Жас қаламгерлердің жарқырауына не кедергі?
Жас қаламгерлердің жарқырауына не кедергі?
Балалар әдебиеті – ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі. Балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан классик жазушылардың көбісі өмірден өтті. Кезек – жас толқынға келді. Қазақстан Жазушылар одағының 700 мүшесінен балалар әдебиетімен айналысатын 70 жазушы шықса, бөркімізді аспанға атар едік. Қазақстанда мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған тартымды туындылар жетіспейді. Бауыржан Момышұлының «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам» деген қанатты сөзі бар. Гүлге су құймаса – солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы құйылмаса, ешкім жөндеп айналыспайтын болады. Кембридж тәсілі бойынша, 1-сыныпқа кірген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын? М.Горькийдің «балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек» дейтін сөзі бар. Кішкентайлар үшін шығарма жазу оңай емес. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, әрбір он жылдықта дүниеге келген бала психологиясы бір-бірінен мүлдем алшақ болады екен. Баланың жанын түсінбей, жақсы туынды шықпайды. Біз мемлекеттік тіл неге өз дәрежесінде дамымай отыр деген сауалды жиі қоямыз. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады.Бұл сауалға Үкімет тарапынан «қаржы жоқ» деген жауап естуіміз мүмкін. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ, Ресей тәжірибесінен үйренуге болады. Ресейде Aromabook, Scentbook деген баспалар бар. Алма туралы өлең болса, алманың иісі шығады. Өте тартымды. Кітапқа ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз суреттер қимылдайды. Мұндай кітапты көрген балалар жабысып айырылмай қалады. Ресейде «Театр теней» деген де керемет қосымша бар. Сурет арқылы балаларды әдебиетке қызықтырады. Ауылдық мектеп кітапханаларында балаларға арналған әдебиеттер жеткіліксіз, – деді ол. Сонымен қатар сенатор мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаражат көздерінен балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынған болатын. Балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажеттігін де тілге тиек еткен еді. Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру қажеттігін де еске салды. Жергілікті әкімдіктегілер тарапынан кітапханаларда «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасап, шыққан жаңа кітаптармен толықтыру керектігін де сөз етті. Қысқасы, балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасау қажеттігі әңгімеге арқау болды. Әлбетте, балалар әдебиетін дамыту мақсатында елімізде қандай іс-шаралар қолға алынды деген кезде халықаралық «Дарабоз» байқауы еске түседі. Ол әдеби аламанда кезінде жамбылдық бірқатар қаламгерлер қара үзіп шыққанын да білеміз. Тағы нендей тірлік тындырылды деген кезде тілімізді тістеп қала беретініміз рас. Айтпақшы, «Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа» деген халықаралық балалар жазушыларының форумы ұйымдастырылғаны есте қалыпты. Одан кейін сенатордың сөзінен соң жер-жерлерде бұл мәселеге қатысты өзекті ойлар айтылып, қаламгерлер де пікірлерін ортаға сала бастады. Балалардың ойлау жүйесі кітап оқыған сайын дами түсетіні ақиқат. Алайда бүгінгі балалар сол қазақ жазушыларының өздеріне арнап жазған туындыларын оқиды ма, оқымай ма? Балалардың дені қазір смартфонға жақын екені белгілі. Ал олардың ғаламтордан нені көріп жатқанын қадағалайтын ата-аналар сирек екенін көз көріп жүр. Балаларға арналған электронды кітаптарды оқытатын ата-ана бар ма екен... Қазақ балалар әдебиеті деген кезде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» ойға оралады. Ал балалар жазушысы немесе балалар ақыны дегенде Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза әлі ойымызға орала беретіні несі екен? Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі балалар әдебиеті ше? Ортада қаншама қаламгер бұл тақырыпқа қалам тартпады десеңізші? Басқаны қойғанда қазіргі жастар арасында жүрген ақындар Серікбол Хасан, Олжас Қасымдардың өзі де әдемі шығармаларын әлеуметтік желілерге салып отырады.
