- Advertisement -

Әр тіркесінде тіршілік бар

390

- Advertisement -

Өркениетті ел өнер туындысынан құнар болатын рухани азық алуға қашанда құштар. Қазіргі қоғам келбеті инновациялық технологиялардың қарыштап дамуымен тікелей байланысып тұр. Әлемдік аренада бәсекеге түскен әрбір мемлекет өзінің ұлттық жәдігерімен бойын тіктейді. Ал ұлт руханиятының алтын кені ұлы істермен және сол істерді атқарған ұлылар есімімен толысады. Ұлы даланың еншісіндегі ұлттық мұра қоры сіз бен бізге айтпаса да белгілі дүние емес пе?! Әдебиет пен мәдениет, өнер мен спорт, білім мен ғылым саласында мөрдей басылып бейнесі сомдалған тұлғалар легі сансыз. Тарих беттерінен ұлтты діңгегінен айырмай сақтап қалған құндылық – өзара үндестік екендігін аңғарамыз. Үндестік үні билік пен халықты бітімге бастап, бірегейлік жолын қалыптастырған. Осы орайда бүтін бір халықтың бірлігін әдебиет арқылы жұмылдырғандығы ақиқат. Әдебиет – рухани тәуелсіздікке жетелейтін бірден-бір қозғаушы күш. Әдебиет арқылы ұлтты тәрбиелеуге болатындығы әуелден-ақ белгілі. Осы орайда алаш әдебиетінің жыр күмбезі – Жамбыл жырының жасампаздығы ойға еріксіз оралады.

Жамбыл ақын өз дәуірінің біртуар перзенті һәм жүрегі. Ағымдағы жыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойымен жалғасын таппақ. Жамбылдың бір ғасырлық ғұмыры тылсым ғажайыпқа толы. Ұлы даланың шоқтығы биік жұлдызына баланған Жамбылды жазбаған ақын әрі қалам тартпаған жазушы кемде-кем.

Жамбыл тауының оңтүстік беткейінде дүниеге келген абыз ақын есімінің өз құпиясы бар. «Жамбыл» сөзі ескі моғол тілінен аударғанда «қорған» деген мағынаны білдіреді. Ертеректе Жамбыл тауы жаудан қорғайтын қорған болса, Жамбыл есімі бүгінде ұлттың қорғаны екендігі даусыз. Өз өңіріміздің Жамбыл есімімен аталуы да әрбір тұрғынға іштей бір күш беретіндей көрінеді. Бұл да бір қасиетті есімнің құдіреті болар. Жамбыл бабамыздың «Атыңнан айналайын, Әулие ата, атыңды мен алды деп болма қапа» деген өлең жолдары ақынның құр мақтанға семірмейтіндігін дәлелдейді. Ұлт болып ұйысқан осы бір тұста жыр алыбының алашқа ортақ қазына екендігін айта түссек, артық бола қоймас. Өз заманының шындығын бұрмаламай, жырын халық сөзімен жұптастыра жырлаған ақынды қанша ұлықтасақ та аздық етеді. Замана кейпі қиын кездерде неміс самолеттері төбеден ұшып, бомба тастап жүргенде, тасалаудың орнына Жамбыл жыры басылған киоскідегі газетке жүгірген халықтың көрінісін орыс ақыны Александр Прокофьев сипаттап жазған еді. Асылы, Жамбыл – ұлтымен бірге мәңгі жасайтын сөз зергері. Жамбылды тану үшін жаңа көзқарас пен кең көкжиек танымы керек. Санада сілкініс тудырып, сәуле себетін ақынның отты өлеңдері соғыс жылдары жауынгерге рух сыйлаған. Жамбыл жырының халықтың жарым көңіліне медеу, тұншыға буырқанған өксікке медет болып, қаншама жүректі іш құсалықтан арашалап қалғандығы ақиқат.

Жамбыл – ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде талайды тамсандырған тұлға.

Белгілі мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбекұлы «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты еңбегінің «Көне сарын» деп аталатын бөлімінде: «…Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол – шын мағынасындағы биік, парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзия жасаушысы. Жамбылдың ұлылығы оның тек шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының революциялық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен өлшенеді», – деп тілге тиек еткен еді. Аталмыш пікірден абыз ақынның әдебиет әлеміндегі орны айшықталып, қоғам мүддесіндегі көзқарасы аңғарылып тұр. Жаңа ұлы көштің бастауында тұрған жыршының ерекшелігі – рухты жырларымен өлшенетіндігі анық айтылуда. Бүгінде рухани жаңғыру жолында руханиятқа риясыз үлес қосар ұрпақ тәрбиелеу аса қажет. Осы жолда Жамбыл жыры іздегенге сұраған деуге толық негіз бар. Өлеңдеріндегі өресі биік өнеге, жастардың жігерін жағып, ұлттық патриоттығын арттыра түседі. Ұлы дала ұландарының ұлттық кодқа деген құрметтерін еселей түсетін ақынның тәлімді жыр тармақтары тек қана ұранды сөз емес, іске бағыттайтын түрткі болып отыр. Байтақ қазақ даласының дүлдүл дарабозына айналған ақын әдебиет арқылы алашты әлемге танытты. Көмейіндегі жырларын жіпке тізіп, ел жастарының рухын тіктеуге мұрындық болып келеді.

