- Advertisement -

Цифрлық дамудың қарқыны қандай?

161

- Advertisement -

Жаһандану үдерісімен жаңа кезеңге қадам бастық. Жатсына жүріп, «жасанды интеллектінің» жетегінде кеткенімізді байқамай қалдық. Ұзақ ойлансаң ұтыласың. Уақыт көшіне ілесу керек. Өйткені Ыбырай Алтынсарин айтқан «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» дәуір әлдеқашан жетіп қойды. Алайда біздің амалымыз уақыттың талабымен үндесіп жатыр ма? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, барлық реформаның негізгі элементі болуы тиіс цифрландыру қалай жүзеге асуда? Бүгін осы мәселені қаузайтын боламыз.

Байыпты бағдарламаның лайықты нәтижесі бар ма?

Цифрландыруды уақыттың талабы дедік. Өркениет биігіне ұмтыламыз десек, біз одан түпкілікті бас тарта алмаймыз. Сондықтан да өткеннің өнегесімен ұштастыра отырып, өрлеудің бағыттарын айқындауымыз керек. Осы орайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Негізгі мақсат – цифрлық технологияларды қолдану есебінен елдің әрбір азаматының тұрмыс деңгейін арттыру. Құжатқа қол қойылғаннан бері де үш жыл артта қалды. Үдеден шыға алдық па?

Бағдарламаның жүйелі жүзеге асуына жауапты мекемелердің бірі – Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы. Мекеменің директоры Еркін Атымтаев бұл қызметке жақында ғана тағайындалыпты. Ол біздің сұрақтарымызға нақты жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, цифрландыру сан-салаға серпіліс әкелген. Әсіресе экономиканы көтеруге айрықша басымдық беріліп отыр.

– «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын облыста жүзеге асыру 5 негізгі бағытта жүргізілуде. Атап айтқанда, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру. Бүгінде 68 бастамадан және 10 жобадан тұратын жобалар портфелі әзірленген. Соның ішінде 2020-2021 жылдарға арналған «Ақылды қалалар» бағыты шеңберінде цифрландыру бойынша «Жол карталары» бекітілді. Қазіргі таңда «Жол картасына» сәйкес жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес, экономика салаларын цифрландыруға көптеп көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы «Цифрлық кеніш» жобасын қолға алса, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС өз серіктестерімен бірлесіп, сату процесін цифрландыруға күш салуда. Сол сияқты «Talas Investment Company» ЖШС кәсіпорынды цифрландыру бойынша «Subcon» бағдарламасын енгізді. Бұл бағдарлама бір уақытта бірнеше технологияны басқаруға мүмкіндік береді, – дейді Еркін Атымтаев.

Жалпы, экономика салаларын цифрландырудың өзі бірнеше бағытты қамтитынын байқадық. Бұл тұрғыда көлік және логистиканы цифрландыру да назардан тыс қалмаған. Осы орайда 2019 жылы 10 автокөлікке жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Арқан» мобильді кешені сатып алынған. Ал былтыр Тараз қаласында қоғамдық көлікті электронды билеттеу жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар электронды сауда айналымы да едәуір ілгерілеген. Бүгінде облыс бойынша 42 892 кәсіпкерлік нысаны онлайн кассалық аппараттармен жабдықталыпты. Бұл көрсеткіш сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,2 пайызға өскен.

Цифрландыру үдерісі агросекторды да айналып өтпейді. Креативті фермерлер шаруашылыққа заманауи құралдарды орнатуға тырысып бағуда. Мысалы, Қордай ауданында «Грин Вилл» ЖШС инвесторлармен бірлесіп, егіс кешенін цифрландырған. Атап айтқанда, компьютерлік бақылау жүйесіне негізделген климат-бақылау, ылғалдандыру процестері және басқалары автоматтандырылып отыр. Сол сияқты осы аудандағы «Самғау» шаруа қожалығы мен Меркі өңіріндегі «Смарт Агро» ЖШС облыста алғаш рет «Джондир» маркалы тракторға GPS бақылау технологиясын енгізді. Яғни, алып техниканы жүргізушісіз басқаруға да болады. Бұдан бөлек «Қақпатас Қордай» ЖШС-ның 400 басқа арналған сүт-тауар фермасында толық автоматтандырылған сауу жабдығы орнатылса, Жуалы ауданында «Гамбург» ЖШС 1200 басқа арналған автоматтандырылған сүт-тауар фермасының құрылысын жүргізуде.