Жанрларға жан бітіру керек
Иә, тәуелсіздік жылдарында балалар әдебиетіне қалам тартқандардың қатары жыл сайын көбейе түскенін айттық. Десе де жұрт баяғы соқпақпен жүріп, кеңестік кезеңде жазылған шығармаларды жақсы біліп, азаттық жылдарында қалам тербеген қаламгерлерді тани бермеуінің сыры неде? Қысқасы, балалар әдебиетінің көшін өрге сүйреу мәселесінде неден мүлт кетіп жатырмыз? – Балалар әдебиетін дамыту ісінде мәселе көп. Соның бірі – жанрлық жағынан тірілту керек. Мәселен, мектепке, балабақшаға, кәсіптік колледждерге, университеттерге арналған скетч, қойылым, пьеса деген дүниелер жазылуы тиіс. Осылар жоқтың қасы болып тұр. Одан бөлек мысалға да жан бітірген ләзім. Балаларға арналған жан-жануарлардың, өсімдіктердің айтысы деген секілді шығармалар да аса қажет. Ол балалардың танымына септігін тигізетін дүниелер. Біз сөзбен айтқанда, мысалдарды жазу мәселесіне бейжай қарамаған дұрыс. Одан бөлек балаларға арналған оқиғалы балладалар, ертегілер, поэмалар жазылғаны жөн. Бұл жағынан да біздің елімізде іркіліс болып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан жанрлық жағын дамытатын байқаулар, тіпті болмаса басылымдарда арнайы айдарлар ашылса деген тілек бар, – дейді балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген жас ақындардың бірі Олжас Қасым. Бүгінде кітап шығару мәселесінде де қордаланған проблемалардың бар екені талас тудырмайды. Мәселен, балаларға арналған жинақтардың оқылымды болуы үшін иллюстрацияға баса назар аударған ләзім. Былайынша айтқанда сол саланың маманы, ақын-жазушы, тақырыптың тапқырлығын зерделейтін психолог секілді мамандардың бірлескені де дұрыс сияқты көрінеді. – Біздің еліміздегі кітап мәселесінде ортақ бір жүйе керектігі сөзсіз. Орталыққа бағынғанның да еш сөкеттігі жоқ. Айталық, ақын-жазушы жинағын шығарайын десе, оның кітабына иллюстрациялық суреттер қажет. Олай болмаған жағдайда балаларға арналған жинақ оқылмайды. Ал балаларды қызықтыратын суреті жоқ жинақ ересектерге арналған кітап секілді шығып кетеді. Балаларға арналған жинақтардың безендірілуі, басқа мәселелері орыстардікі секілді өте сапалы болуы керек. Сол себепті иллюстратор, оны сататын маман, қандай тақырыпқа шығарма жазылуы керек болса, соны зерттейтін психолог секілді мамандардың барлығы жан-жаққа шашырамай, бір жерде отыруы керек. Оларға ақша төленуі тиіс. Сонда ғана біз ойлаған нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігі туындайды. Айталық мен бір жинағымды шығарғалы жатырмын делік, өз қалтамнан иллюстраторға ақша төлеуім керек. Енді мен кітап жазамын ба, әлде ақша іздеймін бе? Осындай мәселелер оңтайлы шешілсе деген ойымыз бар. Бізде Қадыр, Мұзафар, Тұманбай, Қастек Баянбаев ағалар – бренд. Кезінде балаларға арналған шығармалар жазған танымал жазушылар бұл кісілер. Бірақ бүгінге дейін соларды алады да, қайта-қайта баспадан шығара береді. Мен ол кісілердің біраз кітабын оқығанмын. Олардың көбісінің тәуелсіздіктен кейін шықса да, шығармаларының ішінде күн көсем, колхоз, совхоз, пионер деген секілді сөздер мен тақырыптар әлі де кездеседі. Сондықтан бүгінде жастарды көбірек тарту керек. Қазір біздегі жағдай қалай? «Жастарды ешкім танымайды. Жарытып жазатын жастар жоқ»,-деген сылтауды айтады да, оларға ақша төлегісі, насихаттағысы келмейді. Қысқасы, балалар әдебиетіне бет бұрған жас қаламгерлерден жаңа есімдерді шығаруға ешкім бас ауыртпайтыны өкінішті. Сөйтіп бұрынғы қаламгерлердің авторлық құқығы өтіп кеткен шығармаларын қайталап шығара береді. Ол қаржылық жағынан баспаға тиімді екені даусыз. Осылайша жастарды назардан тыс қалдырып жатады. Ал шындығына келер болсақ, бізде жазып жүрген талантты жастардың шоғыры қалыптасқан ғой. Өкінішке қарай, соларды шығаратын, олардың әрқайсысын жеке-жеке қаламгер ретінде көрсететін, танытатын бізде ешқандай жүйе жоқ болып тұр, – дейді Олжас Қасым мәселеге тереңірек бойлап.
