Бағдарламалар мен жобалардың жемісін тұрғындар көруде

45

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген.

Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы – осы. Өйткені мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды. Біздің өңірде де Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді.

Ең алдымен осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында қараша халықпен ауданның әлеуметтік желілерінде «Әкім сағаты» жобасын тікелей эфирде 15 мәрте өткізіп, 150-ден астам өтініш-тілектерге назар аударып, сұрақтарға толымды жауап қайтардық.

Жалпы өткен жылы әлемді әбігерге салған індет алқымнан алғанымен Жамбыл ауданының жоғары жетістіктері, халық қажетіне берілген игіліктер тұрғындарды қуанта білді. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 5,5 миллиард теңге 42 жобаның сәтті аяқталуына ықпал етті. Біз жобалардың мемлекеттік сатып алу шарттарын қайта қарау барысында 142 миллион теңге үнемдеп, ол қаражатты тиімді пайдалану үшін облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша 30 жобаның құжаттарын жолдадық. Бүгінгі таңда тиісті жобалар бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Жоба аясында аудан орталығынан әмбебап залы бар үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Жобаның жалпы құны 507 миллион теңгені құрайды. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Өмірзақ» ЖШС жүргізді. Қазір 250-ге жуық аудан жастары спорттың ондаған түрімен бір мезетте айналыса алады. Спорт нысаны демекші, ауданда 170 спорттық ғимарат бар. Оның ішінде 1 орталық стадион, 2 спорт кешені, 1 ипподром, 1 теннистік корт, 98 спорт алаңшасы, 29 футбол алаңы, 34 спорт залдары тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, жоба аясында 5 ауылдың 8 көшесіне асфальт жабыны төселді. Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көп жұмыс атқарылды. Аса ауыл болғалы бері асфальт төселмеген жолдарға жол жабындысы төселді. Көшелер жарықтандырылды. Ауызсу жүйесі жаңғыртылды. Бүгінде істелген жұмыстың игілігін ауыл тұрғындары көруде. Ең бастысы жасалған жұмысқа халықтың көңілі толып отыр. Былтыр аталмыш жоба аясында 10 ілкімді іс қолға алынып, оған мемлекет қазынасынан 486 миллион 807 мың теңге бөлінген еді.

Атап айтсақ, Тәуелсіздік мерекесі аясында Аса ауылындағы «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» ашылды. Нысан құрылысына 286 миллион теңге қаралып, құрылыс жұмыстарын «Айна-City» ЖШС жүргізді. 1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беру бағыттары бойынша жұмыс істеуде.

Биыл Өрнек ауылында 140 орынды ауылдық мәдениет үйінің құрылысын бастағалы жатырмыз. Жобаның жалпы құны 202 миллион теңгені құрайды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 18 кітапханадағы цифрландырылған ақпараттық орталық халыққа қызмет көрсетуде.

Соңғы жылдары ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлер көптеп салынуда. Атап айтсақ, 2019 жылы аудан орталығында «Бәйтерек» тұрғын алқабында екі қабатты жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, көпбалалы және толық емес 19 отбасы баспаналы болған еді. Бұл санаттағы азаматтарды баспанамен қамту жүйелі түрде жалғасын табуда. Аса ауылында 5 қабаттан тұратын 76 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС аяқтады. Оның құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындардан 202 азамат жұмысқа тартылған. Сондай-ақ аталмыш бағдарлама аясында биыл Аса ауылынан 76 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйді салуға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп қойдық.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай, Жамбыл ауылында 100 орындық, 18 оқу сыныбы бар Жамбыл атындағы орта мектеп пайдалануға берілді. Қостөбе мен Жамбыл ауылының балалары білім алатын мектептің құрылысына 479 миллион теңге жұмсалса, Түрксіб ауылында өткен оқу жылы қарсаңында 300 орындық мектеп-гимназия пайдалануға берілді. Жалпы ауданда 38 білім беру мекемесі оқушыларға қызмет көрсетеді. Өткен жылы 11 орта мектептің асханасы, шатыры, ғимарат сырты, мәжіліс залы, қазандығы және сыртқы қоршауы жөнделді. Барлық мектептерге ішкі әжетханалар, интернет желісі, бейнекамералар орнатылып, 17 мектеп робототехникамен жабдықталды. Биыл 1 миллиард 400 миллион теңгеге Айша бибі орта мектебіндегі үш ауысымды оқытудың алдын алу үшін 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Ал Шоқай ауылынан 817 миллион теңгеге 150 орындық мектеп құрылысына бюджеттік өтінім ұсынылды. Сондай-ақ биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Айша бибі, Амангелді, Макаренко және Жасөркен орта мектептері күрделі жөндеуден өтетін болады. Мектепке дейінгі 23 балабақшада және 20 мектеп базасындағы шағын орталықтарда 4247 бүлдіршін тәрбиеленуде.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Шәкен Ниязбеков ауылына бұрылар тұсында Қазақстан Республикасының Туы саябағы еңсе көтерді. Құрылыс жұмыстарын сәтті аяқтаған «МадГ» ЖШС 15 сотық аумаққа биіктігі 23 метрді құрайтын Тудың тұғырын салды. Оған қазынадан 39 миллион теңге жұмсалды. Бағдарлама аясында 702 миллион теңгеге 12 ауылдың 61 көшесі, бір аудандық мәндегі жол өткен жылы жөндеуден өткізілді. Аудандық бюджеттен 24 көше ретке келтірілсе, биыл 8 көшеге асфальт төселеді.