Электронды цифрлы қолтаңбаны ешкімге бермеңіз

Мемлекет халыққа қолайлы болу үшін барынша жағдай жасауда. «Электронды үкімет» порталы – осы сөзіміздің бір дәлелі. Бұл өте ыңғайлы ойластырылған алаң. Үйден шықпай-ақ өзіңізге қажетті анықтамаларды ала бересіз. Бір сөзбен айтқанда, 608 қызмет түріне қолжетімді. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде «Электронды үкімет» өзінің төртінші кезеңіне аяқ басып отыр. Яғни, азаматтарға қызмет көрсетудің мейлінше жылдамдығы қамтамасыз етілуде. Жыл басынан бері тұрғындар үшін заңды тұлғаны тіркеу, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі туындауда. Ең бастысы электронды цифрлық қолтаңбаңыз болу керек. Бұл сіздің өміріңізге қажетті дүние. Оны да онлайн алуға болады. Түсінбеген тұстар болса, 1414 телефонына хабарлассаңыз жетіп жатыр.

Дейтұрғанмен азаматтардың көбі осы электронды цифрлық қолтаңбаның қайда қалғанын немесе қалай қолданатынын білмейтін болып тұр. Оған жуырда Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығына жолымыз түскенде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Мекемеде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы қарастырылып, бос компьютерлер қойылса да келушілер мамандардың көмегіне жүгінуді жөн көреді. Тіпті жұмыссыз ретінде тіркеле алмағаны үшін біреуді кінәлап, шу шығарғандар да кездесті. Ғимарат ішінде бейненұсқаулық қойылып тұрса да өз бетінше тіркелуді құнттамайтындардың қарасы қалың. Тіпті орталық мамандарының бірінен «Біздің мекеменің компьютерінде күніне 400-500 адамның «ЭЦП-сы» қалып кетеді» дегенді естігенде жағамды ұстадым. Мұның бәрі де түптеп келгенде цифрлық сауаттылықтың төмен болуынан туындап тұрған мәселе.

Түсіне білгенге электрондық цифрлық қолтаңба – ол адамның өзі. Оған кездейсоқ қол жеткізген жан сіз туралы барлық деректерге қанығып, түрлі қызметтерге жүгіне алады. Осындай немқұрайлылықтың салдарынан интернеттегі алаяқтық құрбандарының да қатары артуда. Сондықтан да әрбір азамат киберқауіпсіздікті қамтамасыз етіп, электронды кілтті өз бетінше пайдалануды үйренуі қажет.

Кезекке тұрмай ақылы қызметке жүгінетіндер де бар

Тағы бір мәселе, кейінгі кезде «Электронды үкімет» порталының қызметін ақылы негізде көрсететін пысықайлар көбейді. Әсіресе олар халыққа қызмет көрсету орталықтарының төңірегіне топтасып алған. Зерделеп көргенімізде, электронды цифрлық қолтаңба алып беру үшін 1000 теңге, бір анықтама шығаруға 300 теңге сұрайды екен. Мемлекеттің халық үшін жасап отырған мүмкіндігін кәдімгі бизнеске айналдырып алған. Бұл қаншалықты заңды? Осы орайда сала мамандарының да пікірін білдік.

– Иә, біз бұл жайттан хабардармыз. Ол азаматтардың кәсіпкерлік нысаны болып табылуына байланысты біз ешқандай шара қолдана алмай отырмыз. Сол ақылы қызметтердің бәрі бізде тегін көрсетіледі. Бірақ кейбір азаматтар кезегін күтіп тұрмас үшін жеке кәсіпкерлердің қызметіне жүгініп жатады. Былайша айтқанда, мәселе азаматтардың өзінде болып тұр. Ал бізге келіп көмек сұраса аянып қалған кезіміз жоқ. Орталықта өзіне-өзі қызмет көрсету секторы да, «Egov» сыныбы да бар. Түсінбей жатса, бағыт-бағдар береміз. Сонымен қатар компьютерлерде электронды цифрлық қолтаңбаларын қалдырып кетпеу керектігін үнемі ескертіп отырамыз, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қарасты Тараз қалалық №1 халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Шалқар Елемес.

