Ойылған жол апатқа ұрындырады!
Ойылған жол апатқа ұрындырады!
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
Бақытжан Жәнібековтің назарына!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым», – деді әлеуметтік желіде таралған хабарларда.Мемлекет басшысының назарын аударған өзекті мәселе біздің облыста да орын алып жатады. Өткен сенбі күні жеңіл көлікпен Сарысу ауданының Ақтоғай ауылын бетке алып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолымен зулап келіп, Күйік асуына қарай баратын бұрынғы жолға түстік. Қаратау қаласы бағытына баратын жолға жеткенше таяқ тастам болатын жері ойылып, тас-талқаны шығыпты. Ана бір жылы осы қол созым жолдың апатты жағдайға жеткені жайлы «Aq jol» газетінде дабыл көтеріп едік. Содан көп ұзамай асфальт төселіп, ретке келді. Енді міне, апандай болып ойылғандықтан көлік біткен ыңыршығы айналып, зорға өтуде. Мемлекеттер арасында жүретін транзиттік ауыр жүк көліктері халықаралық жолдың осы тұсына келгенде ескі жолға түседі. Пәлен тонна жүкпен биікке шығып, төмен түсетін болған соң, жол қауіпсіздігі шарасын сақтағаны шығар деп топшыладық мұны. Ондай ауыр жүк көліктерін ережеге сай тексеріп өткізеді деуші еді бұрын, ауыр техниканың салмағын өлшеп, өткізіп жататын мекеме қайда қазір? Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын жолды жеңіл көлікпен 15-20 минутта әрең жүріп, Жуалы ауданының Билікөл ауылының тұсынан өтетін 27 километр болатын жолға түстік. Апатты жағдайға жеткен жолдың бірі осы еді. Кеңес заманы кезінен жөндеу көрмеген соң тоз-тозы шықса да Талас ауданының тұрғындары Жуалы ауданына немесе Шымкент қаласына қатынау үшін осы жолмен жүріп, зорығып өтетін. Облысты Қанат Бозымбаев басқарып тұрған тұста жол күрделі жөндеу көрді. Одан бері он жылдай уақыт өтті, бірде-бір жері ойылмаған, айнадай жалтырап жатыр. Бақылау бар жерде жұмыс осындай болады. Ары қарай облыстық мәндегі Тараз – Жаңатас бағытындағы жолға түскеннен ойдым-ойдым шұңқыр кездесе берді. Алайда кей жерлері теп-тегіс, тіпті көлікте келе жатып шай ішуге болады. Қаратау қаласының жанынан өтіп, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінің тұсына келгенде ойдым-ойдым шұңқырдан ішек-қарынымыз айналып кеткендей күй кештік. Бұл жолмен алғаш рет жолға шыққан жүргізуші жігіт жылдамдығын арттырмаса да бір емес, бірнеше рет шұңқыр «ұстап» алды. Сарысу ауданының аумағына кіргеннен кейін барып «көзіміз» ашылғандай. Бұл бөлігін де біраз жыл бұрын жөндеуден өткізген. Егер тапсырыс беруші мекеме мердігерге қатаң талап қойып, осылай қабылдап алса барлық бөлігі осындай теп-тегіс болар еді. Қайбір жылдары облыстық мәндегі осы жол да апатты жағдайда болды. Ел экономикасы көтеріліп, облыстың жағдайы жақсарғанда қомақты қаржы бөлініп, жөнделе бастады. Дегенмен «Биылдан келесі жылға өтпелі» деп әйтеуір жыл сайын әр бөлігі бір жөнделеді. Алайда көп ұзамай ойылып жатады. Мемлекет басшысы айтқандай сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етуде. Оның үстіне әр жері бір ойылып кеткендіктен апатқа ұрындыратынын еске алсақ, жолаушылар өміріне қауіп төндіреді.
Амангелді ӘБІЛ
Жамбыл, Талас және Сарысу аудандары.