- Advertisement -

Атадан қонған қасиет

602

- Advertisement -

Ел ішінде сынықшылар туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Ондай ерекше адамдар кезінде Сарысу ауданында да аз болған жоқ. Бүгінде Маятас аталатын ауылда Ибаділда, Саудакент ауылында Бекназар, Қаһарман қария және Өндіріс ауылында Тыныштық апа сынған аяқ пен қолды әп-сәтте салып беретін. Ибаділда сынықшының арғы аталары Тілеміс әжі белгілі сынықшы болған деседі. Сынықшылық Ибаділданың ұлдары Әби, Маманбай және Манашқа қонған. Бүгінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сынықшылық қасиетті Манаш жалғастыруда. Ал Ақтоғай ауылында Аллаберген атты тағы бір атақты сынықшы болды. Ол кісіге бұл қасиет түп нағашыларынан қоныпты. Соғыстың сұрапыл жылдарында алыс-жақын өңірдегі жазатайым мерттіккен жандарды қатарға қайта қосумен қатар, қайырымдылық қасиетімен де аты шыққан сынықшыны ел-жұрт «Алдаш ата» атап кеткен. Атасының ерекше қасиетін бүгінде немересі Манарбек Алдашов жалғастыруда. Өзім де аттан жығылып, алма ағашынан құлап, автокөлік апатына түсіп, белден шойырылып, осы сынықшылардың барлығының алдында болыппын. Шығып кеткен қол-аяғымды салдырғаным, жылжып кеткен бел омыртқамды орнына қойдырып, ақыл-кеңестерін алғаным бар. Манаш пен Манарбектен басқа үлкен кісілердің бәрі өмір заңымен бақилыққа аттанған.

Тоқсаныншы жылдары Жаңатаста жүргенде автокөлік апатына ұшырап, Алдаш атаның алдында болғаным есімнен шыққан емес. Сынған аяғыма саусақ ұшын жүгіртіп отырып: «Шырағым ауруханада гипске таңылып жатып, уақыт өткізіп алыпсың, морт сынған жіліктің екі ұшына шеміршек пайда болыпты. Енді мұны ешқандай сынықшы қайта сала алмайды. Тек қана ауруханаға барып, операция жасатып, темірмен құрсаулау керек», – деді. Жарықтықтың «темірмен құрсаулау» дегені «Елизаров» аппараты екен. Облыс орталығындағы қалалық аурухананың травмотология бөлімінің сол кездегі білікті оташысы Мирон Хидиров бірден аппарат салып берді. Сынған жердің шашырап кеткен сүйегін саусақ ұшымен жинап сала беретін атақты сынықшы Алдаш қария 96 жыл ғұмыр кешіп, өмірден өтті.

Сынықшының ерекше қасиеті немере сі Манарбекке қонады. Қазір сынықшы жігіттің атағы облыстан асып, кең байтақ қазақ еліне тарады. Қу жанын қоярға жер таппай мертіккен талай жанды бір сәтте орнынан тұрғызып жіберетін ол Сарысу ауданының Ақтоғай ауылындаға қара шаңырақта тұрады. Біз барған күні кісі қарасы тым көп екен.

– Мына кісілердің көбі омыртқааралық жарық (грижа) ауруының зардабын тартып, келіп отыр. Осы ауру бар ма, жас талғамайды. Тепсе темір үзетін жастардан бастап, егде жастағы кісілерге дейін келеді. Кейбір кісілер маған келген бетте, сала құлаш томография немесе рентген кескінін көрсетіп жатады. Ал мен оған қарамаймын, етпетінен жатқызып қойып, саусақ ұшымен қанша және қаншасыншы омыртқасы қозғалып кеткенін, аяқ-қолдың қай жері, қалай сынғанын айтып бергенде таңданыстарын жасыра алмайды. Маған көрінуге келерде үш күн бойы қазының майын тартуы керек. Қол-аяқ, басқа да сүйегі сынғандарға да сондай май тартуға кеңес беремін. Кейде автокөлік апатынан, аттан жығылған немесе басқа да жазатайым жағдайда мертіккен адамдарды жеткізу қиындық туғызып жатса, мүмкіндігімше өзім барып, салып беремін. Ұршығы, киіндіріп жатқанда қол-аяғы шығып кеткен нәрестелерді де көп әкеледі. Қазір ауылға ұялы байланыс желісі қосылғалы бері қоңырау соғып, көмек сұрап жатқандарда есеп жоқ, – деді.