Орталық басшысы айтса айтқандай, түйткілдің түйіні тұтынушылардың таңдауына тікелей байланысты болып тұр. Әйтпесе, мекеме мамандары барын салуда. Қазіргі таңда мұнда 94 қызметкер еңбек етеді. Сондай-ақ бөлімде «Қазпочта» акционерлік қоғамының кассалық пункті де қарастырылған.

– Қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Осы орайда халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің де білім деңгейін көтеру үшін құқықтық түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады. Жыл ішінде уәкілетті органдар және бөлім қызметкерлерінің қатысуымен 12 семинар және 48 оқыту сабағы өткізілді. Айта кету керек, 2020 жылы 45 922 келушіге электронды цифрлық қолтаңба берілді. «Өзіне-өзі қызмет көрсету» секторы арқылы 8512 кеңес беріліп, 15254 қызмет көрсетілді. Бұдан бөлек «Egov Mobil» қосымшасы енгізіліп, 5621 азамат қамтылды.

Бүгінде электронды қызметтер алу және электрондық цифрлық қолтаңбаны жаңартуды үйрету бойынша жоспарланған кестеге сәйкес, желтоқсан айынан бастап мемлекеттік мекемелерге оқыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңға дейін 8254 электрондық цифрлық қолтаңба жазылды, – дейді Тараз қалалық №1 халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Еркін Жапаров.

Өркениет және  өскелең ұрпақ

Бәсекеге қабілеттілік біліммен өлшенеді. Сондықтан да қандай өзгеріс болмасын ең әуелі осы саламен сабақтасып жатады. Цифрландыру үдерісінде де оқу жүйесі оқ бойы озық тұруы тиіс. Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы мамандарының сөзіне сүйенсек, бүгінде аймақтағы орта білім беру мекемелерінің оқу үдерісінде 52 965 компьютер қолданылады екен. Оқу кабинеттері 100 пайыз компьютермен жабдықталған. Сонымен қатар 442 мектеп толықтай кең жолақты интернетпен қамтылған.

– Цифрландыру үдерісі білім беру саласында қарқынды жүргізілуде. Аймақтағы мектептерде 100 пайыз «Bilimland» сандық білім беру ресурсы енгізілді. 2018 жылы Тараз қаласындағы №41 гимназияның базасында «SMART-мектеп» пилотты жобасы іске қосылды. Қосымша «Қауіпсіз мектеп» жобасы бойынша 42 мектепке турникеттер орнатылған. Оның ішінде 20-сына электронды асхана жүйесі енгізілген.

Сонымен қатар білім саласы бойынша 34 мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің барлығы автоматтандырылды. Педагогтерді жұмысқа қабылдауды басқару және ваканция кезегін автоматтандыру ақпараттық жүйесі барлық мектепке енгізілді. Сондай-ақ оқушыларды қабылдау мен балабақшаға кезектілік ақпараттық жүйесі де жұмыс істеп тұр. Колледждер де техникалық және кәсіптік білім беруді автоматтандыруға көшті, – дейді Еркін Атымтаев.

Жаңашылдықтың болғаны жақсы. Мысалы, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өткізілгелі жатыр. Алайда шалғай өңірлерде кең жолақты интернет мәселесінің әлі күнге дейін толық шешімін таппағаны жасырын емес. Алыс аймақтар ғана емес, Тараз қаласының дәл іргесіндегі Қостөбе ауылының (Жамбыл ауданы) оқушылары онлайн оқу үшін көше кезіп, көпір жағалап жүргенін республикалық БАҚ жарыса жазды. Ол тұрмақ облыс орталығының өзінде интернет желісі орнатылмаған аумақтар баршылық.