Жамбылды Жамбыл еткен жыры болса, жырын қару еткен пірі екендігі анық. Бала Жамбылды дара Жамбылға дейін жетелеген оның ақындық мектебі. Бала бағытының бағамдалуында ұстаздың алар орны ерекше. Ұстаздан үлгі алып, ұстанымын бекіткен шәкірттің биіктей беретіні тәрізді Жамбыл өнерінің де қайнар көзіне айналған мөлдір бұлағы – оның туған ұясы. Жамбыл буынын қатайтқан мектебі – Сүйінбай, Шөже, Майлықожа сынды ділмарлардан бастау алады. Жамбылдың ақындығы екі арнаға бөлінеді деседі. Бірі – ақындық, екіншісі – шешендік. Алайда қос арнаның да құндылығын өз бойына дарытып әрі оны дәріптей түскен Жамбыл:

«Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай»,

– деп келелі сөздің кіріспесін осылай бастайды. Өлеңдеріндегі түйдекті сөздерін моншақтай тізіп, қоғамның қым-қуыт мәселелеріне арнаған ақынның салмақты сөздері бүгінгі күні де құнарлы. Қоғамның өзекті проблемасын жырға қосып, суырып салған Жамбыл ақиқатынан айныған емес. Бұған бірқатар ғылыми зерттеулер мен ғалымдардың тұжырымдары дәлел. Өз өлеңдерінде жауынгерлікті, адалдықты, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, қанағат пен ысырапшылдықты жырлаған ақын халықтың сөзін сөйлеп, нақ өзіне айналған. Мән-мазмұнға бай өзінің жыр-ғұмырында рухани иммунитетті қалыптастыруға аянбай үлес қосқандығы өлең өрнектелген өнегелі сөздерінен байқалып тұр. Жамбыл Жабаевтың ең бір ерекшелігі – ол өз өлеңдерін ешқашан қағаз бетіне жазып, түсірген емес. Жаратқанның Жамбылға берген дарыны суырып салу екендігін ескерсек, ақын шабыты шалқыған тұста, көмейінен өлең ағыла түсетін. Оны Жамбылдың жанындағы құрдастары, қанаттастары үнемі айтып, қағаз бетіне жазып жүретін көрінеді. Ақынның сауаты жоғары деңгейде еместігі барлығына мәлім, десе де дарыны өзін дара еткені таңдай қақтырады.

Ғабит Мүсірепов өзінің «Феномен – Феникс» атты шоқтығы биік мақаласында: «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келген, замана құрсағынан тағы бір туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты», – деп жазған. Бұл тұста «феномен» сөзі – көрнекті, өрен адам деген мағынаны берсе, «феникс» сөзі – өз-өзінен жана алатын және қайта қалпына келу қабілетіне ие аңыз құсы деген мағынаға ие. Демек, Жамбылды «Феномен – Феникске» балау үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік.Осы орайда, Жамбылдың тағы бір жаңа қыры ашыла түскендей.

Жамбыл даңқының дүбірлеген ендігі тұсы – Кремльдегі жайнамазы. Бұл туралы Әбділда Тәжібаев өзінің естеліктерінде тәкпіштеп тұрып баяндайды. Мәскеудегі декадада Жамбыл бес уақыт намазын әсте қаза жібермеген. Кремльдегі кең сарайда өзінің жайнамазын жайып, намаз оқығаны ондағы қатысушылардың құрметін еселей түсті. Сталиннің қабылдауында болған Жамбылды жалпақ жұрт жан-жақтан қолпаштап, тұс-тұстан қошеметтей түскен. Онкүндік аясында Жамбыл Жабаев Ленин орденімен марапатталып, «Правда» газетінде ақынның суреті мен өлеңдері жарияланды. Кремльде ыстық ықыласқа бөленген Жамбыл өлеңдері сол кезеңде үлкен толқынды тулатқандай күйге енген еді.

«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жыр ағытқан жауынгер жыршы алаштың айбынды ұланы атана білді. Себебі, ғасыр ғұмырында халық игілігі үшін көкейкесті мәселелерді өлеңмен жеткізіп, екеуара алтын көпірге айналған.