«Балалар жазушыларын сый-сияпат берерде далаға «ойнап» келуге жібереді»
Шынында тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген немесе осы кезеңнің жұпар ауасын жұтып өсіп келе жатқан жас қаламгерлер балалар әдебиетінен алшақ па? Жоқ, олар барынша жазып келеді. Бірақ жас толқынға шынында да билік тарапынан қолдау керек сияқты. Онсыз бұл мәселе оң шешімін таппайды. – Мейіржан Жылқыбайдың «Асыл кітап» баспасынан шыққан «Тауға саяхат» деп аталатын кітабының көтерер жүгі зор. Автордың тырнақалды туындысы. Мейіржан жазғандарымен жедел алға шығып, көптен оза бастағаны туралы бұдан ертеректе естіп қойғанбыз. Сұрыптағанда да суырылып, сөз бен ой қуатынан есе жібере қоймайтынын аңғартты. Кітапта бір ауылда тұратын жануарлардың тауға саяхат кезіндегі оқиғалары суреттеледі. Мейіржанның жазуы күрделі емес, түсініксіз, күңгірт те емес. Қарапайым әрі сондай шынайы. Өмір сүру сіз ойлағандай қиын емес екендігіне көз жеткізеді. Бала қораз – Айдар, оның қарындасы балапан – Үрпек, күшік – Дос, мысық – Мими, құлын – Жебенің іс-әрекетінің суреті көз алдыңда ұзақ сақталады. Себебі, осы шығармасынан Мейіржанның ауыз әдебиетін бойына сіңіріп өскендігі де, Г.Андерсеннің ертегілеріне еліктегені де аңғарылады. Су ортасында жапырақ үстінде отырған бақаға мақтанғысы келген Айдар, сөзін жоғалтып алған Үрпек, оның сөзін тауып бермекші болып жапырақ сыбдырын, жел гуілін тыңдаған Мими, құлын Жебені көрген Үрпектің құлын болғысы келгендігі, кейін әрқайсысының өз бейнесінде қалғандығы дұрыс екендігін мойындауы «әдебиет не береді, адамның өмір сүруіне бағыт-бағдар бере ала ма?» деген сұраққа жауап дер едім. Бұл шығармада педагогиканың, психологияның, дефектологияның түп-тамыры жатыр. Қазір балалар әдебиетінің қазанында қайнап жатқандар – қария жазушылар. Жастар бұл салаға жоламайды деген пікір де баршылық. Дегенмен Мейіржанның бір өзінің жазғаны бес жазушының жазғанына татиды. Тек өзге бау-бақшаны баптаймын деп, балалар үшін жазуды ат шалдыратын жайлауындай ғана көріп жүрмесе екен деген ниеттеміз. Лев Толстой «Орыс әдебиеті менен кейін біраз жыл демалады» деген екен. Ал мен талантты жастарымызға қазақ балалар әдебиетінің демалуына мүмкіндік бермеңдер дер едім, – деген балалар жазушысы Ділдар Мамырбаеваның сөзінің жаны бар. Жазушы Қазақстан Жазушылар одағында өткен жыл қорытындысында балалар әдебиетіне бет бұрған талантты жас қаламгерлер туралы кеңінен көсіліп баяндама жасады. Ол көптеген жастарымыздың алған бағыт-бағдары дұрыс екеніне нақты мысалдармен тоқталып та өтті. Қысқасы, балалар әдебиетін өркендетуге бел буған жас буын бар... – Балалар драматургиясынан қолымызға ешнәрсе ілікпеді. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының соңғы кезде қойып жүрген спектакльдері де саусақпен санарлықтай. Бұл салада жас драматург Әлібек Байболды, Әлішер Айтуарды, Мұрат Қанағатты, Айдана Аламанды, Әділхан Асановты,Ықылас Шалғынбайды ерекше атауымыз керек. Осындай кемшін тұстардың орнын толтыруды ойлағанда тағы да Мұзафар Әлімбаев көкеміз еске түседі. Мұзағаң «Балдырғанда» бас редактор болып жүргенінде ауыл тіршілігінің қыр-сырын қала балаларына қанықтыру үшін арнайы тапсырмамен әңгіме жазғызған екен. Онысы ұтымды да шығыпты. Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжаны», «Жол», «Түнде кімдер ұйықтамайды» деген әңгімелері осылайша өмірге келіпті. Қаламының ыңғайы келіп тұрған қаламгерлерді осы сүрлеуден сынап көрсе де болатын шығар. Мемлекет балалар әдебиетін қамқорлығына алу керек деген сөз жыл сайын басқосуларда айтылып келеді. Үлкен жақтан өкіл келіп қатысып отырса, оның да құлағына іліп жібереміз. Уәде беріп кетеді. Сенеміз. Бірақ балалар әдебиетінің мәселесін шешуге келгенде ортадан әйтеуір бір нәрселер кесіп кетеді. Бар тәттісін балалардың аузына тосатын халық едік, балалар жазушыларын «тәтті жесең тісің түсіп қалады» деп сый-сияпат берерде далаға ойнап келуге жібереді, – деген жазушы сөзі талайларды ойландырса керек-ті. – Президенттік стипендия деген тізімге балалар бақшасының бапкерлері ілінбейді. «Өз жазған кітаптарыңызды неге өздеріңіз насихаттамайсыздар» деп айтатындар да бар. Ол мінез – біздің мінез емес. Кезінде насихат бюросы деген болған. Қазір де соны қолға алуға болады деп ойлаймын. Мемлекеттің идеологиясы солай болуы керек. «Мынау керек» деп жинақтайтын, жүйеге салып отыратын қормал саясат керек. Орыстардың «Маша мен медведін» қараңыз. Жазылды, мультфильм болып шықты. Іле-шала оны насихаттайтын қуыршақтар, күнделіктер, дәптерлер де қаптап кетті. Осы аттас журнал да ай сайын шығып келеді. «Тетрадь смерти», «Мстители» де солай болды. Кешегі «Мұзды өлкенің» жанашырлары да лезде осындай жан-жақты жұмысқа кірісіп жатыр. Оның бәрін жалғыз автор атқара алмайды, мемлекет демеу беріп, қозғау салып отырмаса... Мемлекет ақын-жазушыны бауырына тартпағаннан кейін оны кім көрінген түртпектеп кететіні де шындық, – дейді жазушы Ділдар Мамырбаева бұл мәселеге терең ден қойып. Әр кезеңнің, дәуірдің өз талабы болады. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Осы орайда бүгінгі балалар әдебиетіне не жетпейді деген сауал туындайтыны сөзсіз. Шынында да не жетпейді? Біздіңше қазіргі смартфон ұстап өсіп келе жатқан жаңа толқынға заманауи қаһарман кейіпкерлер жетпейтін секілді. Шынында да бүгінгі балаларға, Алпамыс, Кендебай, Қобыланды, Құртқа, Ақжүніс секілді образдар аса қызық болмауы да мүмкін. Өйткені олар бүгінде экран арқылы шетелдік анимациялық фильмдерге ден қоятыны және рас. Осы орайда заманауи кейіпкерлердің жиынтығын жасау – бүгінгі жас қаламгерлердің мойнына жүктелген міндет. Жаңа дәуірдің жаңа қаһармандарын жасаған кезде ерекше образдарға назар аударған ләзім. Өйткені бүгінгі балаларды жалықтырып алмау керек. Тіпті әдеби қаһармандарды (образдарды) анимациялық фильм ретінде насихаттағанның да еш артықтығы жоқ. Бірақ көп жұрт айтып жүргендей, бүгінде «реанимацияда» жатқан қазақ анимациясының оған шамасы жетер ме екен? Алайда біздің жас қаламгерлер әзірге балалардың аңсарын аудыратын бүгінгінің қаһармандарын әлі жасай алған жоқ. Алдымен соны жасасын. Қалғанын сосын көре жатармыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