– Облысымыз «жасыл аймақта» болғандықтан, төртінші тоқсанда оқу үрдісі дәстүрлі және аралас форматта ұйымдастырылуда. Жалпы облыста 442 мектеп бар десек, онда 238 682 оқушы оқиды. Бұған дейін ІІІ тоқсанда оқушылардың 51 пайызы дәстүрлі форматта оқыса, 49 пайызы қашықтан білім алған болатын.

Сыныпта балалар саны 25-тен және сабақ уақыты 40 минуттан аспайды. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылып жатыр. Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Кабинеттер арасында жүру, мұғалімдер бөлмесіне бару, сыныптан тыс іс-шаралар мен ата-аналар жиналыстарын өткізу шектеледі, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова.

Яғни, қазіргі жағдайға байланысты оқу үрдісі толықтай дәстүрлі форматқа көше қойған жоқ. Оның үстіне цифрландыру үдерісі күннен күнге қарқын алып келеді. Сондықтан да елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етудің маңызы зор.

Бұл тұрғыда мамандар алда ауқымды жұмыстардың атқарылатынын айтып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін тұрғындар саны 250-ден жоғары елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамту мәселесі қарастырылған. Біздің облыста 250 адамнан астам халқы бар елді мекендер саны – 308. Қазіргі таңда оның 177-сі талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы арқылы кең жолақты қолжетімді интернетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 306 елді мекенде мобильді интернет бар. 251 елді мекен жоғары, 50 елді мекен төмен жиілікті интернет желісіне қосылған. Ал 2 елді мекенде интернет мүлдем жоқ.

Сол сияқты халық саны 250 адамнан аспайтын 63 елді мекен бойынша мәселе толық шешімін таппаған. 56 елді мекен мобильді интернетпен қамтылғанымен, 7 ауыл игіліктен қағылып отыр.

Білгеніміздей, ағымдағы жылдың соңына дейін, 16 елді мекенде мобильді интернеттің жылдамдығын арттыру және 30 елді мекенді жаңадан мобильді интернетпен қамту жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, облыста 50 ауылдық елді мекен мобильді интернеттің төмен жылдамдығымен қалып отыр. Ал 9 ауыл мүлдем интернет түрімен қамтамасыз етілмеген. Атап айтқанда, Төрегелді (Байзақ ауданы), Аңырақай (Қордай ауданы), Құмарық (Меркі ауданы), Ақтам, Қамқалы, Кіші Көкдала, Шағалалы (Сарысу ауданы), Алайғыр, Кулакшино (Шу ауданы) елді мекендері. Бұл аймақтардағы халық саны 1424 адамды құрайды. Ал енді осы ауылдарда тұратын оқушылардың интернеттің игілігін қаншалықты деңгейде сезініп жатқанын бағамдай беріңіз.

Тапсырма талабы – нәтиже

Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осылай деп атап көрсете отырып, қадау-қадау міндеттер жүктеді.

«Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр.

Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі.

Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз.

Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс», – деді Президент. Сонымен қатар мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартып, жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатуды, мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырды.

Бағамдап қарасақ, қазір облысымызда да цифрландыру бағытында оң тәжірибе қалыптасып келе жатыр. Дәрігерлер электрондық денсаулық паспортына жүгінеді, жол сақшылары көлік жүргізушісіне қатысты мәліметтерді базадан тексере салады. Жер телімін алғыңыз келсе, онлайн-аукционға қатысасыз. Тұрғын үй мәселесі толғандырса, арнайы платформа дайын тұр. Салық саясаты қызықтырса, «E-azamat salyq» мобильді қосымшасын жүктесеңіз жетіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда ілгерілеу бар. Бірақ түйткілдер түйіні толықтай тарқатыла қойған жоқ. Оның дені интернетпен қамтамасыз ету және цифрлық сауаттылықты арттыру мәселесіне тікелей байланысты. Осы жұмыстарды үйлестіру үшін облыс әкімдігіне қарасты цифрлық даму басқармасы құрылды. Жаңа мекеме Жолдауда жүктелген міндеттерді өз деңгейінде атқара ала ма, оны енді уақыт көрсетеді.

Тұрсынбек Сұлтанбеков

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support