Аудандағы 42 елді мекеннің 29-нда орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылы Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылына ауызсу құбыры тартылып, су тетіктері әр аулаға орналастырылса, Шоқай ауылындағы ауызсу биыл пайдалануға беріледі. Осылайша 2019 жылы ауызсумен қамту үлесі ауданда 45,2 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 69 пайызға жетті. Ал ағымдағы жылы сапалы ауызсумен қамту үлесін 71,4 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстары да кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ауданда 26 ауылға «көгілдір отын» тартылған болса, бүгінде 13 ауылға кіргізу көзделген. Оның ішінде Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына 725 миллион теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлініп, ауылішілік газ тарту жұмыстары аяқталды. Биыл Жұма стансасы мен Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына «көгілдір отын» кіргізілмек. Оған республикалық бюджеттен 655,3 миллион теңге жұмсалмақ.

Ауданда қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады. Атап айтсақ, өткен жылы 231 қылмыстық іс тіркеліп, 2019 жылмен салыстырғанда ол 20,6 пайызға төмендеген. Ауданда тәртіп сақшыларының жұмысын жақсарту мақсатында өткен жылы Жалпақтөбе ауылынан тіректі полиция пунктін ашсақ, Ерназар, Ақбастау, Тоғызтарау, Полатқосшы, Гродеков ауылдарының кіреберіс және шығаберісіне бейнебақылау камералары орнатылды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарында да ілгерілеушілік бар. Өткен жылы 8 елді мекеннің 12 көшесі жарықтандырылды.

Абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Өйткені кез келген әлеуметтік нысанның сыртқы келбеті ауыл өңін аша түсетіні белгілі. Өткен жылы Айша бибі ауылдық мәдениет үйінің ауласы, Балауса балабақшасы, К.Кейкиев орта мектебі, Ақбұлым, Еңбек, Қаракемер ауылындағы ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштің маңы мен Ащыбұлақ ауылындағы саябақ, Қаракемер ауылдық клубының айналасына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Сондай-ақ биыл жоғарыда айтқан Аса ауылындағы көпқабатты тұрғын үйдің қарсы беті абаттандырылмақ.

Жалпы кәсіпкерлердің бизнес идеяларын іске асыру үшін 291,7 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде жастар тәжірибесіне 61,2 миллион, ақылы қоғамдық жұмыстарға 570 миллион, әлеуметтік жұмыс орындарына 12,2 миллион, қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 36,2 миллион теңге қаралып отыр. Жастарды жұмыспен қамту, олардың идеяларын назарға алу – ауданның басты бағыты.

Өткен жылы 1951 жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 664, әлеуметтік жұмысқа – 15, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 450, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 300 жас жұмысқа орналасса, кәсіби оқуға 93 жас жолдама алды. 41 жас шағын несие, 203 жас қайтарымсыз гранттарды иеленді. Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 34 маманға көтерме жәрдемақы, 20 маманға тұрғын үй алуға несие, 34 маманға көтерме жәрдемақы тағайындауды жоспарлап отырмыз.

Ауданда кәсіпкерлік сала да жақсы дамып келеді. Мәселен, өткен жылы 7 елді мекендегі 77 жылыжайда 1500 тонна қияр, 154 тонна қызанақ, 49,6 тонна басқа да дақылдар жиналса, тамшылатып суару әдісімен 11 шаруа қожалық 70 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек жинаған. Ендігі кезекте осы әдіске көшу арқылы ағын су тапшылығын айналып өтуге басымдылық беріп отырмыз. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «ПУИИД-2» және «Европалық даму банкі» арқылы 11 миллиард теңгеге 553 шақырымды құрайтын 96 канал қалпына келтірілуде. Осы каналдар 14556 гектар алқапты суландырады деп күтілуде.

«Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» АҚ арқылы өтен жылы 178 азамат 762,8 миллион теңге несие алып, оған 448 бас  мүйізді ірі қара, 601  жылқы, 3642 қой-ешкі алған. Несие қаражаты мал алуға 7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайыздық үстемемен, 4  баласы бар отбасы мүшелеріне 4 пайыздық өсіммен берілген.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы  22 шаруа қожалық 412,5 миллион теңге несие алған. Несие «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге 16 пайыздық өсіммен беріліп 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. «Агротехника» бағдарламасы бойынша техника алуға несие 10 жылға дейінгі мерзімге 14 пайыздық өсіммен беріліп, оның 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Аудан шаруашылықтары бұл бағдарламалар бойынша 399 мүйізді ірі қара, 249 жылқы, 1860 қой-ешкі, 3 трактор және 2 түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын алған. Ал «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 шаруа қожалық 51,9 миллион теңгеге лизинг жүйесімен 12 ауыл шаруашылығы техникаларын алып отыр. Сондай-ақ басқа да қаржы ұйымдарынан 85 шаруа қожалық 109,5 миллион теңгеге 11 трактор, 40 дана техника алды.

Бағдарламалар мен жобалар ауданда жоспарлы жалғасын табуда.

 

Сәкен Арубаев,

Жамбыл ауданының әкімі

Comments are closed.