Айтыс өнерінің төріне шыққан Жамбылды Алтайдан Арқаға дейін тегіс мойындаған. Ақындықтың ауыр жүгін арқалаған ақын бір мезгілде жыршылықты әрі екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет – айтыскерлікті де тұла бойына дарыта білген. Халық арасында дала дарабозының дүбірі дәл осы айтыскерлігінің нәтижесінде естіле бастады десек, қателеспейміз. Жамбылдың жай сөзінің өзі өлеңдей қабылданып бағаланған. Себебі, әуезді үні, саздылығы, ішкі ұйқасы әсерлі әрі уытты болған. Айтыстарда алдына жан салмаған ақынның шабысы талайды тәнті етті. Мәселен, Құлмамбетпен, Сарыбаспен, Қарымбаймен, Айкүміспен айтыстарында Жамбыл батырлықпен шаба түскен. Айтыстағы тіркестерінің барлығы қоғам мүддесіне, рухани бірегейлікке, ішкі үндестік пен табиғилыққа, қарапайымдылық пен ұлылыққа негізделген. Аталмыш қасиеттер бүгінде ұрпақ үлгі алар межелі сөздер болып отыр. Саналы балаға, салмақты ер жігітке, сыпайы бойжеткенге, салиқалы отбасына, қара шаңыраққа, аузы дуалы ақсақал мен ақ жаулықты аналарға үндейтін ақын туындылары бүгінгі күнге арналып жазылғандығын анық байқауға болады.

Ұлы дала елінің ұлағатты қазынасына айналған Жамбылды дәріптеу бүгінгі ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік. Жастардың білім шырағын жағуда Жамбылдың жырларын насихаттау маңызды. Жамбыл туралы тарихта жазды, өнерде сомдалды, әдебиетте жырланды, қоғамда талданды. Нәтижесінде Жамбыл шығармашылығының ұлттық кодқа негізделгендігі дәлелденді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы: «Жамбыл – біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан ауызша, импровизаторлық, жыраулық жырдың соңғы тұяғы. Жамбыл өмірі – ол халық өмірі, ұлт тарихымен тамырлас тамаша тағдыр», – деп теңдесіз теңеу келтірді. Жамбыл Абайды «Ақындардың пайғамбарына» баласа, Мұхтар Әуезов Жамбылды «Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы» деп атаған. Осы орайда қос ақынға берілген баға халық игілігі үшін қалам тербеген сөз жауһарларының кіршіксіз шынайылығының жемісі деуге толық негіз бар.

Өзі нәр алған ақындық мектеп Жамбыл жырына жалау болды. Жамбыл жалау болып, ізін екшелей басқан шәкірттері турасында баспа беттерінде жарыса жазылып әрі айтылып келеді. Яғни Кенен Әзірбаев, Әбдіғали Сариев, Ертай Құлсариев, Өмірзақ Қарғабаев және т.б. сөз зергерлері Жамбылдың жыр сарынын жалғастырып, жыр кестелерін маржандай тізген.

Қорыта айтқанда, «Ленинградтық өренім», «Әлемде бір жұлдыз бар», «Шалтабайға», «Кәдірбайдың төбеті» және осы сынды бірнеше замана толғаулары алаш абызының ғасыр үнінен, тіршілігінен, аста-төк заман бейнесінен хабардар етеді. Әр тіркесінде тіршілік бар өлеңдері талай мәрте «пікір тайқазанында» қайнап, шойын болаттай шыныққан. Ғасыр ғұмырына арқау болған ақын ақиқаты, сүбелі сөздері мен кестелі пікірлері, орамды ойлары мен қос ішектің лебіздері қай ғасырда болмасын тау суындай мөп-мөлдір қалпынан айнымақ емес. Жаһандану дәуіріндегі даңғазалыққа дес бермейтін Ұлы дала дарабозының үні рухани жаңғыра бермек. Мемлекетімізде ақын есімі әрқашан ұлықталып, құрметіне орай салмағы басым шаралар жиі өткізіліп отырады. Ұлы даланың ұлы есіміне айналған жыр күмбезінің 175 жылдық мерейтойы құтты болсын! Еліміздің түкпір-түкпірінде Жамбыл есімімен аталатын облыс, аудан, ауыл, мектеп, басқа да мекемелер жетерлік. Ұлттық санада халық арасынан қақ жарып шыққан қазақтың қазынасының есімі мәңгі жаңғыра бермек.

Рухани жыр мұрасының қойнауын толтырған асыл сөзді Жыр алыбына дүйім жұрт әркез қарыздар. Тарихи шежіреге толы сыр сандығының алтын құлпы бар, сөзі сара, өзі дара Жамбыл Жабаев алаштың бағына біткен, маңдайындағы жарық жұлдыз.

Өлең-сөздің пірін зерттеу әрі Жамбылды тану кезек күттірмейтін мәселе деп есептеймін. Шығармаларындағы ұлттық құндылық элементтерін танып, мәнін ашу бүгінгі күннің өкілдеріне аманат болмақ. Ендеше, Жамбылдың мерейтойлық жылында жаңаша толғаушыларды тани түсейік. Жамбыл дәстүрі өз бағытынан жаңылмай, жасампаздыққа бастау алсын!

Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ,

ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі,

Тараз қаласының билер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support