- Advertisement -

Біз әлемге Қазақстан ғалымдарының да қолынан жаңалық ашу келетінін көрсеттік

55

- Advertisement -

Былтырдан бері халық көзге көрінбейтін індетпен айқасып келеді. Отандық ғалымдар бұл індеттің алдын алу үшін Қордай ауданының Гвардейский кентінде орналасқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылымизерттеу институтында өз вакцинамызды жасап, сынақтардан сәтті өтуде.

Иә, бүгінгі таңда бұл індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцина. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, адамзатты қынадай қырған мұнан да қауіпті жұқпалы дерттердің емі вакциналау болғанын білеміз.

Жаңа зауыттың құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сегіз айда салынды.  Кәсіпорында әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығару жоспарлануда. Жылдық өндіріс көлемі 30-60 миллион доза биологиялық өнімді құрайды.

Осы аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова зауытқа атбасын бұрып, құрылыс барысымен танысты. Облыс əкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек  алдымен ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арнап салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары туралы айтып берді.

Бүгінгі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің біреуінің құрылысы аяқталса, оның қасынан екінші жəне үшінші көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынуда. Алғашқы тұрғын үйді «Базисдорстрой» ЖШС мекемесі салды. Серіктестік директоры Омар Өтебаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары аяқталған. Осы айдың аяғында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда ол үйдің ауласы абаттандырылуда. Бұдан бөлек, серіктестік ғылыми-зерттеу институтының мамандары үшін жабық спорт кешенін салмақ. Жалпы 60 пəтерлі көпқабатты тұрғын үйдің барлық бөлмесі мамандардың алаңсыз тұруы үшін қажетті жиһаздармен толық қамтылған.

Қалған екі үйдің құрылыс жұмыстарымен тараздық «Агроспецстрой» ЖШС айналысуда. Серіктестік прорабы Берік Бегімқұловтың айтуынша, екі тұрғын үйдің бірін маусым, екіншісін қазан айында пайдалануға бермек.

Институт директорының орынбасары Ерғали Əбдраймовтың айтуынша, институт ғимараты 1958 жылы салынып, осы аймақтың биологиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында құрылған.

Бұл биофармацевтикалық зауыттың республикамызда баламасы жоқ.

Қазіргі таңда зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Ендігі кезекте зертханаға қажет құрал-жабдықтардың 95 пайызы жеткізілді. Ол құрал-жабдықтар Италия, Қытай, Германия, АҚШ, Ресей мен Голландия мемлекеттерінен тасымалданған. Сəуір айында ол құрал-жабдықтарды орналастыру жұмыстарын аяқтап, мамырда сынақтан өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, қосалқы нысандардың барлығы дайын. Бұл зауыттың бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 7 миллиард теңге қаралған. Оның құрылыс жұмыстарын «КА – Строй ЛТД» ЖШС жүргізуде. Жалпы зауыттың құрылысын қазіргі əлемді шарпыған індетке қарамастан қысқа уақытта аяқтау мүмкін болып отыр. Өйткені бұл нысанның құрылысын аяқтау арқылы елдің індетке қарсы имунитетін қалыптастыратыны анық. Жалпы ғылыми-зерттеу институтында дайындалған вакцина Тараз бен Алматы қалаларындағы емдеу орталықтарында сынақтан өтіп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі рұқсатын берсе алдағы айда алғашқы отандық вакцинаның 50 мың дозасы шығарылады.  Ғалымдардың айтуынша, институт зертханасында дайындалған вакцина жаңа зауытта арнайы құтыларға құйылып, медициналық орталықтарға таратылатын болады.

– Мұндай қысқа мерзімде зауыт салу бізде ғана мүмкін болып отыр. Əйтпесе шетелде мұндай ғимаратты екі-үш жыл салады. Осы жобаны Жамбыл облысында жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Президентке, облыс əкіміне алғысымыз шексіз. Бұл зауыттың ауданы 650 шаршы метрді құрайды. Зауыт соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен, құрал-жабдықтармен қамтылған. Біз əлемге Қазақстан ғалымдарының да қолынан жаңалық ашу келетінін  көрсеттік. Біздің ғалымдар екі айда вакцина жасап шығарды. Енді екінші вакцинаны жасап, сынақтан өткізгелі отырмыз, –дейді институт директорының орынбасары.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support