болады («Қазығұрт» ҒЗО қолжазбалар қоры, №12бума, 7 бет). Осы кезеңде туған, тарихи шындықпен суарылған әдеби мұраларды анықтау, бір ізге түсіру қажеттілігі де талас тудырмайды.

 

Саттар Досалыұлы,

филология ғылымдарының  кандидаты,  доцент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support