«Өзім барып салып беремін» дегеннен шығады. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген, өзім де тосыннан келген аурудың зардабын көп шеккендіктен белі бүгіліп, еңкейіп қалған адамдарды көргенде жаным ашиды. «Сарысуда Манарбек деген сынықшы бар, бір үзгенде омыртқаны қаз-қатар орнына қойып береді» деймін. Бірнеше адам емделуге ниет еткенде сынықшыны шақыра қоям, азамат Тараздағы үйіме жетіп келеді. Осылай екі жыл бойы келіп, ауру азабын тартқандарды емдеп, жүрді. Сынықшы бел омыртқаны орнына қойып берген соң, «Үш килограмнан артық жүк көтермеңіз» дейді. Қайдан, қым-қуыт тіршілікте кім жүк көтермей жүреді. Әсіресе әйелдер үйге ас- ауқат тасығанда салмағына қарай ма? Содан барып бел қайта кетіп жатады. Сынықшының кеңесін тыңдағандар аттай шауып жүр.

…Кенет ұялы телефоны шырылдап қоя берді. Қызылорда облысынан екен. Автокөлік апатына ұшырап, мертіккен кісіні алып келу үшін жолға жиналып жатқанын айтыпты. «Келіңіздер, күтемін» дегені сол еді, Қаратау қаласынан қоңырау соққан тағы бір адам, «Жолға шықтық, ешқайда кетіп қалмай, үйде болыңызшы» деп өтініпті. Тағы бір жазатайым оқиғаға тап болған жанның жанашырлары Тараз қаласынан хабарласып жатты.

Манарбек әзілқой, қуақы жігіт. Алдына келген жанның езуін жидырмай отырып, әп-сәтте тырс еткізіп, сынып кеткен қол-аяғын салып, жылжып кеткен бел омыртқасын орнына қойып береді. «Бірде Ресейден еңгезердей бір еркек әйелін алып келді. Алдында бір хабарласқанда жылқының қазысына майлап әкеліңдер дегенмін. Әлгінің әйелі өзінен де денелі екен. Бір аяғының өзі менің белімдей-ау. Содан етпетінен жатқызып қойып, жылжып кеткен омыртқасын орнына қойып берейін деп аяғын ары-бері айқастырайын десем, шамам келер емес. Күйеуіне қарап, «әйел керек болса, көтер мына аяқты деп» зекіп қалып едім, қу жаны қалмай әйелінің екі аяғын ары-бері қайшылады дейсің. Орнынан тайып кеткен омыртқалар «быртылдап» бірінен-соң бірі түсіп жатты. Содан сұрау белгісіндей болып келген әйел үйден тікесінен тік шықты. Күйеуі бір дөкей екен, риза болғаны сонша жол қаражатыңызды өзім көтеріп алам деп, Ресейге қонаққа шақырып кетті отбасыммен. Қайдан, мен өзге елге қыдырып кетсем, қу жанын шүберекке түйіп үздіксіз келіп жататын мына жұрт қайтпек. Айтпақшы, сол Ресейдің әлде бір клиникасынан шақыру келді. «Бізге қызметке келіңіз. Үй-жаймен қамтамасыз етеміз, қомақты жалақы тағайындаймыз» депті. Бармадым, не бар, сынықшылық қасиетті құдіреті күшті бір Алла өзіміздің ел-жұртты емдесін деп берген шығар», – дейді Манарбек.

1976 жылдың 13 ақпанында дүние есігін ашқан немересінің есімін Манарбек деп Алдаш атасы қойыпты. Үш жасқа енді толғанда әкесі Жандарбек қайтыс болып, ата тәрбиесінде болады. Әскерден келген соң, анасы да бақилыққа аттаныпты. Бала кезінен әкенің қамқорлығын сезінбей өскен немересін атасы бауырына басады. 21 жасқа дейін майда- шүйде шыққан қол-аяқты жасырын салып жүргенде әлде бір кісі аян беріп, «осы жолға түс» депті. Көп ұзамай атасына да ақ сақалды кісі түсінде аян беріп, «балаларыңның бірі жолыңды ұстайды» десе керек. Алдаш қария бойындағы сынықшылық қасиетті қызына аудармақшы болады, бірақ ол көтере алмай қайтыс болып кетеді. Одан кейін үлкен қызына аудармақ ниетте болғанда, ол да көтере алмай ауырып, қиналыпты. Әйтеуір, Құдай сақтап аман қалған. Содан бесін намазы кезінде әлгі ақ сақалды кісі атамның түсіне тағы кіріп, «Мына баладан басқа балаларың ұстай алмайды, адамның қорғаушысы біреу болса, бұл балада екеу» депті. Содан мертігіп келген адамдарды қарағанда атасының бір жағында жүрген Манарбек атасы бақилық болған соң, сынықшылыққа бір жола бет бұрады.

Қазір сынықшылықпен үздіксіз айналысқанына 25 жылдан асқан. Бүгінде күніне кем дегенде 15-16 адам келетін көрінеді. «Сынық жасына қарай бітеді» деген сөз бар. Ол дұрыс емес, қол-аяғы сынған кісінің денсаулығы жақсы, тәбеті мықты болса 27-30 күннің ішінде бітіп кетеді», – дейді Манарбек. «Кейде сынықты қаншаға саласыз, «грижаны» емдегеннің бағасы қанша?» – деп сұрап жататындар да кездесетін көрінеді. Ондайда «Мен ақшаға емдейтін «ақылы аурухана» емеспін» деп ренжитіні бар. Дегенмен «Қолыңыз жеңіл болсын!» деп әркім шамасына қарай тастап кетіп жатады. «Маған емес, шамаларың келгенше мешітке беріңдер», – дейді.

Алдаш атасынан қонған тағы бір қасиет – сынықшы жігіттің қайырымдылығы. Шаруашылықта ұста болып еңбек еткен әрі сынықшылығымен алыс- жақын елге аты шығып, бүтіндей бір ауылға қамқор болған атасын бүкіл ел-жұрт болып, соғыстан алып қалыпты. Манарбек те тұрмысы төмен отбасылар мен жалғыз ілікті жандарға үздіксіз көмек қолын созып келеді. Бірақ, ол мұндай қасиеті туралы ешқашан тіс жарған емес. Мұны мен сынықшының қайырымдылығын көрген жандардың өзінен естіген едім. Манарбекке асыл жарды да Құдай бере салған. Клуб меңгерушісі болып еңбек ететін Гүлсім екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

«Үйіміз ауыл іргесінен ағып жатқан өзеннің арғы бетінде болғандықтан бес-алты үйдің тұрғындары үшін бері қарай өту қиындық туғызып келді. Әсіресе мектеп оқушылары қатты қиналатын. Аурумен алысып келген адамдарға да обал еді. Ауданның бұрынғы әкімі Қанатбек Мәдібектің тұрғындармен кездесуінде осы мәселені көтеріп едім, азамат кәсіпкерлерді жұмылдырып, жүргіншілер көпірін салғызып берді, орайы келіп қалғанда сіздердің басылым арқылы рақметімді айтайыншы», – деді сынықшы қоштасарда.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support